Өлеңдер ✍️

  22.03.2022
  77


Автор: Абдрахман Асылбек

Құяң мен өрмекші

Өрмекші мен Құяңды Тамұқ өзі жаратқан:
Деген кепті Лафонтен ғой таратқан.
Мен одан соң қайтем артық сөз қылып,
Өтірік пе, қаншалықты шындығы,
Біліп жатыр кім мұны?
Мысалдарға сенген де жөн көз жұмып.
Еш күмәнсіз анық бұл,
Өрмекші де, Құяң да перзенттері Тамұқтың.
Олар өсті, мезгіл жетті самғап кіл,
Қызмет бөліп, Тамұқ көңлін демдесе,
(Жақсы әкеге бала деген салмақ құр,
Орын тауып бермесе)
Кең дүниеге аттандырып, ендеше,
Деді Тамұқ: «Барыңдар,
Балаларым, жерді бөліп алыңдар!
Сендерге зор үміт бар,
Мен тапсырған нұсқауменен жүріп дәл,
Жұртты түгел ығыр қылар дарын бар.
Алға ертерек қараған жөн сірә да,
Аласыңдар қайсың қандай сыбаға:
Көрдің бе, әне, салтанатты сарайды?
Анау, лашық талайғы.
Біреуі кең – онда әсемдік, тоқшылық,
Біреуі тар – тек мұны ұқ,
Онда бейнет, жоқшылық».
Деді Өрмекші: «Керек емес сарайың,
Барсын онда ағайым.
Тұрам елде дәріханадан қашық тым,
Бұрышында лашықтың.
Әйтпесе, емші маза бермей, ау, маған,
Қуар әрбір салтанатты ауладан».
Кетті екеуі тілеп іске сәт енді.
Тамаша бір пәтерді
Еншіледі Өрмекші:
Алтындаған кермеге
Тоқыды кеп өрмекті,
Тояр еді шыбын ұстап ерлеп бір;
Бірақ, ісін ертеменен біткенде,
Жалшы бәрін тазалады сыпырып.
Пешке ауысты Өрмекші, сабырлы еді тіптен де,
Тағы қуды жалшы оны тұқырып;
Күнде Өрмекші қала берді ұтылып!
Осылайша өрмегі
Тоқығанмен өнбеді,
Қайта-қайта үзілді,
Еңбегі де, тұрмысы да бұзылды,
Кетті ақыры нән қаладан ызыңды,
Көру үшін Құяңды:
«Мүмкін, – деді ол, –
хандардай тұрар жақсы тым әлді».
Барып көрді – бір мұжықта тұрағы,
Өзінен де тіпті нашар тұрады:
Шал онымен шөпті бірге шабады,
Ағаш жарып, суға да бір барады.
Белгілі ғой жай жандардың сөзінен:
Қаншалықты қинай түссең Құяңды,
Тезінен
Құтыласың өзінен.
Деді Құяң: «Ағатай, мұнда зиянды».
Ал, бұған ағасы
Қуанды шамасы,
Ол сол кезде Құяңмен іс алмасты:
Лашыққа еніп, зат біткенге жармасты.
Жоқ шөтке де, сыпырғыш та, сыбыс та,
Торын құрды қабырғаға, бұрышқа.
Құяң – берсін жолды деп,
Қош айтты да далаға,
Әсем үйді тауып үлкен қалада,
Қарт мырзаның аяғына қонды кеп.
Содан бастап рахатқа батқаны –
Шалмен бірге мамық болды жатқаны.
Одан кейін Өрмекшіні көрмеді;
Екеуі де өз істерін жөн деді,
Ырза боп бұл бөліске:
Өрмекші лас лашықтарды шарлады,
Құяң болса тек байларды таңдады;
Емес қой бұл теріс те.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу