Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  137


Автор: Нұрлан Оразалин

Жүрек сөзiн....

Жүрек сөзiн жарып шыққан, ал, тыңда,
(теңей алмай сенi күмiс, алтынға),
мiнезiңмен, болмысыңмен ұқ, жаным,
керексiң сен маған осы қалпыңда.
Жүрiсiңмен, күлiсiңмен, сөзiңмен
керексiң сен дәл осынау кезiңмен…
Күллi әлемдi көремiн мен, өйткенi,
сенiң тұнық жәудiреген көзiңнен.
Сен қуансаң – жарылардай жүрегiм,
сен жабықсаң – кеудемдi бiр тiледi үн;
дүниенi тұрғандайын көтерiп
сенiң жалғыз маған деген тiлегiң.
Аяқ тiреп қара жерге:
Тас…
Құмға…
Өмiр атты долы мiнез тасқында
сенiң нәзiк сезiмiңнен қуат ап,
жүргендеймiн көк аспанның астында…
Солай, жаным, өзегiмде – бiтпес үн,
(өлеңiмдi өмiр өзi жiктесiн);
керексiң сен маған осы қалпыңда,
тiрлiгiмнiң қойғанша бар нүктесiн…
наурыз, 1981 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу