Өлеңдер ✍️

  30.09.2021
  94


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Мұң шағамын Абайға

Ұлы баба, мен сізге мұң шағамын
Өлең сөздің сындырдық мұнша сағын.
Сөз патшасы сіз қойған түсер менде
Қайтсын ақша патша боп бұзса тағын.
Жыр тыңдауға құлықты бұрын зерек
Дейтін болды бүгін жыр кімге керек?
Құлақ біткен нарық деп жар сап жүріп,
Сыңғырынан доллардың тұнса керек.
Кеше ағалар көтерген қара шаңырақ
Қалт-құлт етіп әзірге тұр қаңырап.
Жазушылар үйі еді бүгін жалгер
Үйі болып күңірентіп тұр аруақ.
Жауапкерлер жауаптан қашып кетті
Қай мұхитты білмейміз асып кетті.
Жазушылар — бүгінгі азушылар
Деген гәптер еңсені басып кетті.
Кеңесу жоқ сөз етіп халімізді
Біреу бағып жатқандай малымызды
Өтпелі шақ бір өтер мұңайма деп
Жұбатамыз біріміз-бірімізді.
Қаламгерлер үйі еді әп-әдемі
Әлі күнге бітпей-ақ қойды әлегі.
Бұлғалақ іс, бұлдыр сөз бұлаққа аққан
Жазушылар үшін жоқ еш көмегі.
Ұлы баба, осындай сыңай болды,
Саудагерлер ұйысып құдай болды.
Ел тағдырын шешкен сөз ер тағдырын
Босағада көз сүзген құмай болды.
Өнер алды болған сол сөз үрдісі
Бас жармаса, тас жарар болған күші.
Жаңғағымен нарықтың жараса алмай
Түр сынарман сырқырап азу тісі.

06.07.1994 жыя.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу