Өлеңдер ✍️

  14.02.2022
  151


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

МАҢҒЫСТАУ

Ассалаумағалейкүм!
Бекет Ата!
Даңқың кең далама жетеді Ата!
Ішінен алпыс екі əулиенің,
Пір болып
Биіктікке кетеді Ата!
Өзіңді ұлықтаған асыл елміз,
Ұлтым да рухтанған,
Бас иеміз.
Керемет Маңғыстаудан Пір тұтқанда,
Кең дала керіледі ашып өріс.
Түсініп құдіретті ұққандаймын,
Тұтасып терге толып сүт маңдайым.
Бейнеңді күнтізбеден көргенімде,
Алатау биігіне шыққандаймын.
Ассалаумағалейкүм күйдің елі,
Қонақтан босамайтын үйдің төрі.
Домбыра үкілеген күмбірлесе,
Ежелгі Ескерткіштер би билейді.
Маң дала!
Түрікпенмен айқайласқан,
Жамылып Адайларым шаңқай аспан.
Мендекеш, Əбіш пенен Фаризалар,
Мекені кəдуілгі тəй-тəй басқан...
Сарынды Ескерткіштер сөздерінде ой,
Сан ғасыр өтсе дағы өзгерілмей.
Мəңгілік маңдайына біткен ырыс,
Маңғыстау көне тарих көздеріндей.
 Өзіңе бір баруды Арман етем,
Қараумен жалынышпен жалғанға əсем.
Шаштары ақ балықтың бауырындай,
Хамиттың балалығы қалған мекен.
Өңің – Күн, жүрегің – мұң, күйік жеген,
Қонысын құрметтеп сүйіп келген.
Нарына кəтептеген жүгін артып,
Намазын қаза қылмай биіктеген.
Өнерге жастарының құмарын-ай!
Биіктеп жүреді тау ұларындай.
Ілінген əр шаңырақ төріне кеп,
Домбыра қазақы үйдің тұмарындай.
Күй болып маң даладан самал ескен,
Тыңдаған адамдардың жамалы өскен.
Құмарлы түсінігі жоқ адамның,
Құлағы керең болып, жанары өшкен.
Ғажап қой қазақ деген ел тілегі,
Жусаны домбыра боп шертіледі.
Адайдың сол далаға төккен тері,
Абылдың шежірелі шер жүрегі.
Көп көрген жерін қорғап сырттан елім!
(Бұл удан бабаларым ұрттап едің).
Үстінде мол мұнайдың кешіп жүріп,
Үйлерін баялышпен жылтқан елім…
Сапарда айтылатын тамыздағы,
Сар далам таусылмайды аңыздары.
Сақтаған алтын ұлды құрсағына,
Сабырлы Анадайсың аңыздағы.
Өртенген сексеуілдей жағылам кеп,
Өкінем айырылғандай бағымнан көк.
Бір кезде бабаларым асыраған
Тазы иті Үстіртте жүр қабылан боп.
Мөп-мөлдір таңғы шықтай терлеп денем,
Ақ бұлттай тауларына өрлетті өлең.
 Көрмеген аққу ұшып иен далаңда,
Көлбеген мұнаралар өрнектелген.
Маң Дала!
Маңғыстауда қызық арман!
(Əлі бар таусылмаған тұзы бар жан).
Үкілеп көк найзасын жауға шапқан,
Үстіртте батырлардың ізі қалған.
Маңғыстау əн елісің, жыр елісің,
Тербеген тебіреніссің жүрегімнің.
Ақтардың генералын аттан жығып,
Алысқан түрікпенен Түбек үшін…
Желі – күй, Маңғыстаудың, батпағы – май,
Торғын боп топырағының жатқанын-ай!
Арттырып абыройын Атыраудың
Пір болып Бекет Ата!
Сақта, Құдай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу