Өлеңдер ✍️

  15.10.2021
  340


Автор: Дәркен Танабаев

ӨНЕР ПАРЫЗ


Өнер керек үлкенге де кішіге,
Таразы уақыт баға берер ісіне.
Атам қазақ айтқан ойын тас түйіп,
Өнерсізді санамаймыз кісіге.
Өмір-күрес, күрес шамаң келгенше,
Сыбағаңды сыйға тартқың келмесе.
Батпан құйрық ешкім саған ұсынбас,
Тек бәйгеде тартып алып жеңбесе.
Айла керек нар жігітке әдісті,
Қайсар жігіт бермес қолдан намысты.
Несібеңді көкпар етіп тартып ал,
Қарбаласқан өмір дода тартысты.
Жауларынан қорғанам деп өштескен,
Садақ тартқан, найзаласқан, белдескен.
Сақтау үшін сардаласын көзіндей,
Атам қазақ ғұмыр бойы қан кешкен.
Қас батырын ардақтаған даламыз.
Қайсарлықпен артық болар бағаңыз.
Ер жігітке жеті өнерді аз көрген,
Елді қорғау парыз деген бабамыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу