22.11.2021
  230


Автор: Фариза Амангелдіқызы

Қорқыныш

Қалмырзаның жұмысы осылай жыл сайын әр аймаққа ауысып отырады. Біресе оңтүстік шалғай аудандарда, біресе солтүстіктің орталық қаласында, кейде батыстың түпкі ауылдарына...

 

Бүгін, міне тағы да солтүстік облыстың бір шеткі ауданына жолдама алды. Командировка 1-жыл. Қалмырзаның өзі үй ауыстырумен шаршаған. Бірақ келіншегі ел көріп, жер аралағанына қуанбаса, налыған емес. Әр көшкен сайын төркініне хабарласып, қайда орналасқандарын, не бар-не жоғын айтып мақтанып алады. Оны көрген күйеуі жәй ғана басын шайқап күліп алады.


Сара бүгін тым кеш оянды. Кеше біраз әбігер болып түн ортасына дейін үйдің іші сыртын тазалап, бел жазбай жұмыс істеген соң ба шаршап қалыпты. Қалмырза әскери адам болғандықтан қанша кеш жатқанымен уақтылы тұрады. Ол әдеттегідей ерте тұрып жұмысына кірісіп кетіпті. Келіншегінің төсегінің бас жағына бір тілім қағаз қалдырып, жұмысына кеткен болатын. Сара тұра салысымен қағазды оқып күйеуінің жауаптылығына біраз сүйсініп тұрды да, сәл жата тұрайыншы деп қайтадан төсегіне қисайды. Ұйықтап кетіпті. Түс көріп жатыр...
...тағы жаңа қонысқа орналасыпты. Тым биік салынған үй. Сырты қап-қара болып боялған. Шатыры тым ескі екен. Сырт қарағанда қорқынышты үй. Сара ақырын келіп есікті ашты, үлкен дәлізде төрде жалғыз қисайған орындық ғана тұр екен. Жанында шашы ебей-себей бір келіншек теріс бұрылып отыр.
- Саламатсызба ба? Біз осы үйге көшіп келіп едік... дей бергенде әлгі келіншек ақырын орнынан тұрып бері қарай бұрылды. Қараса жаңағы келіншек Сараның өзі. Қорыққанынан есікті сыртынан қатты жапты да артқа қарай тұра жүгірді. Бір нәрсеге сүрініп жалпасынан құлаған кезде оянып кетті. Денесі су тер болып жатыр екен. Күн тас төбеге келіп қалыпты.
- Құдай-ау, қалайша түске дейін ұйықтай бергенмін?- деп өзіне-өзі күбірлей жүріп киіне бастады. Көшіп келген күннің алғашқы күнінен Сара бұл жерге үйрене алмады. Біртүрлі үстін зіл басқандай күйде мең-зең жүреді. Басы жиі ауырады. Күйеуіне айтса мүмкін жер ауыстырғаннан шығар деп аса мән бермеді.
 Сара соңғы кезде тым беймаза күй кешті. Сыртқа шықса бойын қорқыныш билеп, үйге кіруге асығатын болды. Түн қараңғылығында сыртқа мүлде шықпайды. Баяғы пысық келіншек жоқ. Қазір ештеңеге зауқы болмай жатады да қояды. Қалмырза келетін уақытқа тамақты әрең дайындайды. Қалмырза да Сараның жағдайын байқап жүр. Көздері жанып тұратын сұлу келіншегінің жүзі солғын. Ойлана келе дәігерге қаралуын сұрады. Сара да соны құптап, ертең дәрігерге баратын болып бекінді. Бұл жерге қоныс аударғандарына бір айдың жүзі болды. Алғашында үйренісе алмай жүр деген ойы теріске шығып, бертін келе үйренеді дегені болмай, күн өткен сайын жағдайы нашарлай бергендіктен Қалмырза уайымдай бастады. Сол үшін де дәрігерге өзі ертіп баратын болып шешті. Ертеңіне екеуі сол ауданның кішігірім ауруханасына барды. Дәрігердің қабылдауында болып қайтты. Ешқандай кінәрат жоқ. Денсаулығы жақсы. Тек жүйкеге тыныштық керек деп, дәрі жазып берді. Ұрыс-керіс болмаса, жылап жатқан бала жоқ, жас отбасы. Түртпектейтін ене жоқ. Күйеуі асты-үстіне түсіп әлек болса, қайдағы жүйкені айтып отыр деп ішінен күлді де қойды. Сол күні түнде Сара алғашқы келген күнгі түсті тағы көрді. Дәл сол қара үй. Дәл сол есік, сол шатыр. Дәліздегі келіншек Сара. Таңата оянып кеткен ол қатты қорықты. Қалмырзаны жұлқылап оятты. Оның бүгін демалыс күні болатын.
- Не болды жаным? Тыныштық па? Бүгін жұмыс емес қой,- деп ұйқылы-ояу бетін тыржитты.
- Мырза(күйеуін осылай атайды), тұршы. Қатты қорқып тұрмын. Өткендегі түсті тағы көрдім. Өзімді көрдім тағы сол қорқынышты үйден. Не істеймін енді? Неге түсіме кіре береді? - деп Қалмырзаның мойнына асылып жылап жіберді.
- Қой жаным жылама, неге жылайсың? Жәй ғана түс қой. Оған мән бермесеңші.
- Неге дәл сол түс? Соған түсінбеймін. Кетейікші бұл жерден Мырза. Қалғым келмейді мұнда.
- Жұмысым бар ғой жаным. Аяқталса кетеміз.
- Келгенімізге енді бір ай болды. Ал сенің контрактің 1-жыл ғой. Қайта өтініш бер, ауыстыр де, білмеймін кетейікші...
Сара Қалмырзаға бой берер емес. Кетеміз де ,кетеміз деп тұрып алды. Қалмырза келіншегінің бұрын-соңды мұндай мінезін байқамаған. Жарайды деп уәдесін берді де, теріс бұрылып жатып қайтадан ұйқыға кетті. Ал Сара не бір қорқынышты ойлардан мазасы кетіп, көрпені бүркеніп жатты да қойды.
Таңғы астарын ішіп отырып, тағы да сол әңгіме басталды. Қалмырза оны тыңдағысы келмеді ме, әлде расымен кетуге бел байлады ма белгісіз, бірақ Сара ауыз ашқаннан басын изей берді. Таңғы астан соң шамалы отырды да, жұмыс жақпен сөйлесіп қайтайын деп киініп сыртқа беттеді.
- Бүгін жұмыс емес қой негізі, ертерек келемін,- деді есіктен шығып бара жатып.
- Жарайды, мен бүгін төмен жаққа базарға түсемін,- деді Сара.
Қалмырзаны шығарып салған соң, Сара дастархан үстін жинап алды да, киініп сыртқа шықты. Жайдарлы жаз аяқталып, күздің ызғарлы күндері басталып келе жатыр. Екі күннің бірінде күн бұлттанып жауын сіркірейді де тұрады. Бүгін де аспан түнеріп, жауын жауатын сияқты болып тұр. Жеңіл күртешесін үстіне іліп шыға салған еді, тоңып кетті. Төменгі жақта кішігірім базар бар. Мүмкін адам көп, ол жақ сәл жылы шығар деп өзін-өзі жұбатып келеді. Үйге қажетті азық-түліктер алып базардан шыға бергенде бір сыған әйел қайыр сұрап отыр екен. Сара қалтасына қолын сүңгітіп жіберді де сақырлаған тиындарды алып шықты. Қанша екенін санаған да жоқ, сыған әйелдің алдындағы қорапқа тастай салды. Жүзі солғын тартқан келіншектің бойынан біртүрлі қорқынышты сезген сыған:
- Қызым,- деп тоқтатты ақырын ғана.
- Ау, маған айтып жатырсыз ба?
- Иә, бері келші.
Әдетте мұндай кісілермен сөйлеспейтін Сара бар мұңын айтатын адам табылғандай қуана кетті.
- Шақырдыңыз ба?- деген Сара әлгі сыған бір ауыз жылы сөз айтса жылап жіберуге шақ тұр.

 Әлгі сыған әйел Сараны шақырарына шақырып алды да, не айтарын білмей кібіртіктеп ұзақ тұрды.
- Неге шақырдыңыз мені?
- Мен... Сіз... Не ғой әлгі...
- Айта беріңіз, қысылмаңыз.
Сыған әйел Сараның бойындағы қорқынышты айтсам ба екен, әлде өз жөніммен кетсем бе ?-деп тұрды да, не де болса көрейін, мүмкін алдын алып бірдеңесін қылар деп ойлады.
- Сендер жаңадан көшіп келдіңдер ме? Бұл жақтікіне ұқсамайсыңдар.
- Я, біз жаңадан келдік. Тек бір жылға, күйеуімнің жұмыс бабымен.
- Бәсе, алдын көрмеппін сені. Қайда тұрақтадыңдар?- деп әңгімені арыдан орағытты.
- Жоғары жақтағы бір үйді жалға алдық.
- Төменге алғаш түсуің бе?
- Иә, мұнда алғаш келіп тұрмын. Әдетте күйеуім жұмыстан қайтарда осы жақтан азық-түлік ала келетін. Бүгін біраз сергіп қайтайын деп өзім шықтым.
- Иә... Шыққаның дұрыс болыпты. Мен сенің бойыңнан біртүрлі сезім байқап отырмын. Егер айтқың келсе тыңдауға дайынмын.
- Сіз қайдан байқадыңыз?- деп Сара көздері жаутаңдап, ішіндегісінің бәрін ақтарғысы келді.
- Айта бер, мен көмектесемін.

 


Мұны естіген Сара біраз көңілі жайланып, бәрін айтып берді. Бір көрген түсін екі қайтара көргенін де, осы аймаққа келгелі бойындағы зіл-батпанды да, бәрін - бәрін жіпке тізгендей айтып шықты.

Үнсіз тыңдаған сыған әйел біраз отырды да әңгімесін бастады:
- Кезінде бұл жер әжептәуір орталық болатын. Базарлары үлкен, халық көп, заман тыныш еді. Бір күні сендер секілді жас отбасы көшіп келді. Олар да жұмыс бабымен келген болатын. Сол жоғары жақтан бір үйді жалға алып тұрды. Ол жерде ұзақ тұрақтамады. Неге екенін қайдам, осы төменгі жақта шеткеріде орналасқан бір үй болатын. Сол жерге көшті. Үйді жалға емес, сатып алды. Тұрақты қалатын болды деп ойлады көрші-қолаң. Бірақ, көп ұзамай жас отбасының шаңырағы қаралы хабар жамылды. Жұмыс бабымен көшіп келген олар түсініксіз өмір сүретін. Күйеуі күнімен жұмыста, бірақ әйелін таңертең үйіне қамап кететін. Кешке есіктегі құлыпты өзі ашатын,- деп аз-маз отырды да әңгімесін жалғады.
- Әйелін түнімен соққыға жығып, таңертең тағы да құлыптап жұмысына кететін. Көршілер ақырындап байқай бастады. Кейін араша түсетін болды. Бірақ күйеуі араша түскен адамның өзін соққыға жығатын. Сосын көршілер араласпай өз жөндерімен кетті. Бірақ әйеліне жаны ашып полиция да шақырды. Тексеріп келсе әп-әдемі ұйыған отбасының рөлін сомдап шығатын. Әйелі де күйеуінен қорыққанынан ешқандай арыз-шағым түсірмейтін. Осылай күндер өтіп жатты. Күнде бұл үйде тым-тырыс, тірі жан жоқ сияқты. Есіктің сыртында үлкен қара құлып болады. Ал кешкісін айқай-шу. Үш күннен соң адам көрге де үйренеді дейді ғой. Адамдар бұл отбасының өмір сүру дағдысына да үйренісе бастады. Тіпті ұрып-соғып жатса да мән бермейтін болды. Бір күні аяқ астынан әлгі отбасы көшеміз деп шешті. Үйін сатуға қойды. Бірақ сатып алатын ешкім болмады. Солай жүргенде сондай күндердің бірінде сол үйдің әйелі қайтыс болды. Неге? Қалай? Не үшін? Ешкім білмеді. Іштерінде бір күдік бар. Бірақ айта алмайды. Жаназадан соң үнсіз тарасты. Сол күннің ертесіне-ақ күйеуі жұмыстан өз еркімен кетіп, бұл жерден көшіп кетті. Үйін сатқан да жоқ. Жұмбақ өлім сол күйі жұмбақ болып қалып кетті. Айтайын дегенім, саған қарасам сол күн есіме түсіп кетті. Екеуіңнің араларыңда сондай бір байланыс бар сияқты. Сен ол үйге кіріп көргесің бе?
- Жоқ, ондай үйге кірмегенмін.
- Жақсылап ойланып көрші.
Сара біраз отырды да, көшіп келген алғашқы күнді есіне алды.
- Біз көшіп келе жатқан күні бір ескі үйдің жанынан өтіп едік. Ол кезде онша мән бермедім. Кейін сол үйді түсімде көрдім. Әлгі айтқан түсім де сол ғой. Бірақ, ол үй еміс-еміс ғана есімде болған соң шырамытып отырмын. Бірақ, не үшін мен? Неге дәл менің түсіме кіреді?
- Себебі, сен сол үйге назар салып өткенсің. Көптен бері ол үйге ешкім жуымайды. Тіпті адам түгіл жануар да беттемейді.
- Қазір ол үйді таба аламын ба? Қалай баруға болады? Мен ұмытып қалдым. Келгелі үйден енді шығып отырмын.
- Қаласаң ертіп барайын.
Сара бойындағы үрейден біржола құтылғысы келді ме, әлде не бар екенін көргісі келді ме, әйтеуір бірден келісті. Екеуі дереу орындарынан тұрды.

 Әлгі сыған әйел бастап алда жүр. Сара әр басқан қадамына мың ойланып жүріп келеді. Табанын жерге қорқа тигізіп, әлгі үйге жақындады. Төменгі аймақта кішігірім не бау-бақшаға ұқсата алмайтын не қараусыз қалған орманға ұқсата алмайтын бір жер бар екен. Сара келген күнін есіне алды. Осы бір жерлерден өткен сияқты еді. Иә, иә әлгі таксиші жігіт осындағы қысқа жол деп жүріп өткен еді. Сол кезде әлгі үйді байқап қалған болатын. Келе жатқан көшенің алдынан қиылыс шықты.
- Солға бұрыламыз,- деді Сара. Аузынан қалай шығып кеткенін де байқамай қалды.
- Көшіп келген күні таксис жігіт осы қысқа жол деп жүріп өткен еді,- деді сасқалақтап. Үнсіз келе жатқан сыған әйел жауап берместен солға бұрылды. Анадай жерде Сараның түсіндегі қарай үй тұр. Дәл сол қара қабырға, қара шатыр, қара терезе мен қара есік. Тіпті есіктің тұтқасына дейін қара. Сара қорқып не алға жылжи алмай, не артқа шегіне алмай тұрып қалды. Бейне бір аяқтары істен шыққандай қозғала алар емес. Сыған әйелдің сөйлеген сөздері де дұрыс естілмей, құлақтары күңгірлеп кетті. Қолынан тартқан кезде барып түс көріп оянған адамша селк ете қалды. Ақырын аяңдап есіктің алдына келді. Ары қарай өзің бар деген адамша сыған әйел жол берді. Сара жүрегі дүрсілдеп есіктің тұтқасын ұстады. Қорқынышын басу үшін амал жоқ үйге кіруі керек. Есікті ақырын ашты. Дәл сол ұзын дәліз. Қолдары дірілдей есікті барынша ашуға тырысты. Төрде терезеден түскен жарықтан көзі бұлдырап 1-2секунд тұрды да, қайта жұмып ашып еді, терезе алдынан түсіндегі шиқылдаған жалғыз орындықты көрді. Жүрегі аузына тығылып есікті тарс жапты да, артқа шегініп, бұрылып жүгіре жөнелді. Тіпті сыған әйелдің айқайлап тоқтатқан дауысын да елемеді. Жүгірген бойда базардан бір-ақ шықты. Сығанның отырған жеріне келіп тастап кеткен азық-түлігін алды да үйіне құстай ұшты. Артынан біреу қуып келе жатқандай жалтақ-жалтақ қарайды. Ешкім жоқ. Сонда да жүрісін баяулатар емес. Үйіне келіп ашық тұрған есігін көрді де, қорқып кіре алмай біраз тұрды. Ақырын келіп терезеден қараса күйеуі орындықта отырып бірдеңе жазып отыр. "Уф" деп демін алған ол үйге кірді.
 Үйге кірген келіншегінің жүзін көрген Қалмырза қорқып кетті.
- Сара тыныштық па? Неге боп-боз болып кеткенсің?- деп қолынан ұстап отырғызбақшы еді Сараның қолы сұп-суық.
- Не болды жаным? Бірдеңеден қорықтың ба? Тоңып қалыпсың ғой. Дірілдеп тұрсың оның үстіне... дей беріп еді Сара сұлқ етіп Қалмырзаның үстіне құлай кетті.
Сара көзін ауруханада ашты. Жанында Қалмырза мен дәрігер тұр. Медбике дәрі егіп жатыр. Есін жиған соң Сара Қалмырзаға дереу кетейікші бұл жерден деп қолқа салды. Бірақ Қалмырза үндемеді. Үйге барған соң сөйлесеміз деп ауруханадан алып шықты. Шығып жатқанда дәрігер:
- Біраз шаршаған. Жүйке жүйесін тынышталдыратын дәрілер жазып бердім. Былайша сынама нәтижелерінде қауіпті ештеңе жоқ. Жағдайы жақсы. Тек уайым мен үрейден арылу керек,- деді.
Үйге келген соң екеуі жайбарақат отырып сөйлесті. Сара бүгінгі жағдайды толығымен бүге-шүгесіне дейін айтып берді. Үнсіз тыңдаған Қалмырза:
- Неге бардың ол жаққа? Маған неге айтпадың? Бірге баратын едім ғой,- деді.
- Негізі баратын ойым болған жоқ. Әлгі сыған әйел,- дей бергенде есікті біреу қақты. Селк ете қалған Сара дегбірі қашып абыр-сабыр күйге түсті.
- Қорықпашы жаным, көршілер ғой,- деп Қалмырза есікке беттеді. Ашып еді, сыған әйел тұр.
- Сәлеметсіз бе? Кімді іздедіңіз?
- Маған келдіңіз бе?- деп Сара орнынан тұрды.
- Иә, таңертең ештеңеге қарамай кетіп қалдың. Артыңнан үйіңді іздестіріп келсем ешкім жоқ екен. Біраз айналып қайтып келдім. Есімің кім еді сіңлім? - деді сыған әйел.
- Тұра тұрыңыз сіз кімсіз? - деді Қалмырза.
Сара күйеуіне таңертеңгі жағдайды айтып берді. Үшеуі үнсіз үстел басында отыр. Сыған әйел әңгімесін бастады:
- Сіңлім, жаңағы үйге баруың керек.
- Жоқ, - деп Қалмырза бірден қарсы болды.
- Бармаса болмайды. Бойындағы ауыр жүктен ешқашан арыла алмайды болмаса,- деп сыған әйел де тұрып алды.
- Онда бүгін кеш болып кетті. Ертең таңертең өзім алып барамын, - деді де Қалмырза сыған әйелдің тезірек үйден кетуін ойлады да, асығыс сау болыңыз деп есікті ішінен жауып алды.
 Сыған әйел кеткен соң Қалмырза мен Сара жайғасып отырып сөйлесті.
- Жаным, мені жұмыстан жібермеді. Кем дегенде 6- ай істеуім керек екен. Негізі бір жылға жібергенін өзің де жақсы білесің ғой Сара. Қанша тырысып көрдім. Тіпті, жоғары жақпен де сөйлестім. Болмады. Тек 5- ай шыдашы жаным, сосын кетеміз бұл жерден.
- Мейлі...
- Ренжіп отырсың ба жан?
- Қорқып отырмын.
- Қаласаң жаныңа бір келіншек жалдайық. Әрі құрбы болып, мен жоқта жалғызсырап қорықпайсың, әрі саған қарайласып жүреді. Не дейсің?
- Қарайласып? Мен ауру емеспін Мырза. Маған қарайласатын адам керек емес. Шүкір, денсаулығым жақсы.
Ыңғайсызданып қалған Қалмырза үнсіз басын изеді. Ертеңіне жұмыстан бір күн сұранып екеуі таңғы астан соң базар жаққа түсті. Сара өткендегі сығанның отырған жеріне келді. Ешкім жоқ.
- Өткенде осында отырған...дей бергенде сонадайдан сыған әйелдің бейнесі көрінді.
- Мені іздедіңдер ме?
- Иә.
- Жүріңдер әлгі үйге барайық.
Үшеуі базардан ары қарай бет алды. Бұрылыстан солға бұрылғанда Сараның жүрегі дүрсілдеп үрейлене бастады. Қалмырзаның қолынан қатты қысып ұстады да аяғын адымдай басты.
- Осы үй ме? Неге соншама барлық жері қап-қара?
- Білмеймін. Мырза осы үй ғой түсіме кіретін. Ішіндегі дәліз де дәл осындай,- деді Сара тұншыға сөйлеп.
- Қорықпашы жаным. Қазір кіріп көрейік.
- Жоқ,- деп Сара бірден үзілді-кесілді қарсы болды.
- Кірмесең болмайды, - деп осы кезде сыған әйел сөзге араласты.
Есіктің алдына келген соң Қалмырза алдына түсіп Сараны жетектеп есікті ашты да, табалдырықтан аттады. Үйдің іші қап-қараңғы. Терезеден әлсіз күн сәулесі түседі. Күздің күні бұлттан бір шығып, бір кіріп ауа райы бұзылып тұрғандықтан үйдің іші қаракөлеңке. Терезенің алдында қисайып сынуға шақ қалған орындық тұр. Сара үйге кіргелі бері көзін ашқан жоқ. Қорқыныш мысын басып тастағандай, тек күйеуінің артынан жетектесіп жүр. Үлкен әрі бөлмесі көп үйді бұлар біраз аралады.
Ештеңе таппады. Артық зат түгілі сынған ине көрінбейді. Үшеуі сыртқа шықты. Не құдірет бар бұл үйде? Неге Сараның түсіне кіреді? Түсініксіз... Қайтуға бекініп, енді қақпадан шыққандары сол еді, полиция қызметкерлерінің көлігі келіп тоқтай қалды.
Ішкі істер орталығы. Үшеуі бір кабинетте отыр. Түсініктеме беруде. Не үшін жүр бұл үйде? Неге келді? Мақсаты не? Сыған әйелмен қалай танысты? Барлығын жасырмай Қалмырза жазып шықты. Үшеуін бастығының кабинетіне алып келді. Бұл жерде де Қалмырза соны айтты. Жаңадан көшіп келгенін, өзі де әскери қызметкер екенін айтты. Үнсіз отырған мес қарын сары кісі орнынан тұрды да, үшеуінің жанына келді.
- Бұл үй қазір мемлекет қарамағына өткен. Иесі болмағандықтан. Ал бұрынғы иесі қазір абақтыда. Өмір бойы бас бостандығынан айырылған. Тума-туысы жоқ. Әйелі қайтыс болған. Анығында, әйелін өзі өлтірген.
Мына сұмдықты естіген Сараның аяқ-қолы дірілдеп қоя берді.
- Кешіріңіз, жеке сөйлессек қалай қарайсыз? - деді Қалмырза келіншегінің қолын қысып отырып. Сыған әйел мен Сара сыртта орындықта Қалмырзаны күтіп отыр. Ал олар іште істің мән-жайын анықтап жатыр. Не үшін әйеліне тыныштық бермейтінін білу үшін түрмеге барып әлгі жігітпен кездесу белгілеп беретін болып бастық көмектесетінін айтты. Қалмырза сыртқа шықса Сара мен сыған әйел әңгімелесіп отыр екен. Мән-жайды айтып үйлеріне қайтты.
Екі жетіден соң Қалмырза мен Сара түрмеге келді. Жандарында мес қарын сары кісі бар. Негізі Қалмырза келіншегін мұндай жерге алып келгісі келмеген. Бірақ барлық іс Сараға қатысты болғандықтан, бастық алып келу керектігін айтты. Әлгі үйдің иесін кездесу бөлмесіне алып келді. Бейтаныс адамдарды көріп тосылып тұрып қалған жігіт ағасы, орындыққа келіп жайғасты.
- Маған келдіңіздер ме? Сіздерді танымадым.
- Иә сізге келдік ағасы,- деп бастады әңгімесін Қалмырза.
Барлығын тыңдап болған соң әлгі жігіт те өз өмірін айтты. Әйелін не үшін өлтіргенін, неге өмір бойы абақтыға тығылғанын бәрін, бәрін жасырмады. Қысқаша мазмұнда былай еді:
 Темір мен Зияда шаңырақ көтергенде келіншегі небәрі 17жаста болатын. Ата-анасынан ерте айырылған Зияданы жеңгесі үйден тезірек кетірмесем оқуға түсем деп ағасының миын ашытады, оған көк тиын да бергізбеймін, одан да байға тиіп біржола құрысын деген оймен жартылай жетім Темірге бір қозылы қойға айырбастап жіберген болатын. Темірдің де өмірден көрген қызығы жоқ, әйел кісіні бала кезден жек көретін мінезі ит мінезді еркек еді. Оның себебі анасы бұны 7-жасында араққұмар әкесіне тастап кеткен болатын. Күнде әкесінен таяқ жеп үйренген Темірдің оған еті де үйреніп кеткен еді. Анасына деген кек пен әкесіне деген ызасы қанталаған көзінен білініп тұрушы еді. 20-жасында әкесі қайтыс болып, екі айдан соң туыстары үйлендірген болатын. Келіп-келіп Зиядадай өте ақылды қызға душар болғанына шүкірінен бұрын күпірі көп болған ол, жазықсыз таяқтың астына алатын. Келген күннен-ақ таяқ жеген Зияда ажырасуды мүлде ойламайтын. Ажырасқанда қайда барады. Жеңгесі үйіне кіргізбейді, ағасы әйелінен аса алмайды. Не көрсем де күйеуіммен бірге көремін, күйеуімнің шаңырағынан өлігім шығады дегенді миына құйып алған ол барлығына төзді. Алғашқысына аяғы ауыр болған кезде де таяқтың астында қалып, ішінен тепкенде баласынан айырылып еді. Не ауруханаға барған емес, не біреуге ауырғанын айтқан емес. Тек іштей тынатын. Зияданың осы әрекеті Темірге майдай жағатын. Ешкім білмейді деп анасы мен әкесінің өшін бишара жап-жас Зиядадан алатын. Не үйі жоқ, не жұмысы жоқ, әр жерге жалданып жұмыс істеп тапқан аз-маз ақшасын үйдің ай сайынғы ақысына беріп, қалғанын талғажау етіп өмір сүрді. Зияда өмірінде жөні түзу киім кимепті. Күйеуінен қалған ескі шалбарлардың екі шетінен кесіп тарылтып, қысы-жазы тізесіне түсетін сары жемпірін тастамай киетін. Екі-үш ай сайын пәтер ауыстырып, төлей алмаса қуылып келесі пәтерге көшіп жүріп осындағы бір үйге келген еді. Үй иесі екі айдан соң бұл үйді сатамын деп, бірақ шеткі жақта бос тұрған үлкен үйін тегін беретін болып келісті. Себебі ол жақ шет болған соң ешкім сатып алмайды, мен асығыспын деп шет елге көшіп кетіп еді.
 Сол үйдің майда-шүйде тірлігін істеп көзге түскен соң болар, бәлкім Темір мен Зиядаға жандары ашып үйді тегін беріп кетті. Үлкен үйге келген соң жағдайлары біршама түзеліп үйге жиһаз алып өзгере бастады. Тек өзгермейтіні Темірдің қол көтеруі еді. Себепсіз шәй ішіп отырып көздері қанталап анасы көз алдына келе қалса Зияданың қолына ыстық шәй құйып жібереді, көлбеңдеп ары-бері жүрсе тағы анасы есіне түсіп арқасынан аямай төмпештейді. Зияда да үйренген, ондай кезде басын бұғып бүк түсіп бір уыс болып жата қалады. Әбден айызы қанып ұрған соң Темір жөніне кетеді. Ал Зияда ауырсынған денесін байлап алып үй тірлігіне кірісетін. Сол алғашқы баласын тастап қойған соң Зияда қайта бала көтере алмады. Біресе оған қуанады, тусам баламды да ұрып өлтіріп қояды, құдай сол үшін бермей жүр деп. Біресе мұңаяды, балалы болсақ өзгерер ме еді деп... Солай күндер өтіп жатты. Әдеттегідей сырттан кіріп келген Темір шәй дайын емес деп терезе алдында тұрған пышақ қайрайтын үлкен қайрақты лақтырып кеп жібергенде оқыс бұрылған Зияданың бас пен денені біріктіріп тұрған оң жақ желке тұсына сақ етіп тиді де, сұлқ түсті. Темір үндемей тұрды да, біраздан соң тұрады өзі деп үстінен аттап бара жатып қанды көзі шалып қалды. Еңкейіп қараса келіншегінің құлағынан қан кетіпті. Дереу тамырын ұстап көріп еді, үзіліп үлгеріпті...
Көршілері әдеттегідей түсініксіз отбасының тағы да айқай-шуына бойы үйренгендіктен мән бермей өте шығатын. Бірақ бұл жолы шыдай алмаған жас бала үйге жүгіріп кірді де жаңағы көрініске куә болды. Ертесіне өмірден еш қызық көрмей кете барған Зияданың жаназы болып, мәйіті жер қойнауына тапсырылды. Екі күннен соң әлгі жас жігіт полиция қызметкерлеріне ата-анасымен бірге барып бәрін баяндап берді. Сол күні-ақ Темірді полиция қызметкерлері алып кетті. Ал көршілер оны көшіп кетті деп ойлаған болатын. Содан кейін бұл үй қараусыз қалыпты.
 Өмір бойына бас бостандығын өзі сұрап алған Темір үйді үш-төрт жыл өткен соң мемлекет қарамағына өз еркімен өткізіпті. Әрине өзі сұрап алғанға жазаны бере салмайды. Онсыз да заңды түрде сол шешім шыққалы тұр еді. Темір оған титтей де ренжіген жоқ.
- Қазір абақтыда жағдайым жақсы, бастысы, мақсат жоқ, алдағы өмірді ойлап уайымдамайсың, ал Зияданың обалы маған, екі дүниеде де мойныммен көтеруге дайынмын ,- деп әңгімесін аяқтады Темір.
- Онда неге менің түсіме кіре береді бұл үй? Тағы бір келіншекті көремін. Теріс қарап тұрады. Бірақ бұрылғанда өзім болып шығады. Неге маған тыныштық бермейді. Өлетін шығармын мен бір күні, - деп налыды Сара.
- Мүмкін Зияданың рухы тыныштық іздеп жүрген болар. Ол үйге сізден басқа ешкім назар салмаған, тіпті қызықпаған. Сол үшін де Зияда сіздің түсіңізге кірген болар. Білмеймін ғой енді, бірақ өзім солай ойладым. Ол қайтқалы биыл төртінші жыл. Бірақ артынан ешкім құран бағыштамады. Менің халім мынау...- деп Темір төмен қараған басын көтермеді.
- Мен қалай ойламағанмын? Жеті нан таратып, құдайы беріп, құран оқытуды қалайша ойламадым Мырза?- деп Сара күйеуіне қарады. Олар қоштасып, үйіне қайтты. Ертеңіне-ақ сол үйді бір күнге жалға сұрап, жан-жағын реттеп іске кірісіп кетті. Екі күн жинап, тап-тұйнақтай етті де, сыртқа дастархан жайып, мешіт имамын шақырды. Сол аймақтың он шақты адамын шақырып ас берді. Құран бағыштады. Бірақ келген кісілер қорқа басып келді де, тезірек кетуге асықты. Мейлі, келіп дәм ауыз тисе болды деп жас жұбайлар қуана күтіп алды.
Расымен де, сол күннен кейін Сара өзін жақсы сезіне бастады. Бойындағы ауырлық кетіп, өмірге деген құлшыныс артты. Күннен-күнге ажарланып, қолы тірліктен босамайтын болды. Баяғы түс те қайта мазаламады.
Енді ғана көңілі тыныштық тапқандай Сараға бір ой келді. Кешкі ас үстінде өз ойын күйеуіне айтты. Түйіліп қалған Қалмырза:
- Есің дұрыс па? Не бар ескі үйде?
- Несі бар? Әп-әдемі етіп ремонт жасаймыз.
- Сен қорқасың ғой.
- Қорықпаймын.
- Бірақ, ол мемлекеттің меншігінде. Бізге берер ме екен?
- Сен әскери қызметкерсің. Жалға сұрасаң беретін шығар. Бір жыл боламыз емес пе мұнда?
- Рас айтып отырсың ба?
- Ия да, - деп күлді Сара.
Бір жетіден соң Қалмырза мен Сара сол ескі үйді жалға алды. Ақ түске бояды. Есік-терезелерді шамалары келгенше ауыстырды. Алды қыс болған соң бақшаға ештеңе еге алмады. Тек арамшөптен тазартып қойды. Ерте көктемде қолынан келгенше бақшаны реттеп гүлдер мен көкөністер екті. Жазда жап-жасыл жайқалған бақ болып шыға келді. Бұл көшеден де адамдар өте бастады. Ал күз келгенде Сара мен Қалмырза қимай-қимай өзге облысқа жұмыс бабымен ауысып кетті. Бірақ қанша уақыт өтсе де, осы аймаққа бір барғысы келіп жүретін Сара осы жазда амалын тапты. Қазір екі баласы бар жас ана. Жазғы демалысты пайдаланып күйеуі, балаларымен төртеуі баяғы үйге келді. Көріп танымай қалды. Кішкене ғана село үлкен болып гүлденіп кетіпті. Ал баяғы үй мемлекеттік бала-бақшаға айналыпты. Кішкентай сәбилер кіріп шығып ойнап жүр. Сара мен Қалмырза ешкімге ештеңе деместен қайта келген іздерімен артқа қайтты. Жолай полиция қызметкері бөлімшесіне соқты. Темірмен тағы бір кездесу сұрау үшін. Баяғы мес қарын сұрастырып көріп еді, өкінішке орай Темір абақтыда өз-өзіне қол салып(асылып) өмірден өтіп кеткен екен... Көңілдері түсіп көлікке отырған Сара мен Қалмырза үнсіз ойланып келеді. Екеуінде де бір ғана ой.
- Бәріне Темірдің анасы кінәлі. Жас баланы қатыгез өмірге тастап кеткен,- деді іштей екеуі.
Соңы...

 






Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу