10.03.2022
  123


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТУҒАН ЕЛДІҢ СЕМСЕРІ

 Өмірзақ Сәрсеновке
1. КӨЗ ЖАСҚА СУАРЫЛЫП ӨСКЕНДЕР
Аспан асты, жер үсті толған азап,
Жұртқа қамқор жоқ әлі қорған ғажап.
Қызыл Кеңес қынадай қырған жоқ па,
Халық жауын түгелдей қолдан жасап.
Бұған куә сұр жағал құмай – жалған,
Дүр дүние сол кезде шыр айналған.
Аман-есен ұйықтап,
Ертеңінде
Арыс қанша төсектен тұрмай қалған.
Ол күндерді мен қалай бақ санайын,
Кімнің қырау шалмады ақ самайын.
Оспан қожа атаңды ұстап беріп,
Оңашада күпінді қанша ағайын.
Айырылып қапыда ат, тонынан,
Оспан атаң көз жұмды жат қолынан.
Қожалардың бәрін де қырып салған
Ұлы Алланың таймаған ақ жолынан.
 Күн көзінен тұрса да нұр құйылып,
Тіршіліктің тамыры тұр қиылып.
Ішкені ірің бола ма,
Жүрмесе егер,
Адамдарға адамдар бұлт үйіріп.
Самал еспей, нұр еспей қанатынан,
Сонша неге жауыз боп жаратылған?
Адам қолы жасаған қылмыстардан
Қара жердің көзінен қан атылған.
Соғыс ашқан сұмдарды сұраққа алып,
Тергесе егер құтылсын кім ақталып.
Шара қайсы?
Оралды қара қағаз боп,
Әкең сенің майданға тірі аттанып.
Қарсы алдында тұрған соң қайғы аларып,
Опа табам деді ме қайда барып.
Кәмей ағаң көкке ұшып жөнелген-ді,
Аққу құстың қанатын байлап алып.
Жүрегіне бейбақтың нұр сіңгенде,
Жүрер еді бақ қуып тылсым белде.
Ауызынан ақ жалын атылатын
Ару ана Ақжүніс күрсінгенде.
Көзді арбаған дүние-ай сағымданып,
Қай жесірдің жүгірген шамын жағып.
Ақжүністің төгілген көз жасына,
Жеді қанша ағайын нанын малып.
Көктен күннің тұрса да нұры ағылып,
Жанарынан көрді ме мұң арылып.
 Кекке малып шыңдаған қылыштайын
Өстің сен де көз жасқа суарылып.
Менің де әкем соғыстан қайтпай қалып,
Өскем мен де көз жасқа суарылып.
Көкжал болып жетілген жігіттердің
Кеудесінде көк бөрі тұрады ұлып.
Жаздым сені жыр етіп сөз басына,
Ақ сауыттай, мен кепіл, тозбасыңа.
Жетілгендер көз жасқа суарылып,
Елдің әсте қалмаған көз жасына.
2. ДИМЕКЕҢНІҢ СӘУЛЕСІ
Қуат алып құнарлы жер бетінен,
Ұлтқа тұтқа болатын ер жетілген.
Кемеңгердің сәулесі түспесе егер,
Кімнің сәуле еседі келбетінен.
Тауға салса жігері шағылмаған,
Жігіт аз ба төрге озып дамылдаған.
Жүрегіңе үңіліп көрмек болып,
Димаш бірде өзіңді қабылдаған.
Жүрегіңе тереңдеп үңілгенде,
Көп нәрсені аңғарған түріңнен де.
Ақ боз атқа мінгізіп, аттандырған
Шымылдығы шындықтың түрілгенде.
Аты шауып тұрса егер өрге қарай,
Азамат ер шықпайды төрге қалай.
Жұлдыз болып көгіңде жанып тұрды,
Жанарыңның ішінде сөнген арай.
 Тал бойыңа ақ арай нұр таралып,
Көтерілдің биікке тұлғаланып.
Туған жердің тамырын бұлқындырған
Өміріңнің өзені тулап ағып.
Мына сұрқай заманда қайғы атылған,
Үйлер қанша тұнығы шайқатылған.
Сен бар жердің бәрін де,
Буырқанып,
Таудан аққан бұлақ та қайта тұнған.
Жұртың сені айбарлы сұс көреді,
Соның өзі бойыңа күш береді.
Оу, Өмеке, өйткені жүрегіңе,
Димекеңнің сәулесі түскен еді.
3.ТУҒАН ЕЛДІҢ САРҒАЙДЫ ЖАПЫРАҒЫ
Жеке Басқа жұрт түгел табынғалы,
Бастық көрсек тұрамыз жағынғалы.
Болашақтың таулары көрінбейді,
Жүрміз, бәлкім, адасып сағымда әлі.
Туған елдің сарғайды жапырағы,
Қонаевтай басшыны сағынғалы.
Қарау күштер жайлаған сұр ғаламда,
Қамал бұзам деймісің тулағанда.
Ақиқаттың ауылын кім іздейді,
Өтіріктің бағы артқан бұл заманда.
Ертелі-кеш күн кешкен назаланып,
Шындығы өлген жұрт аз ба шашы ағарып.
 Құтыла алмай сорлаған елдер қанша,
Қолдан құдай кезінде жасап алып.
Алға ұмтылсын, ендеше, кім құлшынып,
Кешке қарай батады күн күрсініп.
Құзырлының шыға алмай құрсауынан
Үкіметтің өзі де тұр тұншығып.
Басқара алмай ел ішін бүлдіргелі,
Жұпар атпай тұр әлі қыр гүлдері.
Ардың сөзін сөйлеген ердің бәрі,
Ажал құшпай тұра ма бұл күндері.
Ер жолына құрылып қара қақпан,
Өзен қанша адасып далаға аққан.
Қай қазақтың басы деп қайғы жұтам,
Басты көрсем домалап бара жатқан.
Көктем болып қарамай желегіне,
Кесек атқан сұм қанша тереңіне.
Теңдік сұрап, тебінген өз халқына
Оқ атқызған биліктің керегі не?!
Зауал туған мезгілде мұнар қуған,
Қашан ойлы көздерден мұң арылған.
Азамат ер басқармай ел оңбайды,
Қонаевтың рухына суарылған.
4.ӨЗЕН ЖАҒАЛАҒАН
Тұнық ойлы көзімнен от өріліп,
Талай жерге келіппін төте жүріп.
 Ұшып бара жатады саған қарай
Ақ сұңқар жыр кеудемнен көтеріліп.
Тұғырлы елдің көз салып түлегіне,
Мүмкін жеткен шығарсың тілегіңе.
Қонаевтың көңілі
Кім болар ең,
Сәуле болып түспесе жүрегіңе.
Тағдырыңның көп болып бұралаңы,
Сені қайда салмады шырғалаңы.
Мүмкін ақын болар ма ең, кім біледі,.....
Бұйырғанда Абайдың жыр қаламы.
Мұқала ма ақ семсер жүзі кетіп,
Ерлер күрең мінсе егер кісінетіп.
Жағалаудан қол бұлғап тұрдың қанша,
Тасқындардың бәрінен жүзіп өтіп.
Тіршіліктің бойламай тереңіне,
Бөленем деп ойлама желегіне.
Туған елге сәулесі бір түспеген
Жуан қарын байлардың керегі не?!
Қызық іздеп сарсылған құба белден,
Көңіл қалды қаншама тұлғалы ерден.
Байлар, бәлкім, қаша ма мұхит асып,
Байлықты артық көрмесе туған елден.
Ер-тұрманын алтындап, күмістеген,
Жігіт қанша көкірегіне күн түспеген.
Оу, Өмеке, шалқыған даряның
Шөлдегенде суынан кім ішпеген.
 Бәрін түгел кезсем де көшелердің,
Бірі көзге түспеді көшелі ердің.
Бірақ сендей өзенді жағалаған
Талған емес ешқашан өзегі елдің.
5.ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ
Намыс қалып жайына, ұят қалып,
Байлық қуған жан қанша жиі аттанып.
Жігіттерді көп көрдім нар тұлғалы,
Жүретұғын асқар тау сияқтанып.
Мүмкін бақыт қонды ма жөргегінде,
Жайғасады жардай боп төрге күнде.
Бәрі қуыс кеуде боп елестеді,
Сырын тыңдап солардың көргенімде.
Жанарында көрмеген жұлдыз жанып,
Соның бірі алдымда тұр сызданып.
Қоқыс салып ішіне
Аузын буған
Қара қанар секілді тығыздалып. .............
Дүр дүние алқымнан тұр қылқынып,
Алға шықсын мұндайда кім жұлқынып.
Туған елдің намысы тапталғанда,
Бұлар, бәлкім, көрді ме бір бұлқынып.
Өршіп тұрған мезгілде қылмыс күнде,
Кім сөйлесін Ар толғап, құрыш үнде.
Атқа ақырып қонатын ер көрмедім,
Ұлт тағдыры тұрғанда қыл үстінде.
 Бақыт бар ма жалғанда елге жетер,
Бейбіт күннің бесігін тербете бер.
Адамдардың түрінен көрінеді,
Қандай болса қоғамның келбеті егер.
Қарт Қаратау ызалы күркіреді,
Қай кезде елдің намысы сілкінеді.
Бәлкім, қазақ қоғамы қоқыс салып,
Аузын буған қанар ма, кім біледі?!
6.ЕЛ БАСҚАРСА РУХЫ ЖОҚТАР
Дүниенің көзінен сыр аулаған,
Күндер қайда көгінен нұр саулаған.
Билік үнін шығармай тұншықтырып,
Туған елдің кеудесін құрсаулаған.
Ақша бұлты көгінде қылаулаған,
Күндер қайда асыр сап қырға аунаған.
Туған елдің үмітін үсік шалып,
Терезесін ызғары қыраулаған.
Билік көзі қазаққа тұр аларып,
Жұртын түгел тоғытып, мұңға малып.
Қалай төзем жазылып жатса егерде,
Тарихымның шындығы бұрмаланып.
Қалаға ескен зауалы, далаға ескен,
Жамандықтың қай кезде қарасы өшкен.
Ешқашанда құлдықтан құтылмайды,
Ата қазақ ел болмай санасы өскен.
 Бәлкім, содан жарамсақ ақсақалы,
Ақша,
Байлық... бәрінің аңсағаны.
Азаттықтан не пайда?
Тұрмаса есіп,
Адалдықтың аңқылдап ақ самалы.
Қасіреті тұрса егер түр-өңімде,
Күңіренбей қайтейін күрең күнде.
Жаңаөзеннің қайғысы жазылмайтын
Қара дақ боп қалды елдің жүрегінде.
Туған жердің балта ұрған терегіне,
Көктем болып қарай ма сері еліне.
Жоғын жоқтап, даулаған өз халқына
Оқ атқызған биліктің керегі не?!
Көз көрмеске жоғалса тылсым арай,
Күшік-арман қайтеді қыңсыламай.
Ел басқарса бойында рухы жоқтар,
Елдің рухы жаншылмай тұрсын қалай.
7.БӘЙТЕРЕКТІҢ БҰТАҒЫ
Жауын жеңіп, дауын да шеше білген,
Туған елдің байыған есебінен, -
Атқа мінген апайтөс ақымақтан
Арқар кеуде есті артық есек мінген.
Сағыныштың сазымен тербетіліп,
Тауға қарап өспей ме ер жетіліп.
Бұрынғылар баулыған ізгілікке
Ұрпақтарын қасына ерте жүріп.
 Бірі олай тартатын, бірі былай...
Бүгінгінің бәрі де тірі құдай.
Сауық құрып, той тойлап, асыр салған
Бұл қазақта дәурен жоқ бұрынғыдай.
Билік тисе арманы аласаға,
Атқа мінбей тұра ма бала-шаға.
Төрге солар жайғасып,
Абыз қарттар
Құйрық басқан көнетоз алашаға.
Түні бойы жортады ұры жатпай,
Күзететін ер қайда тыным таппай.
Адалдықты кім іздеп сарсылады,
Су басынан жатқанда тұнып ақпай.
Тегіс жердің өзінде мың жығылып,
Алға ұмтылған боламыз құр құлшынып.
Тәуелсіз ел болсақ та,
Ұлттық рухым
Көзін әлі аша алмай тұр тұншығып.
Ару ана асыл ер тумағалы,
Ер шықпады ар-намыс қуған әлі.
Алты алаштың тамыры ауылда еді,
Тұрған жоқ па құрт түсіп қурағалы.
Арнасында толқындап аққан арай,
Жұрт жетеді, ендеше, баққа қалай.
Бәйтеректің бұтағы айтшы, ағатай,
Неге иіле береді жатқа қарай?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу