Өлеңдер ✍️

  30.09.2021
  209


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Ол елімнің тарихи ескерткіші

С. Ерубаевтың сексен жылдығына

Қарадым суретіңе қалдым қайран
Жүзінде нұр ойнаған аумай айдан
Бүлдіршін балалық пен даналықты
Тәңірім тоғыстырып қалай қойған.
Рухты жан екенсің асып туған
Өмірге осыншама ғашық туған.
Қазақтың аспанында үркерінің
Бірісің ажал мысын басып туған.
Бір туар бірегейі жас дарынның,
Мәңгі от алауындай жас жалынын,
Ескерткіш мәрмәр тақта тұр бетінде,
Ең Тұңғыш Қазақстан жастарының.
Еңбекпен ғана құрыш шынығарын,
Барлаған дара дүлдүл ұлы дарын,
Ерлігін Островскийдің қайталаған,
Білсе ғой әлем қазақ ұлы барын.
Киелі Түркістандай топырақтың,
Перзенті асыл туған аруақтың.
Сен болдың бірі биік тіреуіштің.,
Көтерген алыптар тобы шаңырақтың.
Еңбегің қалды артында ұлан-ғайыр,
Өзіңсің жез таңдайлы ұлы шайыр.
Өртеген өзегіңді халық қамы,
Ер туса дедің елге етсін қайыр.
Көздемей өз мүддеңді бақпай бойың,
Халық үшін бар қайратың ақыл-ойың.
Жұмсаған жайсаңым-ай аққан жұлдыз,
Тіріде жасамаған ешбір тойын.
Қазақтың тарихында Саттар барын,
Кім ұмытар лаулап келе жатқан жалын.
Жар құшу, бала сүю алаңдатпай
Халқына бойда барын ақтарғанын.
Елімнің ол тарихи ескерткіші,
Аға деуге аузы барар емес кісі
Көктеген жаңа ғана жас жауқазын,
Қалпында қалды бейнең өшпес пішін.
Киелі топырақтан бата алып,
Перзентін ұмытпай жұрты есіне алып
Саттардың көрмей кеткен бар қызығын,
Ұрпағы қызықтауда той атқарып.
Тойларың тойға ұлассын Түркістаным,
Ескермей нарықтың да мол қыспағын.
Көруге жазсын тәңір елім деген,
Бүгінгі ұрпағыңның нұр құшқанын.
* * *
Тәтем Тұрсынбекке

Мейірім бұлағы едің,
Жаның нұр жаннатта болғай!
Атыңды өлеңге өріп,
Жүрермін жоқтап жыр толғай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу