👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  22.11.2021
  42


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Қыз намысы

Бір қылығы, бір сөзі бір-ақ сәтте қас-қағым
хабар беріп үлгерер болмысынан қасқаның.
Қалай-қалай әдемі әдіптеген қазағым...
«Қыздың жолы жіңішке» деген сөздің астарың.
Солар үшін жүректе уайым жиып зіл батпан,
барар жерің біреу деп,
кіріп-шығар бір қақпаң,
иба сақтай алдында, ықыласын жоғалтпай,
келінге айтып ақылын, қыздарына тыңдатқан.
Қыз өсірген жылдарын деп есептеп қиын шақ,
жаны ауырар ата-ана күзетіпті үйін сақ.
Әлі күнге отырар «арлы бол, — деп, — қарағым»
қыздарына қазағым қырық үйден тыйым сап,
Күлу менен жүруде қойып оған көп талап,
балапандай баулыпты әлі ұшпаған көкқанат
Аналардың ибасын зердесіне сіңіріп,
ұяңдыққа үйреткен, инабатпен ноқталап.
Ақтарылып кетуге дайын ылғи бүкіл лек,
шелектегі айрандай толып тұрған шүпілдеп,
қазақ қыздың ұятын маңдайдағы таңбадай
ғұмыр бойы жер етер қабылдаған үкім деп.
Бірақ оның жабысқан тағдырына талақтай
Айықпайды-ау бір қауіп қызыл тілі жалақтай.
Қанша қорлық көрсетті заты әйел болғаны,
тым құрыса жауызды сәбилікке қаратпай.
Қыз екенін - анасы,
қыз екенін баласы
жетесіне жеткізбей көргенсіздік санасы,
азғындардың тырнағы жарақаттап,
адамдық
қасиетке қанша рет дақ түсірді,
қарашы!
Аһ, Жүрегім!
Жүрегім, қысыласың мұншалық,
Қорлықпенен кетпеген арымызға кім сарып!?
Тапталды екен аяққа қанша қыздың намысы
аялаған арманын кетпей жатып Күн шалып.
Қанша опасыз әйелдің жүрегіне салмақ сап,
зорлықпенен арының жағасына жармасты-ақ!?
Қанша жүрек тоналып аяулы, ыстық сезімнен,
қорлық мүжіп санасын қалды екен қан қақсап?
Тірі көміп, тұқыртып ата-ананың ақ басын,
Көрсетпесін тағдырың қара ниет тақтасын.
Айналайын, қыздар-ай қыл көпірдей жолыңда
Әйел сыйлап көрмеген азғындардан сақтасын...


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы