Өлеңдер ✍️

  04.01.2022
  129


Автор: ЗЫЛИХА ЖАҢАБАЙ

Көктем әкел...

Көктем әкел, сен маған,
Көптеп әкел!
Болмасыншы бірақ та текке кетер.
Жан сарайда жұлдызды жақсаң өзің,
Жыр құстары алдыдан көптеп өтер.
Әкелші гүл,
Әкелші, жаныма сыр.
Содан соң іңкәрліктің жанына ысыр.
Әшекейле жүректі әсем үнмен,
Боп кетпесін ол жақта тағы тасыр.
Жаныма арай,
Болсаңшы жүр нұрға балай,
Сен келсең құлпырады мендік шырай.
Алайда, алтыным сол, болмайыншы,
Көрерменнен айырылған сахнадай.
Дүниеде,
Жақындаса түн иегі.
Кеңейер көркемдіктің көкжиегі.
Үмітпен жылу күткен құлағыма,
Сыбырлап бір кетсеңші сөз киелі.
Жақсы күнді,
Етші әкеп, жақсы үлгі.
Арнап жүре берейін ақ жырымды.
Түймедақтан тақ моншақ шашыма әкеп,
Бір жадырап қалайын нақ сол күні.
Көктем әкел, сен маған,
Көптеп әкел!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу