Өлеңдер ✍️

  30.11.2021
  165


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ҮРГЕН ИТТЕР

«Ит үреді, керуен көшеді»
Мәтел



Жан таптырмай денесін кірге күйттер,
Жыландайын шақса егер бүрге, биттер,
Шабаланып құлақты тұндырады,
Удай ащы үндері үрген иттер.
Бірі шәңкіл, бірі әупіл дауыстары,
Кім екені белгісіз жауыққаны,
Шаршамайды, үреді таң атқанша,
Шақырғанша ауланың тауықтары.
Бірі үреді тойғаннан, кекіргеннен,
Бірі үреді еріккен, секіргеннен.
Енді бірі үреді ұясында
Марғау, мәнсіз, тәкаппар, кекір деммен.
Жүрген шақта қайғылы, қамырықты,
Ежеттес дос дертіңнің мәнін ұқты.
Керуеніңді соқтыртып келе жатсаң,
Үреді иттер төс табан, нән иықты.
Азды-көпті ел-жұртқа сыйың барда,
Ит-ырылға шыдайды миың зорға.
Күліп-ойнап отырсаң қайғы-мұңсыз,
Үреді иттер тойларда, жиындарда.
Тәңір берді тағдырды өлшеп сызып,
Сол өлшемді жүрміз ғой теңшеп тізіп.
... Келе қалса сол иттер қамшылар тұс
Бір тартасың тұмсықтан қаңқ еткізіп.
Ұлыларын ұлтымның ес көріп ем,
Мұны қашан, ақтөстер, ескеріп ең?
Үре берсін сорлылар шаңға аунаған,
...Қара жолда келеді көш-керуен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу