24.02.2022
  349


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

«ЖАҢА ФИЛЬМ» журналына берілген сұхбат

 1.   Сізді бақытты өнер иесі қатарына қосуға болады ма? Жалпы өнер адамының бақыты неде?


 



  • Өнер иелерінің бәрі бақытты, өйткені олар білектің емес, жүректің ісімен айналысады. Ұққанға, өнер – тек жүректің ісі. Ешқашан да, ешкімді де алдамайтын, әйткенмен, өзі көп алданатын жалғыз қорғанышсыз құдірет – жүрек. Бұл өмірде жиі кездесіп жататын түсініспеушіліктер мен ырың- жырың проблемалар мен кикілжіңдер (қажет десеңіз, әртүрлі деңгейдегі соғыстар да) салқын ақылдың салдарынан туады. Әгәрки, ақыл жүректің әміріне бағынып, жиі-жиі қызынып тұрса, адамдар арасында бейбіт ымыра, мамыражай күй орнаған болар ма еді, қайтер еді!? Мені, егер өнер адамы деп есептесеңіз, бақыттылардың ішінен іздеңіз, адаспайтын шығарсыз. Біздер, адамдар арасындағы сол түсініспеушілік пен әртүрлі деңгейдегі келеңсіздіктерді (оған сананың саяздығын да қосыңыз) тақырып етіп, солардың шешімін табу мен себеп-салдарын іздеудің эстетикалық тәсілінің ұстыны арқылы өнер тілімен сахна мен экраннан ақыл емес, уағыз да емес, мұң мен сыр шертеміз. Өнер адамының бақыты қайсыбір саяздар ойлайтындай, атақ, даңқ пен орден, медаль санының көптігінде деу жұмсартып айтқанда білместік. Атақ, даңқ – тек арқадан қағу ғана, бақыт емес. «Бәрекелді, жарайсың» деп анда-санда қолпаштағанға қоқырайып, аспанға ұшып, соны бақыт деп ұғынып, басымыз босқа айналатын болса, онда ол – бейшаралығымыздың дәлелі, санамыздың «семіздігінің» көрінісі. Өнер адамының бақыты сахна мен экраннан сындарлы «сөз сөйлеп», сүйекті рольдері арқылы көрерменнің (халқының деп түсініңіз) көңіліне көркем сезімді көбірек һәм жиірек ұялатуға мүмкіндіктер болғанын сезіну. Екі арада орнаған, көп артистің қолынан келе бермейтін көзге көрінбес көгілдір байланыстардың бақуатты рахатын кешу. Бұл – менің ойым, басқалардың басында не барын қайдан білейін. Өзі атақ пен даңққа белшесінен батып


 


алып, басқаның бас ауруын түсінбеген соң, ақылгөйсиді дейтін міншілердің уәжіне айтарым, мен атақ пен даңқтың соңынан жанығып, жанұшырып жүгірген емеспін, кезінде оған уақытымның жетпегені де дұрыс болған шығар, әйтеуір


«ауырмай-сырқамай» аман қалдым. Менің атақтарым мені (Аллаға шүкір!) өзі іздеп тапты. Осыны анық білем.


 


2.   Сіздің пайымыңызда бүгінгі қоғамдағы театрдың алатын орны қандай?

 



  • Қоғам деп қай қоғамды айтып отырсыз? Өйткені, жалпы, бүгінгі қоғам мен біздің қоғамның арасында әжептәуір айырма бар. Жалғыз театр ғана емес, өнер атаулының орны сол қоғамның өркениеттілігінің дәрежесі мен көрінісіне тура пропорционалды. Қазақ десең – өзіңе тиеді, «театрға, не киноға барып, демалып қайтайықшы» дейтін, өнерді моншамен, теңіз, курортпен тең санайтын бауырларыма не деп өкпе айтайын. «Құрысын, көрерменнің көңілі қалып қалады, келмей қояды» деп театрдың билетінің құнын 300- 500 теңгеден асыра алмай, ақылы дәретханаға кіретін бағамен барабар болған қоғамда оның қандай орны болушы еді? Атыс-шабыс, кісі өлтіру мен эротикаға көмілген киноларға төлейтін ақшасын санамайтын сайтан өнердің құлдарына бәрібір, Ібілістің арбауына түскен міскіндерді құтқара алмаспыз, сірә. Мен, өзімізден де көп кінә бар, шалалар мен ұрылар жасайтын «қырт-мырт» кино мен олақтар қойған салақ спектакльдерді сөз қылмаймын, таза өнердің тағдырын тілге тиек етіп отырмын. Әлбетте, мәдениеті биік, ұлт ұяты мен тағдыр-талайына берік өркениетті елдерде өнер мемлекеттік идеология орнында, қадірлі де құрметті. Егер Ұлы Өнер әлгі айтқандай ермек үшін, демалу үшін ғана бағаланып, өз қоғамына қажетсіз болса, неге осыдан 2500 жыл бұрынғы құдайлар мекен еткен Грекиядан бастау алған ұлы мәртебелі театр, күні бүгінге дейін өлмей келеді? Өнер деген – қоғамның жүрек қағысы. Қоғам жүрексіз болған сайын мұз құрсанып суына береді. Ал, Сіз болсаңыз оның қоғамдағы орнын айтасыз. Ұққанға, ең алғашқы өнерпаз – Алла-Тағала! Он сегіз мың ғаламды жаратып, топырақтан


 


Адамды (Ғ.С.) мүсіндеп, оған жан бітіру – өнерпаздықтың ең биік шыңы емес пе!? Пенделер әлі күнге ол биіктікке жете алмай келеді, астағифиралла, жетем деп күпір болмай-ақ қойсын! Бағзы замандағы Бабыл мұнарасының тағдырынан хабардармыз ғой!


 


3. Қазіргі ұлттық кино өнерінде режиссерлеріміз кәсіби емес актерлермен жұмыс істейді. Бұл бүгінгі актерлердің осалдығы немесе штампталғандығынан емес пе?

 



  • Кәсіби емес актерлермен жұмыс істеуге «құмар» режиссерлер кәсіби актерлерден қорқыққандықтан. Өзінің әлсіздігін жасырғысы келген түрі. Кәсіби актер режиссермен тең суреткер, олардың осыны мойындауға батылдығы мен


«жігіттігі» жетпейді. Сіз айтқандай осал, штампталғандар да жоқ емес шығар, алайда режиссердің мықтылығы соларды ажырата білуде ғой. Көшеден таңдаған актрисасына көңілі толмай өкініп, шынтағын шайнап жүргендердің көбін білемін. Тағы бір қитұрқы себебі, пысық продюссер мен қолы суық режиссер үшін кино түсіруге бөлінген ақшаны ұрлауға кәсіби еместер ыңғайлы, олар бергеніне риза. Ал, қағазда қанша жазылғанын кім біліп жатыр, кәнігі тексерушіңнің өзінің де көзі сүрініп кетеді. Жеке киностудиялардың көптеп ашылып жатқанының көп себебінің бірі осы.


 


4.    Соңғы уақытта өнер әлемінде сіздің көңіліңізге қандай құбы-лыстар қатты әсер қалдырды?

 



  • Журналистің, экономистің, ұятсыздың, дінсіздің, білімсіздің режиссер болып кино түсіргендері! Сынық сүйем сыншылық сипаты жоқтардың жыртық сөздері тыңдалып, «дәурені» жүргені! Олақ режиссердің салақ спектаклінің киелі сахнада «сайран» салуы! Театр атты ұлы орданың ойпаңға орнығып, төңірегіңнің соған көндігіп, түк болмағандай тоқмейілсуі! Осыларды көруге, шара қолдануға тиісті шенеуніктің көзіндегі былшықты шелдің шегендісі! Иә, бұл нағыз «Құбылыс!» Қыңырайып, қисаймай сөйлесем, өнер туындыларынан болып жатқан жаңалықтар бар шығар, бірақ өз көзіммен көрмеген соң, әзірге үнім шықпайды.


 


5.   Бүгінгі қазақ кино өнерінде қандай жетістіктерді бағалауға болады?

 



  • Әлем таныған кинорежиссер Ардақ Әмірқұловтың


«Қош, Гүл-сары» фильмін соңғы жылдарғы жетістік деуге әбден болады. Аузы аран, ділі дүмбіл директорға тізесін бүкпейтін тарпаңдығы мен тектілігінен он жылдай ол


«ортадан» жырақ жүріп қалған жігіт болатын. Басқалары да балақтарын түріп, «табандарын тіліп» талай кино түсірді ғой, кейбірі тіпті ұялмай-қызармай Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылған болатын, бірді-екілі ұятсыздар сөре-мәреге сүре-мүре сүйрелесе де әйтеуір, абырой болып өтпеді. Кейінгі жылдары түсірілген қайсыбір фильм-сымақтарды естияр достарым «көрмей-ақ қойғаның дұрыс болар, бекерге


«ауырып» қаларсың» деп кеңес берген болатын, тыңдадым. Сол Ардақтың бір топ шәкірттері үйірімен шұрқырап, білектерін сыбанып кинорежиссураға келіпті деп те естідім, бұл да жақсы нышан.


 


6.    Әр кезеңнің өз жұлдыздары бар. Кинода, мейлі театрда болсын, нақ бүгінгі күні идеал боларлықтай актерлер бар ма, жоқ болса, неге?

 



  • Қайдан білейін, қарағым, театр мен киноңыздың қадірі кетіп, кепиеті азған кезеңде қандай жұлдыз жарқырай қойсын? Өнер өз киесінен ажырап, құтынан айрылған соң, жүнін жұлған тауықтай қыт-қыттағанға кім мойнын бұрар дейсің? Жолдан қосылған «жолбике актерлер» өздерін- өздері жұлдыз санағанмен, олардың жарқырағандарын көре алмаған басқалардың да, менің де көзім соқыр шығар. Өнердің өзі идеал болмай тұрғанда, бұл сұрағың итшілеп жүрген актерлер жайына жауаптауға әл-әзір ертелеу боп тұр- ау.


 


7.    Режиссер А.Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі» фильмінде Қайырхан, «Қан мен терде» Тәңірберген (реж. Ә.Мәмбетов пен В.Мастюгин), «Сардарда»

 


(Б.Қалымбетов) Шонайды сомдадыңыз. Осы рольдерде ұқсастық бар ма? Қандай заңдылықтарға сүйенесіз?


 



  • Ұқсастығы сол – бәрі де менің жүрегіммен жасалып, сол рольдерге деген менің есепсіз, көзсіз махаббатыммен, тәр мен тағлымы батпан менің тәжірибеммен, азын-аулақ жиған-терген менің ақыл-парасатыммен өмірге келген. Мен білетін маңызы бөлек бір-ақ заңдылық бар, ол – қай рольді де оған деген ғаламат ғашықтықпен, ес-түссіз сүйіп жасау керек, аз төледі-ау деп «күйіп» жасамай! Ақшасы аз болса да сол рольді орындайтын актердің ақылы аз болмауға керек, тақымы «баз» болмауға керек, басы «таз» болмауға керек, кешкен «балшығы» саз болмауға керек! Отыздан аса киноға түстім, бірде-біреуінен оңым мен солымдағы жыртығыма жамау боларлық оңды қаламақы алған емеспін, әйтеуір актер жазғанға төлеуге жетпей жататын қарғыс атқыр қаражат. Қайсыбір кездері актерлерден гөрі сейф аңдыған «вахтерлер», вертолеттер мен «ветродуйлер», иттер мен жылқыларға әлдеқайда көп жалақы төленетін жалқаяқ замандарды да бастан кештік. Алайда, тағдырыма ризамын! Тәңірбергенге, Ораз-Мергенге, Қайырханға, Әбілқайырға, Абылай ханға, Құнанбайға, Шонайға да ризамын! Олар мені азаматтыққа баулыды, шыншылдыққа тәрбиеледі, саңлақ суреткерлікке сүйреді, шығармашылдық биікке көтерді! Дүйім жұртымның ду қол шапалағына көмді, егемен елімнің ерек ықыласына бөледі!


 


8. «Мен бір күн болса да, әрекетсіз өмір сүргенді қылмыс деп санаймын», – дейді Н.Островский, өнерде бүгінгі күнге дейін түйгеніңіз...

 



  • Өнерде түйгендерім мен өмірде «күйгендерімнің» бәрі де өз меншігім... Екеуінің ара жігі алыс емес. Кеше ғана алпысты «аударып» тастадық. Артыма қарайласам, азды- көпті тындырғандарымыз бар екен, тәуба! Сыйландық, сыймықтандық. Отызда орда бұзыппыз, қырықта қыр асыппыз! Елуімізде еңселі, еселі еңбегіміздің арқасында ел есінен орын да алыппыз, Аллаға шүкір! Осы уақытқа дейін


 


театр мен кинода кесекті рольдеріммен бірге, соңымыздан кезекті шәкірт ертіппіз, кермелі кедергілерге де төтеп беріппіз. Актерлердің алғашқысы болып, кандидаттық диссертация қорғап, Республика Сарайында жеке концерт өткізіппіз. 2001 жылғы «Наз», биылғы жылы жарық көрген екі томдық


«Сөз» атты үш кітаптың авторы боппыз. Түйгендерім мен


«күйгендерім» сонда түзілген, қажет еткендер тауып алып оқыр. «Құрыш қалай шынықтыға» жете қоймаса да, алайда Тұңғыш қалай «тұншыққанынан» хабардар етуге жарап қалар деген есек дәмем бар.


 


9. Отбасыңыз туралы әңгімелесеңіз...

 



  • Ой, менің өз басым мен отбасым жайлы жұрт өзімнен артық біледі. Өсек терген журналист ағайындарыма керекті күйіп тұрған өзгерістер мен шалт қимыл, шалыс қадам, бұрылыс-бұлтақтар жоқ.  Сол баяғы – әкемін, жармын, ағамын, көкемін, атамын. Алпыстан асып кеткендерге інімін.


Сұхбатты жүргізген: Гүлзат Мамытова, Т.Жүргенов атындағы


Өнер академиясының студенті.


2 желтоқсан, 2008 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу