Эсселер ✍️

  08.04.2022
  195


Туған жерім- Оңтүстік!

Рахымберді Мақсат


Адамның бойындағы құрметтеуге тұратын ең ұлы қасиет- өз туған жеріне деген махаббаты. Туған жер қадірін жырақта жүргенде білдім. Елге деген сағыныш сезімі мұншалықты ауыр әрі қиын деп ойламасам керек. «Ұлтарақтай болса да, ата қоныс жер қымбат. Ат төбеліндей болса да, туып өскен ел қымбат» -деп, айтып кеткен кешегі аталар сөзі- ақылдың көзі. Бабаларым аңсап өткен туған жерім- Қазақстан менің жұдырықтай жүрегімнің төрінен орын алған. Қазақстан алып ел. Шығысы Алтай тауына, батысы маңғаз дала Маңғыстауға созылған, солтүстігі Сарыарқадан, оңтүстігі қарт Қаратаудың аралығын алып жатқан ұлы дала. Еліміздің әр өңірі өзіне тән климаттық зоналарымен, қайталанбас табиғатымен және кешегі атадан мұраға қалған тарихи ескерткіштерімен ерекше. Бүгінгі таңда әлем елдерінің назарын өзіне аударып отырған Қазақстан табиғатын сөзбен айтып жеткізу қиынның-қиыны, оны тек өз көзіңмен көріп, әр тасының тарихын терең ойға шомылу арқылы ғана түсінесің.


Туған жерім- Оңтүстік Қазақстан. Қазақ даласының киелі де құпияға толы оңтүстігі қай ғасырда да ұлттың, елдің ордалы шаһары  болғаны тарих беттерінен белгілі. Қазақ хандығы тұсында сыртқы жаудың көзі Ұлы Жібек жолынның бойындағы оңтүстік қалаларын иемдену болды. Бұл жер үшін талас қаншама жауынгердің өмірін қылша қиған. Адам қаны судай аққан, аумалы төкпелі заман. Қалалар жалындаған отқа оранып, зеңбіректен ұшқан оқ қамалды қиратып, бір тұста дәуірлеген үлкен шаһарлардың бүгінгі күні жай ғана төбешік болып қалғаны ішті қынжылтады. Батырлардың қаны сіңген қасиетті қалалар, тарих ағымында талай мәрте жермен жексен болды. Бірақта халықтың басты күші- бірлік қалаларға жан бітіріп, қайта өркендетті. Бұл ізгі- істен біз жастар өнеге алып, атадан мұраға қалған тарихи ескерткіштерді қайта жандандыру жолында аянбай еңбек етуіміз қажет. Бабалар салған дара жолмен жүріп, бағытын айқындаған әр жас өз туған жерін көркейтуі отан алдындағы басты борышы.


Оңтүстік қазағымның жыр айнасы,


Ешқашан таусылмаған той саласы.


Ұлтымыздың ұлылығын сақтаған,


Оңтүстігім берекенің ордасы!


Қазіргі таңда мемлекетіміздің ауыл шаруашылығы — материалдық өндірістің ең маңызды түрлерінің бірі. Ауыл шаруашылығы халықты азық-түлікпен және өнеркәсіпті шикізаттың түрлерімен қамтамасыз ететін нарықтың- көзі. Бұл сала бойынша Түркістан облысына көш басында. Мысалы Арыс қаласына қарасты Саналы ауылында түйе шаруашылығы дамып келеді. Өңіріміздің ауылшаруашылығы саласындағы үлкен бір бағыт бүгінде осы түйе бағумен байланысты. Оның өніміне сұраныс тек өз елімізде ғана емес, шетелдерде де артып отыр. Сол отандық өнімнің сапасын арттырып, шаруашылықтардың іріленуіне, кең көлемде дамуына қажетті мемлекеттік бағдарламалар қолға алынғанмен, ауылдағы шаруаға жетпей жататыны бар. Осы бағыттағы жұмыстарға сеп болып, болашақта таңдаған мамандығым бойынша туған жеріме қызметім тисе арманым жоқ. Туған жерім сағындым сені.Ыстық топырағыңда ойнап өскен өзіңнің қара балаң, қазіргі сәтте өзіңнен тым алыста. Туған жерге сағыныш…


 


Арыс суы, сылдырымен атқан таңым,


Дертіме шипа болар, ұшқан шаңым.


Шәмші, Ержан сазгерлер әнге қосқан


Туған өлкем мен сенімен мақтанамын.


 


Туған жерім көркіңе көңіл толар,


Арнайтыным өзіңе жырым болар.


Сана менен Дермене шөп,


Барша науқас дертіне шипа болар.


 


Көктемде жер көмкерген қырмызы бар,


Қонағымның сүйікті асы қазы мен жал.


Елбасының өзі қалап алдыратын,


Саналымның шұбаты шекермен бал.


 


Араласам жерімді шаршамаймын,


Ауасымен ашылады жан сарайым.


Ауыстырмас бүкіл әлем қаласына


О туған жер, жәннәтім хан сарайым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу