Өлеңдер ✍️

  14.01.2022
  215


НҰРДАУЛЕТ ӨМІРБЕКОВ

Мазасыз күй

Беймаза солқылдап ми, бұрқырап бас,
Шырқыраған отқа да шырпы жақтас.
Шыжғытып бара жатыр тар шеңберді,
Шыққа тұнып тұр міне шылқып-ақ тас.
Шекеден шер толқыны қазір ұшты,
Бір түйір бас болса да назы күшті.
Маңғазданып тұр ме екен көтере алмай,
Маңдайыма жазылған жазымышты...
Басымның қолыма ұстап сақинасын,
Еске алып көрсем бе екен уақиғасын.
Әттең, бірақ өткен күн бір қайрылмай,
Аттанып бара жатыр бақиға сұм.
Қара түнек басқанда көз алдыңды,
Қара аспан да көрінбес тозаң құрлы.
Қозғатып көңілдегі мұң мен шерді,
Боздатып жүректегі бозаң жырды.
Тұмсығы тиген сынды тоты құстың,
Титықтатып барады шоқып үш күн.
Орайдың орта тұсы өртке оранды,
Орайы болды ме екен өкініштің.
Қайқы қылыш тигендей қайнап, тасып,
Қайрат қашып барады, қайрат қашып,
Жарты әлемнің естілер жаңғырығы,
Қалғандай бәз біреумен ғайбаттасып.
Шөлмегін шер көңілдің шайқап үрген,
Қайран басым – қайғыңды байқадым, мен,
Осыншалық мазасыз күйге енердей,
Жүрегіме жалғандың қай тамырмен?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу