Эсселер ✍️

  19.01.2022
  216


«Туған жерге туыңды тік» дегенді қалай түсіндірер едің?

Әркімнің туып-өскен жері бар, біреулер оны мақтан етеді, ал екіншілері оны өз  сағынышына айналдырған. Біз қалада тұрамыз. Мен осы қалада дүниеге келдім. Алматымды өзге жермен салыстыра алмаймын. Алайда ата-анам туған жерлерін менің қаламнан да артық көреді. Мына тақырыпқа солар ойланғаны дұрыс болар? Олар туған жеріне ту тіге алмайды, жырақта жүр ғой.  «Туған жер – адамның жүрек түкпірінен орын алатын қасиетті ұғым. Кіндік кескен жерің – аяулы анаң, оған деген құрмет ерекше болу керек. Анасынан алшақ кеткен бала не істейді? Сағынады, аялы алақанын аңсайды, оралуға талпынады. Оның өзіне сіңірген еңбегін бағалайды, перзенттік парызын сезінеді. Перзенттік борышын өтеу – әр адамның туған жеріне тіккен туы» деп анам туған жер туралы ой толғайды.


 


Анамнан артық айта алмаспын. Алайда мен онымен келіссем, оны талдап, дәлелімді айтуым керек қой. Сонымен, туған жер – аяулы ана, бал балалықтың куәгері. Екінші шындық – туған жердің аялы алақанында әкем мен анамның құрбы-құрдастарынан басқа «перзенттері», яғни түрлі жәндік пен жануар, өсімдіктердің де алаңсыз өмір сүруі. Анамның әр көктемде ауылға барған кезде көктем гүлдерін, дала аңдарын суретке түсіріп алып, анда-санда неге ұзақ қарайтын енді түсіндім. Әкемнің есік алдына «Табиғат мүйісін» жасау идеясы мен құмды алаңқайды кесіртке, тасбақа мүсіндерімен, ал анамның шөл далаға тән кептірілген шөптерден жасалған икебанамен толықтыру себебі де түсінікті болды. Туған жерге деген сағыныш осы шығар.


 


Сезім бар, ал туған жерге туын тігуге ұмтылғандары, перзенттік борыштарын өтегені қайда? Менің ойымдағы сұрақты оқып қойғандай, әкем мені жұмыс бөлмесіне шақырды. Үстел үстінде «Қара шаңырақ» деген қолжазба жатыр, атқарылған жұмыстар тізімі мен түрлі суреттер топтастырылған. Көптен бері анам екеуінің мұрағатқа барып, түрлі құжаттармен жұмыс жасап жүргенін білетін едім. «Жақында біздің ауылдың құрылғанына 100 жыл болады. Соған оның құрылған кезінен бастап барлық құжаттарды көтеріп, кітап жазып жатырмын. Бұл – үлкен тарих. Ал осындай кішкентай ауылдың тарихынан біздің ауданның тарихы толықса, онда сол еңбектің Қазақстан деген алып мұхитқа қосылатын тамшы екенін түсінесің бе? Міне, осылай анаң екеуміз туған жеріміздің туын тіктеуге үлес қосып жатырмыз» деді байыппен.


 


Мен анам мен әкемнің туған жерлеріне тіккен жүрек жалауын көрдім. Мақтандым, осыдан ой түйдім. Туған жерге ту тігу дегеніміз – біріншіден, туған жеріңді жүрекпен сүю; екіншіден, оның көркеюіне еңбегіңмен үлес қосу. Туған жерге тігілген ту – адам жүрегіндегі армандар бастауы, биік мақсаттар мен жоспарлар, атқарылған азаматтық істер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу