Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  214


Автор: Қасым Аманжолов

Ақын

(Пушкиннің өлгеніне жүз жыл толғанда)
Күн боп туған ұлан күнше күледі,
Күндес болған түн өзегін тіледі.
Түн мазағын, өмірдің сұм азабын
Тартқан жанның сырын,мұңын біледі.
Төгілген қан, аққан жасты көргенде
Елжірейді, жалындайды жүрегі.
Жібек жыры жауыздықтан жиіркеніп,
Оқ тигендей сырқырайды сүйегі.
Жалындап сырт, ыза кернеп, қайнап іш,
Жас ұланның таза қаны күйеді...
Қара түнде қара киіп қайғырған
Сұлуларды құшады да, сүйеді.
Құшады да, мұңаяды, жылайды,
Жылайды да, кейде шалқып жырлайды.
Тасқындайды жас өмірдің тілегі...
Мұны көріп, сұр жыландар ысқырып,
Жындар жортып, иттер-дағы үреді.
«Ит үреді,керуендер көшеді».
Жел жынданып, ызыңдайды, еседі...
Көшкен елдей, ескен желдей мазасыз,
Сұм жалғанның гуілдейді өсегі.
Бірақ оған мойымайды жас ұлан,
Албырт болып, ақын болып өседі.
Ақын ұлан өмір сырын тереді,
Қырағы көз көрмегенді көреді.
Сезгіш жүрек, асқан ақыл, албырт ой,
Қайтпас қажыр, ақынға күш береді.
Ақын ұлан арыстандай айбатпен
Ар, намыстың майданына енеді,
Қалам найза, қалқан болып қағазы,
Сөздері – оқ, алмас қылыш – өлеңі...
Зұлымдыққа нажағай боп атылып,
Әділдікке көңіл нұрын себеді.
Дабыл қағып, таң жолына шақырып,
Таң атады, күн шығад деп сенеді.
Бұл майданда албырт ақын, жас ұлан
Түн қысымын көп көріп, зар шегеді.
Күңіренеді, көзден жасын төгеді.
Көңіл көгін қара бұлт торлайды.
Талай рет түн түнегі төнеді.
Амал қанша, зарлатады зар заман,
Жауыз тағдыр жас ұланды жеңеді...
Амал қанша! Жалмауыздар желікті,
Аямапты, ақын қанын төгіпті.
Ақын ұлан қоштасарда жанымен,
Ақтық рет: күндей күлген көрікті
Жас сұлуын - Музасын бір көріпті,
Көрінті де, көз жұмыпты, өліпті...
Өңшең сұмдар өлі тәнді басынып,
«Тұрмасын» деп, тереңірек көміпті...
Ақын өлед – жан иесі күңіренед...
Өтеді өмір. Жылдар өтіп, жыл келед.
Сол өмірден жан сезімге, құлаққа
Үн келеді, жыр келеді, сыр келеді...
Өтті өмір. Ақырында күн жеңді,
Ақын жыры күн нұрымен гүлденді.
Ақын аты, ақын күші ақталар,
Заман туды. Жан иегі кенелді.
Ақын жыры мәңгілікке жатталар,
Шаттығы мол жүректерге бөленді,
Бақыт қонған, құмар қанған заманда
Ақын жыры күн нұрына теңелді.
Ақын жыры әсер берді маған да,
Ақынға арнап жаздым мен де өлеңді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу