13.03.2022
  195


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАҺАРМАН МОНОЛОГЫ

1
Болмайды мына менде тілек бөтен,
Сәттілік бар әлемге тілеп кетем.
Бір сәтке басын жерден көтерсін деп,
Қорқақты жүректі етем.
Сол күшпен мына арайлы алынды таң,
Ұпайсыз... жарысқанда жабыңды ұтам.
Көк аспан мына маған ожау болса,
Найзағайлы жалын жұтам.
Көгімде көк күмбезді дарқан аспан,
Баурында бура бұлттар арқаласқан.
Ұлы той, тірі жүрсем жер бетінде
Өтеді тарқамастан.
Болсам да табиғатқа тегін де өктем,
Жанымның жайып салған көбін көктем.
 Айыңа барлау жасап қайтқан жігіт,
Жерімде егін еккен.
Сұлулық жанарымда байланады,
Жібек жел беттен сүйіп аймалады.
Жер шары қасиетті табанымның
Астында айналады.
2
Үйреткен өршілдікті ғасыр маған,
Жүрегім сан мың тұлпар тасырлаған.
Ал, өзім қаһарманмын ажалға да,
Егіліп бас ұрмаған.
Кеуде ғып сонау заңғар құзды аламын,
Өзімін білгендерге түз даланың.
Маған да ұялаған сенсең, жұртым,
Нәзіктігі қыз баланың.
Құз-жастық менің басым жастанады,
Қайғырсам көзден нөсер жас тамады.
Білсеңдер, бір қайнары ұлылықтың
Мына менен басталады.
3
Туған жер жаулар үшін бата бөтен,
Жер бізге кіндік кескен ата мекен.
Көк аспан құлап кетсе,
Сынбасын деп,
Астына жата кетем.
Қос қолым бейбіт тілеп күн ұстайды,
Көгімде бомба түгіл қыл ұшпайды.
 Аспанның бір жақ шетін ашып тастап,
Менің жаным тыныстайды.
Тастамай құлашты алға төселмейді,
Сол сәтте көңіл аспан нөсерлейді.
Көсілген кең далада тұлпар жаным,
Алдыңды кесе өрлейді.
Келемін, келем әлі қыранша ағып,
Тілесе, керек етсе жыр, ән шабыт.
Дүние сілкінсін деп қалғып кеткен,
Көгіме көтерілем ұран салып.
Қалғанда жанарымда қыстап қыран,
Шарықтап көтерілген ұшпаққа ұран.
Әлемді кеудеме сап орнықтырып,
Жүрегіммен ұстап тұрам.
4
Мені де осал етіп тумапты анам,
Селіңді сіңіреді құмдақ далам.
Құрсақта жатқанымда құлақ емес, .......
Жүрегімен тыңдапты адам.
Шындасам сонау көктен Айды ақтарып,
Тастаймын тұғырына айдап барып. .....
Түнде де мына бізге жарық керек,
Жататын аймақты алып.
Жанымды кейбір тұста азапқа ұрам,
Моп-момын қой көзден де жас ақтарам.
Кей сәтте туып кеткен дауыл жырдай,
Қайғыны мазақ қылам.
 Жүргем жоқ қызық қуып сергелдеңде,
Тыңдашы, туған елім, бермен кел де.
Құмда өскен сексеуілмін,
Жүзі кеткен
Ақ семсер сермелгенде.
Далада туып, өсіп Айға ілескем,
Өтсін деп өнер үшін ай күреспен.
Бұл өмір тек менімен қуанышты,
Шығарман бірақ та мен қайғыны естен.
Туған ел бейбіт тілеп күй ақтарып,
Отырса күйші балаң қияқты алып.
Бөлме іші кеңейеді, сонда өзім
Көрінем кең дүние сияқтанып.
Тамшыма таңдай тосар дүркін емен,
Жай ғана жауын емен сіркіреген.
Ашылсам, шығыс болып түрілемін,
Бұлттансам, күн болып күркірегем.
Мұңайсам мен таңды да атырмаймын,
Кеудемде аспан толы жатыр қайғым.
Көбесін қара аспанның қақ айырып,
Найзағай боп шатырлаймын.
Туа ма бұл адамда сезім тектен,
Жаным – жаз, жанарым –от, көзім – көктем.
Кер дала шанақ болса, өжет күйді
Күйші боп безілдеткем.
Білгенге жүгірмейді сан саққа өрен,
Демеймін: мына мен де жаңсаққа ерем.
 Даланың білсең егер бұлбұлымын,
Қаласаң ән сап берем.
Төсінде, қырқасында қой қаптаған,
Жатсын деп қызығымды тойлап далам,
Мен болсам, қос ішектен Болашаққа
Күй болып ойнап барам.
Күтпеймін уақытты алға асығам,
Мен неге Айға асылмай талға асылам.
Қаздардың қаңқылында барады әне,
Мен болып жалғасып ән.
Әлі де бұрқай соғар кезеңдер көп,
Күдікті жасық жырын тез өңдер кеп.
Мен болсам туған жерге тарап жатам,
Күре тамыр өзендер боп.
Жазықтың жатам тарап кең төсінде,
Келсең кел, бақыт жатыр белдесуде.
Жүрек боп сонда ғана дүрсілдеймін,
Даланың кеудесінде.
Жаралғам дүниенің таң нұры боп,
Құйылам өлең бұлттың жаңбыры боп.
Әйтсе де мен өлемін Құлагердей,
Маңдайыма тисе егер қаңғырып оқ.
5
Құйын боп жүргенім жоқ жер кезеңде,
Толқын боп тулап жатам мен өзенде.
Тарихым алтынменен жазулы тұр,
Ай нұрын сүріндірген тереземде.
 Шыға ма қайғысы көп күндер естен,
Түнеріп аспай тұрған күн белестен.
Бір кезде оқ қоймасы болған жерде,
Мен еккен гүлдер өскен.
Мен еккен қызыл гүлдер күнде өседі,
Артыма шуақ біткен мінгеседі.
Мен тартқан сыбызғы үні алғы күнмен,
Мен болып тілдеседі.
Гүлімді осында егем, шетте өндірмей,
Жамандық жоғалады кеткен кірдей.
Жау жарған атом күші,
Салыстырсаң
Мендегі жүрек жарған кекпен бірдей.
Соғысты біреулер бар мұра көрген,
Мақсатсыз адамзатты қыра берген.
Өлімді менен біл деп,
Төбе астынан
Өлгендер аруағы тұра келген.
Білемін, сондықтан да қайғырамын,
Қайғырамын жүректі Айға ұрамын.
Ал, соғыс қырқып атып азайтпақ па?
Елімнің бай құрамын.
Көтеріп сөйлегенде даусын Ана,
Демеп пе еді: көктен нұр жаусын ғана...
Мұхит суын қасықтап төккеніңмен,
Мұхит суы оныңа таусыла ма?..
 6
Ақ көңілге ақ шуақ толады тек,
Айта алам бәрі мендей болады деп.
Көгімнен ағып түссе жарық жұлдыз,
Ол кеудеме қонады кеп.
Өйткені, мен тірлікпен жасап келем,
Демеймін: сауыт киген жасаққа ерем.
Кір қолды ақ жағама жолатпаймын,
Ар санап, ондайды өзім азап көрем.
Баурымен ұшамыз біз зеңгір көктің,
Мен өткен жерден бауырым сен бір өткін.
Жау бізді жеңбейді әсте, жер шары
Сия ма өңешіне зеңбіректің.
Өлімнің көз жетпейді көлеміне,
Біздерге бұл соғыстың керегі не.
Әуелі көлеңкемді түсірмеймін
Туған жердің терегіне.
Қараймын дүниеге күн көзімен,
Аулаққа ысырып сап түнді өзімнен.
Әйтсе де оқтар тескен жапырақты, ......
Көрген соң ба... жанарда мұң сезілген.
Жо-жоқ, жанға ұранды тірек қылып,
Қайғыны жоғалтамын білекке ұрып.
Қызыл туды жоғары көтеремін,
Табанды туған жерге тіреп тұрып.
Жігіттің жүрсе де әкем кенжесі боп,
Ұсынған төрден орын жеңгесі көп.
Ал мынау қызыл тулар,
 Қанды кешкен
Әкемнің көрінеді жейдесі боп.
Жатқандай мына жазық кең төсі боп,
Даланың мен секілді кенжесі көп.
Осынау ту тігілген биік төбе,
Әкемнің көрінеді кеудесі боп.
7
Мен бе екем кірпік ашпай шаршап тұрған,
Жетемін жібек жел боп аңсап қырдан.
Өзгелер жылап туса анасынан,
Тек қана мына менмін ән сап туған.
Мен алыс жолға аттанар қарсаңда Ай, Күн
Жаманнан қасыма ертіп жаршы алмаймын.
Жауларым оқ боратса, сол оқтарды
Дауыл боп өздеріне қарсы айдаймын.
Тұра сап таңғы шақта жар саламын,
Бейбіт күн арманым да, аңсағаным.
Тамырын күйдіруге бұл соғыстың
Қып-қызыл от өзен боп қарсы ағамын.
8
Еліммен қызғалдағым бірге өнеді,
Сөнсе де бірге сөніп, бір өледі.
Қарасам дүниеге кірпікті ашып,
Жанарым күн көзіне тіреледі.
Туған ел, өмір сүрем ғұмырың боп,
Тереңнен нәр алатын шығырың боп.
Шаршасаң кеудеме кеп қона қойшы,
Топшым мықты. Тұрамын тұғырың боп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу