Өлеңдер ✍️

  14.01.2022
  183


Автор: ЕРДЕН НҰРАХМЕТ

Жастық шақ!

Көкейімнен шарықтасын асқақ үн,
Қалай өтпек, кіммен өтпек жас шағым.
Сезім – ұлы, арман – асқақ, ой – дауыл,
Осы шақта өтер бір сәт қас қағым.
Рухым – бекем, ал жігерім тым берік,
Керегем – кең, терезем – тең ірге нық.
Ерік бермей асау тағдыр еркіне,
Жастығымның жалыны оны тұр жеңіп.
Желік қуып, сауық құрып үлгеріп,
Әрбір күнім өзгешелеу түрленіп.
Жастық шақ ол – асау сезім, бір қызға,
Үнсіздікте кеткен сәтім гүл беріп.
Жастық шағым зымыраған уақытым,
Жастық шағым жарқыраған жақұтым.
Жастық шағым кемел күннің қайнары,
Жастық шағым тәңір берген бақытым.
Баста мені жарқын жаққа аш құшақ,
Сөнбе мәңгі жалындаған отты шақ.
Қамал бұзар қайратым бар бойымда,
Құлпыр әркез, қартайма сен жастық шақ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу