Өлеңдер ✍️

  06.02.2022
  170


Автор: Саян ЕСЖАН

* * *

Сырғып жатыр мезгілмен сынап –
Уақыт,
Сезім мен Төзім
жолын жырақтатып...
Жүрегімде бар еді
бір-ақ ару,
Жүрегімде бар еді
бір-ақ бақыт...
Басқамен таптың ба екен
өмір жолын,
Жайладың ба
өзгенің сенім көгін?!
Ұштың екен қай жаққа
Бақ құсым-ау,
Жазған-ай,
кеше ғана қолымда едің?!
 
...Ой – солғын.
Көңіл – сынық...
Бүгін тағы,
Аулада Жел өксігі –
ымырт әні.
Ымырт әні –
жанымның мұңлы ырғағы,
Кеудемде әлденені құбылтады.
Бағым ба едің, жоқ,
әлде сорым ба едің?
Жазмыштың
тілін ұғар тегінде кім?
...Кімді іздеп жүреді екен
жас жанарың,
Кімді атап шақырады еріндерің?!
Сырғып жатыр мезгілмен сынап –
Уақыт,
Сезім мен Төзім
жолын жырақтатып...
Жүрегімде бар еді бір-ақ ару –
Қолын бұлғап кеткендей бірақ,
бақыт...
 
Өгей өмір көзімен өшігіп тым,
Сыздатады жанымды...
Есірік – Түн...
Жақында жүргеніңді сезсем-дағы,
Алыста қалды-ау сірә, көші үміттің?
... Шамасы, кешігіппін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу