Өлеңдер ✍️

  25.02.2022
  5621


Автор: Шортанбай Қанайұлы

БАЛА ЗАРЫ

Атамыз – Адам пайғамбар
Топырақтан жаралды.
Мұсылман, кәпір – халық боп,
Сол адамнан таралды.
Бір-біріңе беріскен
Дәм мен тұзың халал-ды,
Ұрлық пенен қорлықтан,
Өтірік, ғайбат, зорлықтан
Бойыңды тартып тек жүрсең,
Көрмессің деген залалды.
Белгісі деген бейіштің –
Жазғы салқын самалды.
Тәркі деген тамықтың –
Қысқы суық амал-ды.
Ауыл малы бұралқы –
Ақылы жоқ жаманға.
Атасын алдар баласы,
Жақсылықтан нәрім жоқ,
Жамандық асқан заманда.
Мекежандай ұл тумас.*
Қайын болмас қабанда.
Балам бар деп мас болма,
Өзіңнің болсын аяңда.
Малдан зекет бермеген,
Аузына құдай кірмеген*
Қайыры жоқ сараң-ды.
Алақандай ай мен күн –
Ғаламның орта жарығы.
Жаббардың екі болмайды
Әмір қылған жарлығы.
Құбылаға бас қоймақ –
Мұсылманның тарығы.
Ораза, намаз қылғанның
Көңілінде құдай барлығы.
Жаулық пен жалғыздық –
 Жалғанның жаман тарлығы.
Түшіркенген ұйқы жоқ – *
Қайғының асқан зарлығы.
Қолыңнан құсың қашырсаң,
Қайтып қонбас қолыңа.
Ісің түссе жаманға,
Жағаңнан алар сорыңа.
Көп ішінде аз болсаң,
Әрнеме түсер ойыңа.
Ел ішінде жоқ болсаң,
Мін тағылар бойыңа.
Жолдас болсаң жақсымен,
Қолың жетер қырымға.
Топқа кірсең әркіммен,
Таласарсың орынға.
Текті құс қарар Қырымға,
Ит айналар жырымға.
Парақорлар қызығар
Бір қалаштық тиынға.
Құдіреттің жарлығы,
Биттей нәрсе қалсайшы,
Бұрынғы жаннан ырымға.
Бай – жарлының панасы,
Көп – жалғыздың саясы.
Нар – түйенің жақсысы –
Бауыры сүтті маясы.
Тайып кетсе аяғың,
Дұшпанның қанар табасы.
Харам пиғыл залымның
Тату да болмас құдасы.
Құдай деген момынның
Ауыздан кетпес тобасы.
Иманы бардың белгісі –
Тілінен тамар шырасы.
Мағлұм-дүр құдаға
Пенденің қылған күнәсы.
Уа, Алла ағлам, құдай біледі,
Осылай шығар расы.
 «Сен» демек қиын емес пе,
Бұрынғы туған үлкенге?
Атыңды берсең азбассың,
Епті туған ілкімге.
Мал – дүниенің жарығы,
Жаратып шырай көркіңе.
Қызықпаңыз бес күнге,
Бұл дүние қалмас әркімге.
Ағаш көркі – жапырақ,
Адам көркі – шүберек.
Ақыретте жалған жоқ,
Таразысы, басқа, бір бөлек.
Өліге де мал керек,
Тіріге де мал керек,
Өлмей тұрып, тіріңде
Мініп-киіп, ішіп-же.
Айдап барып малыңды,
Ғазап үшін бермейсің.
Алтын-күміс абзалың
Өлгеннен соң не керек?
Өлген малың – иманың,
Тіріде қамын жиғаның.
Аманатын алғанша,
Жалғанда бар ма қиғаның?
Аз тартайын десең күнәны
Сахарменен тұрғаның.
Хақ дидарын көрерсің,
Ақырет қамын қылғаның.
Өлшеулі күнің жеткен соң,
Бұйрық дәмің біткен соң,
Төстіктей қазған бір жерге
Қырыңнан кіріп сыйғаның.
Медресі, мешіт салдырып,
Муфтиге берсең балаңды,
Азан, тәкбір айттырып,
Мешітке қойсаң молдаңды,
Сираттың желі соққанда,
Ораза-намаз панаң-ды.
Тірлікте есіңе ал,
 Өлгенде жанға пайданы.
Ұйқыдан кешіп көп жатпа,
Бір жаратқан Алланы,
Березе қаптал тон киіп,
Топта тұрып мақтанған,
Құдайдан қорыққан мұсылман
Күнәдан ерте сақтанған.
Әр бір айы пір болып,
Ахиретте болар пәк
Иманның ахыр жалғауы.
Жалғанда биттей пайда жоқ,
Адамның аз күн албауы.
Жорға мініп теңселтіп,
Торғын тоның белсентіп,
Мамық төсек салдыртып,
Ыңырантып тұрғызып,
Дүрия көрпе жамылтып,
Дүниенің қалай алдауы?
Мал бақтырар пайдаға,
Зекетсіз мал айдама.
Қайыры жоқ ас сақтап,
Дәмді харам шайнама.
Құдіретке көніңіз,
Құдайменен ойнама.
Ит жүгіртіп, құс салған,
Өнерпаздың өнері,
Өтіп кеткен нәрсеге
Өкінсең, жоқ келері,
Құбылып тұрған қызыл гүл,
Қураса, кетер мәнері.
Сабыр қылсаң жетерсің,
Хұданың болса берері.
Он сегіз мың ғаламды
Құдіретімен жаратқан
Құдайдың қалай шебері?!
Жиырма бес жасыңда
Жігіт жетер кемелге,
Он сегізде қыз толып,
 Ана болар бір елге*
Құрбыңнан қорлық көрмессің,
Құда болсаң бір елге.
Жапырағын жайқалтып,
Жайлауда қонсаң бір көлге.
Көкала шатыр нарменен,
Мың қаншалар пұлменен,
Он піркәншік құлменен,
Сапар қылсаң бір жерге.
Жылқының құты айғыр-ды,
Ат тумайды атасыз.
Көсегесі көгеріп,
Көбеймейді батасыз.
Ғайбаттың жаман екенін
Біле тұра айтасыз.
Күн шыққан соң,
Намаз қаза боларын
Біле тұра жатасыз.
Алланың берген ақ дәмін
Шайтанға қайтып сатасыз?
Түйенің құты бура-ды,
Келесі қысыр қалмаса.
Күнә қайдан шығады,
Жаралып жан боп тумаса.
Ғаділ деп соны айтыңыз,
Турасын қисық бұрмаса.
Бұйрықсыздың бәрі харам,
Шариғатқа сыймаса.
Жер таянбай тұра алмас,
Жетекшіден айрылса,
Тұрымтай торғай қуа алмас
Қанаты сынып қайрылса.
Қасақана бітер мал,
Қайыры жоқ қабанға.
Айдасаң қиық жүрмейді,
Төрт түлігі аманға!
 Алтын үйің бар болса,
Сізге мұнан жаман нәрсе жоқ.
Жанға түсіп жоқ болса,
Кеңес кетпес үйіңнен
Жаман болып, тоқ болсаң,
Тіліңді – мекер, қолыңды
Шолақ қылар әрнеге
Ортадан жалғыз тақ болсаң.
Жақсыны жаман көре алмас,
Тіл тиген соң өзіне,
Шын екен деп иланбаңыз,
Жалғаншының сөзіне.
Сырттан ғайбат қылғанша,
Айт көзі мен өзіне.
Құдайдан қорыққан мұсылман
Қарауыл қояр сөзіне.
Құдайдың барын білмеген,
Айтқан жөнге жүрмеген,
Менменсіген зор кеуде
Қиық жүріп кете алмас,
Аспанменен өте алмас,
Алдындағы жолығар
Құдайдың құрған тезіне.
Жігерлі туған жігіттің
Кім қой дейді талабын.
Жалғыз аяқ бар болса,
Кісі үшін дер шалабын.
Атасы топқа кірмеген,
Сөзге салмас құлағын.
Құдайдан қорыққан мұсылман
Қонаққа сояр лағын.
Өткен соң қайтып келмейді,
Өлгенге мал ермейді,
Бұ дүниенің шолағы.
Жиырма тоғыз харіптің
Жайын білем керек-дүр.
Төрт ярдан шыққан би болар,
Ақылы асқан дүр болар,
 Мынау бір жалған дүниеде,
Малы көп кісі би болар.
Көпке тентек, ез, қисық,
Қамшыменен ій болар,
Ер басына күн туса,
Бұта түбі үй болар.*
Ат басына күн туса,
Көксімдегі күй болар.
Көңіл азып, тон тозса,
Берген көйлек кез болар.
Аштықта жасық та болса
Ұдай абзал сол болар.
Мейір кетті пендеден,
Сүйтіп ердің алдынан,
Ақыл сұрасаң азбассың,
Көпті көрген көнеден,
Қасиет кетті төреден,
Ғаділдік кетті билерден,
Абырой кетті әркімнен.
Қайын енесі ас ішпес,
Қабағын түйген келіннен.
Жалғыз құдай болмаса,
Енді үміт жоқ өзгеден.
Ей, муһмин, құлшылық қылсаң не етеді?
Ажал болдырмай қуып жетеді.
Мінезге бағым табылмас,
Ғадетіне кетеді.
Тақуа да болған ғалымдар
Бұ жалғанда не етеді?
Баяны жоқ шіркінді
Бір күн тастап кетеді.
Малдың көзін сүйгендер
Мінбей, кимей өтеді.
Бір кісі емес, әркімнің
Басында бар, сөйтеді.
Дүниенің сүрсең дәуірін,
Басылар сөйтіп әуірің,
Иман – жанның жарығы.
 Кешуі тар болған жолда,
Хабардар бол, а, пірім!
Ақыл – дария білгенге,
Бұ жалған жоқ өлгенге.
Байлықтың алды – иман-ды
Тәңірім сөйтіп берген-ді.
Жан жоламас жатқанға,
Жүргенге жөргем ілінер;
Бұ дүние арман емес-дүр,
Бір кезгі дәурен сүргенге.
Ит жерімес арамнан,
Құдай безер харамнан,
Меһірден қатты мал бітіп,
Кетпесе мал қораңнан.
Пайда қылсаң залалсыз,
Өзіңе біткен қараңнан.
«Қой, әй!» десең, «Не?» дер дүр,
Ақыл айтсаң ақымаққа.
Кенеуі жоқ кейбіреулер
Құр зорлайды тақбаққа.
Атаңды сыйла анаңмен,
Мекені іздеп таппаққа.
Ұмытпассың тәубеңді
Түзу салар соқпаққа:
Түзу жолдан қисайсаң,
Жолығарсың күрзіменен тоқпаққа.
Жерге біткен тау пияз
Жегенмен тамақ болар ма?
Шернеуде жазған несіпке
Дария құйсаң толар ма?
Сүмбіле туып күз болмай,
Көкорай шалғын солар ма?
Кәрілік пенен мінезге
Білсеңіз, бағым болар ма?
Сүтке біткен мінезге
Сүйекпен кетпей болар ма?
 Иманнан басқа нәрсені
Құдайдан көп сұрама.
Ерден қайыр кетпесе,
Өлтірмейді есікте.
Өлшеп берген несіпке,
Сөйлес деген мейманға
Сөз қатқанша кешікпе.
Халықпенен қас болып,
Оңбас түске өшікпе.
Ердің құны сот емес,
Қисабын тапқан сабазға,
Төрден орын тимейді,
Патша болса да малы азға,
Мойын бұрып сөз қатпа,
Көңілі қалған аразға.
Езіп жақсаң, кір жұқпас,
Сексен сырлы маңғазға,
Ғашықтық қылсаң жарасар
Сексен сынды хор қызға.
Шынарға біткен мақтадай,
Шырайлы болса алғаның,
Халал сүт емген жолықса,
Болар ма еді арманың?
Ес кірмес ердің астында
Ақ білектен тілеуің,
Білмес жардың ойнымен
Таңның атып қалғанын.*
Жібермейді сұраусыз
Тәңірі алдына барғанын.
Бай бол – малың не керек!
Патша бол – тағың не керек!
Жалғыз-ақ ойла дүниені,
Сапардан жалғыз қалғаның.
Сөзіміз бітті, мен болдым,
Енді шықпас әңгіме.
 Бәйіт айтып, баян қып,
Жанастырдым әрнеге.
Мәселе кітап шығардым
Кейінгі қалған пәндеге.
Бес ауыз сөз айттым деп,
Мақтандың, тілім, сен неге?
Қой, көмейім, тәуба қыл,
Асылық қылма иеге!
Жасың жетті алпысқа,
Жеті ғалам астында,
Даусың кетті алысқа.
Өзіңнен өрнек жайылды
Жақынға, туған, қалысқа.
Юзнасы1 зар көрген
Өзімнен қалсын балаға,
Кетпесе сөзім далаға.
Жоғалтпаса өзімді,
Жоқ қылмаса сөзімді,
Мен риза Аллаға.
Бұл бәйітті шығарған
Біз бейшара ғаріп Шортанбай.
Есте де болар әр топта, –
Мұны білген (қоймас) ойламай.
Бұ бәйітті шығарған
Адамға болғай саламат.
Мұны көріп оқыған,
Молдаға болғай рахмет.
Сөзім қалсын артымда,
Бір күні болар қиямет.
Дұға қылып қол жайғай,
Мұны есіткен әлеумет.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу