Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  81


Автор: Абдрахман Асылбек

Зеңбіректер мен желкендер

Желкендер мен Зеңбіректер бұрынғы
Қоздырды жаулық жарасын.
Зеңбіректер көтеріп ап мұрынды,
Көк төсіне үңілді:
«О, Тәңірім, қарашы,
Кіл бейшара желбіреген немелер,
Қалай ғана біздерменен теңелер?
Ұзақ жолда не істеулерін білмейді:
Желкендерді тек жел ғана үрлейді,
Кеуде керіп гулейді.
Секілді бір атақтылар көсемі,
Көк мұхитта маңғаздана еседі.
Соғыс болса, ұрандап біз барамыз,
Артық тіпті кемедегі бағамыз,
Өлім шашып, көпке үрей саламыз!
Жоқ, олармен бірге жүре алмаймыз,
Желкенсіз-ақ еркін жүзіп самғаймыз.
Құдіретті Борей, тездеп кел-дағы,
Желкендердің шығаршы бір дал-далын!»
Борей тыңдап, демін тартып алғанда,
Теңіз тынып, түнек түсті бар маңға.
Көктің жүзін қара бұлттар қоршалап,
Көтерілді кенет таудай толқындар,
Шатырлады нажағайлы жалқындар,
Жатты Борей Желкендерді боршалап.
Дауыл бір кез тына қалды, көр, әне,
Қалған кеме опырылып Желкені,
Сәл желге де қалт-құлт етіп ол тегі,
Жүзді айдында секілді бір бөрене.
Соққыдан-ақ алғашқы
Қабырғасы шұрқ тесіліп бүліне,
Сол кемеміз жантайтқанда жамбасты,
Зеңбіректер батты теңіз түбіне.
* * *
Бірлікшіл ел шын күшті,
Әр мүшесі өз міндетін біледі:
Қаруымен – жауларына тым сұсты,
Ал, Желкені – бейбітшілік тірегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу