Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  99


Автор: Нұрлан Оразалин

ЕСКI ҚЫСТАУ

Қара қарға қонды келiп ақ қарға,
«қарқ-қарқ» күлiп тынды алап.
Ақ шәлiсiн қымтанып ап шатқал да,
шақырмайды «мұндалап»…
Шақырмайды тау-жыра да, кезең де,
әлем мүлгiп жатқандай.
Тiлсiз…
Мылқау…
Мұз құрсанған өзен де…
(Мына қатал ақпанды-ай?!)
Топ шеңгелдi сағалап,
торы бестi тарпитын-ды тебiнiн;
жүгiретiн сонадайдан «ағалап»,
естiлмейдi, қара бала, неге үнiң?!
Неге?
Неге?
Тiл қатпайды мына алап?
Қайда қыстың долы әнi?
Ұлып,
шулап,
жыралап,
мазалайтын есiк қыстау – қораны,
қайда ақпанның бораны?!
 
Келгенiңдi аңсап ешкiм бiлмейдi
қолқа буар көк түтiннiң иiсiн.
Көк төбет те үрмейдi,
қойлар да жоқ қайыратын күйiсiн.
Соқыр қолтық…
Жатыр тынып бар маңым
тозған қара iшiктей;
қара шалдай «әлдилеген» арманын,
баяғы бiр қарғыбаулы күшiктей…
Аяз сүйiп бетiмдi,
бүрiп, шымшып, жүрегiмдi «жұлмалап»,
бала күнiм секiлдi
қара мұржа,
қара қыстау тұр қарап…
ақпан, 1980 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу