Өлеңдер ✍️

  30.09.2021
  108


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Оқып, талдап есіп ек құлақ қанып

Оқып, талдап есіп ек құлақ қанып,
Бүк-шігесін қалдырмай кіл ақтарып.
Нарық атын жамылып, желек киіп,
Капитализм алды орнап, тұрақталып.
Сонда айтылған гәптерді көзбен көрдік,
Келе ғой деп жоқшылық төрді бердік.
Көрсеқызар, айнығыш сайқал сынды,
Бақталастық, бақастық соңына ердік.
Мемлекетке еңбек ету құрметтің,
Еркі кім боп табыс тапса күреп кім.
Адамдығын сезініп, жерді нық басып
Рухы биік, құқығы тең жүретін.
Енді сорлы, жұмысы жоқ күн көрер,
Жалындырмай жұмысты оған кім берер.
Біреуге еңбек ету құлдық қамыт қой,
Намысты ер қорланғаннан күнде өлер.
Мақтан еді қызыл болу бір кезде,
Билік алған кедей-кепшік дүр кезде.
Судай аққан судыраққа дес беріп,
Билік кетті, бүгін халі мүлде өзге.
Шыдай алмай сауда атты құзырға
Кейбіреулер теңейді оны қызырға.
Кешегі күн бүгін шығып есінен
Өңеш созып өзеурейді қызылға.
Тақ құмарлар өрісі әбден кеңейді,
Топ құраған көсем сымақ көбейді.
Көз үйренді таңданбайсың көргенде,
Құлжалардың орнындағы кенейді.
Бір кездері билік басқан бауырға,
Өгейсиді үйреніп қап тәуірге.
Құдай білсін дәуірлерін кім болып
Желтоқымды жайдақ салған жауырға.
Қыңырайдың теріс қарап сөзім үшін,
Ар алдында ашынған кезім үшін.
Халық көрдім күнелткен күңіреніп,
Тебірендім солардың төзімі үшін.
Сен, көрбілте мұнымнан нені ұқтың,
Көң-қоқысқа күні өткен ойың тұтқын,
Көрінгісі келетін сен секілді
Жағымпаздар ындыны аш, бері құлқын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу