Өлеңдер ✍️

  12.04.2022
  141


Автор: Қалижан Бекхожин

ТЕҢІЗ ДАСТАНЫ - ШЕГІНІС

(ШАРДАРА)
ШЕГІНІС
І
Сонау шақ...
Отызыншы жыл асуы.
Оңай ма көшпендінің ұласуы?
Көкпарын көнеліктің алып қашқан –
Оңай ма,
Асаулардың жуасуы?
Жазық шөл,
Тозған тамдай қашықтағы –
Жарлының қыңырайды лашықтары.
Көтеріп шаңырағын кәрі бақан,
Түндігін өзгертуге асықпады.
Болса да іргелері ауыр тастан, –
Дәуір ғой,
Уақыттың тез тауын асқан,
Сілкінтіп түйе шөккен төбелерді,
Қозғады шаруаны қауымдасқан.
Бұрылды бұлың белден керуендер,
Бірлікті шертті күйін шерумен жел.


От қосты ортадағы ошағына,
Түтіні әр төбеден көрінген ел.
Солай бір бірлік даусы дүркіндеді,
Жарлының ежелден бір мұң-тілегі.
Төскейде кісінесіп жабылары,
Төлдері ауласында бір түледі.
Қараша үй енді жеке түнермеді.
Топтасып шаруасын түгелдеді.
Аталар түгін түткен қыртыстарға,
Қадалды қатар соқа түрендері.
Бірлік күш –
Жайып қырға дауыл ырқын,
Өзгертіп жатты солай ауыл шырқын.
Бүкшиген бетегеге бидай бітіп,
Қуантты берекелі қауым жұртын.
Сонда да,
істің көп қой шырғалаңы.
Қалай тез жаңғыртады сұр даланы.
Трактор алға тартса,
керуен көш,
Соңында тасбақадай ырғалады.
Тоғысқан түндіктердің қиын сыры,
Қисайған шаңырақтар ыңырсиды.
Өрлеген тегершікке қыстырылды,
Жаншылған жуандардың құйыршығы.
Шаруа ісін жаңа еңсерді ме?
Жосығын таппай талай теңселді де.


Қисықты қыздырмалап сәуерледі,
Тілімен от көсеген белсенді де.
Куәмін сол бір өткен дүрбелеңге.
Комсомол жорығында жүрдім мен де.
Ақтардық әжелердің кебежесін,
Себетін тұқым іздеп сұр белеңге.
Ол шақта өлең емес іздегенім.
Жаттадық дулы кездің біз де лебін.
Үлкенсіп сөз сапырдық жиналыста,
Дариға, ұмыт болды қыз дегенің.
Иә, солай,
Ойлы, қилы болды бір шақ,
Бір колхоз – жайраңдады көктем құсап.
Бір колхоз – тыпыршыды саздауытта,
Көтерем тулағындай қойған тұсап.
Бұлт – ала,
Жер – шала ғой – сондай бұл да.
Бөленді бір белестер жаздай нұрға.
Бір ауыл таңдайына тамшы тамбай,
Қурады қодыраңдай шалғай құмда.
ІІ
Сарыны сыңсып ескен сар даланың,
Сұр маңғыт жазығы бар Шардараның.
Еңісті қоныстады.
Серіктік бір,
Тырмалап көне жердің шаңды алабын.


Ол кезде,
Қазіргідей дана көп пе?
Оңай ма ақыл айту ала көпке?
Танитын әліппені бұл түкпірде,
Өр жігіт, зердесі кең Ағабекте.
Сол құрды,
Серіктікті басқарды сол.
Алдында жатты қиын асқарлы жол.
Не әкім,
Не дәулетті болған емес,
Сүйетін емін-еркін басқанды ол.
Отызға жеткен жаңа,
қырма сақал.
Жасынан қайсар еді қыры қатал.
Қуысқан басмашыны Қызылқұмда,
Сұсты еді,
жай өткенді бір қаратар.
Ұйым ғой,
Мүддесі бір күллісінің,
Болса игі – пейіліндей бір кісінің.
Бір жеңнен қалың қолдар самсай қалса,
Тұрмыстың үркітпей ме сұр қырсығын.
Бұл маңда жалғыз Садыр аталыдан,
Шет жүрді Серіктіктің қатарынан.
Жер берді қисықтарға, тасада ол,
Ши шықты сондайлардың шатағынан.
Садыр кім?
Сыпайысып мұртын сылар,


Түлкідей көлгірсіген сырты шығар.
Әуелден Ағабекке жұлдызы қас,
Ішінде мұз сақтайтын қыртысы бар.
Әрекет күннен-күнге асып жатты,
Зіл істер Серіктікті басып жатты,
Нөсердей науқан қаптап, арпалыспен,
Абдырап Ағекеңнің басы қатты.
Япырай, осы бір қыс!
Осы бір қыс!
Бұл жаққа әлек салды тосын, үртіс.
Найзасын жалаңдатқан шапқыншыдай,
Ақ боран, ойнақтады – асырлы күш.
Таусылды мал азығы тамтұмдаған.
Тынбады мылқау боран қарқындаған.
Аузы кең, шегі жұқа шаруа ғой,
Ертеңге қорегі мол қамтылмаған.
Тез арып аша тұяқ тыраңдады.
Жығылса, құртаңдары тұра алмады.
Жаз бойы сабау көрген тулақтары,
Талшықтап тебінгіде жүре алмады.
Қыстақты басмашыдай талап өткен
Тажал қыс өтті солай алапатпен.
Күйзелді көтеремдей серіктестер,
Уа, қашан туар екен жаңа көктем!
Көктем бе?
Келді жаудай құйындатып.
Дән еккен белестерге құмын атып.


Көтерді баурын әрең ұйым жұрты,
Жанына қыстың ызғар күйі батып.
Қу, көктем!
Ел үмітін арқандады.
Уа, қырсық! Сол тарапқа нәр тамбады.
Құнары несібенің қаңсығанда,
Ағабек Сырға талай жаутаңдады.
Қиянға селін айдап ентелеген,
Сағымда ойнақтайды ерке өзен.
Дариға, бұрылса ғой «Қалған Сырға»
Бұраңдап асып сонау кер төбеден.
Жылқыдай ыққан қалың борандағы,
Бұл жазда ырыс қайта оралмады.
Ағабек, от басқандай аласұрды,
Талабын қырсық шіркін арандады.
Сол бір күн...
Неткен мұнша қапырық күн?
Қақпыштай қабақтары қатып жұрттың,
Арқалап құрымдарын белге шықты,
Алысқа қол сілтейді, ақырып кім?
Садыр ғой...
кер шолақпен ойқастаған.
Бұл белден ауайық! – деп,
Ой тастаған.
Ежелгі еліміз ғой жылжып өскен,
Тас тұрса тар кезеңмен айқаспаған.
Ұйтқысы ірімей ме ала көптің?
Мінейді басшылығы шала деп кім?


Күйбең жұрт көшіп жатыр...
Бейуақытта,
Есті үні күңіренген Ағабектің...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу