Өлеңдер ✍️

  06.02.2022
  107


Автор: Саян ЕСЖАН

***

Біз жақта Күз...
Үнсіздік әуені − өктем,
Кеңістікте
билеп жүр әуелеп дем...
Сен Көктем боп келер деп сеніп едім,
Қане, Көктем?!
Біз жақта Күз...
Аспан – сұр, дала – сары,
Мезгіл табы –
анау гүл қауашағы.
...Аласұрып
жанымда желіккен Жел,
Қара сұры көшемен адасады.
...Тырналардың
үнімен тыраулаған,
Бір іңкәрлік
санама қылаулаған.
Жүректегі
айықпас дерттей бүгін,
Мына түн тұмаураған...
 
Әрнеге бір жалтақтап
алаң көңіл,
Сен жайлы жыр оқиды
далам небір...
Дәл өзіңдей
алдымда шашын жайып,
Дәл қазір таранды Өмір...
Бәлкім,
біздің Тағдырдың өрімі осы,
Бәлкім,
біздің сезімнің соңы да осы...
Ақылынан
дәл мендей адасыпты, әй,
Сұр Күздің қоңыр есі...
Біз жақта Күз және Мен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу