Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  119


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАРҒАНЫҢ ДА ТОБЫНА ҚОЙЫП КЕТЕМ


І
Қарап қойып осынау басыма көп,
Жайшылықта жүретін “жасыма” деп.
- Кіммен жүрсің? – дегені бар емес пе,
Жанашырым бір күні қасыма кеп.
Болғасын ба көп өскін – үміттерім,
Қарсы алатын бәрін де күліп төрім.
Айналама қарасам жас балғындар
Думандатып бір жүрген жігіттерім.
– Олар сенің теңің бе...
Бұлақ ішіп,
Қаласың-ау бір күні жыра құшып,-
Деді де ол жөнімен кете барды
Кезінде ылғи жүретін құрақ ұшып.
Ол да өзінше өз ісін жөн көретін,
Жөн көретін,
Жасысам дем беретін.
Ол ақылды,
Мен сонда ақымақпын
Бағыты, бағдары жоқ желге еретін.
Қателесер бұл жайды түсінбеген,
Әрқашанда мен жазған күшінде өлең.
Асқар тау боп отырсам айып боп па
Жасыл орман –
жастардың ішінде мен.
 ІІ
Бүгін неге тұрмады күліп төрім,
Қайда кеткен жеткіншек – үміттерім.
Айналама қарасам жәй біреулер
Думандатып бір жүрген жігіттерім.
Жүрсе мейлі нұрыма тойып бөтен,
Бұған бола жас жаным мойып па екен.
Өне бойы дара ұшып жүргендіктен
Қарғаның да тобына қойып кетем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу