24.02.2022
  353


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

«КЕШЕГІ БИІКТІК – БҮГІНГЕ ҚӨЖЕ ҚАТЫҚ БОЛА АЛМАЙДЫ»

(«Алаш айнасы» газетіне берілген сұхбат)


 


1.     Тұңғышбай аға, біз сіздің алғашқы режиссерлік туындыңызға дайындықтарыңыздың үстінен түскен соң, әңгімемізді де осы тұрғыда бастасақ. Халық Түңғышбайды актер ретінде таниды, режиссерлік сіздің өмірлік тәжірибеңізден туды ма, әлде өнеріңіздің жаңа қыры ма?

 



  • Халық мені біраз қырымнан таниды деп білем. Алайда, «Алаш айнасы» әлі жас, ысылмаған басылым болғандықтан, мені онша біле бермейтіндігі бірінші сауалының өзінен байқалып қалды. Мен режиссер ретінде осымен алты қойылым қойған адаммын, және талай ішкі фестивальдарымызда талай рет «қанжығамды қандап», жүлде де байлағанмын, қазымырланып, оның бәрін қаза беріп қайтейін. Бұрынғы бесеуінің бәрі де айналамды аузына қаратты демейін, әйткенмен, қазақ көрерменінің көңілін қылп еткізгені өтірік емес-ті. Оның төртеуі осы Әуезов театрының сахнасында жарық көрген, өздеріңіз айтқандай, «үстінен түскен», әзірше дүниеге келе қоймаған


«Аршын мал аланды» қоспағанда, мен сахналаған үш спектакль күні бүгінге дейін «әкемтеатрдың» сахнасынан түсе қойған жоқ. Ақыры хабарларыңыз жоқ екен, атын атап, түсін түстеп айта кетейін. Олар – кезінде Т.Жүргенов атындағы өнер Академиясындағы шәкірттерімнің күшімен оқу театрының сахнасына шығарған жалпы нобайы оннан асып жығылатын дипломдық спектакльдерді есептемегенде, аты бүкіл әлемге мәшһүр италия классигі Карло Гоццидің


«Турандот ханшайымы», мысалы, 1994 жылдан бері Алматы


 


көрерменінің көзайымы болып келеді, қырғыз драматургі М.Ғапаровтың «Тұзды шөлі» – 1995 жылы, Шахимарденнің


«Томирисі» – 2000 жылы, Қ.Ысқақ пен сол Шахимарденнің


«Қазақтары» – 2006 жылы, Д.Исабековтің «Бонапарттың үйленуі» атты комедиясы – 2005 жылы Орал театрында сахналанған. Енді міне, өзім – өз, екі көзім төрт болып, сәті түсер сағатын сегіз жыл күткен, сөзін де музыкасын да өзі жазған әзірбайжан халқының классигі, Гүзейір Гаджибековтің бүкіл түркі әлеміне ортақ, дүние жүзіне атышулы «Аршын мал аланының» кезегі келді-ау әйтеуір. Мұнда ұлы түркіден тараған ұлыстардың әмбесінің жанына жақын ән де, күй де, би де, әдемі әзіл де жетіп артылады. Бұл шығарманың бірден-бір артықшылығы сол – әлі күнге шырайы кеппеген, шығыстық мәдениеттің шуағы кетпеген түркілік менталитеттің мәуесі мөлдіреген күйі молынан келген. Қазақ сахнагерлері бұл туындыға талай рет ат ізін салған болатын. Әр жылдары Тараз театрында, Семей, Қарағанды т.б. аймақтардың өнер ордаларында қойылған, естияр елге етене таныс туынды ғой. Енді міне, әйгілі


«әкемтеатрдың» да сахнасына сапар шекпек. Сұрағыңыздың келесі тұспалына көшелік. Режиссерлік деген – я хобби, я кәсіп, сіз айтқандай «қыр» да, я болмаса еріккеннің ермегі- дүр де емес, ол – өмірлік Ұстаным, ол – Қадам, ол – өзге Өлшем, ол – сындарлы суреткерлік Сүре! Мен торта танитын, қорқа табынатын режиссура – осы «ауылдан ас қорытып» жүрген қайсыбіреулер сынды, автордың қағазға түсірген уақиғасын сол күйі, тым болмаса «умаждамай» сахнаға көшіре салу, немесе, аңғал актерлерге сөздерін жаттатып қойып сахнадан сыдыртып айтқызып шығу ғана емес, арман- тілегі мен көрген-білген-түйгенін, парасат-пайымы мен уайымын алдындағы ақ қағазға «шағынған» драматургтен кейін, азаматтық жүрек қанымен, суреткерлік жанымен, кісілік тезінен, көкірек көзімен қараңғы сахнаға қайтадан қанмен «жазып» шығу. Және де дәл уақтысында, тура кезі келгенде! «Кезі келгенде» деп мен, сегіз жыл сарылып күтіп сарғайғанымды сөз қылып отырғам жоқ, кезегін емес, тезегін де емес, кезеңін айтамын. Қазақ айтады ғой, «кезінде айтылмаған сөздің атасы өледі» деп, суреткерлік сөзімнің


 


талайы айтылмай қалып, атасы өлген, айтылса да естір құлақ табылмай, шерменде күйлі шемен болған кезім мен кезеңім көп менің, оның қайсыбірін айтайын! Осыдан кейін дөнен көңілдік ермектен туды ма, әлде кемел өмірлік тәжірибеден туды ма, саралай беріңіз. Жалпы, білектің емес, жүректің ісі боп есептелетін өнермен «ойнауға» болмайды ғой, оны еріккеннің ермегі сынды ойыншық ету де күнә. Абай хакім не дейді, «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»..


 


2.   Таңдауыңыз неге «Аршын мал аланға» түсті? Шығарма туралы бір ауыз айта отырсаңыз.

 



  • Біраз себебін жоғарыда қопарып кеттім-ау деймін. Шығарма сонау 1913 жылы жазылып, Отан соғысы жылдарынан соң, осы аттас  кино  да  түсірілген. Кеңес кезінің өнеріндегі ең  үлкен  шығармалық уақиға боп есептеліп, кезінде мемлекеттік сыйлық та алған. Сонан соң, Әуезов театрындағы актерлердей азапкер, әмбебаптар бүгінде аз. Кейінгі  кездері  бір топ жастар қатарымызға қосылып жатыр, солардың дені музыкалық комедия бөлімін тәмамдаған жоғары білімді жас өрендер – әнге де, биге де икемі келген талапты артистер. Солардың «қамау терін» аларлық, яғни ертеден салсаң – кешке, еңістен салсаң – төске оза аларлық, аламан бәйгіге шыдас берерлік шын жүйріктерге жарасар шығарма – осы «Аршын мал алан». Бүгіндері бұқаралық ақпарат құралдарының беттерін басып кеткен «дағдарыс-дағдарыс» деген пәледен елдің есін жиярдай, басқа басалқалы дүниеге, яғни өрелі Өнер әлемінің төңірегіне телміртердей қарекет керек сияқты. Саясаткерлігім ұстап отырғам жоқ, алайда қарызын төлей алмай қарманып, кредитін уайымдап зарланып, күңіреніп жүрген қаймана жұрттың көңілін әсерлі әуенмен, өрнекті өнермен аулап, шегенді шер түбіне емес, әуелеген ән, әспетті әзілмен өрілген ордалы ой түбіне шөгеру ақыл ма деймін. Содан соң, ұжымымыз «Әкемтеатр» дегенге әуейіленіп, ылғи да бір қайғылы хал, тарихи трагедия, пәлсәпалық драма,


 


кейде өз атына сай емес босбелбеу бәдік  дүниелер ғана шертілетін шаңырақ қана емес, төрткүл дүниедегі заманауи театрлар сынды текті, өзекті, кесекті жанр деп есептеліп, ерекшеленіп жүрген мюзиклды да қоя алатын эстетті, синкретті сәйгүлік екенін еске салу да санада бар.


 


3.       Өткен жылы алпыстың асқарына келіп, мерейтойыңызды атап өттіңіз. «Парасат» орденіне ие болыпсыз. Құтты болсын! Қазақта «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» дейді ғой. Біз сізден өміріңізден түйгенді сұрасақ...

 



  • Өзін ақылды санайтын надан көп болғанмен, ақыл тыңдайтын адам азайған заман ғой қазір, мен де қайбір жарытар дейсің... «Тобықтының езіне» сөзі де, өзі де қор болған хакім Абай да сол бір адыра қалатын алпысқа келмей, ана дүниеге аттанып кеткені ақыл болған ба деп те қаласың кейде... «Еліңде ақылды қарт болса, жазылған хаттай емес пе, қажырлы жас болса, ерттеулі аттай емес пе» деп, тілегі терең, арманы арлы, аузы дуалы ақсақалын алқалап, марқаятын қазақ едік, кеңес кезеңінің санаға әбден сіңіп қалған күрмеулі кендірінен бе, әлде кежегесінен кейін тартқан кежір ұрпақтың кезегі келді ме, қайдам, әйтеуір алпысқа келгендерді іске алғысыз етіп аспаннан қарайтын заман болды ғой. Әй, бірақ, бәрі демейін, ақсақалдық түгіл аға бола алмай жүрген шал-шауқандар да шаш-етектен ғой, қазақтың қазына шалының қадірін қара бақыр еткендер де бар. Сондықтан болар, бұл жасқа келгенде ақыл айтудан гөрі, айналаңдағы алаңғасарлар амандасуы былай тұрсын, аттан қашан аударып тастар екен деген сынды тақыл-тұқыл күй кешетін болдық. Алды-артын ойламай арпитын, құқайыңыз түгіл, құдайдан да қорықпай қарпитын ардың-гүрдің апайтөс, Момышұлы көп айтатын шантрапалардың, жас максималистердің күні туғандай. Шала экономист, шарғы культуролог, дүбәрә делдал, дімкәс басшылар мен аран ауыз шенеуніктің


 


шіренген заманы. Елін ойлап, ұйқы-күлкі, мазадан айрылған Елбасының ерік-жігерін құм, талап-тілегін құр ететін жүрек жұтқан жылмаңдар жер үстінен жойылмай, ел үстінен есепті байыған байшыкештердің ұлтына, жұртына деген ессіз махаббаты мен патриот- пәтігі парасаттанбай көңілден күдік, сезімнен күп айықпас. Мені, өнерім – өмірім, парқым – халқым, жұртым – жұлыным деп білетін өнердегі ұлан-ағам деп есептесеңіз – ең бірінші қайғы-мұңым, шер-шеменім, ой-пайымым, тырбаң-түйгенім осы. Білгенге ел мен ұлт қамы – биіктегі саясаткерлер мен министрлердің ғана бас ауруы, жастық көрмес жарғақ құлағы емес, төменде жүрген біздің де балтырымызды сыздатып, жанымызды жейтін жегі. Өткен – өтті, оны жыр ғып айта бергенше, бүгін мен  ертеңді  қам  қылсақ  жөн- ді. Ал, Аллаһ-Тағаланың жеткізген алпысымен және азын-аулақ еңбектерімді, жол-жорамды Мәртебелі Президентім ерекше елеп-ескеріп, кеудеме таққан


«Парасат» орденімен құттықтағандарыңызға рахмет! Екі ортада «ойдан шығып қалған» он жеті жылдан кейін, маған адаспай жеткен марапатқа дән ризамын, шүкір! Бұны да маған көп көріп, қарсы болып, көзге көрінбес кермелі кедергілер жасап бағып, түртіп- телефон шалып, бұтадан бұқпантайлаған Батыраштар да болған көрінеді, қазақпыз ғой, алайда түбі қайыр, Құлагерім сүрінбепті!


 


4.  Сіздің кинода сомдаған хандардың рөлі өзіңіздің тұлғаңызға сай, әрі қарапайым көрермен сізді ханның бейнесінде танитындай. Егер құлдың рөлі ұсынылса, көңіліңізден шығатындай сомдай алар ма едіңіз?

 



  • Жоқ, сіз теліп отырған құлды ойнай алмас едім, ойнамас та едім... Есерлеу кезде,.. бәлкім... Қазір естімін деп екіленбей-ақ қояйын, алайда қанға сіңген құл қасиеттен арылған адаммын. «Шалқайғанға – шалқаям, ол Құдайдың ұлы емес!» Жасы үлкендігін ескеріп жаным ашып, мұсылманшылығым жібермей


 


сыйлап-сыймықтағаным болмаса, сақалдының бәріне бірдей бас ие бермеймін, ол түбіт ешкіге де бітеді! Қадірі аздардың, кішігірім креслосына бола құдайдың қолын ұстаған боп ісінген, қыңырайып кісімсіген сабаздардың, шікәнасы тасып шікірейіп шіренгендердің қолдарына су құймаймын! Сонан  соң,  өтірік  ойнай  да,  ойлай да, айта да алмаймын... «Құл» дегенде қандай құлды айтасыз? Еске сала кетейін, есті құлды – құл деуге болар ма? Мәселен, Шекспирдің «Король Лиріндегі» Шут-сайқымазақ құл ма? Төле бабамыздан қалған текті сөз бар, «Бидің айтқанын құл да айтады, алайда аузының дуасы жоқ» деген. Киімі құлдыкі болғанмен, пайымы бидікі боларлық қаншама қасқалар болған бұл қазақта! «Би болмасаң да, би түсетін үй бол» деген. Кімді ойнайын мейлі, құлды ойнайын, жынды ойнайын



  • би пайымды, хан пошымды ұлды ойнағаным жөн- дүр! Содан соң маған тиесілі рольдердің дені батыр мен бағлан, төре-сұлтандар-ды, құл-құтан, ұлтандар емес! Мұнда да бір гәп бар шығар.. Иранбек ақын жиі айтады, «ит те сүйекті артына қарап жұтады» деп. Реті келгенде айта кетейін, бір-біріне бауыры езілген өр қазақта жалпы құл да, «құл» деген ұғым да болмаған ғой, оны ойнай алмайтынымның бір себебі, ірі себебі осы шығар...


 


5.        Халық сізді «Тамаша» арқылы таныды. Жақында «Тамашаға» да 30 жыл толды. Осы уақытқа дейін «Тамашадан» қаншама театр бөлініп шықты. Өз кезінде халықты күлкіге бөлеп, мән- мағыналы әзілімен көпшіліктің көңлінен шыққан

«Тамашаның» орнын қазіргі театрлардың ішінде қайсысы баса алды?


 



  • Әзірге «Шаншар»! Сіз сөз қып отырған алғашқы


«Тамаша-ның» орнын басу, я болмаса одан асырып бір нәрсе жасау онша оңай жұмыс емес. Одан бөлініп шығып, оңдырып жүргендері де шамалы. Жалпы, эстрада жанрын ерттеп мініп еркелік жасау екінің бірінің


 


қолынан келе бермейтін шаруа екенін қарадүрсіндер, көп   кемталант   біле   бермейді.   Ендігәрі   алғашқы


«Тамашаның», оны дүниеге  келтірген  Тұңғышбай мен Құдайбергеннің орнын басу, оларды ауыстырам, көмескілендірем, ұмыттырам деп есекдәмелену абайлап айтқанда ақмақшылық. Біздер кезінде таза өнер жасағанбыз, енді бүгін оны «кірлетпек» боп кісәпірлену де бекер әурешілік. Рас, бүгінгі «Тамашаның» да, соған


«қыстырылып» дүниеге келген басқаларының да сәні де, мәні де аздау, өйткені ақшаға алакөзденіп пірлі өнердің киесі мен кепиетінен қорықпай, қасиетті сахнада әйелше киініп, көшелі шаруа тумайды. Отыз жылдығының алдында сол шаңырақтың мәдениеті мен әдебіне әсер-септігім тие ме деп бір-екі ай бекер сенделдім, таптаурын боп кеткен тобанаяқтарды тізгіндей алмадым. Тамырлары «жуандап», талтаңдары тереңдеп кеткен екен. Есім барда ертерек кетіп қалғаныма қуандым. Асылы, олардан мен баяғыда кеткем ғой, содан бастап қызығы кете бастаған болатын. Ал, Құдайберген ағаларың сыр беріп сәні көмескілене бастаған


«Тамашаның» соңынан біразға дейін салпақтаған... Әр нәрсе – уақытында ғой, біз бастаған тірлікке жас толқынның, жаңа лептің, өзге өренің қажеті сезіле бастағанын ұғу, оған көндігу де оңай нәрсе емес. Кейін қосылғандар көпке дейін көшін қисайтқан жоқ, дегенмен. «Жігітке – жеті өнер де аз» дейді, содан соң біздің аталарымыз. Тағы да – «Өнерді үйрен де – жирен» деген ақылға бергісіз нақыл сөз бар. Бір нәрсені шиырлап езе бергеннен ештеңе шықпайды, ол отауды аз жылдың ішінде қарапайым телехабардан үш мың адамдық Республика сарайына жеткізіп салып, қимасам да қош айтысқан едім... Құдекеңе де сол жолды таңдауын қалап кеңес бергем, «бір сарындылыққа, қайталау жолына түсіп кетуің мүмкін, ойлан» деп, көнбеді, өз ақылымен іс қылған шығар... «Мені тастап кеттің» дегендей, біраз жыл бұртиып жүрген. Пендеміз ғой, өкпе жоқ. Ал, мен бір ғана


«Тамашаны» төңіректеуді аз санадым да, онысына онша мән бермей, театр мен кинодағы шығармашылдық өмірімді жалғастыра бергем. Ақыры, Абылай хан мен Әбілқайыр хан, Қайырхан мен Құнанбай, Ораз Мерген мен Шонай, Сырым


 


мен Ақан Сері, Эдип патша мен Брут сынды кесек рольдерім дүниеге келді... Театр сахнасына «Турандот ханшайым»,


«Тұзды шөл», «Томирис», «Қазақтар» сияқты сүйекті спектакльдерге режиссерлік еттім. 2001 жылы «Наз», ал, 2008 жылы екі томдық «Сөз» деген атпен үш кітап жазып шығардым, өнертану ғылымынан диссертация қорғадым... Республика Сарайында театр актерлерінің алғашқысы боп


«Өнер адамы» атты жеке эстрадалық ән кешімді өткіздім, жеке альбом шығардым. Талас жоқ, Ермек Серкебаев ерек жаратылған тұлға, олармен өнер жарыстыру өңде де, түсте де жоқ, құдайым сақтасын! Қайрат Байбосыновтың әншілігі де бір басқа, менікі тіпті бөлек, дауысқа ғана сиынып-күшеніп, білекпен емес, сүйекпен, жүрекпен айтам. «Әу» демейтін қазақ кем десек, мен сол артығының тізіміндемін, «ән – ауруым, не тыңдамай, не қосылмай өте алман» деп Ақан сері айтқан-ды, қылымсып, оң жақта отырып қалған қыздай өзгеге ұнау үшін емес, күңіреніп-күйініп өзіме жылау үшін ән айтам, тыңдағысы келмегендерді қинамаймын, концертіме   келмей-ақ   қойсын,   тіпті   теледидарының үнін өшіріп тастасын, көңілім баяғыдай! «Болдым- толдым» деп тоқмейілсіп, кешегі биігімді көже қатық етіп тоңқаңдап, сол баяғы, «байғожаның таяғы» дегендей бір «Тамашада» ғана талтаңдап жүре бергенімде осылардың бірінің де іске аспауы әбден мүмкін еді.


 


6.    Сізді әзіл-сықақ театрларының концертінен көреремен ретін-де жиі көреміз. Бүгінде қазақы қалжыңның сапасы  төмендеп,  әзіл  арзандап кетті деген пікір жиі айтылады. Бұған сіздің көзқарасыңыз?

 



  • Ағамыз деп алқалап шақырып, ақыл-кеңесімді тыңдағысы келетіндері бар. Шақырғаннан қалмауға тырысамын. Сонан соң, солардың көпшілігі менен оқыған, ал оқымағаны маған еліктеп тоқыған төл шәкірттерім. Көрерменнің көзіне күліп отырғаныммен, концерттің соңында жоғарыдағы сіз айтқан пікірді растап, сын айтып, шенеп-мінеп, шәкірттеріме таяқ


 


жегізем. Амал не, көз қылып бірі ұқса – бірі қыңбайды, оны да мөлиген көздерінен көріп тұрам. Көкейкестісі ақша болған соң, несіне босқа арамтер болайын деп араласпауға, үндемеуге де  болар,  менің  қолымнан сол немкеттілік келмей-ақ қойғаны! Айтам, жазам, жаманатты болам! Ұнатпайтындары да бар. Өкпелеп, амандаспай кеткендері де жетерлік. Тіпті кейбір әзілдердің авторлығын иемденіп алды деп сұйық сұхбатында нахақ айыптағандары да болды. Білгені сол болса, «көшке берген тайлағын қайтып алсын!» Кезінде қайсыбір авторларды Алматыға  сүйреп әкеліп, атақ-даңқын мәшһүрлеуге септігім тигені болмаса, атын жамылу былай тұрсын, бірде-бірінің үйінен бір шәугім шай ішкен емеспін, оны айтасыз, сол кездердегі «Тамашаның» кассеттері де жоқ қолымда, керек десеңіз! Оның жөнін – бәрін иемденіп, өз бөксесіне басып, кассетасының сыртына суретім түгіл атымды жазуға арланған, жөнді «шатағы» мен жосықты атағына мәз болып малдану түгіл, әңгіме- дүкеннің бәрінен сырт қалдырып, хабар салмай, тіпті төте топырақты өлім-жітімге де араластырмаған албат қылықты «тарландардан» сұрасын!


 


7.     Театр, кино, сатира – осылардың қайсысы сіздің таби-ғатыңызға жақын?

 



  • Актермін ғой, бәрі де! Табиғат деген тылсымды ұғып болған жоқ адам баласы, ұқпай-ақ қойсын түгелдей! Әйтсе де адам баласының қолынан көп нәрсе келеді! Кезінде Адам Ата (ғ.с.) ұрпақтары Абыл мен Қабыл Жұмақтан Жерге түскен соң, өмір сүру үшін бірі мал бақса, екіншісі егін еккен екен. Өздері өмір нәрін сепкен сол Жер-Ананың үстіне өлім ұрқын себу де солардың қолдарынан келген тірлік! Адам деген – он сегіз мың ғаламды жаратқан Ұлы Суреткер Аллаһ- Тағаланың ең сүйікті құлы, өз қолымен топырақтан жасап шығарып жан, бітірген Ұлы Шығармасы. Сондықтан да Адам баласының өзек-жанында


 


Ұлы Қасиет бар. Бірақ біз сол қасиеттердің парқын білмей, майдаланып барамыз, бір-бірімізді күндейміз, қызғаныш деген  қызыл  итке,  бәтуәсіз  қу  дүниеге құл боламыз, Ібілістің арбауына түсіп, небір сайтан қылыққа бой ұрамыз. Үлкеніміз – үлкендей, кішіміз – кішідей ізет көрсетіп, бір-бірімізге езіліп бір туған бауырдың күйін кешпей, алдын тістеп, артындағысын тебетін  тексіз   тарпаңның   мінезін   танытамыз. Менің атам Жаманқұл пірәдардан естігенім бар-ды,


«Ерегіскен екеудің жасы үлкені ақымақ» деген. Тағы да жиі айтатыны: «кішкентайында торайдан, үлкейгенде шошқа шығады». Адам баласының осындай да, басқалай да болмысы мен төңіректеп, зерттеп жүрген Ұлы Өнердің ұлы мұраттары емес пе? Ал, кино да, театр да, сатира да өнер дейтін бір ауыл ғой, қайсысынан шет қалайын, бәрі де жақын, бәрі де мен жағалайтын жағалау!


 


8.      Шығармашылық адамы кез келген дүниені жанға жақын алып, жүрегі тез жараланады емес пе? Сіз өмірден түңіліп, қатты шаршаған кезіңізде нені жаныңызға жұбаныш етесіз?

 



  • Ондай кезде жұбаныш жоқ! Быт-шыт, тас-талқан болам. Адам боп бұ дүниеге, өнерге келгеніме өкінем, кәдімгі қарапайым қазақтардай, Аллаһ-Тағалаға айғай салам! Жаңғырық болмаған соң, айналамда меңіреу тыныштық орнайды, содан соң сабама түсемін, тәубе қыламын. Болды, «жын тарады, бақсы кетті!» Бала- шағамдыаймалайбастаймын,қалаберсе,қолымакетпен- күрегімді алып, бақшамдағы қияр, қызанақ, құлпынай, қауын-қарбыздарымның түбін қопсытып, шөбін шауып, суғарамын. Қыста қар күреймін.  Сөредегі мені күтіп жатқан кітап-қағаздарымды қопарып, компьютерге үңіліп, жазу-сызудан өшімді алам. Ет пісірім уақыттан соң, Дәрия екеуміз күрең шәйді сораптап отырып, мамыражай күйге енеміз. Дауыл тынады, бұлт ыдырайды, күн жылиды. Қырғыздарша қиқырсақ: «Жашооу керемет!» боп шығады.


 


9.   Қазақ киносы, театры өнері әлемдік дәрежеде танылу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

 



  • Осыны  мен   ғана   ойлауым   керек   пе,   басқа


«ұлылардан» сұрасаңдаршы. Мен айтарымды талай рет айтқанмын, одан шыққан ешқандай мүйіз жоқ. Бір және анық білетінім, олардың төңірегінде Бауыржан Момышұлы айтқандай шалалар мен шантрапалар, ұрылар мен қарылар, ұрдажық держимордалар, гаргантюалар мен пигмейлер, соқырлар, Асқар Сүлейменовше сілтесек, маргиналдар мен фюрерчиктер, білімсіздер мен кеудемсоқтар, Асқар Тоқпановша тоқпақтасақ, қисық аяқ мегежіндер мен қолдан жасалған мифтер, мәңгүдіктер жүрмеу керек! Мен осыларға толық қосыламын! Ең бастысы, өнер өз мемлекетінен жетімдік көрмеу керек, өнерді қолдауда, оған қаражат бөлерде шөміштен қысып, «қылмыс жасайтын» қаржы министрін  орнынан  алып  тастау аз, оны енді қайтып үкімет мүшелігіне жолатпаған, биліктің олимпінен аластатқан ақыл. Олар өз елінің бұлбұлдарын қадірлей алмағандықтан, өзгелердің ұзақ-қарғаларының қарқылын өршітіп алады.


 


10.     Қазақ мәдениетінің, өнерінің болашағынан үміттенесіз бе, жоқ, көңілде күдік көп пе?

 



  • «Үмітсіз – шайтан» деген. Күдіктен гөрі үміт көп.


 


11.     Сіз актер ретінде ғана емес, режиссерлік, әншілік қы-рыңыздан танылып жүрсіз, халық біле бермейтін басқа қандай өнеріңіз бар?

 



  • Бұрын өлең жазғам, аудандық, облыстық газеттердің бетінде біразы жарық та көрген. Қазір, өнертану ғылымымен айналысам, сол ғылымның кандидатымын. Докторлық та қорғасам деген жоспарым бар.


 


12.           Газет-журналдардан, теледидардан сіз туралы айтылған сындарды құлағымыз шалып қалады. «Тұңғышбай сахнада ән айтса да, әзіл айтса да айғайға басады» дейді. Өзіңіз қалай ойлайсыз?

 



  • Бұл сұраққа жауап беріп қойдым-ау деймін. Мен туралы сын айтатындарға пысқырмаймын, өйткені олар тапсырыспен сынайды, я болмаса, көре алмаған көп қырттардың ісі. Қолдарынан ән айту, әзілдей білу, сөз сиқырын ұғыну келсе, оларға біреу қой деп пе? Амалым қайсы, бір-бірін түрткілетіп қойған заманым, қадірімді білмес қарамағым бар, «итпен құда болсаң, боқпенен тойың болады» деп Жаманқұл пірәдар бірдеңе білген соң айтқан да. Ол жайлы ойлап бас қатырып, жүйкемді тоздырып қайтем?


«Бөрі жеген бөксем бар, иттен несін аяйын», – дейтін тағы менің сол Жаманқұл дейтін «жаман» атам. Ит үреді, керуен көшеді...


 


13.     Қандай музыка тыңдайсыз? Қандай кітап оқисыз?

 



  • Шығыс халықтарының дәстүрлі музыкасын, әндерін өте жақсы көремін. Қазағымның батысының да, арқасының да, түстігінің де, тіпті сыр сүлейлері Дүр Омардың, Жиембеттің, Рүстембектің, Көшенейдің мақамдарын жайбарақат тыңдай алмаймын, қолымнан келмеседе,қосылғымкептұрады.Сараймәдениетіқатты сіңген өзбектің әншілерінен Насиба Абдуллаеваны, Шерали Жураевты «жылап» отырып тыңдаймын. Кітаптардан көбіне  тарихи  тақырыптағыларын, қысқа әңгімелерді, новеллаларды ұнатам. Мерзімдік баспасөзде жарық көретін ақындардың өлеңдерін міндетті түрде шолып шығамын. Жақында ғана тараздық ақын Болат Бекжанның ақылды өлеңдерін оқып, әжептәуір ләззат алдым.


 


14.  Бойыңыздағы өзіңізге ең ұнамайтын мінезіңіз?

 



  • Далақпайлық. Адамзаттың бәріне сеніп қалып, аузым күйіп, басыма тиіп жатады, сонда да абайлау деген нәрсені ұмыта берем. Кейін өкінем, амал қанша, пойыз кетіп қалған соң. Аузыма да берік болуды әдет қыла алмай жүрмін, көмейге келген ретті сөз атасын бүгіп қалу, жұтып жіберу жағынан ұяттымын, тұзым жеңілдігінен бе, кейде шындыққа үйірсектігімді малданып, бәлелі «достарым» мен арамы ағаларым, өзінің ішкі қыжылынан туған өсек ойларын, мен айтпасам да «Тұңғышбай солай деп жүр» деп ел ішіне, әсіресе жоғарғы жаққа таратып жібереді. Аузымнан дәл сондай сөздің шықпағанын дәлелдей алмай аң-таң боп, күйіп-пісіп мен қалам.


 


15.          Достық пен махаббат дегенді қалай бағалайсыз?

 



  • Ой, ол Аллаһ Тағаладан келетін қасиет қой. Мен шын достық пен шын махаббатты айтам. Әйтпесе, қазіргі кездері тарысы піскен жердің тауық-достары, есепті күйеу мен төсекті «жарлар» жетіп артылады ғой. Достың үш түрі болады дейтін менің атам Жаманқұл- рахымелі, «тұмсықтан қан шыққанша, қалтадан мал шыққанша, кеудеден жан шыққанша». Ал, өнерден дос табу мүмкін еместердің бірі екен... Осы тұрғыдан келгенде, менің достыққа деген талабым тым биікте, махаббат жайлы пікірім тіпті аспанда!


 


16.    Сіз сырттан қараған адамға өте бақытты боп көрінесіз. Шын мәнінде сіз бақыттысыз ба? Ең бақытты сәтіңізді еске түсіре аласыз ба?

 



  • Аллаһқа шүкір, бақыттымын! Өнер сүйер егемен, тарихы терең елім бар, сахна дейтін төрім бар, атадан мирас қалған кең-байтақ жерім бар, өз елімнен шыққан Елбасым бар! Ақылымды ат теппей, осыларды ұғынған


 


күнім – ең бақытты сәтім. Қалғандары солардың арқасында келген бақыт!


 


17. Сізді балажан адам дейді. Баладан немере тәтті деп жатады. Сіздің балаларыңыз әлі кішкентай. Қайсыларын қатты еркелетесіз?

 



  • Ол – рас. Өзім он бір баланың тұңғышымын, бауырларым да балаларымдай боп кеткен. Өзегімді жарып шыққан өз балаларымды өмірімнен артық жақсы көрем, есімнен тана еркелетем, тентегін де, тектісін де. Ал, немерелерім өз әке-шешесінің қолында, анда-санда қолға тиеді, іштей ғана елжірейсің...


 


18.    Қазіргі кезде тіліміз де, дініміз де, діліміз де бұрмаланып, ұлттық құндылық дегенге не дерімізді білмей қалып жатырмыз ғой. Ұлттығымызды сақтап қала алмау қаупі тұрған жаһандану заманында қазаққа дауа болар дүние бар ма?

 



  • Бар. Төбеңдегі бір Аллаһ Тағаланың ақиқи екендігіне, бәрін де көріп, біліп отырғандығына сену. Үш жүз дегенге үш-төртке бөлінбей, ортақ бір Анадан, Қазақ деген бір Атадан таралғанымызды түйсіну. Бөліну – ауру, бөріге жем болудың ең оңай жолы екенін алдымен аға буын, содан соң солардың дертіне шалдыққан, қолына биліктің, байлықтың бишігі тиген орта буын да ұғынып, өзге өлшемге өту! Абай хакімнен асырып не айтушы едік,


«біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос!»


 


19.    Бүгінде өнер адамдарының көпшілігі намазға жығылып, дінге бет бұруда. Сіз мұсылманшылықты қаншалықты ұстанасыз?

 



  • Иншалла! Әзірге намаз бен оразадан басқасын ұстануға тырысамын. Намазға білімім, оразаға шыдамым жетпей жүр. Шыдам деп тамақтың тыйымын айтпаймын, ауыздан шығып кететін ауыр сөздерді мегзеп отырмын.


 


Жөнсіздік пен жүгенсіздікті, аярлық пен арамдықты, әділеттің аяқ асты болғанын көргенде қарап тұра алмаймын, айтып қаламын, әрі ауыр айтамын. Жауырды жаба тоқысам – өнерпаздығым қайсы?! Өнер – менің өмірімнің қағбасы. Отыз күн оразада өнерге «отпуск» беру қолдан келмей жүр... Әйтпесе, Жаманқұл деген қазына шалдың баласымын ғой, айқайласам да, аузымда Аллаһ, сөз бастауда «біссімілләдан», іс басатарда «ләһәулімнен» жаңылмауға тырысамын, қолым мен пиғылым, ниетім, дәретім таза!


 


20.  Бүгінгі заманға айтар датыңыз бар ма?

 



  • Бар. Қайсыбірін айтайын. Аз айт, көп айт – елдің бірлігін, амандығын, өткені мен болашағын мансұқ етпейтін, есті ұрпағымен көгеріп көктейтін тамырына талай балта шабылған Қазақ деген еркін халықтың тәу етіп отырған Тәуелсіздігін көп көре көрме, Құдайым! Сыртыңды берме, көштен қалдырма, сәулесі салқындап бара жатқан, әйтсе де бізге әукесі оң келіп қарқындап келе жатқан Заманым! Басымызға қондырған бағың баянды болсын, еліме еркіндік әкелген алтын Ғасырым!!


Әңгімелескен


Айнұр Сенбаева




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу