Өлеңдер ✍️

  14.02.2022
  118


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

БАЛТЫҚ ТЕҢІЗІ

Көріп тұрмын көзіммен
Көңіліммен сезінгем.
Төңкерілген аспанның
Қақпағындай сезінем.
Қаптап шыққан жағалай,
Қалың орман қарағай.
Жағажайға орнаған
Курорттарың қаладай.
Табыласың сырдан да,
Табыласың жырдан да.
Дəрігердің қажеті аз,
Сенің ауаң тұрғанда.
«Балтық, Балтық, Балтық!» деп,
Айдыныңа қалқыт деп.
Айлы түнде ұйқтамай,
Əн шырқадық шалқып кеп.
Көріп тұрып көзіммен
Жеткізем жыр-сезіммен.
Мынау алып аспаның,
Жалғасындай сезінем.
* * *
Жағасында Балтықтың,
Жағалап жай келем мен.
Толқындарда балқып күн
Жанғандығын көрдім мен.
Келбетіне Балтықтың,
Кереметтей таңғалдым.
 Кемесіндей малтықтым,
Көп ойларды аңғардым.
Самал да жоқ есілген,
Сайын дала белдерден.
Көз ұшында көсілген,
Көк торғындай тербелген.
Толқындары майталман,
Таңдайланған алабы.
Егін көгі жайқалған,
Елестеттім даламды.
Рақаты аулымдай,
Лебі қандай аңқыған.
Альбатрос бауырындай
Ақша бұлттар қалқыған.
Көңілімде тасыған
Көзімді алмай о бастан.
Башпайымның басынан
Басталғандай көк аспан.
* * *
Қағаз қанат шағала
Қалықтап ұшқан көп тегі.
Қағылып жатыр жағада
Теңіздің текеметтері.
Жағады жайлап көңілге от,
Жасалып жырдың тиегі.
Беріле соққан қоңыр леп
Бетімді келіп сүйеді.
Самсаған толқын өрілген,
Самалға майда таранды.
Құмырсқа ізі көрінген
Құм сүйіп жатыр табанды.
Табиғатта ғой бар қылық
Байырқап тұрсаң ақырын.
 Шағала қанат шарбы бұлт
Шарлап бір келе жатырсың.
Шарлай бер...
Шарла тау барып,
Шарпы боп жұмсақ шыңды өрле.
Əлемнің көңілін аударып,
Не жетсін еркін жүргенге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу