Өлеңдер ✍️

  17.04.2022
  90


Автор: Рафаэль Ниязбек

СЕНІ ІЗДЕДІМ

Жайлауыма қондырмай айды ұнаған,
Қандай бәле құшағын жайды маған.
Ағам едің қазақтың дәл өзінен –
Момындығы, түр-түсі айнымаған.
Сырқат дейтін түбіңе егес жетіп,
Жоғалдың ба көз көрмес белеске өтіп.
Көз алдымда, жан аға, жүруші едің
Момын қырдың қазағын елестетіп.
Алайда, аға!
Бұл сәтте сені іздедім,
Күдерімді өзіңнен тек үзбедім.
Орман болып төрімде ойға шомған,
Тебіренген мен үшін теңіз де едің.
Сені іздедім сондықтан, сені іздедім.
 Сені іздедім бар жердің өрінен де,
Қыраттардан,
Үйлердің төрінен де.
– Сенсің бе, аға! – деп соған құстай ұштым
Қыр қазағы алыстан көрінгенде.
Өзіңді іздеп, “аһ” ұрып күрсінгенде,
Жарылғандай болады тылсым кеуде.
Сенен қалған ойлы жыр
Қайта айналып
Келгеніңше, жан аға, жүрсін менде.
Жүрсін менде!
Кей сәтте тылсым кеуде,
Ақ жалын боп атылсын күрсінгенде.
Қобызыңның үні боп аңырасын
Тіл бітіріп қу мылқау, тілсіздерге.
Өйткені, аға!
Барлық шындық сөйлеп тұр келбетіңде,
Ұрпақ сүйген дәл сендей ел жетім бе?
Саған сенем!
Оны да сен деп білем –
Әділдікті нұр шашқан жер бетінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу