16.12.2021
  316


Автор: Қабдеш Жұмаділов

ШАМЫРҚАНСА ШАРТ СЫНАТЫН ТЕКТІЛЕР

Естелік-эссе


Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын, Шамырқансам, шатынап сынар болатпын.



 
Махамбет


Сіз, тегінде, өмір сүру деген оп-оңай деп ойлай- сыз ба? Бұған біркелкі жауап табу қиын. Өйткені біреуге өмір сүру – жеп-жеңіл, ал екінші біреуге


өте ауыр, тым қиынға түседі. Тұтас өмірді қойып, жәй күнделікті тіршіліктің өзін әркім әртүрлі қабылдамай ма. Бұл жағы Жаратушы құдырет сізге қандай жүрек, қандай жүйке сыйлағанына байланысты. Бір білгіштер адамдарды хрустал нервілі, мыс нервілі, қыш нервілі, киіз нервілі деп бөледі екен. Некен-саяқ болат нервілі жандар да ұшырасатын көрінеді. Өмірдің біреуге ауыр, екінші біреуге жеңіл болатыны содан деседі.


Әрине, хрустал нервілі дегеніміз – аса жоғары сезім- талдықты білдіреді. Ондай адам дүниенің барша ауырт- палығын жүрекпен сезініп, бәрін өзіне қабылдайды. Осылайша, намыспен тұтанып, іштей өртеніп жүріп, ақырында «іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» дегеннің кебін киіп, бір күні күйіп-жанып тау- сылады. Бұл топқа ең алдымен ақындар кіреді, әрине. Ақындар үшін мына өмірдің әрбір айына, әрбір жы- лына төтеп берудің өзі – бір ақырет. «Мен ертерек бас- тадым, бітем ерте, менің ақылым өз ісін жасар келте» дейді Лермонтов. Ал Мұқағали «Бұл өмірге отыз бес жыл шыдадым, енді қанша тұрамын» дейді өзінің ұзақ жасайтынына күмән келтіріп. Ақынның сол айтқа- ны келді, ол тағы он жылға зорға шыдастық берді де, небәрі қырық бес жасында ана дүниеге аттанып кетті.


Басқа халықтарды кім білсін, осы 44-45 деген жас – біздің қазақ ақындары үшін қатерлі кезең. Осы жасқа


 


келгенде біздің ақындар бірден ажал жастығына бас қояды. Өзі өлмесе, отаршыл өкімет оқ атып көмекте- седі (Мағжан, Сәкен, Ілияс). Сонымен, кейінгі ақын- дарға да осы меже жол болып қалды: Қасым, Мұқаға- ли, Жұмекен, Кеңшілік, Жұматай... бәрі де сол қырық бестің төңірегінде дүние салды. Ал бірен-саран ұзақ жасаған ақындар болса, олар – жаңағы «қылкөпірден» не мансапқа сүйеніп, не басқа бір қосымша кәсіппен айналысып, елеусіз өтіп кеткендер.


Біз бұл тізімге киіз нервілі, құл саналы жандарды әдейі қоспай отырмыз. Өйткені олар тым көп қой біздің елде. Ұлтымыздың ұлтанды бөлігін солар құрайды. Қа- зақтың бодандыққа түскеніне екі ғасырдан асты десек, бұл шамамен жеті ұрпақты өз ішіне алады. Демек, біз- дегі құл саналы көпшілік жеті атасынан бері құл деген сөз. Біздің қатарымыздан жарамсақ сарай ақындары- ның көп шығатыны, халқымыздың намысқа шаппай, жетекке жүрмей, көткеншектеп жатып алатыны содан.


Қорлыққа көнбей, ешкімге кіріптар болып бас имей, шамырқана шарт сынған ақындардың бірегейі – Қасым Аманжолов. Менің Қасымға жаным ашиды. Тоба, мұн- дай да әділетсіздік болады екен! Ол анадан жастай жетім қалып, өгей шешенің қысымына шыдамай (көрдіңіз бе, шамырқану Қасымға бала кезінен дарыған), үйінен қа- шып шығып, балалар үйінде тәрбиеленген адам. Соны әрдайым еске алып:


Өмірден үміт жоқ өзге Даланың тердім тезегін. Әке боп таптың сол кезде,


Советтік менің өз елім, – деп, Совет өкіметі үшін өзегін жұлып бере жаздайтыны содан. Сол Советтік отанын жаудан қорғау үшін төрт жыл бойы толарсақ- тан қан кешіп соғысты ғой. Сызды окопта екі өкпесінен бірдей суық тиіп, майданнан жарымжан болып орал- ды... Сол жауынгер ақынға «Советтік отаны» не жақ- сылық жасады? Алматыдағы шіренген шенеуніктер бас сұғатын баспана бермей қор қылды ғой. Бір жыл емес, екі жыл да емес, табандаған жеті жыл бойы. Ал, 1952- жылы қалалық үкімет оған үй бергенде, бұған дейін


 


әркімнің босағасында жүрген ақынның денсаулығы әб- ден құлдырап, өлім халіне жақындап қалған-ды.


Соғысқа бармай-ақ, еш бейнет көрмей-ақ, жәйлі де, сәнді үйлерде тұратындарды ақын көрмей-білмей жүрді дейсің бе? Білгенде қандай! Бірде 9-мамыр, жеңіс мей- рамы кезінде, жұртпен бірге шеру тартып, көшеде келе жатқан жазушылар әлдебір салтанатты қоражайдың қа- сына келіп тоқтапты.



  • Мынау – кімнің үйі? – десіп әркімдер таңданып қа- лады.

  • Бұл – Горком хатшысы Түсіпбековтің үйі! – дейді білетіндер. Сонда ызалы Қасым бөгелместен:


Түсіпбеков жолдастың үйіне біз, Сыртынан қараймыз да сүйінеміз.


Бір күн түсіп қалғанша хатшы болмай,


Неге ақын болдық деп күйінеміз! – деген екен... Қазір қайда сол Түсіпбеков? Кім ол? Қазір оның кім екенін адам да, сайтан да білмейді. Ал солар кезінде билік басында отырып, Қасымдардың тағдырын шешті ғой. Амалы құрыған Қасым өмір бойы баспанасын жырлап өтті.


«Маскарадтың» шығарып масқарасын, Алматыда жортып жүр ерке Қасым. Мазасын ап Қаратай Құрманычтың,


Жыр етіп жүр өзінің баспанасын, – дейді тағы бір- де. «Ерке Қасым» дегені – өзіне дем беріп көтермеле- гені. Әйтпесе, Қасымға қайдағы еркелік? «Маскарад» деп отырғаны – өзі аударған Лермонтовтың поэмасы. Ал, «Қаратай Құрманыч» – үй бөлетін жердегі дөкей- лердің бірі болса керек. Алла-ай, түкке тұрмайтын бі- реулер қазақтың ұлы ақынын баспанасыз қалдырып, қалай қорлаған десеңізші! Ақыры, сондай қайырымсыз жандардан әбден түңілгенде, ақын өзін-өзі былай деп жұбатыпты:


Берсең бер, бермесең қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын астанамды. Өлеңнің отын жағып жылытамын, Өзімді, әйелімді, жас баламды!


Сөйтпегенде қайтсын, қайран ақын өзіне-өзі жігер беріп, қайрағаны шығар. Қорлық пен мазаққа жығыла


 


кетпей қасарысқаны. Бірақ жалғыз үй ғана ма – Қа- сымның басындағы тауқымет? Әлеуметтік теңсіздік, жағадан алған жоқшылық, ішіп-жемнің тапшылығы... Ақын соның бәрін сезінбеді дейсің бе? Оны сезінбесе,


«үстімнен қара пальтом қойды-ау түспей, көк бөрік, көк жағаның заманында» деп, назалы өлең жазар ма еді?! Мұндай қорлықты көрген нәзік жанды, хрустал нервілі Қасымдар шарт сынбағанда қайтеді?


Мен 1956-жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға оқуға келгенімде, әттең шіркін, көрсем-ау деп армандаған екі жазушым бар еді. Оның бірі – Мұх- тар Әуезов те, екіншісі – Қасым Аманжолов болатын. Бір арманым орындалды: Мұхаңды көрдім, универси- тетте алдында отырып, дәріс тыңдадым. Өзімен жеке таныс болдым. Орысшаға әлі тісіміз батпай тұрғанда, әлем әдебиетінің нәрін Әуезовтен алдым. Ананың омы- рау сүтінде нәрестеге қажетті хоректік заттың бәрі бо- латыны сияқты, Әуезов шығармаларында да бізге қа- жетті нәрдің бәрі бар еді. Өйткені, Мұхаң әлем әдебиеті мен мәдениетінің бар асылын бойына сіңірген адам ғой. Сол бұлақтан біз де қанып ішкендей болдық.


Амал не, Қасым Аманжоловты көре алмай, сан соғып қалдым. Ол кісі біз келерден бір жыл бұрын қайтыс боп кетіпті. Бір тәуірі, сол жылы Қасым шығармаларының үш томдығы шығып жатыр екен. Енді соған шөліркей бас қойдық.


Ол жылдары әлі ақталмаған Мағжанның, Сәкеннің, Ілиястың шығармалары біздің қолымызға түсе қойма- ған кез. Солардың жоқтығын білдірмей, Абаймен екі арадағы бос орынды толтырып, қазақ поэзиясын жаңа бір белеске көтерген – сөз жоқ, Қасым Аманжолов еді.


«Қазақтың аласа аспанын, түндіктей түріп бір таста- дым» деп, оны ақынның өзі де айтып кеткен.


Иә, қазақтың қара өлеңі ол кезде ешкімге таң емес- ті. Бәріміз де өлең ұйқастыра алатынбыз. Бізге керегі



  • тың теңеу, тың образ, бұрын ешкім айтпаған ой-пікір, соны сезім, бір сөзбен айтқанда, жаңаша ойлау жүйесі болатын. Ең ғажабы, Қасымда осының бәрі бар еді. Өлеңінің әр жолы – тұтас картина. Санаңда мөрдей басылып қалады. «Үстімде сұр шинелім, ақсаңдай ба-


 


сып келемін» дейді Қасым. Көз алдыңа әлдеқайда шеру тартып бара жатқан әскер елестейді. Сұр шинелді сол саптың бір жерінде аяғының жарасы әлі толық жазыл- маған ақын да кетіп бара жатқандай. Немесе, «солдат- тың етігіндей жаным сірі» дейді ақын. Бұл да – бұрын ешкім айтпаған сөз. Дүниеде солдаттың етігіндей тепкі көретін не бар екен? Адам бойындағы ерлік те, қайсар- лық та, төзімділік те – сол бір ғана теңеуге сиып тұр- ғандай. Ал, Маяковский туралы өлеңінде «ескі дүние есігін теуіп ашып, кіріп келді ол жүзінен жалын ша- шып» деген жолдар бар. Көз алдыңда өршіл ақын бей- несі бірден жарқ ете қалады. Ал, Низами туралы қалай айтқан дейсіз ғой? «Қауырсынын қалам етіп ақ қаздың, дүниені алдыңа алып хат жаздың» депті ақын. Сонау орта ғасырда өткен поэзия алыбы жайында бұдан артық не айтуға болады?


Қасым не туралы жазса да, әр сөзі тұрған жерінде бір аунап түсіп, жақұттай жарқырап шыға келеді. Басқа қа- зақ ақындары коммунистер туралы ұқсатып жаза алған жоқ. Ал Қасым «бойында бұрқыраған жалын күш бар, құрыштай шынықтырған жиналыстар» дегенде, сол сәт сен де коммунист болғың келеді. Ал мынау – әйеліне арнаған өлеңі:


Ашуыма ащы етіп, Жібере көрме бұрыш сап. Құрысып қалған көңлімді


Үтіктеп берші дұрыстап...


Отбасы тірлігінен туған осы шумақта қандай наз, қандай жарасымды еркелік бар?!


Қай заманда болмасын еңбексіз-толғақсыз құрметке бөленіп, ұпайларын түгендеп, «екі алып биге шығып» жүретін ақындар аз болмаған. Ондайлар Қасым кезін- де де болған, қазір де баршылық. Оларды жұрт «Сарай ақындары» деп атайды. Мансап та – соларда, жақсы тұрмыс та – соларда. Кезінде Қасымдай талантқа есеп- теңдік бермеген де – солар. Олардың шама-шарқын ұлы ақын да жақсы білген. «Осы күнде шығып жүр, Қасым деген бір ақын, сол болады түбінде енелеріңді ұратын» деп әзілге сүйеп, ескерту де жасаған.


Жазбаймын үгітілген балшық өлең,


 


Көңілде көл жасаман тамшыменен Серінің сертке таққан семсеріндей,


Өлеңнің өткірін бір алшы менен! – деген жолдарды Қасым өзінің дарынсыз замандастарына ерегесіп жаз- ған. Бұл – әрі ақынның өзіне қойған сертті талабы, әрі нағыз өлеңнің қандай болатынын оқырманға нұсқап көрсеткені. «Аламын ауыр ойдан ауыр сөзді, мақта емес, ми болған соң басымдағым» деген жолдар да сол тұста қаптап кеткен мағынасыз, жеңіл-желпі жырларға қарсылықтан туған.


Ал, сол замандағы қазақ поэзиясының деңгейі қандай еді? Жасырып керегі не, бірен-саран талантты ақындар болмаса, көпшілігі күнделікті үгіт-насихаттан аспайтын қарабайыр дүниелер болатын. Отан қорғау тақырыбы- на жазылған «О, пашист, сонша неге кісінедің, әкеңді танытады Д.Снегин» сияқты жолдар, «Автоматым қо- лымда, партбилетім төбемде, «Отан үшін» дедім де, қо- йып кеттім тереңге» сияқты шумақтар ол жылдары көп- теп басылып жататын. Ал, ауыл тұрмысын жырлағаны


«Қой шетінде Құрманбай, концерт беріп тұрғандай» рәуішті болып келетін... Міне, осындай дарынсыз, жан- сыз, жасанды «жырлардан» әбден мезі болып, таза ауа



  • кислород жетпей тұншығып тұрған қауымға шындық пен көркемдік нәрін тамызып, құтқарып қалған – Қа- сым Аманжолов поэзиясы еді. Амал не, дәл осы тұста ауыру меңдеткен ұлы ақынның өзін құтқаратын ешкім болмады.


«Ел болса ер туғызбай тұра алмайды» дегенді бұрын- ғылар тегін айтқан ба? Мен әлі де Қасымды жоқтап, оның орнын толтыра алмай күңіреніп жүргенімде, тағ- дыр маған көкжиектен енді ғана көтеріліп келе жатқан тағы бір ұлы ақынды жолықтырды. 1956-жылдың қыр- күйегі. Мен Қытайдан таяуда ғана келіп, университетте оқып жатқан кезім болатын. Қазір ойласам, сол бір жыл



  • бәріміз үшін де бақытты жыл болған екен. Қазақстан алғаш рет миллиард пұт астық алған жыл. Сібірде ай- дауда жүрген азаматтардың, сол қатарда Мәскеуде бой тасалап жүрген Мұхтар Әуезовтың елге оралған жылы. Қайда барсаң, көтеріңкі көңіл күй, ашық-жарқын мінез, көңілді күлкі... Ал осының бәріне Алматыны алыстан


 


аңсап келген менің көзіммен қарағанда, айнала-төңі- ректің одан ары құлпырып сала беретіні айтпаса да түсінікті.


Ол жылдары университеттің бас корпусы (яғни рек- тор отыратын ғимарат) сол кездегі комсомол көшесі мен ұйғыр көшесінің (қазіргі Төле би мен Байтұрсынов көшесі) қиылысында болатын. Ол кезде қазіргі «Каз- ГУград» жоқ, университеттің оқу үйлері қаланың әр жерінде шашырай қоныстанған. Ал, филологтар мен математиктер жаңағы бас корпуста оқушы еді.


Бір күні осы күнгі қазақтың белгілі ақыны Оразақын Асқар екеуіміз түс ауа сабақтан шығып, енді Виног- радов көшесіндегі (қазіргі Қарасай батыр көшесі) жа- тақханаға бұрыла бергеніміз сол еді, Оразақын әлдебір жігітпен шұрқыраса кетті. Сыңайы, бірін-бірі көптен білетін адамдар. Үй іші, ауыл-аймақтың амандығын сұ- расып жатыр. Содан бір уақытта Оразақын әлгі жігітті маған таныстырып:



  • Менің Нарынқолдық ауылдасым. Қазір қазақ ра- диосында диктор болып істейді. Мұқағали Мақатаев деген ақын осы! – деп аз бөгелді де, кезек маған кел- генде. –Бұл да – Шыңжаңда көп өлеңдері жарияланған талантты ақын. Жиырма күннің алдында ғана қытайдан келді. Университетте бірге оқимыз! – деді.


Жас кезіміздегі зерде (памить) дегенің керемет еді ғой. Жаңа «Мұқағали Мақатаев» дегенді естігенде, өткен жылы «Жұлдыз» журналынан басылған «Хат» және «Біздің ауылдың іңірі» деген екі өлеңі жадыма сарт ете қалды. Мен сол арада Мұқағалидың қолын ала беріп, «Хат» деген өлеңнің екі шумағын жатқа айтып жібердім.


Сағынышым – тек өзіңсің бір ғана, Ұшып жетті қарлығаш та, тырна да. Саралақаз жұмыртқалап үлгірді, Кеше екеуіміз асыр салған жылғада.


 


Ең алғашқы нөсер де өтті себелеп, Әлдеқашан гүлге қонды көбелек.


Бақыт, байлық бәрі де бар ауылда,


 


Әттең, Сәулем, өзің жоқсың, не керек! – деп тоқта- ғанымда, Мұқағали мені бассалып құшақтай алды.



  • Бауырым-ау, келгеніңе әлі ай толмай жатып, мына өлеңді қашан жаттап алып жүрсің? – деген таң-тамаша болып.

  • Өткен жылы «Жұлдыз» жұрналынан оқығам, – дедім мен.

  • Сол жұрнал Қытайға да барғаны ма сонда?

  • Барғанда қандай!


Не керек сол күннен бастап Мұқағали екеуіміз таныс- біліс, ағайын боп кеттік. Мен алғаш көргенде Мұқағали тура жиырма бес жаста еді. Сол кездегі ақынның түр- тұлғасы әлі көз алдымда: сұңғақ бойлы, мелжемді, екі иығына екі кісі мінгендей, ұяңдау ұзын шашын жел- кесіне құлата қайырған, нарттай қызылшырайлы жігіт еді. Бір жерін шертіп жіберсең қан бұрқ ете түсетіндей әсер қалдырған.


Мұқағалимен қарым-қатынасымыз жалғаса берді. Ке- лесі 1957-жылы мен Совет одағында оқитын қытайлық студенттер атынан (ол жылдары Совет одағында Қытай- дың алты мыңдай студенті оқушы еді) Мәскеуде өткен дүниежүзі жастары мен студенттерінің алтыншы фести- валіне қатынастым. Содан қайтып келген соң, бірге оқи- тын Оразақын: «Биыл елге барып қайтуға кеш қалдың. Каникулдің қалғанын біздің ауылда өткіз» деп, мені өзінің еліне ертіп кетті. Міне, осы айларда Нарынқолда демалыста жүрген Мұқағалимен тағы ұшырастық.


Әй, сол күндері Шалкөде жайлауында армансыз бір сайрандадық-ау! Шалкөде бойы бие байлаған ауылдар. Оның бәрін түгендемей, кілең бір қызы бар ауылдарға қыдырамыз. Оразақын тұратын «Киров» колхозы мен Мұқағалидың ауылы Қарасаз («Энгельс» колхозы) ара- сы жеті-сегіз-ақ шақырым. Көп ұзамай біздің топқа жас ақын Еркін Ібітанов қосылды. Ол да – Қарасаздан, Мұ- қағали екеуі ауылдас. Өзі аудандық мәдениет бөлімінде істейді екен. Жүрген жері – сауық-сайран. Ауыл-ауыл- ды аралап, кино көрсетеді. Қыз-келіншектерді жинап алып, концерт қояды, би ұйымдастырады. Несін айта- сың, әлгі «өзім сері, өзім салдың» өзі.


 


Бір жолы Қарасазға барғанымызда, Мұқағали үйіне шақыруға жағдайы болмады ма, бізді колхоз асханасы- на апарып, қонақ етті. Мұқағали ол кезде үйлі-баран- ды, мектепті бітірер бітірместен өзінен екі жас үлкен мұғалима қызға үйленген... Асханада бізден басқа көп ешкім жоқ. Ащы заһардың бірер шөлмегін төңкеріп тастап, дуылдасып отырмыз. Аспаздардың әзірлеген асы ұнамады ма, бір мезгілде Мұқағали «Осы ауылдағы бір шалдың шығарғаны» деп, бір ауыз өлең айтты:


Аулымызда ашылды сталабай, Тамағының дәмі жоқ қызталақ-ай!


Бес жылдықты төрт жылда орындамақ, Шіркіннің жұмысының қысталақы-ай!


Біз сөз саптауына қарап-ақ, бұл өлеңді шығарған


«ауылдың шалы» емес, тап осы арада ақынның өз шы- ғарғанын біле қойдық. Мұқағали мен Еркін араларын- дағы төрт-бес жасқа қарамай, құрдастарша қалжыңда- са береді екен. Мұқағали бір кезде қасында отырған Еркінге қарап алды да:



  • Түбінде, мына бала сорлап қалатын болды, – деді оны иегімен нұсқап.

  • Қалайша?

  • Адам деген шама-шарқына қарамай ма, менімен бір ауылда туып несі бар? Кейін мына Қарасазға менің атымды береді. Сонда бұған не тиеді?

  • Мұқа, сіз өте дұрыс айтып отырсыз, – деді Еркін оп-оңай келісіп. – Қарасаз – сіздікі. Оған ешкімнің дауы жоқ... Ал маған аудан болмаса, ауыл аздық етпей ме?!


Қыран-топан күлкі.



  • Әй, мына қызталақтың дәмесін қарай гөр! – деп Мұқағали да екі иіні селкілдеп, мәз боп қалды.

  • Басқа ауылдар бар емес пе? – дейміз біз әңгімеге май тамызып. – Солардың бірі Еркінге бұйыратын шығар.

  • Олар да оңайшылықпен орын босата қоймас, – деді Мұқағали. – Бәрі көсемдердің атында...


Айтып отырғаны рас. Нарынқолда он колхоз бар екен. Бәрі түгел көсемдердің атында: Маркс, Энгельс, Ленин, Калинин, Крупская, Киров, Ворошилов... Осы- лай кете береді. Араларында бір ғана «Абай» колхозы бар. Бұл туралы бір қызық анекдот шыққан. Анекдот


 


емес, болған оқиға. «Абай» колхозының бір жігіті ұзақ жыл «Ленин» колхозында мұғалім болады ғой. Бір жағ- дайда мектеп мүдірімен келіспей қала ма, аудандық оқу бөліміне барып, өз ауылына ауыстыруды сұрайды.



  • «Абай» ауылында орын жоқ. Қаласаң, «Крупская- ға» жіберейін, – дейді бөлім бастығы. Сонда күйіп кет- кен мұғалім:

  • «Лениннен» опа таппағанда, мені «Крупская» жа- рылқайды деп отырсыз ба? Жіберсеңіз өз ауылым


«Абайға» жіберіңіз! – десе керек.


Бұл әңгімені манадан бері тыңдап отырған НКВД- ның адамы:



  • Әй, сен не шатып отырсың? – депті мұғалімге оқты көзін қадап. – «Лениннен опа таппадым» дегенің қай сандырақ?


Сонымен не керек, әлгі мұғалімді сол арада қолға алып, сегіз жылға соттап жіберіпті...


Көсемдер демекші, Мұқағали – Маркс туралы да, Ленин туралы да дастан жазған адам. Елеп-ескермей қойған өкімет осыдан кейін көзге іле ме, санаса ма деп дәмеленген сияқты. Бірақ ол үміті ақталмады. Амал не, мызғымастай көрінген Компартия мен Совет өкіметінің қалай омырыла құлағанын, ауыл атын иемденіп алған қызыл комиссарлардың да қалай келмеске кеткенін Мұ- қағали көре алған жоқ. Өзі айтқандай, «Энгельс» кол- хозы – Қарасаз бұл күнде «Мұқағали ауылы» деп атала- ды... Ал, Еркін сол өзгерістерді өз көзімен көріп кетті. Алайда, көсемдерден босаған ауылдардың ешқайсысы ақын Ібітановқа бұйырмады-ау деймін.


Мен кейде оңаша отырып, Қасым мен Мұқағали- ды ойша салыстырамын. Қасым – ұстаз, Мұқағали – шәкірт. Мұқағали Қасымды өмір бойы пір тұтып өтті. Аралары небәрі жиырма жас. Бірақ екеуі – екі дәуірдің адамдары. Қасымның өмірі қырғын соғысқа, Сталин заманының қақаған қысына тура келді. Егер Қасымға кейінгі біздің тұсымыздағы еркіндік берілсе, қайран ақын қалай көсілер еді?! Сол тар қыспақтың өзінде, бір жағы аурумен алысып жүріп, үйсіз-күйсіз жағдайда қанша қазына қалдырды десеңізші!


 


Әділетсіздік пен қиянатты Мұқағали да аз көрген жоқ. Бірақ Қасым өмір сүрген қақаған қыспен салыс- тырғанда, Мұқағалидың өмірі жайма-шуақ жаз секілді. Қанша дегенмен, ол Хрущев пен Брежневтің «жылы- мығында» өмір сүрді ғой. Қасым сияқты үйсіз-күйсіз де қалған жоқ. Ал денсаулық дегенің – кісі қызығарлықтай еді. Ел-жұрты – Алматының іргесінде. Шалкөдеге ба- рып, қалай шалқимын десе де ерікті болатын... Соған қарамастан, Мұқағали қайғы-қасіретке қалай ерте бой алдырды? Соңғы жылдары неге ащы заһарсыз жүре алмайтын күйге жетті? Басты себеп не нәрсе? Сәтсіз махаббат? Құтсыз отбасы? Әлде алынбаған атақ, беріл- меген сыйлық? Көрсетілмеген қошамет? Осылар ма – ақынның түбіне жеткен?


Әрине, бұлар да бар. Бірақ негізгі себеп емес. Негізгі себеп – қоғамның қырыс қабағында, өмірдің өгейлігін- де, әлеуметтік әділетсіздікте. Жәй адамдар елемейтін, көзі үйреніп, еті өліп кеткен жайларды хрустал нервілі ақын бар болмысымен сезініп отырды ғой. Ақын-жазу- шы – ұлт көңіл-күйінің барометрі. Қазақ жерінде сына- лып жатқан ядролық қарулар, өзімізге бұйырмай шет- ке ағылып жатқан ен байлық, кетеуі кеткен қазақ тілі, жабылып жатқан мектептер ақын назарынан тыс қалды деп ойлайсыз ба?


Ал, Мұқағалидың өз басына келсек, ақын өмір бойы қуғын-сүргіннен құтылған жоқ. Қуғын-сүргін – мін- детті түрде Сібірге айдау емес. Адамды өз ауылынан, өз қаласынан қозғамай-ақ қуғындауға болады. Мұқа- ғали мектепте мұғалім болып жүріп, жиырма жасында Компартияға мүше болған. Біраз жылдан соң, ақынды әлдебір «тәртіпсіздігі» үшін партиядан шығарды. Ол заманда партиядан шыққан адамның жарым басы кем деген сөз. Жұмыс орны да құтайған жоқ, оны қызмет- тен талай рет шығарды. Ең соңғы қармаған талы – Жа- зушылар Одағының мүшелігі еді, қудалаушылар оны да бұған көп көрді. Еңбегің бағаланбаса, басқалар алып жатқан сыйлықтар, атақ-дәреже саған бұйырмаса... Осының бәрін көре тұрып, сорлы ақын құсаланбағанда қайтеді? Іштегі дертті ащы заһармен тұншықтырмаған- да қайтеді?


 


Мұқағали осыдан кейін бар өшін ақ қағаз бен қара сиядан алды. Іште жатқан шер-шемен, ашу-ыза өлең боп құйылды. Бірақ тілге тиек, ауызға қақпақ қойылған. Көп нәрсені айтқызбады. «Айтып өткен ақында арман бар ма, жүрегінің түбіне кір жасырмай» дейтіні содан. Мұқағалидың басқа ақындардан артықшылығы – ана тілі айдынында емін-еркін жүзетіндігі. Ол нені айтам, қалай айтам деп қысылмайды, сөз іздеп зорланбайды. Уызында жарыған тіл мәйегі оның қаламына өздігінен құйылып жатады. Мұқағали поэзиясында Қасымда кез- десетін айшықты теңеулер аз болғанымен, өлеңдерінің шынайылығы мен қарапайымдылығы оқырманды бір- ден баурап алады. Ұлы ақындарда болатын көп қа- сиеттер – Мұқағалиға да тән. Соның бірі – табиғатпен іштей табысып, туысып кету. «Қабағы күннің қатулы, қар жауа ма қайтеді. Бұлақтар мұңға батуы, мұз қата ма қайтеді» дегенде, ақын да сол өзі айтып отырған та- биғаттың бір бөлшегі тәрізді әсер қалдырады. Ал «Ар- шаларым, шыршаларым, сендерге арнап мен бүгін ән саламын» дегендегі аршалар мен шыршалар – ақынның аға-бауыр, туыстары секілді...


Осы орайда жазушылар арасында талас тудырып келген бір мәселеге тоқтала кетейін. Ол – Мұқағали- дың Одақ мүшелігінен шығарылуы жайында. Біреу- лер сол кездегі Жазушылар Одағының басшысы Әнуар Әлімжановты мұқатқысы келіп, «Ол Мақатаевті Одақ мүшелігінен шығарып жіберген» деп айыптайды. Ал Әнуарды ақтағысы келген біреулер «ондай ештеңе бол- ған жоқ» дегенді айтады. Бұл күнде оның екеуі де өмір- де жоқ. Сондықтан жұртты шатастырмай, мәселенің анығына көшейік.


Іс мәнісі былай: шамамен Мұқағали қайтыс болардан бірер жыл бұрын Жазушылар Одағына Қазақстан Жо- ғарғы Советі президиумының төрағасы Сабыр Нияз- беков келіп, қаламгерлермен кездесу өткізді. Осының алдында болып өткен партия съезінің бағыт-бағдарын жұртшылыққа түсіндірмек. Жиналысты Әнуар Әлім- жанов кіріспе сөзбен ашып, Ниязбековке кезек берді. Төраға, бүгінгі тілмен айтқанда, Республика президенті мінберде сөйлеп тұр. Арада бес минет өтті ме, өтпеді


 


ме, артқы қатардың бірінен: «Бұл – не қыртылбай» де- ген дауыс естілді. Мұқағалидың дауысын бәріміз біле қойдық. Ақынның қатты ішіп жүрген кезі болатын. Сірә, масаңдау болса керек. Бұл жолы оны төрдегілер де, залдағылар да естімеген, білмеген болып, елеусіз өткізіп жіберуге тырысты. Алайда, іс мұнымен тынған жоқ. Арада үш-төрт минет өтер-өтпесте тағы да Мұ- қағалидың «балтавня» деген дауысы саңқ ете қалды. Бұдан ары төзу мүмкін емес-ті. Төрде отырған Әнуар орнынан ұшып тұрып:



  • Әй, қайсың барсың? Ананы алып кетіңдер! – деді сол маңда отырған жігіттерге иек қағып.


Жігіттер өздігінен жүре қоймаған Мұқағалиды қол- тығынан алып, қаумалап алып кетті. Міне, бар болған оқиға осы. Ал осыдан кейін Одақтың басшысы Әлім- жанов жиналыстың шырқын бұзған тентекке қандай шара қолдану керек еді? Бұлар не істер екен деп, жо- ғарыдан қарап отырған үкімет – мынау. Әр қадамыңды аңдыған «үш әріп» – анау! Баяғы Сталин заманы болса, адамдар ондай қылығы үшін «итжеккенге» айдалар еді. Әйткенмен, қазір де әлгіндей тәртіп бұзғандарды жа- засыз қалдыруға болмайтын-ды. Оның үстіне, ол кезде Одақ маңында «қызып» жүретіндер көп-тұғын. Солар- ға сабақ болсын деді ме, Әлімжанов ертеңінде секре- тариатты шақырды да, Мұқағалиды Одақ мүшелігінен шығарды. Бірақ қаулыны Мәскеуге жолдаған жоқ, хат- таманы өз тартпасына салып қойды. Өйткені, Мұқағали да – бәріміз сияқты КСРО Жазушылар Одағының мү- шесі ғой. Мәскеу бекітпеген соң, ол одақ мүшелігінен шыққан болып есептелмейтін.


Бұл арада Әнуарды айыптаудың жөні жоқ. Ол жа- зушылар одағында тәртіп орнатуға міндетті болатын. Тегінде, Әнуар Мұқағалиға жаман қараған жоқ. Екеуі бір жыл туған төл ғой. Әлімжанов Мұқағали шығарма- ларының бөгетсіз басылуына жол ашып отырды. Мұқа- ғалиды жоғары стипендия төлейтін Мәскеудегі екі жыл- дық әдеби курсқа жіберген де – Әнуар. Ақын ол курсты бітірмей жарты жылда соң қайтып келгені болмаса, ол көп адамның қолы жетпейтін оқу болатын. Жалпы, біздің Одақта жазушыларға Әнуардай қамқорлық жа-


 


саған басшы кемде-кем. Одақ ауласындағы конференс зал, таудағы шығармашылық үйі, жазушыларға арнал- ған тұрғын үйлер – бәрі де Әлімжанов тұсында салын- ған... Ал Мұқағали қайтыс болғанда, дереу секретариат шақырып, оның мүшелігін қалпына келтірді. Ақынның жерлеу рәсімі жоғары деңгейде өтуіне күш салды.


Менің Мұқағалимен аралас-құраластығым (қайсыбі- реулерше «дос едік» деп мақтанғым келмейді) жиырма жылға созылған екен. Бір-біріміздің жазғандарымызды қалт жібермей оқып отыратын едік. «Соңғы көш» жа- рыққа шыққан кезде Мұқағали:



  • Сен өрісіңді енді таптың. Айтарың өте көп екен. Оның бәрі өлеңге симайды ғой. Прозаға көшкенің қан- дай дұрыс болған! – деп балаша қуанып, құттықтағаны есімде.


Айтпақшы, мен Қытайда төрт жылдай сүргінде бо- лып, 1962-жылы қайтып оралғанымда, әдейі іздеп келіп көріскендердің бірі – тағы да Мұқағали еді:



  • Аранның аузынан тірі қайтқаның мұндай жақсы бо- лар ма! Ел-жұртыңның тілегі қабыл болған шығар. Көр де тұр, сенің жасың ұзақ болады! – деп еді марқұм.


Ең соңғы рет дәмдес болғанымыз ақын қайтыс бо- лардан екі-үш ай бұрын «Алматы» ресторанында өтіп еді. Университетте бірге оқыған, көптен көріспей кет- кен Жұмабек Шорманов деген жолдасым бір күні мені іздеп, Жазушылар Одағына келе қалғаны. Ол бұрын На- рынқол жақта еді, таяуда Есік қаласына мектеп мүдірі болып ауысыпты. Екеуіміз жұмыс аяғына қарай қазіргі Абылай хан даңғылы мен Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы «Алматы» ресторанына қарай тарттық. Жұмыс күні ресторанда адам аз, орын көп екен. Сол жақ қапталдағы бір үстелде Мұқағали мен компози- тор Әбілахат Еспаевтың отырғанын байқап қалдым. Біз оларға соқпай, оң қапталға бұрылып, бір бұрыштағы жеке орынға барып жайғастық. Өйткені, өз әңгімеміз өзімізде, оқу бітіргеннен бергі «қызықтарымызды» ай- тып тауыса алмай жатырмыз. Даяшы қызға тапсырыс- ты молынан беріп, асықпай отырмақпыз. Біз алдымызға келген астан ауыз тиіп, бірер рюмканы көтерер-көтер-


 


месте, сондағы даяшы қыздардың бірі салфеткаға жа- зылған хат әкеліп берді. Хат емес, бір шумақ өлең:


Қабдешжан, ағаң менен досың отыр, Екі-үш сомнан ақшасын қосып отыр. Даяшыға тиіні жетпей қалып,


Абақтыға түсем деп шошып отыр, – депті де, соңы- на «Мұқағали» деп қол қойыпты. Демек, олар бізді ма- надан байқап отырған болды ғой. Енді бөгелудің орны жоқ, мен дереу орнымнан тұрып, солай қарай бет ал- дым. Келсем, жағдайлары, шынында да, мүшкіл екен. Үстелдің бір бұрышында бірнеше сарқұлақ теңгелер, ағы мен сарысы аралас бір уыс тиын үйіліп жатыр. Олары дастарқан ақысына маңайламайды да. Екеуі бір- біріне сеніп қалған ба, әлде өздерінің қолданып жүрген бұл да бір тәсілі ме, кесіп айту қиын. Әйтеуір, таныс жігіттердің бірі құтқарар деп отырғанда, қармаққа біз ілінгеміз ғой.


Мен ұсақ ақшаларын өздеріне қайтарып бердім де, оларды қарызымен бірге біздің үстелге көшіріп келдім. Үстеме заказ беріп, отырысты одан ары қыздыра түстік. Екеуі де – сыйлайтын адамдарым. Мұқағали өз алдына, Әбілахат Еспаев – бір кезде «Маржан қыз» атты ән шы- ғарып, саясатпен сіресіп қалған қазақ әуенінің бетіне қан жүгірткен адам. Соғыста контузия алған ба, сәл-пәл тұтықпалау. Бірақ өзі жатыпатар, айтқыш. «Мәдениет және тұрмыс» журналынан болымсыз қаламақы алып тұрып: «Мәдениеттерін тәуір болғанымен, тұрмыста- рың мәз емес екен» дейтін – осы Еспаев. Тағы бірде Әбілахат опера театрының маңындағы гүлзарда дема- лып отырса, сондағы шалдардың бірі «Шырағым, қай рудансың» деп тақымдап қоймапты. Көңіл күйі болмай, басы ауырып отырған Әбілахат «Біз – «алқаш» деген руданбыз» десе керек. Әлгі шал «апырай, ол қай жүзге жататын ру екен?» деп әлі де ұғына алмай отыр дейді. Сонда Әбілахат одан ары қағындырып: «алқаштар – қазір кең тараған ру ғой. Ол үш жүздің үшеуінде де кез- деседі» деген көрінеді.


Сол Әбілахат Еспаев қой – дәмдес боп отырған кісіміз. Мұқағали екеуі досжар. Туысы жақын болма- ғанымен, жаңағы өзіміз айтқан жағдайда екеуі «рулас».


 


Отырысымыз барынша көңілді болды. Мұқағали ағыл- тегіл өлең оқыды... Бір кезде есеп айырысып, тысқа шыққанбыз. Енді тек қызыңқырап қалған қонақтары- мызды үйлеріне жеткізіп салу қиынға соғып тұр. Ән- шейінде тұтықпа Әбілахат масайғанда сөйлей алмай, тілі күрмеліп қалады екен. Әдресін сұрасақ, адам ұқ- пайтын бірдеңелерді айтады. Оның үстіне, Еспаевтің бір жаман әдеті, ішіп алса болды, бәтінкесін шешіп, айдалаға лақтырып жібереді екен. Жұмабек тал-талдың арасынан оның бәтінкесін іздеп әуре.



  • Оның үйін мен білем! – деді Мұқағали.


Сонымен екеуін де таксиге отырғызып алып, Еспаевті микрорайон жақтағы үйіне апарып салдық. Сонан соң орталыққа қайта оралғанбыз. Мұқағали манағы өзіміз шыққан ресторанға таяу, Құрманғазы көшесінде тұра- тын-ды. Ол бізді үйіне енгізіп дәм татырмақ болып еді, онысынан ештеңе шықпады. Қанша төпелесе де, «гла- зоктан» сығалаған әйелі есігін ашпай қойды.


Бұл отырыс ең соңғы дидарласу екенін қайдан бі- лейік. Осыдан кейін мен Мұқағалиды көре алғаным жоқ. Мұқаң ауруханада жатыр екен деп естігенбіз. Кезекті емделуі шығар деп ойлап едік, олай болмады. Арада апта өтпей қайтпас сапарға аттанып кетті. Дәрі- герлер ұзақ мерзім пайдаланған ащы заһардан бауыры езіліп кеткен деп тауыпты.


Айналып келгенде, Қасымды да, Мұқағалиды да алып жеген – сол баяғы әділетсіз қоғамның ауруы ғой. Алдымен шапқа түртіп тулатады, жыныңа тиіп – ызаландырады, арыңа тиіп-ашындырады. Сонан соң ащы заһар ұсынып, ашуыңды басқан болады. Енді біраздан соң тұлабойыңды заһар жайлағанын бір-ақ білесің. Мұндай ауыр сынаққа хрустал нервілі нәзік жандар төтеп бере ала ма?


«Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын, Шамыр- қансам, шатынап сынар болатпын» демей ме Махамбет. Қасым да, Мұқағали да – сол Махамбеттің сойынан ғой. Бізде құл саналы, киіз нервілі көмпістер жетіп артыла- ды. Ендігі тілек – өмірде өте аз қалған хрустал нервілі, нәзік жанды, шамырқанса шарт сынатын тектілердің тұқымы үзілмесе екен!


2013 – желтоқсан.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу