21.11.2021
  258


ТЕРІС БАТА

Біздің Өтеулі тұқымынан Бабас дейтін кісі өткен екен. Бабастың Қабаш дейтін інісі болыпты. Қабаш жегжат-жұрағат, тамыр-таныстарды аралағыш екен. Үйден бір аттанса, бір айсыз оралмайды екен.


Бір айдан кейін таты да атын ерттеп жатқанында Бабас оған:


─ Әй, сен қайда тағы да.... — десе, Сендерге ұқсап қашанғы үйкүшік болып отырайын. Отырсаң, өзің отыра бергін. Менің қатыным жоқ. Сен қатыныңды құшақтап жата бергін, — деп ағасына арс ете түсіпті.


─ Қабашжан-ау, қолымызды мал қысқартып отыр ғой.


─ Болашақта қолыңның ұзаруына менің түгіл сенің де көзің жетпейді. Менің қайда жүргенімде ісің болмасын? — деп аттанып кетіпті...


Үш айдан кейін Түлкібастағы темір дейтін елден адамдар Қабаштың қолын байлап ауылға алып келіп:


─ Міні сұм аяқ туысқанды Шымкентте бізден ұрлаған атты сатқалы тұрғанында ұстап алдық... — депті.


─ Қатар жатқан ел едік. Аттарыңыздан түсіңіздер. Дәм үстінде отырып келісімге келелік, — деп, Бабас қол қусырып, тізе бүгіп жалына, тілегімді қабыл етіңіздер деп жылапты. Айыпты ауыл төрт аяғынан тік тұрып дауластың, жиналған билердің алдында шала жүгіріп, күтіп қызмет істеумен болыпты. Мейлінше егіл-тегіл шашылыпты...


Басқарып келген шонжар Әлмембет бидің баласы екен.


─ Олар да бір қауым ел ғой. Жөн-жоба білетін кісілері бар шығар. Мына жігітті ауылына алып барыңдар, ─ деп кіші баласымен үш жігітті жұмсаған екен. Бидің өзі келсе, салмағы өте ауыр түсетініне түсінген біздің елдің билері лайықты жөн-жоба таба алмай қиналып отырғанда Бабас:


─ Менің алты қарам бар. Маған тағы алты қара керек...


─ Неліктен? — деп біреуі сөзін бөліпті.


Тоғыз қара айыпқа деңіздер; үш қара сіздердің биліктеріңізге, — дегенде:


─ Дұрыс айтасың, Бабас. Әлмембет бидің келгенінен келмегені бізге ауыр түсіп отырғанын түсініп айтқан сөзің бұл... — деп күрсініп, — жетпей жатқан үш қараны мем берейін, — депті.


─ Ойбай, биеке! Жасыңызға құлдық, — деп қол қусырып Бабас орнынан ұшып тұрады.


─ Сабыр ет. Сөзімді аяқтаған жоқпын, — деп қолын сермеп, менің бабам Имашқа қарап, — ал, Имаш Әжі баласы не бермек? — дейді.


─ Біз де бір жылқы береміз ғой, биеке.


─ Ал, Ақабай, Имаштан сенің жолың үлкен ғой, — дейді би біздің бір ұрпақтың үлкеніне.


─ Біз де қатардан қалмаспыз, биеке.


─ Енді алтау емес, тоғыз қара болды... — деп мұңайып төмен қарап жер шұқып, — жетеді осы да. — Басқа билерге қарап: — Осы жолы екі тізгін мен шылбырды маған беріңіздер. Кейіннен көре жатармыз, — дегенде басқа билер «Сіздікі сөз, сіздікі сөз» десіпті бір ауыздан. Сөйтіп, Бабастың есебінше жетпей жатқан үш қараның да орны толыпты.


Айып төленді, даушылар аттанды. Барын беріп, қара жерге отырып қалған Бабастың үйі ауылда қоныста. Ауыл сыртынан «Ұрының ауылы», Бабастың үйі «Ұрының үйі» деген қара таңба әркімнің бетіне шіркеу...


Сейсенбі базарында біреу біздің базаршыларға «Ә, сендер ұры ауылдың жігіттері екенсіңдер ғой» депті. Базаршыларымыз «елге қарауға бет жоқ» болып «салы суға кетіп», еңселері түсіп қайтыпты.


Оны естіген Бабас Қабаштың шашын ұстарамен қырып, құйқасын маңдайынан желкесіне дейін, самайынан самайына дейін тіліп басына тұмақ үстіне айналдырған тон (шуба) кигізіп, қолына таяқ ұстатып, «қайда барсаң, онда бар » деп теріс батасын беріп, ата қонысынан шығарып салыпты. Сол заманда қарғыстың ауыры «теріс бата», жазаның ең ауыры «қасқа» етіп елден қуып қаңғытып жіберу екен.


Сол Бабастың ең кенже баласы менің көкем Момынқұлмен жасты Орманқұл еді.


Бұрынғы аталған нағашымыз Текебай бидің кенже ұлы Құлжабай да бұлармен құрдас болатын.


Орманқұл қырықтан асқанша кедейшілік қолын кесіп үйлене алмаған, ал, Құлжабайдың атастырылып қойған қалыңдығы өліп, ол оның 8-9-дағы сіңлісінің тағы да 8-9- жасқа келуін күтіп лажы жоқтан доғарылып жүрген. Екеуі де бойдақ. Ол кезде жастары отызға шалып қалған, 27- 28-дегі шамада болуы керек.


Қысқы шілде кезінде құтырған бораннан шыға алмастан Құлжабай біздің ауылда жатып қалды.


(Описать зимний вечер и «Сұр мерген» с уста Құлжабая, как он смастерил мне садак; Второй вечер — игра на домбре Орманкулом слова сұр бойдақа привести; Третьи вечер — Қарағұл в исполнения Құлжабая.)


Құлжабай мінез жағынан ағасы Серкебайға мүлдем тартпаған. Ол сабырлы, орынды, биязы, өзін-өзі қай жерде болса да ұстай білетін байсалды, орта бойлы, қара торы жігіт еді.


Ұйытқып қар түтеген боран күндері Момынқұлға:— жүр, мал тамға барып келейік, — деп қымтана киініп, үйден шығып бірер сағаттан кейін үсті-басы қас кірпігіне дейін қар болып келетін.


─ Уһ! Астапыралла, ұйытқып үйіре борап тұр. Еш жаққа қаратпайды, тыныс алдырмайды. Жотаның жазы жақсы болғанымен, қысы тапа қиямет қайымның өзі ғой, ─ деп киімдерін шешіп қарын сілкілейтін. Кешкі тамақта ертегілер, жұмбақтар, күлдіргі әңгімелер айтып отыратын.


─ Ой, қарағым, сен болмасаң, әсіресе, қараңғы мына түнде ішіміз пысып жарылып кететін екенбіз ғой. Әсіресе, сенің айтып отырғандарың мына балаларға рақат болды-ау, — деп әжем Құлжабайға алғыс айтып отыратын.


Бір кеште ол Сұр Мергенді айтып берді. Одан кейінгі кеште оны асықпастан айтып Момынқұл көкеме жаздырып отырды. Менің екі құлағым сонда, үшінші естігенде мен оны толығынын жаттап алдым. Айтып бергенімде, құйма құлақ екенсің ғой деп Құлжабай арқамнан қақты. — Ә, нағашысына тартқан ғой, — деп әжем мақтанып қалды.


Оның ертеңіне әкем аспаптарын дүкен құрып, Момынқұл су жылытып, балшық илеп, одан әкемнің айтуынша қалыптар құйып, мен үлкен табаншаның үстіне ағаштан күркешелеп отын жағып, көрік басып отырмын.


─ Ал, aпa, күн қысқарсын, бәріміз де тірлік істеп отыралық, — деп әкем шақшиып зерігіп отырған қыз балаларға қолын нұсқап, — сіз мыналарды қарап отырғызбаңыз, ─ деді. Әжем орнынан тұрып, үлкен алашаны жүк үстінен алып бөлменің бір босағасына жайып:


─ Сен, балам, ауызғы бөлмеден бір қап жүн алып кел, — деп ішіндегі үлкені Үбианды жұмсады. Өзі мүшектен екі ұршықты алып келіп төселген алашаның төр жақтағы бұрышына қойды. Үбиан алып келген жүнді алашаның ортасына үйіп, қыздарға: «Сен мына жерге, сен мына жерге отыр» деп алашаның үстінен орындарын көрсетіп, өзі де көрпешіктің үстіне жайғасып отырып:


─ Сен екеуің жүн түтесіңдер, — деді Әлиман мен Құрманкүлге, — бірақ та асықпастан жақсылап түтіңдер, — деп ескертті оларға. Үбианға қарап: — Ал, мынаның біреуін біз екеуіміз ұршық иіреміз, — деді. Әжеме «Мына кемпір бізге не істе дер екен?» деп отырған келіндеріне көзі түсіп кетіп:


─ Үйлеріңді сыпырып, ыдыс-аяқтарыңды жуып, күлдеріңді шығарып, қазан-ошақтарыңды реттеп, тамақ пісірудің қамына кірісіңдер, сендерге сол да жетеді, — деді.


─ Әпке! Маған да бір нәрсе істе деңізші...


─ Сен қонақсың ғой, қарағым...


─ Мен қашанғы қонақ болып отырамын?


─ Ыңылдап өлеңіңді айтып отыра берсеңші, қарағым, Құлжатай, — дегенде бәріміз күліп жібердік.


─ Сондай да тірлік болады екен-ay,— деп Құлжабай да күлді.


Жүн түтіліп, ұршық иіріле бастады; көрік басылып, көмір оттанып, күміс еріп, еріген күміс қалыпқа құйылып, қорытындының беті қарайып қатая бастағанда, ол қыш қатып алынған темір тегенедегі суға тастағанда, су баж етіп шашырап, бу шығып, суыған күміске темір төс үстінде балға соғылып, үй сыпырылып, әрқайсымыз өз тірлігімізбен отырғанымызда байқамаптық, қайдан алып келгенін қайдам, Құлжабай жуандығы ортан саусақтай, ұзындығы төрт бес қарыстай талшыбықты бәкісімен жонып отыр екен...


Сосын біздің үйде «өндіріс цехтарының» жұмыстары қыза бастады. Әркім өз тірлігімен бірімен-бірінің ісі жоқ, орысша айтқанда воцарилась настоящая производственная дисциплина...


Түскі тамаққа қою майлы быламық істелген екен. Сол кезде біздің ауылда сұйық тамақты да «екеуара», «үшеуара» бір табақтан (ыдыстан) бір қасықпен ішетінбіз.


Быламық біздің дарқан елге таралған ас түрі, «ішсең тамақ та, сусын да» деген сөзді кәдімгі «густой бульон», «крутой бульон», «майлы сорпа», «майсыз сорпа» дегендеймен тең.


Атала — быламықтың ең суығы. Оны нанмен ішеді. Оны күбіге құйып ашытса, «ашыған быламық» дейді. Айран қатса, ол «ақ быламық» деп аталады. Сүтке пісірсе, «сүт быламық» дейді. Ол сусын ретінде ішіледі.


Қара быламық — тек суға піскен қою быламық. Оғам езілген құрт қосса, «құрт быламық» дейді. Май салса, «майлы быламық» дейді.


Кімнен үйренгенін білмеймін, быламықты біздің үйде қазанды қырып, оның ішін құйрық маймен шажылдатып бықсытып майлап, одан соң табаншаға қыздырылған ұнды себелеп салып, түбі тесік ожаумен араластырып тұрып пісіретін. Шыжғырылған май қуырылған үн быламықтың дәмді болуына анық себеп. «Быламық бетінен суыйдының» әкесі біздің алдымыздағы быламықта. Ол қою болғандықтан тез суымайды, бетінен жұқалап қана суыйды. Абайсызда қасығың тереңдегенін ұрттасаң, ыстық желімдей тіліңе жабысып, шоқ басқандай күйдіріп «уһ, уһілетіп!» бет-аузыңды қызартып, көзіңнен жас шығарады.


Құлжабай тамақ үстінде быламық туралы бірнеше күлдіргі сөздер айтып отырады...


Бір үйге таныс емес алыстан келе жатқан жолаушылар түстенгелі түсіпті. Шайдан кейін біраз уақыттан кейін біреуі далаға шығып келіп жолдасына:


— Тұр, аттаналық, — депті.


Тамақ қойылмағанын сезген жолдасы орнынан тұрмастан отырып алыпты.


─ Әй, тұрсаңшы, — дегенде:


─ Ішсем тамақ болмайды шай, қызыңды...


Әтшу десем жүрмейді тай, қызыңды...


Ат бер десем бермейді бай, қызыңды.


Шайды шығарған қай қызыңды...


Біздің елде жұқпа дейтін тамақ болады. Қамырды жұқалап жайып, ысыған қазан түбіне кептеп жапсырып иісіреді. Қазан түбіне қамыр жабысып күйіп қалмас үшін қазанның түбін майлап отырады. Жұқа піскен нанды қатырма дейміз.


Қатырманы не суға, не сүтке салып қайта пісіріп, балбыратып үстіне сары май салып, осы заманда блины деп орап жейді.


Бір үйге қонақтар келгенде, үй иесі сараң бай кісі әйеліне:


─ Қонақтарға жұқпа істеңдер, — депті.


Қонақтардың үлкені:


─ Жұқпайтын болса істемей-ақ қойыңыздар, құдағи, — деп орнынан тұрып шығып кетіпті...— деген сияқты әңгімелерді айтып Құлжабай нағашым күлдіретін.


Түскі тамақтан кейін Құлжабай шыбықтарын қайтадан жонуға кірісті. Кейбіреулерін істіктеп жатыр. Жуандау шыбықтың екі ұшынан ұстап иді де, алға созып қарады да, кендір жіппен екі басынан байлап болып, жонған, үштелген шыбықтың біреуін алып «садақ» пен кірер есіктің маңдайшасын көздеп атты. «Оғы» дәл тиді.


Отырғандар күлісті. Біз балалар мәз-мейрам болдық та қалдық. Әрине, садақты маған берді...


Содан бастап мен ауылдағы садақты «Сұр мерген» болдым..


Боран саябырси бастады. Үлкендер «Әй, ертең жоқ, бүрсігүні қояр» десіп отырды.


Боран басылды, күн ашылды. Бұғаудан босаған долы арыстандай Момынқұл мен Құлжабай үйді маңдайшасына дейін басып қалған нағыз үрпік қарға күректерімен тиісті, күреген жоқ — кірпіштеп ойып лақтырып, есік алдынан сыртқа жол ашты.


Қыр алаңындағы қар қалыңдығы аттың тірсегінен сәл-ақ жоғары. Үртік қар сай-жылғалардың қайда екенін белгісіздеп үре толтырып, қарменен толтырып тегістеп, мидай күнге шағылысып жатқан аппақ дастарқандай теп-тегіс, тып-типыл далаға айналдырған. Аласа үйлер қар астында ақ обалардай көрінеді. Екі-үш күн қар басып қалған үйлерді аршумен, суатқа жол салумен өтті. Бұлақтар басындағы бытырап жатқан ауылдың түтінін көргеніміз болмаса, әлі қарым-қатынас жоқ.


***


1921 жылы. Ашаршылық жылдан кейін қалған ел етек-жеңін жинап тойынған кезі. Жаздың орта шамасы. Ауыл қара жол үстіндегі жайлауда. Үлкендер қыстау жағындағы пішен шабу, егін суғару тірлігінде. Ақсай бөктеріндегі жайлауда малшылар мал басында.


Мен қозы баққан балалардың арасындамын. Шілік ойнап жүрміз. Қара жолдың үстінде бір торқасқа атты кісі:


— Әй, балалар, бері келіңдер, — деп, бізді дауыстап шақырды. Қарсы жүгіріп бардық. Ат-тұрманы, киімі біздің ауылдікіне қарағанда өзгешелеу, ширатқан қара мұртты, қырынған көк иекті, қара көз, ат жақты, қыр мұрын отыздан сәл асқан жігіт, кілем қоржынынан алып қолдарымызға бір-бір уыстан өрік салды да, қамшысын шошайта нұсқап:


─ Ана ауыл Үсен әулетінің ауылы ма? — деп сұрады.


─ Ия, — дедік біз.


─ Дәуренбай тірі ме?


─ Ия, атам әлі өлген жоқ, — деді менен екі-үш жас кіші Мырзабай. Ат үстіндегі жігіт езуін жиып күліп:


─ Сен өзің кім боласың?


─ Мырзабаймын ғой.


Жігіт тағы да мейірімдене жымиып:


─ Атаңның кімі боласың?


─ Атам мен апамның баласымын ғой. Егер сенбесеңіз, мына балалардан сұраңыз.


Жігіт қарқ-қарқ күліп:


─ Неге сенбейін, айналайын. Сендім, қарағым, сендім.


─ Бұл Дәуренбай атамның үлкен ұлы Ормантай көкемнің баласы, — дедім мен білгішсініп.


─ Ал сен кімнің баласысың?


─ Момыштың баласымын.


─ Әлгі молда Момыш па?


─ Ия, молда атамның баласы, — деп менен бұрын Мырзабай жауап қатты.


Тағы үш-төрт өріктен беріп, ауылға қарай тартты. Біз жеген өрігімізге риза болып, қозыларымызға қарай бет ала жүгірдік...


Әкем бір күміс білезікке маймөңке шауып нақыстап отыр еді, сырттан:


─ Момыш? Үйдемісің? — деген қырылдаңқырау қарт дауыс естілгенде, әкем орнынан ұшып тұрып сыртқа шығып:


─ Ассалауым Алейкум!


─ Уағалайкум Салам.


─ Үйге кіріңіз, Дәуеке... — деді.


Дәуренбай ақсақал төрге отырып, кеудесіне барлық омырауын қаптаған (жас кезінде ол кісіні жеңгелері қабасақал дейді екен) аппақ сақалын сипады.


─ Әй, сен бара бер, — деді маған әкем.


─ Отыра берсін. Ешқандай оғаш сөз жоқ, — деді Дәуренбай.


Дәуренбай өз бетімен ауыл араламайтын, шақырмаған жерге бармайтын, жоғарыда айтылған Бабастың үлкен баласы еді. Сол кезде жетпістен асқан болар.


─ Ал, Дәуеке. Екі құлағым сізде, — деді бірнеше тыныс алғаннан кейін.


─ Сенер-сенбесімді білмей отырмын, Момыш.


─ Неге? Не боп қалды, Дәуеке?


─ Өлген тірілді дегенге сенесің бе?— деп үлкен қара-көк көзімен әкеме тік қарады.


─ Сен десеңіз, сенейін, — деп әкем езуін жиды да, — жұмбақтамай-ақ айта берсеңізші.


─ Жұмбақ па, әлде шынымен ақиқат па. Сенер — сенбесімді білмей отырмын дегенім сол.


─ Тәйір-ай, енді не болса да айтсаңызшы, — деп әкем тықыршып тағы да жымиды.


─ Жүр біздің үйге. Естіріңді сонда есітерсің, — деп Дәуренбай орнынан тұрды... Олар кетті. Мен аң-таң болып үйде қалдым.


Әкем түн ортасында қайтты... Мал өргізіп болғаннан кейін өзі Дәуренбайдың үйіне қарай бет тартты, жұмбақ үсті жұмбақты шеше алмай мен қалдым: «Кешегі жігіт кім екен?», «Дәуренбай атам неменеге сенер-сенбесін білмей жүр екен?», «Әкем неғып ол үйге тағы кетті?», «Өлген тірілді дегенге сенесің бе?», «Сен десеңіз, сенейін...»


─ Шырағым-ау, сен әлі үйде екенсің ғой. Басқа балалар қозыларының соңында жүр ғой, — деген әжемнің даусынан селк ете қалып, ұшып тұрып, үйден жүгіре шықтым...


Екі күннен кейін қозы басында жүріп көрдім, қара жолмен екі салт атты батысқа қарай жүріп барады. Біреуі бұрынғы күнгі бізге өрік берген торы қасқа атты жігіт, біреуі көк дөненнің үстіндегі Мырзабайдың әкесі Ормантай.


Үшінші күні Мырзабай да қозы басына келді.


─ Қайдан білейін. Мені атамның үйіне жолатпай қойды. Өздері әйтеуір күбірлесіп сөйлеседі. Басқа ауылдан да, осы ауылдан да атамның үйіне молда атам, Аққулы атам, Тоқ Мырза бізге еш нәрсе айта алмады.


─ Молдеке, ана күні Дәуренбайдың үйіне келген жігіт кім екен? — деп сұрады әкемнен бір туысымыз.


─ Ормантай қайтып келгенде, бірақ білесіңдер. Әзірінше сабыр ете тұрыңдар,— деді әкем оған...


Осы кездегі Вездеходтың түпкі бабасы біздің елдің тілімен айтқанда Сарт арбасы болады.


Сарт арбаның дөңгелегі екеу-ақ болады. Олардың күпшегі ат бойымен тең. Шеңбері үлкен шаңырақтан артық болмаса, кем емес. Жалғыз аттық арба…


Орта Азияда атам заманнан сулы егісті кәсіп еткен. Егінді суғару үшін сайдағы бұлақ суларын, өзендерден арықпен бұрып суды қырға шығарған. Егінді суғару үшін арықтар системасы жиі қолданған. Арықтың ені бір-бір жарым метрге дейін, тереңдігі отыз-елу сантиметрге дейін. Арықтар үлкен дөңгелекті арбаға кедергі емес — оның шеңберінің кең арықта бәшбайына келмей, ол оған шалшықтап тығылмайды орысша айтқанда буксовать не будет, ибо говорит его колеса несколько раз превышет ширину любого арыка — оның дөңгелегінің үлкен шеңберінің оннан бірі арықтың ана шетімен мына шетіне тиіп «аттап» өтеді. Бұл арба тірлікке байланысты туған атам замандағы зор инженерлік шығарма екенін мен соңынан ғана түсінгендіктен жазып отырмын.


Қара жолдан үш сарт арба, бір топ аттылар көрінді. Атты топтан:


─ Сүйінші! Сүйінші! — деп айғай салып үш жігіт ауылға құйындата шауып келді.


Дәуренбай атам, көзі жыламсырап, қол-аяғы дірілдеп, қызыл түлкі терісін ұсынды, менің әкем жарты уыс майда күміс деньги (біздің елдің тілінде теңге дейді) ұсынды, басқалары да у-шуласып:


─ Жаңа туысқандар келді. Жаңа туысқандар келді! — деп жүгіріп жүр. Ауыл адамдары қарсы алуға жүрді... Жақындағанда бір шоқша сақалды шал атынан ырғып түсіп, жүгіріп келіп, алда келе жатқан Дәуренбай атамның алдына — аруақ! аруақ! — деп етпетінен түсіп жығылды.


У-шу, ығы-жығы, бұрын бейтаныс кісілер көрісіп, құшақтасып, дауыстап жылап-сықтасып, опыр-топыр араласып кетті...


«Өлген тіріледі дегенге сенесің бе, Момыш?» «Сен десеңіз, сенейін...» деген жұмбақ шешімі осыдан басталды деп екі нүкте қоя тұрайын.


Әлдеқашан ұмытылған Қабаш тіріліп елге, өзі қарабет болып қуылған ататегі, атақонысына қайтты: оның баласы алпыстан әлдеқашан асқан Бопыш:


немерелері: Ыстықұл (баяғы торқасқа атты),


Әбдіш,


шөберелері:


Айнаш,


Оспан,


Әмір,


Әлия,


бұларға қосымша (орысша айтқанда как приложение к ним) Бапыштың кемпірі мен екі келіндері.


Қабаш тіріліп қайтты дедік қой. Неге олай дедік. Енді соған тоқталық...


Қабаш жиырма бесінде кеткен екен, ал оның тұңғыш белбаласы Бопыш алпыстағы кезінде біздің ауылды бірінші рет көріп отыр. Демек, Қабаш ауылдан қуылғалы алпыс үш-алпыс төрт жыл арада екен. Олар келген жылы менің әкем алпыстың бесінде болатын. Дәуренбай атам шамамда жетпістің бесеуінен асқан шығар, демек, Дәуренбай Қабашты он бір-он екі жасында көрген деп ойлаймын.


Қабаш Ташкентке жақын Шыршық өзенінің жағасына барып бір-ақ тоқтайды.


— Ондағы бір орта диқан шаруаның үйіне жалданып жалшы болады. Күріш, жоңышқа, бау-бақша, мақта суғарып, дақыл салуға үйренеді. Кірпіш құю, үй тұрғызу, қамыс-қоғадан циновкалар тоқу, аяқ киім жамау сияқты өнерлерден де шет жағасынан хабар алып, машықтана бастайды.


Қолынан іс келетін икемді жігіттердің қатарына ілінеді. Иесін «Ләпбай» деп қол-қусыра тыңдап, «Құп болады» деп шегіне ізетпен қайрылып айтқандарын бұлжытпай орындап жүреді... Қысқасы, сол үйдің бір адамы болып сіңіп кетеді...


Екі жылдан кейін кіші кенаимды... Қолтығына қыстырып. Ізіне су құйып жоқ боп кетеді...


Бапыш сыр бойындағы, ауған шекарасындағы Термез қаласының маңындағы өзбек ауылында туады. Ауылында дейтініміз ол аумақты таза өзбектердің көбі көшпелі ел келеді.


Бапыш жетіге жеткенде Самарқанның салқын тауларының бөктеріне қоныс аударады...


— Я, балам. Біз Құлый деген ел боламыз... Атамекеніміз Алатаудың Ақсай, Көксай деген бөктерлердің етегіндегі Мыңбұлақ атанатын Жайсаң, Көгілдір жер болады. Жазы салқын, қысы қатты болады...


Құлыйлардың ішінде біз Үсен деген тарауына жатамыз. Үсен болса, Өтеулі, Батырбек, Әжі ұрпақтарына бөленеді. Біз болсақ Өтеуліденбіз. Менің атам Бабас дейтін кісі болған. Менен бір мүшелі үлкен еді... Мен ағайынмен ренжісіп, жиырма бес жасымда осы жаққа ауып кеткенмін... Ал, сендер менің бетімді жауып, асымды бергеннен кейін сол елді тауып, үйірлеріңе қосылу жағын ойлаңдар, — деп карт Қабаш кәлимеге тілі зордан келіп, жан тәсіл етіпті..


«Ол кезде менің кішкене бала кезім. Heгe ренжіскендерін мен қайдан білейін», — дейді Дәуренбай.


«Менің ол кезде тумаған кезім. Ағайын арасында бола береді той. Бапеке, ол жағын қазбалай беріп қайтесіз... Құдайға шүкір, үйіріңізге бала-шаға, немерелеріңізбен топтана қосылып отырсыз...», — депті менің әкем.


«Әйтеуір, маған бір жұмбақ», — деп Бапыш терең күрсініпті. Жаңа туысқандар ұқыпты, еңбекқорлар екен, біздің ауылға тез сіңіп кетті... Ыстыққұл ауыл совет, аудандық совет қатысып, ауылдағы белгілі активтердің қатарында болып жүрді. Оның Оспан деген баласы менімен түйдей жасты еді. Бірте өстік.


Әбдеш те болса өз қатарынан қалып көрген емес...


«Жаңа туысқан» деген жанама ат бір-екі жылда ұмытылды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу