Өлеңдер ✍️

  14.10.2021
  181


Автор: Бауыржан Үсенов

Бірде менен бір қарындас: «қызыңыз бар ма?», - деп сұрады

Қарындасым-ай қиылған,
Сыйладың маған тағы елес.
Бақытым маған бұйырған,
Сор болып келген бақ елес.

Қинама айтқын деп менен,
Төгілмей жасым тұр шаққа.
Ғашықтық сезім көктеген,
Ұрынып қалған бұршаққа.

Аруды сендей мен сенген,
Басқа жан кеткен жар қылып.
Батпаққа батып белшемнен,
Шыға алмай жүрмін малшынып.

Бір рет оңбай алданғам,
Осындай сырым бар, айнам.
Аумаймын қазір арланнан,
Ызадан көзі қарайған.

Басыма орнап түнек түн,
Ақын боп солай кетіп ем.
Өртеніп кеткен жүректің,
Көсеме күлін, өтінем.

Өтінем, қалқам, сұрама,
Тырнама жанды, жетеді.
Әйтпесе сені бұл ағаң,
Сабақтан қырқып кетеді.

Жапырақ жайлы бір өлең

Кеше ғана биікте ең,
Бүгін жатсың табанда.
Жапырақ-ау, жағдайың тимеді оңай маған да!
Құлағанды биіктен
Кім сыйлайды бұл күнде?
Қансыраған жүректей жерде жатып бүлкілде.
О, бүлкілде, бүлкілде,
Шірігенше бір тынба.
Ағаш сені не қылсын, қабығы бар сыртында.
Бұтақ сені неғылсын, тамырлар бар нәр берер,
Қыстай қатып,
Көктемгі жылылықпен әлденер.
Жапырақ-ау, жапырақ,
Сары аурудай сарғайған,
Ғұмыр дейтін –
мәңгілік таусылмайтын қан майдан.
Құладым деп қамықпа,
Өлдім ғой деп түңілме,
Терегіңнен серейген дің де қалмас түбінде.
Алты ай бойғы армансыз
Ғұмырыңа тәубе де,
Сені таптап жүргендер түсе берсін әуреге…





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу