Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  169


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҚША БҰЛТТАР

Жарысуға дауылмен құлқы бардай,
Тұрғаны ылғи тепсініп бұлқып ардай.
Ақша бұлттар... жел тұрса жөңкіледі
Ақ жал, ақ боз кілең жылқылардай.
Заңғар таудың бұрқанған селдеріндей,
Дауыл қуған даланың желдеріндей.
Ақша бұлттар ағады соқтығысып,
Долы өзеннің бұзылған сеңдеріндей.
Ізі жатыр даланың сай-құмында,
Жасырмаған бұл аспан айбынын да.
Ақша бұлттар аққу құс қаптап жүзген
Аспан көлдің ақжарма айдынында.
...Қызуымен алаулы от дененің,
Сәулелердің бойымен ақты өлеңім.
Ақша бұлттар – желкені арманым мен
Сапарлардан қайтпаған ақ кеменің.
 ***
Бұлбұл емен ән ұшырған ақ таңдай,
Бірақ таңым бір мені аңсап атқандай.
Мен көмбеге жетуге ерте асығам,
Жастық шағым өтіп бара жатқандай.
Малшынған соң ақ сабынды теріме,
Бірдей шабам жолдың ылди, өріне.
Әлде осынау жетпей жүрген жанмын ба?
Жұрттан бұрын жетем деген жеріме?
Шынымды айтсам сарбаздардай тік тұрып,
Найза ұшында ақ жанымды ұқтырып.
Уәделі жерге осынау кеш барып,
Қоям кейде еркемді де күттіріп.
Өскен жандай бір жылы сөз есітпей,
Үмітімді кімдер менің кесіпті-ей.
Кешеуілдеп баратын боп жүрмін-ау,
Барам деген жеріме де кешікпей.
Солай, достым, жүрмін күйлі түрге енбей,
Қулықты да қойдым тегі үйренбей.
Маған деген сыбағаны кей пысық
Содан, міне, қағып кетіп жүргендей.
***
Секірген таудың биік жақпарынан,
Жаралғам асау толқын – қатты арыннан.
Мүмкін мен кен шығармын
Табылатын
Іздесең жердің терең қатпарынан.
 Денемді сәуле – семсер кескілеген,
Кезім жоқ бірақ менің кеш түлеген.
Алтын бұлақ шығармын мүмкін осы
Жердің терең қабатын тескілеген.
Дауыл боп бедеу – шектен күй үрлегем,
Күй үрлегем, доғалды сүйірлегем.
Мүмкін мен тау шығармын
Бұлттан асып
Аспанның бір жақ шетін бүйірлеген.
Сәт сайын қарт тыңдаған, жас тыңдаған
Өлең ғой – менің дертім асқындаған.
Мүмкін мен адам емес
Ағыл-тегіл
Ақ иық жыр шығармын тасқындаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу