06.02.2022
  141


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

ШОШҚА ӨЛГЕН ҚАЛАЙ АТАЛАДЫ

Күз. Сұрықсыз күн сәулесі жер бетіндегі тіршілікке болмашы жылу беріп, ауаның зері сынған шақ. Кемпір-шал тоқал тамдардың күншуағына шыққан. Күнделікті күйкі тірлікке кіріскен кез.



  • Кетті, кетті!

  • Алдынан шық, абайла!

  • Еһ, жамандатқыр, - деп он шақты адам ауылдың шетіндегі қырқадан сатырлата шауып, асып кетті. Күнесте отырғандардың аузы ашылып, аң-таң. Бұлардың көзіне ештеңе түспеді. О, не о, не – деп аңтарылып қала берді. Көрмегендері көргендерінен айқайласып сұрасады. Айқай шықса арқасы қозатын ауыл бозбаласы еліріп, тайлы-таяғына жайдақ міне шапты.


Нарбай сазы құжынаған аттылы адам. Сойып, шоқпар ұстаған аптал азаматтар. Далақтап босқа шапқандардың екпіні басылып қалған.


«Төрткүлтөбенің» түстікке қараған бетіндегі тік жардың алдын елдің қарулы деген жігіттері қоршап тұр.


 


Қарасораның қалың қарағашына араласа біткен алма қи болып төгіліп, жерді киіз болып басып қалған. Ел ортасындағы табиғи жемісті қалай сезгені белгісіз, түнде бір үйір жабайы шошқа келіп жайылып, таңға жуық тауға қарай желе жортып, тартып отырады.


Тоғайға жақын отырған үйдің малдары түнге қарай дегбірсізденіп, пысқырынып, жат иісті сезініп үркіп мазасызданғанына біраз болған.


Еркінсіген, ауыл иттерінің үргеніне бойы үйрене бастаған шошқа, жайлы орнынан кеткісі келмей, мегежіндерімен жатып қалды.


Бастау көзінен алыстап барып, сызаттап қашқан су көп жылдық қара шіріндіні бөктіріп, сасық қара батпаққа айналдырған. Қара ала қабанға бұл орын аса ұнаған еді. Орын құтаймады. Аттылы адам қиқулап қуып шықты.


Жалғыз айқай көп айқайға ұласып, шошқалардың зәре-құты қалмай тауға бет түзеді. Қабан артында үйірін қорғап келеді.


Ат суаруға келген Есбол жатқан шошқаларды қуып, қабанды үйірінен бөлгенде, әр үйдің аттылы азаматтары да атқа қонып, тұс-тұстан «қайдалап» келіп, топ құрап, қосылып жатты.


Ауыл адамдарын елеңдетіп, шауып өткен азаматтар жарау атпен қақпайлап қуып, жүріп, қара ала қабанды «Төрткүлдің» жарына қамады.


Қабан жарға артын тығып, бар жарағын алдына ұстап, екі бүйірі солқылдап, келсең кел деген пейіл танытады. Майға біткен денесі доп-домалақ болып, нығызданып, үрлеген местей көрінеді. Атан өгізді жарып кетер алыптың өзі. Азу тістері екі ұртынан қарыс шығып, ақ болаттай күнге шағылысады. Жұртты сескендіріп тұрған да осы қос қанжар.


Сайрамсу өзені саздағы қаптап тұрған адамдар мен доңыздың арасын бөліп тұр. Судың арғы шеті жар. Су толқыны жарға жетер-жетпес барып қайтып, қара ала қабанның аяғының ұшын сулап тұр. Ара қашықтық 50-60 қадам. Аңтарылған адамдар не істерін білмей дал күйде.



  • Саятшы Байетте мылтық бар, торына қаршыға түскен екен, бір әлді кісі құнан өгіз беріпті. Сол егізге ұңғысы алты сайлы мылтық сатып алыпты. Соған хабарлаңдар, - деді топ ішінен біреу. Хабаршы бала келгенде көйлек, дамбалшаң


 


отырған Байет шыдамсыздықпен жарғақ қысқа тонын кие салып, атына мінді. Шитісін асынып, баланы міңгестіріп, атына қамшы басты.



  • Байет келді, Байет келді, шошқаны атады, - деген дауыстар қарсы алды.


Жұрт ысырылып, жалпақ саздың жазығына қарай ойыса берді.


Аттан қарғып түсіп, оқшантайының қақпағын ашып, өлшеуішпен шитінің аузына дәрі құйды, артынан дөңгелек ажал оғын сүмбімен айдап, сүмбіні ұясына салды. Шақпақ шағып, пілтені тұтатты. Оңтайлы жерді таңдап, шитінің қос аяғын жазып, жерге тірей қадады.


Тау тағысы адам қимылынан көз алар емес. Ашу шақырып, жарап тұр. Шабайын десе көп аттылының айбыны асып, амалсыз алдындағы, су шетіндегі адамға қарайды.


Қос өкпенің жүрекпен астасқан тұсына қарауыл ілінді-ау дегенде, екінші басына пілте қыстырылған темір ілгекті тартты. Ұшы қызыл шоқталған пілте шиті құлағындағы тесіктен көрінген дәріге тиіп, «пыс» деп түтін шығарып, мылтық аузынан жалын құсып барып атылды.


Көк түтін қару үстін жауып кетті. Қабанның қыр арқасынан жалап өтіп, босқа кеткен оқжардың шаңын «бұрқ» еткізді.


Басын көтеріп алған мерген суды қақа жарып, қара ала албастының өзіне келе жатқанын көрді. Мылтығын алуға шамасы келмей, орнынан тұра қашты. Ақ сұрыптан кең етіп пішілген дамбалды жел кеулеп, тырсылдап барады. Қабан барған сайын ара қашықтықты ұтып, қусырып келеді.


Жұрт не істерін білмей, абдырап қалды. Ашулы хайуан қуып жетіп, жел кернеген дамбалдың артқы үшкүлінен сол жақ азуын салып өткенде, адам айналып барып, қабанның арқасына қарғып мінді. Жұрт шу ете түсті. Қос құлақтан сығымдап ұстап, екі аяқты қос қолтыққа тығып жіберіп, оңдалып алды. Атан өгіздей қара қабан үстіндегі адамды алғашқыда елең қылмай, өзен бойымен тауға қарай алды да қашты. Байет үстінен түсер емес. Тілініп кеткен дамбалдан     оң             жамбасы   жалтырап барады.                    Қиылған          матаның     бос          ұшы жалпылдап, артында бұралаң ойнайды. Алдына шошқа мінген адам салып алған жұрт бірінен-бірі озып, амал, қайрат көрсеткісі келеді. Бірақ айқасқан тіс


 


аттылардың мысын басып, келесіге жол беріп тайқып шетке шыға береді. Әрқайсысының адам тағдырын шешуге шын берілгені байқалады. Амал айла табылмай келеді.


Екі шақырым шапқан шошқа оң қапталдағы қалың бұталы, терең сайға кіріп, болдырып, тұрып қалды. Бірге келгені бар, кейіндеп келгені бар, аттылы топтың біреуі шошқаға қайрат қыла алмады. Шоқпар сілтеуге Байетке жазым болама деп қорқады. Сілтеген жеріңе тисе мақұл ал адамға тисе не болмақ?


Ел ақсақалы Бишымырдың Досалы ауылынан қайтқан беті еді. Тор жорғаны тайпалтып келе жатып, сайға кіріп жатқан көп адамды көріп қайырылды.


Үлкен кісіге қоршап тұрған топтың шеті сөгіліп, жол аша берді. Сұмдықты көрген қария атынан аударылып түсті. Қынынан сабына алтыннан зер салған, жүзінің саласы кере қарыс болаттан жасалған «Құжант» пышағын суырып алып:



  • Өлтіремісің ер-азаматты өңшең бәтшағар, – деп барып қос өкпенің тұсынан жауырынының артынан сұғып-сұғып алды. Қабан бар денесін жиырып, ытқырыла шапшып барып, Байеттің оң аяғын баса құлады. Шошқа денесіндегі қос тесіктен шапшыған қан Байеттің басынан асып судай төгіліп жатты. Аяқ киім мен жарғақ тон қызыл қанға боялды. Қарулы қол қашан доңыздың жаны шыққанша құлақтан айырылмады. Көп уақытқа дейін шошқа денесі дірілдеп жатты, аяғын әзер суырып, Байет орнынан тұрды.

  • Байет сен де көрінбей жүрген ер екенсің! Саятшы деп жүрсем, батырлығыңды кердім. Таста анау былғанған киіміңді, арам ғой бұл – доңыз! Бекер тиіскенсіңдер, жазым қылатын жауыз, мақұлық – осы! Өзің тиіспесең, адамға зияны жоқ.

  • Мә, мына мауыты шапанымды сыйладым саған. Киіп ал да мінгес артыма, - деп шапанын беріп, атына қонды. Бар киімін шешіп тастап, жалаңаш етіне шапан киіп, саятшы қарияның атына мінгесті.

  • Пышағын қынына салмай, қамшылар қолына жалаң ұстаған қару жүзінен қанның табы байқалады. Сайдан шығып, езенге жақындаған соң, терең иірімге қарай атының басын бұрды.


 



  • Ең терең жері осы болар,- деп шамалап, пышағын атып жіберді де, қолын атының жалына сүртті. Қымбат мүлік азамат үшін қын түбінен шығып, мәңгі бақису түбінде қалды.


Байет: – Ақсақал, мен-ақ жуып алатын едім, - деп ойлағанымен, батып айта алмайды.


Сол күннен бастап Сайрамсу арнасының бір саласы, тік бетті, қалық жынысты, жайылымға қолайсыз аты жоқ сай – «шошқа өлген» деп аталды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу