Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  138


Автор: Дәркен Танабаев

АЛА ТӨБЕТ

Адамдардай ойлы көзбен үңіліп,
Ала төбет неге сонша қадалдың?
Жатырмысың мына өмірден түңіліп,
Достарыма мен де сендей адалмын.
Жан қияр дос қайдан табам дәл сендей,
Суық қыста аяғыңнан сыз өтіп.
Бөгде жанды жақтырмайсың еш сенбей,
Осы үйді күндіз-түні күзетіп.
Кешіргейсің кейде жүрсем түсінбей,
Достығымды көңілімнен ұғарсың.
Сағыныпсың жақсы көрер кісіңдей,
Арсалаңдап еркелеуге құмарсың.
Келген кезде туған жерге сағынып,
Қандай жақсы қуанатын жан барда.
Кейбір адам иттік қылса қағынып,
Ақ ниетін танытады аңдар да.
Адамдардай ойлы көзбен үңіліп,
Ала төбет неге сонша қадалдың?
Дегендейсің-«неге отырсың түңіліп,
Достарыма мен де сендей адалмын»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу