09.04.2022
  226


Автор: Абдрахман Асылбек

Мысық пен бүрге

Ерте, ерте, ертеде,
Әйтеуір, бір өлкеде,
Жүні жібек үлпілдек,
Бүйірі тоқ бүлкілдек,
Құлақтары құрақтай,
Көздері шам-шырақтай,
Тырнақтары қылыштай,
Тістері өткір құрыштай,
Ерке Мысық ерігіп,
Кердең басып, керіліп,
Деп бір Тышқан бола ма,
Кірген екен қораға.
Барлап жүріп іргені,
Көріпті бір Бүргені.
Бүрге айтыпты:
– Мысығым,
Мені дұрыс түсінгін.
Жан досым деп санағын,
Тоқ болады тамағың.
Күнде үш-төрт Тышқанды
Барып тұрған дұшпанды
Саған сыйлап тұрамын,
Адал көмек қыламын.
Мысық сонда күледі:
– Соншалықты кім едің?
Қарашы бір өзіңе,
Әрең түстің көзіме.
Ілінбейсің тісіме,
Сенбей тұрмын күшіңе.
Сенен көмек кергенім –
Өлгенім ғой ол менің.
Қош, аман бол, Бүргешім,
Деп Мысекең күлгесін,
Бүргені ашу қысады,
Ышқына кеп ұшады.
Менменсіген қонағы
Мысыққа тез қонады.
Кіп-кішкентай Бүргенің
Құйрығында жүргенін
Мысық алгаш ұқпайды,
Еш нәрседен бұқпайды.
Бүрге болса біртіндеп,
Жүнге кіріп үлпілдек,
Шаққаннан соң Мысықты,
Денесі әбден қышыпты.
Мысық мұндай кездері,
Тұманданып көздері,
Бір тістелеп, тырналап,
Жібек жүнін жұлмалап,
Аласұрып жатпайды,
Жан қояр жер таппайды.
Ойнамайды, күлмейді,
Түнде кірпік ілмейді.
Ұзақ таңды таңға ұрып,
Басы айналып мәңгіріп,
Аш күзендей бүгіліп,
Шыбын жаннан түңіліп,
Аяқтары салдырап,
Айналдырып сандырақ,
Бұрышқа кеп құлайды,
Жалбарынып жылайды:
– Айналайын Бүргешім
Ауып кетті мүлде есім.
Бұл ойныңды доғаршы,
Досың біраз оңалсын.
Бүрге сонда:
Жөн, – деді, –
Мықтымсынған сен, – деді.
Өзіңді-өзің зор тұтсаң,
Кішілерді қор тұтсаң,
Сазайын бір татарсың,
Мол азапқа батарсың.
Тәкаппарсып тасынсаң,
Басқаларды басынсаң,
Іс түскеңде басыңа,
Жан жуымас қасыңа.
Мен қайтардым есемді,
Көріскенше, қош енді, –
Деп Бүрге ұшып кетіпті,
Мақсатына жетіпті.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу