Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  89


Автор: Нұрлан Оразалин

ДҮНИЕНІҢ ЖАРЫЛАРДАЙ ЖАРҒАҒЫ...

 Заман – сұрақ...
Далам – сұрақ...
Сұрақтардан түңілем,
түңілем де өз кеудеме үңілем.
Өз мұңымды салыстырам өзгенің
өзекті өртер мұңымен.
Зерттеп әрбір қимылымды жай күнгі,
қиялменен кезем өмір-айдынды.
Кеземін де салыстырам өзгенің
қайғысымен қайғымды.
Көңіл – жүйрік, көктем – сері.
Көш қайда?..
Қарап тұрып мұңаямын кешкі Айға.
Кешір мені, Хақ Тағала!
Күрсінсем, көрмегендей еш пайда.
Артық айтсам, аярланды демегін,
шайқалғанда құлатпастан жебегін.
Хақ Тағалам!
Ақыныңа арыған керек сенің көмегің.
Түсінгейсің:
Мұңайғаным – жол дағы,
қайғырғаным – қашқан бақыт қолдағы,
күрсінгенім – кеуде қысқан Дәуірдің
қасіретті толғағы.
Көзім толы – көктің жасыл шырағы,
кеудем толы – замананың сұрағы.
Хақ Тағала, көңілдегі шындығым,
маза бермей тұр әні.
Далам – сұрақ...
Заман – сұрақ...
Кешір, көгім, кір сіңген!
Кезім үшін мұңайған да күрсінген!
Дүниенің жарылардай жарғағы,
қайғырмасам...
Жүректегі дүрсілден.
ақпан, 1992 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу