24.02.2022
  549


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

«МӨЛДІР БҰЛАҚ» журналының сұрақтарына жауап

 


 


1.  Тұңғышбай аға! Сіз менің атаммен жасты екенсіз. Бірақ, екеулеріңіздің араңыз жер мен көктей. Сіз ғой жап- жассыз. Қартай-мауыңыздың сырын білуге болар ма екен?

Нұргүл Мұхамедиярова, Батыс Қазақстан облысы.


 



  • Атаң жастайынан ауыр жұмыста болған ғой, шамасы. Өмірден өз орнын табу оңай шаруа емес адамға, біраз қиындықтарды басынан кешкен болар. Жас кезінде менің құрдасым біраз «сілтеді» ме, бәлкім... Сенің папаң да атаңды ертеректе көп ренжітіп алмады ма екен, соны да сұрашы, қызым. Ал менің өмірім тек қызық пен қуаныштан тұрды деп айта алмаймын, біраз   құқайды біз де көрдік. Алайда, соның бәріне   түсіністікпен қарауға талпындым, өзімді-өзім мүжіп, қиналып, қажып, жанымды жегідей жеп жанықпағаным болмаса... «Жынды суға» көп үйір болғам жоқ, темекіні де тастағаныма ширек ғасыр болды. Ең бастысы, өзім ұнатқан шаруамен айналысам, айналама әдемі әзілмен қараймын, өзімді- өзім күтем, уақтысында емделем. Жалпы, тәртіпті өмір сүруге тырысам, бір күнімді босқа жібермей, тірліктің тырбаңында жүруді ұнатам, уақытым өтіп барады, қартайып қалдым-ау дейтін ой менде болмайды. Күтініп, таза киініп, ылғи да күлімдеп жүрген соң, солай көрінетін


 


шығармын, әйтпесе соншама жас көрінбейтінім ақиқат қой, сенің атаң да сақал-мұртын қырып, қатқан костюм киіп, әдемі галстук тағып алса, онша айырмамыз болмайтын шығар...


 


2.     Менің әртіс болғым келеді. Ата-анам «бүгінгі заманда әртіс болып күн көру қиын. Театр – үлкен қалада, спектакль ешкімді қызықтырмайды. Киноға түсу оңай емес, әнші көп» дейді. Сіз маған қандай ақыл айтасыз?

 


Мадина Баймағамбетова, Оңтүстік Қазақстан облысы.


 



  • Қызым, ата-анаң өте дұрыс айтады. Егер «күн көру үшін» артист болам десең, ата-анаңның айтқанын тыңда. Рас, артист болып күн көре алмайсың. Өнер – білектің ісі емес, жүректің ісі. Ақшаны «білекпен» табады, ал жүрекпен... тек мұң арқалайсың. Жалпы, өнер жолы – ауыр жол, соған шыдас бере алатындарға ғана оның құпия кілті ашылады. Қазіргі заманда өнер қоғамның ең соңғы орнында. Өнерді бағалау, таланттыларды қадірлеу – алдағы болашақтың ісі шығар. Театрдың, киноның тасы өрге домаламай тұрғаны да рас, өйткені олардың басы-қасында қолы мен пиғылы таза емес, тек өз қара басының қамын күйттейтіндер көбірек. Өнерпаздардың, яғни актерлердің көбінің көңіл күйі пәс, еңбегі орынды бағаланбаған соң, қоғамына қажетсіздігін сезген соң, таза өнер жасауға құлықтары жоқ, тіпті бала-шағасын қалай асыраудың амалын таппай әлек боп жүргендері мол. Ал, «жолыңды болдырып, тасыңды өрге домалататындай» жоғарғы жақтан тамыр- таныс, әкім-қаралардан дос табу – ілуде бірінің ғана қолынан келеді. Бұл – «заманың түлкі болса – тазы боп шал» деген мақалға орай айтылған наз ғой. Біле білсең, өнерпаздық пен түлкі бұлтаңдық үйлеспейтін ұғымдар. Осылардың біразына көндім деп өзіңді өзің азапкерлікке қисаң – кел өнерге, әйтпесе, басыңды ауыртпай-ақ қой, қарағым...


 


3.      Аға, біздің үйдің үлкендері «Тұңғышбай мен Құдайберген болмаған соң, «Тамашаның» сәні кетті», – дейді. Теледидардан алыстауыңыздың себебі не?

Елдос Тоқтарбаев, Алматы облысы.


 



  • Мен баяғыда кеткем ғой, Құдайберген ағаларың сол сәні кеткен «Тамашаның» соңынан біразға дейін салпақтаған...    Әр    нәрсе    –    уақы-тында,    қарағым...


«Жігітке – жеті өнер де аз» дейді, біздің аталарымыз. Тағы да «Өнерді үйрен де – жирен» деген нақыл сөзі бар. Бір нәрсені шиырлап езе бергеннен ештеңе шықпайды, ол отауды қарапайым телехабардан үш мың адамдық Республика сарайына жеткізіп салып, қимасам да қош айтысқан едім... Құдекеңе де сол жолды таңдауын қалап кеңес бергем, «бір сарындылыққа, қайталау   жолына түсіп кетуің мүмкін, ойлан» деп, көнбеді, өз ақылымен іс қылған шығар... «Мені тастап кеттің» дегендей, біраз жыл бұртиып жүрген. Ал, мен бір ғана «Тамашаны» төңіректеуді аз санадым   да,   онысына   онша   мән бермей, театр мен кинодағы шығармашылдық өмірімді жалғастыра бердім. Ақыры, Абылай хан мен Әбілқайыр хан, Қайырхан мен Құнанбай, Ораз Мерген мен Шонай, Сырым мен Ақан Сері, Эдип патша мен Брут сынды кесек рольдерім дүниеге келді... Театр сахнасында «Томирис»,


«Қазақтар», «Турандот ханшайым»,   «Тұзды   шөл» сияқты сүйекті спектакльдерге режиссерлік еттім, «Өнер адамы» атты жеке эстрадалық ән кешімді өткізіп, альбом шығардым.   Алғашынада   «Наз»,   кейіндері   екі   томдық


«Сөз» деген атпен,   әрқайсысы   21-22   баспа   табақтық үш кітап жаздым, өнертану ғылымынан диссертация қорғадым... «Тамашада» талтаңдап жүре бергенімде осылардың бірінің де іске аспауы әбден мүмкін еді. Теледидардан емес, «Тамашадан» алыстауымның ең негізгі себебі осы, шығармашылдықтың шырқау биігіне талпынудан.


 


4.    Тұңғышбай аға, бұл Сізге жиі қойылатын сұрақ шығар. Балалық шағыңыз жайлы әсерлі етіп айтып беріңізші.

Толғанай Асылханова, Шығыс Қазақстан облысы.


 



  • Иә, өте жиі қойылатын сұрақ, сондықтан да менің


«Наз» деген кітабымды тауып алып оқысаңдар, қомақты жауап алар едіңіздер, амал не оны табу қиын... Ауылда өстім, теміржолдың бойына орналасқан кішігірім, қазыналық үш- төрт үйден тұратын разъезде. Атам мен әжемнің тәрбиесінде болдым, бала-бақша көргем жоқ, әртүрлі алабажақ ойыншықтарым да болған емес, әкем анда-санда ағаштан жасап беретін мылтық, арба, машина сияқты қарабайыр дүниелерді қоспағанда... Үйдегі балалардың үлкені болған соң, көбіне жападан-жалғыз ойнайтынмын. Өткен-кеткен поездарға қол бұлғап, айдалада арман қуып, атамның дастан-жырлары мен әжемнің ертегісін еліте-елжірей тыңдап, тұйықтау, қиялилау болып өскенім рас. Әжем екеуміз енелерінен ажыратып қозы бағатынбыз, ол кезле қазақ қой сауатын, оның айраны керемет қою болушы еді... Теміржол бойымен көше берген соң, он шақты мектептің есігін аштым... Алайда алғашқы, кейінгі ұстаздарым есімде. Жоғарға сыныпқа барғанда әдебиетке құштар болып, біраз кітап кемірдік, өлең де жазған кездерім болған, біразы аудандық, облыстық газеттерге шығып көрген. Айта берсе таусылмайды ғой, балалық шақ деген адам болып қалыптасудың басы, азаматтықтың алғашқы апыл-тапыл баспалдақтары емес пе...


 


5.   Аға, әртіс болу бала кездегі арманыңыз ба? Өзіңіз қандай мамандықты таңдап едіңіз?

Бақытбек Бақытқалиұлы, Ақмола облысы.


 



  • Бала кезде адам арманмен өмір сүреді. Арманның шегі жоқ болатын, бүгін шофер, машинист болсам деп, ал ертеңіне ұшқыш болуды армандайтынбыз. Кейіндері математик, географ, химик, ақын болғымыз кеп те талай


 


жерге барғанбыз... Жақсы көретін ұстазымызға еліктеуші едік, әрі сол кісінің сабағын жақсы оқуға тырысатынбыз... Біздің кезіміздегі ұстаздар парасатты сияқты көрінуші еді, амандасқанда міндетті түрде бас киімімізді шешіп амандасатынбыз. Кейіндері ес кіре бастағанда әдебиетші болғым келді, сосын үнді фильміндегі Радж Капурға


«ғашық» болдық та, киноға түсуді армандадық. Әдебиетке, жыр-дастандарға, ақындарға құмарлық – ақыры, солардың бәрінің басы қосылатын үлкен өнерге алып келді ғой... Өнер жолы ауыр болғанмен, балалық, таза көңілмен, ол ауыл әділетті, таза деп ойладық қой, қайдан білейік... Сөйтсек, өмір деген нәубеттің өз бұралаңдары, өз қулық-сұмдығы, өз заңы бар екен...


 


6.     Тұңғышбай аға, Сіз қазір «Әл-Тарази» атанып жүрсіз. Ата-тегіңізді өзгертудің маңызы неде?

Әлішер Саламат, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы.


 



  • Ресми құжаттарымдағы ата-тегім өзгерген жоқ, тіпті орысша ұғымдағы «Джаманкулов Тунгишбай Кадирович» дегенді де өзгерте алмай қалдық. Қазақы ұғыммен ата- тегімізді қалай жазуды әлі де оңтайластырып болған жоқпыз ғой. Біреулер «тегі», енді бірі «әулеті», қайсыбіріміз «ов, евтен» құтылудың жолы осы екен деп, атасының атын тоқ еткізіп жазып жүр ғой. Ол жалғау-шылауы жоқ қаптаған аттардың қайсысы өзінікі, қайсысы атасыныкі, қайсысы әкесінікі екенін ажыратып алу қиын. Мен, ойлай-ойлай, бағзы заманғы шайыр, жырау, оқымысты болып, бүкіл әлемге шығыстың ұлылығын танытқан бабаларымыздың үрдісімен туған топырағымның атауын әдеби-мәдени бүркеншік етіп, орысшасы литературный псевдонимдікке таңдадым. Мен ежелгі, екі мың жылдан астам тарихы бар, қасиетті Тараз топырағынан жаралғанмын, және оны орынды мақтан етем. Сондықтан да «Тұңғышбай әл- Тарази» аталып жүрмін, мән-маңызы – Тараз топырағынан бастау алған Тұңғышбай болып шығады, онша жаман емес сияқты. Ал, атам Жаманқұлды, әжем Баршагүлді,


 


әкем Қадырды ерекше ардақ тұтам, олар да сол Тараз топырағынан жаралған.


21 қаңтар, 2009 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу