Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  103


Автор: Нұрлан Оразалин

КҮЗ СУРЕТТЕРI

 Жалғыз соқпақ барады тауға асылып,
жалғыз бала барады тауға асығып.
Алған бетi – Көксай ма?
Көк жазық па?..
Әжесiнiң қалғандай қауғасы ұмыт,
бала кетiп барады тауға асығып.
Батпақтының аузында Тасбұлақ бар,
тұма басын көмкерген жас құрақ-тал,
қарағайлы жыныстың етегiнде
көк өзен бар өкiрiп тасқын атқан.
Бүлдiрген бел… Бүгiлген таңқурайлы,
үлп етсе жел, кезетiн ән қурайды.
Аюлы сай…
(Апыр-ай, мұндай кеште
бала түгiл, үлкен де қаңғырмайды…)
Алда шағын суат бар,
киiк, елiк
шөлiн басып жүретiн жиi келiп,
тiрелерi соқпақтың – қалың орман,
көкке асылған асудың биiк өрi.
 
Қабағында қоңыр кеш Ай жасырар,
жылқылы ауыл түтiнi сайға асылар,
Жанақбайдың терiскей бөктерiнде
таудың соқыр сыңсыған «тайгасы» бар.
Қазан айы…
Қарашы, қара суық,
тау иығы аппақ қар, дала сұлық;
атасының қамшысын қалдырғандай,
тауға кетiп барады бала суыт.
Қазан айы… Қарашы, қара суық…
қазан, 1980 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу