Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  128


Автор: Нұрлан Оразалин

ОЙЛАДЫМ, АНА…

Көгiмнен сәуле аққан бiр шақта,
қанатын көше қаққан бiр шақта,
қанатсыз құстай көңiлiм
қабаржып мұңға батқан бiр шақта –
ойладым, Ана, сенi мен,
Жыр өрiп ойдың өрiнен.
Жұлдыздан моншақ тағынып аспан,
алқалы түннiң ағыны басқан
сәттерде кейбiр қырларды
сағынып тұрып сағымы қашқан –
ойладым, Ана, мен сенi,
түн басқан шақта еңсенi…
Көрiнген сәтте таудан нұр көзге,
ақшаңқан бұлттар ауған бiр кезде,
ақ айдын көлiм ән салып,
аспаннан арман жауған бiр кезде –
ойладым, Ана, мен сенi,
мұң басқан шақта еңсенi.
Көктем кеп, белдер көгерген кезде,
жыл құс жырлап, шөп өрген кезде,
қазанда бақтар қаңырап,
аңырап аспан көнерген кезде –
ойладым, Ана, сенi мен,
ой өрiп сөздiң елiнен…
 
Жабығып сана түн қатқан кезде,
жаулығын дала бұлғатқан кезде,
жар салып мынау жалғанға,
Жаратқан ием тiл қатқан кезде –
Ойладым, Ана, сенi мен,
ой iздеп ғалам төрiнен.
қараша, 1982 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу