Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  242


Автор: Рафаэль Ниязбек

БӘЙТЕРЕКТЕР ЖЕЛ ӨТІНДЕ ТҰРАДЫ


I
Кім бұрын сырын білген,
Жанмын ба әлде өмірге ұрын келген.
Жек көреді біраз жұрт неге мені,
Кезім, сірә, болды ма сүріндірген?
Төрге озам деп жасымнан,
Алдын орап,
Кезім бар ма есіктен бұрын кірген?
Көкірегімнен тартылып неше керней,
Суырылып кеттім бе есе бермей.
Жек көреді біраз жұрт неге мені,
Қалып әлде қойдым ба көшеге ермей.
Көріп жүрсе биіктен күнде мені, –
Жаман ба, айтшы?
Не еткені күндегені?..
Ілгілері келмейді көздеріне,
Сонда мені бұлардың кім дегені?!
Жүрсе өздері аса алмай пенделіктен,
Аласарып тұрмақпын мен неліктен?!
Жұрттан асқан айбыным болмаса да,
Қасиетпен келемін елге біткен.
Неге ендеше біреулер тиіседі
Көкірегін жайлаған жел-желікпен?
Тірі жанға қиянат жасау түгіл,
Тас лақтырып көрдім бе көлге тіптен?!
 II
Өмір – күрес!
Сен соны білесің бе?
Жақсы, жаман...
Барлығы тұр есімде.
Жек көргендер мені аяп, мүсіркер ед
Жатсам егер қар құшып күресінде.
Көрмесем де тас атып көлге тіптен,
Жүрмесем де арындап жел-желікпен,
Жапа шегем ендеше мен неліктен?!
...Жел өтінде тұрмай ма қысы-жазы
Бәйтеректер қасқайып өрге біткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу