Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  115


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ƏКЕ ТУРАЛЫ ЖЫРЛАР - ЕКІНШІ ЖЫР

Біреу айтты:
– Əкең сенің жаман, – деп.
Қыстаяңда қарамаған маған деп.
Біреу айтты: – Əкең сенің жақсы, – деп, –
Қарайласқан тартқанымда қасірет.
Қайсысы қате,
Қайсы дұрыс білмеймін.
Ерте айрылдым.
Күнсіз өскен гүлдеймін.
Мақтағанға мақтау сөзді жаудыртып,
Даттағанда
Қалай ғана күндейін.
Ержеткен соң мəн-жайына бұл істің,
Кəдімгідей қанығуға кірістім.
Туған анам əлдеқашан көз жұмған,
Топырағын қоян жон ғып қыр үстін.
Ойладым да: «Несін оның жасқанам!
Бітіруім керек істі бастаған».
Бір кездегі
Бардым өгей анама,
Əкем өзі бір ұлымен тастаған.
 Ат жақтылау, сұлу жүзді жан екен,
Лебізінен естілетін əн əсем.
Өгей деген аты ғана болмаса,
Кездескендей болдым туған анаммен.
Байырқалай қарасынан көзінің,
Бал мейірімнің күншуағын сезіндім.
Баппен айтқан əр сөзінен аңғардым,
Иесі екен ақыл менен сезімнің.
– Жас кездегі көңілі көктем,
жазы күн,
Арманымның көзі екенін
таныдым, –
Деді тағы.
Маңдайымнан иіскеп,
Жанарына үйірілді тағы мұң.
Сырғып түсті,
Бір тамшы жас сынаптай.
Білді ойымды.
Ешкімге де сұратпай.
Көзін сүртіп кимешектің ұшымен,
Деді: – Тағдыр кімді қойған жылатпай.
Ауық-ауық көзін тастап маған жай,
Егіледі «ішіп» алған адамдай:
– Сенің əкең тастап кеткеннен бастап,
Көп сандалдым .
Жалғыз ұлды баға алмай.
Домбыраны шерткеніме таңданып,
Қарай қалды.
Сөз сөйлеуге қамданып.
– Серілігі сенде қапты.
Кейде əйел
Жақсыны ұқпай кетеді екен сандалып.
Жүрдім-жүрдім,
Өзіме де сол керек.
Ол шикіөкпе
Болды талай қол бөгет.
 Шайқақтадым Шəкеңді мен түсінбей,
Шақпақ тастай жолығатын жолға кеп.
Өз қатемді кейінірек түсіндім,
Ешкімге айтпай.
Қатты егілдім, қысылдым.
«Мезгілінен кеш сермедім қолымды».
Бəрі қиғаш болды істеген ісімнің.
Қабақ түймей адамдарға келімсек,
Қажет болса атын түсіп беруші ед.
Ер дейтұғын бір сөзінде тұрған-ды.
Екі сөзділерден мүлдем жеруші ет.
Жылт еткізбей бойындағы жылы отын,
Тартысқанға
Табаны аумай жүретін.
Сұстанғанға қаңтардайын суық боп,
Сыйласқанға ұсынатын жүрегін.
Қайғырғанға қуаныш боп баратын,
Қатігезге қара тас боп қалатын.
Сағынғанға сағыныштың сазы боп,
Асыққанға тілейтін құс қанатын.
Əкең сенің еді жанған қырда от,
Ақ сақасы алшы түскен мырза ед.
Ержеткен соң білуге əке қадірін,
Келгеніңе
Қалдым балам ырза боп.
Əлі ұғасың
Əке сырын сатылап,
(Əке жайлы кітаптарды сатып ап).
Жақсы əкені баласына
қалайша,
Жамандайды.
Болмаса егер ақымақ.
Даттағанның қолдарында өлемін, –
Деп шығарды
дауысынан бөлек үн.
 Алғаннан соң əкем жайлы түсінік,
Сұрамадым ажырасқан себебін.
Жақсылықты жария ету адамдық,
Жаратқан соң бізді құдай Адам ғып.
Жақсы əкені баласына жамандау,
Жарық мынау дүниедегі надандық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу