Өлеңдер ✍️

  16.11.2021
  325


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Әлди, әлди, әй, бөпем

Әлди, әлди, әй, бөпем,
Ақ бесігің жайлы екен.
Періште перзент шаранам,
Тамырыма исің тараған.
Таланым болып өс, бөпем,
Тәніме қуат қос, бөпем.
Заман мен тағдыр түйінін,
Адамдық армен шеш, бөпем.
Ашық қой, бөпем, қабағың,
Бес елі шығар таланың.
Көшелі кемел заманың
Әлдилесін, қарағым.
Заманға ботам сай болар,
Ғарышқа барар, Ай барар.
Жеті қат жерді зерделер,
Әлемді шарлап айналар.
Анасын бөпем ұмытпас,
Кіндіктің қанын суытпас.
Жер Анасындай бөпемнің
Жүрегін ешкім жылытпас.
Азамат болар ақ бөпем,
Адамзат үшін бақ па екен?
Ұмытпа, бөпем, бесігің
Тұғырға да тең, баққа тең.
Ақ сүтті, ботам, ақтарсың,
Келешек кием – сақтаушым!
Сүтіммен сіңген махаббат
Сүйегіңменен сақталсын.
Адамға бесік – жұмыр Жер,
Саған да бесік – жұмыр Жер.
Бесігің сынды, ақ ботам,
Тербетіп сені дірілдер.
Заманың бір күн келгенсін,
Өзің де бесік терберсің.
Махаббатым мен, ақ ботам,
Аналық әлди дем берсін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу