Өлеңдер ✍️

  14.02.2022
  205


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ҮРІМЖІНІҢ «ЧЫҢХУА» КІТАПХАНАСЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ


С. Найманқазыға
Баспалардан шартарапқа тараған,
Кітаптарды алайын деп қалаған.
Кіріп келдім...
Сөрелерде тізіліп,
Жылы ұшырап Либай, Люшин1 қараған.
«Нихаума»2 деп қала жаздап аңырдым,
Минуттары жылжи берді дамылдың.
Төрін ала Абай,
Мұхтар, Ғабең тұр,
Қасын керіп таңындай боп мамырдың.
Сəбит,
Шыңғыс, Сафуандар,
Сəкендер ...
Таңырқасып шақырғандай:
«Əкем, кел!»
Қол созымнан қуанғандай көз тартты,
Шəміс Құмар, Омарғазы, Шəкендер3
.
Кітапхана іші толған жыр екен,
Көрінбеді Қадырлар мен Тұмекең.
Ұшырғандай қара саздан қаздарын,
Оң жағымда Мұқағали4 тұр екен.

 Бірден барып еш кітапқа бөгелмей,
Қолыма алдым.
Қойдым көзді көгендей...
Ақын ағам əдетінше баяғы,
Асқақ қарап:
«Кел, əй-бала!» дегендей.
Бір ініңдей тағдырыңды ұғамын,
Құтты болсын жырмен тұрған тұрағың.
Алматыдан шектелгенмен
бір күні,
Өзің тұрған сөрелерде тұрамын.
* * *
Күш беріп,
Қанаттарым талғанда Сен,
Көріндің мына жарық жалғанда əсем.
Аяулы ата-анамның зираты бар,
Армысың,
Балалығым қалған, мекен!
Армысың,
Балалығым қалған, мекен!
Ыстықсың мына жарық жалғанда Сен!
Өзіңнің ақ жаңбырың ғана басар,
Өртеніп сағыныштан жанғанда мен.
Жүргендей бұлбұлыңда əнім ұшып,
Жүрегім бұлқынады,
қаным ысып.
Өмірде сен де ыстық,
мен де ыстық
Көріну қандай жақсы сағынысып.
Бір кезде өз қолыңмен еккен гүлің,
Шоқтанған шуағымен көктеміңнің.
Шаштары ағарғанға
жатырқама,
Шалдығып,
Шаршауменен жеткен ұлың.
 Қуанам құшағыңда баладайын,
Құшайын гүлдеріңді арадайын.
Сағым боп алыстап ем,
қайран мекен,
Самал боп кең төсіңді аралайын.
Емілім лебі желі беліндегі,
Ақсуым ақ шуақтай төріндегі.
Алдымнан асқар таудай ағаларым,
Əкемнің көздеріндей көрінеді.
Сарайым ашылады алғанда дем,
Теңгелер еш теңеу жоқ, жалғанда – Сен.
Жан анам құсап менің құшақ ашып,
Жатасың,
Туған Жер боп барғанда Мен.
«Əуп!» дейтін қолтығымнан қол да керек,
Азапсыз жүретұғын жол да керек.
Аралап емін-еркін өтейінші,
Алдына ақын ұлдың болма бөгет.
Орай бұлт тұрған шыңнан түлеп едім,
Жетуге қазір оған тіленемін.
Орнына қолдарымның қанат бітір,
Орайлы сапарда осы тілегенім.
Көліңді мекендейтін қазың болып,
Көңілді көтеретін сазың болып.
Келермін əлі талай сайран салып,
Кетпесем бір күндері жазым болып.




1
Либай, Люшин қытай халқының классик ақындары.


2 Нихаума қытай тілінде «сəлеметсіз бе» деген сөз.


3 Шəміс Құмар, Омарғазы, Шəкендер Шыңжаң қазақтарының белді ақын,
жазушылары.


1 Автор Мұқағалидың «Қаздар қайтып барады» деген жинағын меңзеп отыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу