15.09.2021
  24


Автор: Әнуар Әлімжанов

Қарасұңқар көпірі

(повесть)


Ол екінші бүйіріне қарай аударылып жатты, — сол иығы ұйып қалған екен. Ұйқысы шайдай ашылса да тұрғысы келмеді. Әлі тым ерте болатын, таңғы бозғыл жарық киіз үйге енді-енді ғапа сығалай бастаған, май айының аяғы болса да таулы өлкенің сызды салқыны тұла бойын тоңазытып, иығын сырқыратып жіберді. Жейдесі тым жұқа еді. Ол көрпесінің шетін сипалап тауып, иығын қымтай түсті. Көзін жұмып тағы да біраз мызғып алғысы келген.


Тыныштық. Таңғы алакеуім шақтың тұңғиық тыныштығын тырс етіп бұзар ештеңе жоқ тәрізді. Көгілдір шыңдары көкті тіреген асқар таулар да, онан былайғы көсіле түсіп бір шеті сонау шексіз көкжиекпен ұласып жатқан шалқар дала да әлі мүлгіген ұйқы құшағында. Басы әлгі мұзды шындардан сансыз бұлақ боп басталып кеп бір арнаға тоғысқан тау өзені сол шалқар даланы қуалап кетеді. Ол бұлақтардың тоғысар тұсы осы үйдің шығысында он бес шақырымдай жерде, Сол тұста төңірегін жақпар тастар қоршаған терең құзар аңғар бар. Шыңжаң мен Қазақстан жерін екіге бөліп тұрады. Әлгі тау өзені сол арадан басталып әуелі батысқа қарай заңғар шыңдарды жағалай ағады да, кенет бетін терістікке қарай кілт бұрып, әлгі, жазда қаталаған ыстық, қыста үскірік жайлаған шалқар даланы бойлайды.


Жол-жөнекей екі жағы бірдей шілік тал мен арша, үйеңкі сыйысқан биік жарқабақ. Тар қыспаққа көнгісі келмей бұлқынған тау өзені екі жақ жарқабақты кезек тепкілеп, ағаштарды түп-тамырымен қопарып тулап ағады. Кейде жел мүжіген зіл жартастарды да қағып әкетіп, домалатып, илектеп жібереді. Өзеннің сағасынан бастап сонау жазыққа шығып жуасып, момақан ағатын ұзына бойына өткел беретін бір ғана тұсы бар. Ол Қарасұңқар көпірінін тұсы.


Жазықтан келген барлық сүрлеу, соқпақ атаулы осы көпірге жетіп түйіншектеледі де, онан әрі еткен соң, қайтадан, тарқатылған өрімдей тарам-тарам болып тауға, жайлауға қарай кетеді.


Сүрлеу жолдар жылына үш ай ғана жанданады. Қазір құлазып бос жатыр, Ертең, яки бір аптадан соң қырықтықтан шығып тоғытудан өткен, дәрі сасыған отарлар осы арадан қаптай жайылып көшеді.


Ал әзірге төңірек тегіс мүлгіген тым-тырыс күйінде, егер тулап аққан тау өзеннің сарыны болмаса, шөптің қалай өсіп, жуындық қалай гүл ашқанына дейін естуге болар еді.


Қызыл гүл бүрлерінің біртіндеп орауы жазылып, қалай гүл ашатынын қарт ойша долбарлаған. Сонысына өзі сәл күле түсіп, өзеннің бірқалыпты сарылына құлақ тосты.


«Түнге қарай етекке түсетін сыз тұман жусанды даланы шыққа бөктіріп, енді жылжып тауға өрмелеп бара жатыр-ау, қазір», — деген ой келді қартқа.


Ол көзін ашып жатқан. Таң рауаны аппақ болып, түңдіктен бүкіл киіз үйдің ішін жап-жарық етіп тұр.


Тұрып от жақса да болар еді. Тек кәріліктің мен дейін дегені ме, әлде жалқаулық па кежегесінен тартқам, әйтеуір қимылдағысы келмейді. Соңғы кезде осындай бір жаман әдет иектеп жүр. Осы күні қылаң берген таңмен қатар жарыса тұрып, шындардың тасасынан жарқырай көтерілген күн сәулесімен жұлдыздардың біртіндеп қалай сөнетінін керуді де қойған. Әдеттегідей оянуын ерте оянатын да жылы төсектен тұрғысы келмей, өткен-кеткенді есіне түсіріп, өмір жайлы өзімен-өзі сөйлесіп жатқанды ұнататын. Кей күні ертеңгісін оған өзін-өзі күнәдан ақталдым, жастықтың салдарынан аңғырттықпен жіберген бір кездегі қатемді түзеттім деген ой оралатын...


Бір оқиғадан екінші оқиға туындап, жора-жолдастарының бірін есіне алса оған ілесе басқалары да есіне түсіп, осылайша өткен өмірі бірінен кейін бірі көз алдынан тізбектеліп өте береді, сондайда андаусыз ыстық жас әжімді бетінен жол сызып жастығына тамып жатады. Көзінің жасын жеңімен сүртіп, бас жақ тұсында ілулі тұрған орамалға қинала қол созатын. Кейде күлкілі бір жайлар есіне түскенде қарт үнсіз ғана күлімсіреп қоятын.


Осы таңертеңгі тәтті қиялға шомған шағын ылғи да сырттағы аты бұзады. Киіз үйдің іргесіне кеп пысқырынып, жер тартып тұрып алады. Қарт оған күнде бір уыс сұлы алып шығып төгеді. Бүгім қашықтау жайылып кету керек, атының да дүбірі естілмейді.


Қарт бүгін түңдіктен күннің өткір сәулесі түсіп, көпірдің күзетшісі деп колхоз берген ескі қосауыз мылтығына сол күннің сәулесі шағылысқанға дейін қозғалған жоқ.


Ақыры ол жайлап тұрып, асықпай киінді де, ортадағы ошаққа кеше кештен дайындап қойған қу бұталар тұтатты. Түтін түңдіктен шығып тіке көтерілді, бүгінгі күннің желсіз, ашық болатынының белгісі еді.


Мосыға кешкісін су толы, ыс басқан қара шәугімді ілді. Әдетінше отқа алақанын қақтап жылытпақ болсам да, онысын қойып, киіз үйдің ішіне ойлана көз жіберді, асықпай радиоқабылдағышқа келді. Бұл Айгүлдің сыйлаған сыйы еді. Ал мұны жөндеп, батареяларын өзгертіп берген ауылдағы почтаның бастығы. Өзі кеп те сөйлеген жоқ бу қабылдағыш. Тез бұзылып қалған.


Өзеннің жағасында жайылып жүрген аты басын жердей көтеріп алды да иесін көріп, тез қарсы жүрді. Қарт уысындағы сұлыны тақтайдай тегіс тастың үстіне әкеп төкті. Сұлыға қарай желіп келген атының жалынан сипап қойды. Онан соң шапанын тастап, жеңдерін қайырып, жейдесінің жағасын алшита ашып, тау өзенінің мұздай суына жуынуға бет алды.


Күн сәулесі өзен ағып жатқан аңғарға әлі түсе қоймаған. Киіз үйден бері аса қойған жоқ, белең - белең боп жатқан кей тұстарында ұйысқан алма ағаштар өскен, көктемнің ең жомарт гүлі қызыл-күрең жуындық тұтасқан бөктерден күн сәулесі әлі де алыс еді. Шыққа шылқыған тау шалғыны қарттың етігін жуып берді, бетіне салқын леп келіп, көкірегі тұнық ауаға толды, табиғаттың, сұлулығын, өмірдің әсемдігін паш етер сезімге бөледі.


Қарт шық басқам шөп үстінде теңбіл із қалдырып келе жатты. Асықпай, етігінің тұмсығымен бірлі-жарым кездесіп қалған қызыл бүлдіргеннің жапырақтарын абайлап ашып қойып келеді. Міне, бірнеше бүлдірген тауып, мүйізденген алақанына салды. Уылжыған бүлдіргендер сап-салқын еді. Соларға қарай тұрып қарт әлде баялыштың, әлде қарағанның аңқыған иісін сезгендей болды. Бірақ бұл өңірде баялыш та, қараған да өспейтін. «Жақпар тастарды жарып ескен аршаның шырын иісі болар» деп түйді қарт, тау арасындағы аңғарға көз тіге тұрып.


Өзеннің арғы бетіне таяу аңғардың басталар тұсында қау басқан ескі қорғандар тұр. Үстіңгі жақтарында тот басқан тәжге ұсап мазарлары көрінеді. Киіз үйден әлгі мазарларға қарай көпір арқылы жалғыз аяқ сүрлеу барады.


Қарт көпірге таяп кеп тік жардан қашан жасалған баспалдақпен суға түсті. Аяғына орала берген төбетті итеріп тастап, уысындағы бүлдіргенді тау жапырақтың бетіне төкті де алақанымен судан іліп алды. Мұздай су ұйқы атаулының із-түзін де қалдырған жоқ. Беті-қолын жуынды. Кең шалбарының қалтасынан көлдей бет орамалын алып асықпай сүртінді... Жайнамазын шық басқан шөптің үстіне жайып жіберді де, бетін Меке жаққа беріп азанғы намазын оқыды. Тек осыдан кейін ғана:


Біссіміллә!.. — деп бүлдіргеннен аузына салды. Маңдайына сап, дәмін алып сора тұрып, көпірдің тіреулеріне ұзақ қарады. Темір тіреулер мызғымастай мықты еді, ағынды су пышақпен тілінгендей қақ айрыла көбік шашады. Көпірдің үсті де мықты. Күні кеше ғана қарт ескі сырғауылдарын алып тастап орнына жаңалап көкіректен қиып салған, үстіне тал жауып, топырақ тастап, түймештеп қойған. Жазатайым сел жүріп, тасқын әкетпесе ұзақ -ақ тұратын сықылды. Бұл көпірден отар - отар қой, көш артқан түйелер етеді. Әрине, мәшине етпейді. Өйткені мұнан әрі бәрібір үлкен жол жоқ, тарам-тарам боп тауға өрмелеп кететін соқпақтар ғана.


«Тек тасқын болмаса екен... Шопандарға көрім болар еді де. Көпірден өтісімен малдарын көк жайлауға өргізіп жіберер еді. Әй, бірақ осы күні жайлау да бұрынғыдай емес-ау. Қиын...» — деген ой оралды қартқа, ауыр күрсініп, киіз үйге қарай аяңдады.


Киіз үйге ол кірген кезде бұрқылдай қайнаған шәугімнің қақпағы шылдырлап, лаулаған отқа асып төгілуде екен. От шыжылдап, түтіндеп, қоқырсып жатыр.


Қарт шәугімін мосыдан алып қойды. Кебежеден үнді шәйі толы темір қалбырды алды, керегеде ілулі тұрған таба нан, құрт, қант салынған қоржынды түсірді...


Ертеңгі шайын асықпай отырып баппен ішті. Қайырулы есіктің көзінде мөлие қарап төбеті жатты.


— Әй, иттің баласының деген емес пе... Адамнан қайырым күтумен - ақ өтерсің. Бірақ сол адамнан қайырым бола қояр ма екен? —деп күңкілдеді қарт. Өзі иттің алдына бір құрт пен бір жапырақ нан лақтырып тастады. Маған неменесін мөлиесің! Қайырымды деп ойлайсың - ау мені? Әй, қайдам. Өмір бойы жұртқа жақсылық істеймін деп тыраштанғанымды қайтейін, сөйтсем сонымның бәрі залал ғана боп отырыпты ғой, — деді ол дастарқанын жинастырып. — Енді міне, мен ақымақ соның бәрін қартайғанда ғана ұқтым емес пе, жұрттың бәрі өз ақылдарымен емес, менің ғана ақылыммен өмір сүрсін деп ит әуре болдым - ау. Жерұйық іздеп әулекіленгендерге қосылып, мынау көгілдір таудан асып, арғы бетке кеттім... Сөйтіп алжастым ғой.


Ит тойған жеріне, ер туған жеріне деген нақыл санама келсе, сонда. Жарықтық, бабаларымыз жат елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол деп, бекерге айтпаған - ау. Сен екеуміз не көріп, не кешпеді. Арғы бетте де тұрып көрдік, енді бергі бетте де тұрыл жатырмыз. Ондағы да бағы заманнан бері наймандарға қоныс болған өз ауылымыз еді, бұл жақта да... Қой, туралық енді. — Қарт үй іргесіне сүйеулі кетпенді алып, жүзін байқап көрді де, көпірге қарай кетті.


Төбет иесін біраз жер шығарып салды да, онан кейін үйге қайта оралып, босаға алдына кеп, тұмсығын алдыңғы екі аяғына сүйеп жатып қалды.


Қарт иттің кейін қап қойғанын аңдаған жоқ, көпір үстінде сәл аялдап, жақтау ағаштарын ырғап көрді де, онан әрі қорғандарға қарай бет алды, төбелерінде қисық қылыштар мен айшықтары шошайған атамзаманғы ескі ру таңбалары мен белгісіз ою-өрнектер салынған, арабша жазуларға таяп келеді.


Қорғандар саны жетеу еді, жазық жонның басталар тұсы тау өзенінің биік қабағында ешбір тасқын - селге алдырмайтын қыранда тұр. Шеткі қорғанның үстінде ең үлкен ғимараттың қалдықтары жатыр.


Қарт қырқаның төбесіне көтерілді. Құлпы тастардың арасымен ұзақ жүрді. Бірі бір жағына қарай жантая қисайып қау басса, кейбірі кезінде таудан әкеп, батырдың басына мәңгілік ескерткіш етіп тік орнатқан күйінде мызғымастан тұр. Қарт жазуларға үңіле қарай жүріп, мазарлардан уақыт салмағымен шетінеп түскен төрт бұрышты түзу кесектерді бір жерге жинастырын қойды.


— Бісміллә... —деп кетпенмен ептеп қана түбіне бір топ кесек үйіліп қалған қора сораны шауып тастады...


Уақыт жылжып етіп жатты: бір сағат өтті, екі сағат өтті. Арқасын күн күйдіріп шаршағандай болған соң ол бел жазып, ішіне қарай құлап терең апанға айналған, ішін шіріген шөп басқан қабірдің іргесіндегі, арасына қалың қалақай өскен, үйінді тастың үстіне отыра кетті. Шірік астынан қалақай қаулап өсіпті. Қарт теріп сүрте отырып көзімен тебетін іздей бастады.


— Әбден қартайған. Көпірден бері өтуге де ерінеді. Киіз үйдің іргесіне жете бере тағы да ұйқыға бас қойған шығар, — деп күбірледі.


Өзеннің арғы бетіне көз салған. Аты суға түсіп барып шұлғып шыбындап тұр екен. Төбеті киіз үйге сүйкей бастады.


Қартайған соң жылдан жылға бозаң тартып барды, — деді қарт тағы да, онан соң өз әрекетіне қайтадан кірісті.


Күн сәскеге көтерілген. Жылы шуақ шықтарды ұшырып, енді шөп бағанағыдай етікті жууын қойған. Күн ыси бастады деді. Зияраттың бір қуысына салған ұясын қорғап аралар ызыңдайды. Күнсіген қызғалдақтың үстінде жалп-жұлп еткен көбелектер жүр, әлде қайдан шырқау биіктен бозторғай шырылдайды.


Шөптің арасын ашып, жантайып жатқан құлпытасқа үңіле берген қарттың қолын қалақай шағып алған.


— Опырай, аштысын қарай көр. Сенің жөніңді онда қалай табайын, — деп қарт кетпенін алып, қалақайды шауып тастады.


Ашық қалған жерден қап-қара боп шіріген ағаштың түбірі көрінді.


— Астапыралла! — деді қарт кетпенін тастай беріп.


— - Бәсе, зияраттың басына ағаш отырғызбағанда қалай екен деп ем - ау... О, алла, осында ескен ағашты да шапқандары ма, сонда? Өлі аруаққа ағаштың саясы көптік қылады деді ме екен?.. Әй, адамнан жамандық артылмас...


Қарт көпірге, одан арғы жағаға көз тастады. Осында мұны жіберерінде колхоз бастығы көпірді жылда су алып кетеді деп еді. Су қатты тасиды. Бергі бетте ағаш жоқ. Ал жабайы алма мен көктерек өсетін арғы жағаға көпірсіз өту қиын.


Иә, осының бәрі мына судың кесірінен де. Атып бекерге Тентек деп қоймаған ғой. Мына көпірді де алып кетпей тұрғанда, шопандар кеші жетсе көрім болар еді.


Ол мал келетін жол жаққа тесіле ұзақ қарады. Көкжиекте шалқар даланың аспанмен астасар шегінде мұнартқан тау сілемі көрінеді. Ал одан беріде құлазыған елсіз жазық. Гүл көрпесін қымтана жамылып, бір қалыпты баяу тыныстап, тәтті ұйқыда манаурап жатқан тәрізді. Кей тұсы көгілдір мақпалға оранса, кей тұстар көз тұндырған қызғалдақтардан алаулап жатқандай болады. Сол сияқты мақпалдың да, алаулаған алқызыл да ара -арасынан күміс айдын күндіз қалған сәулесі боп даланың боз жусаны көрінеді.


Биыл ой мен қырдың бәрінде де жусан бітік өскен. Қазір май айының аяғында боз кілемше түрленіп, айырықша құлпырып жатыр. Кермек иісі тынысты қытықтап бұрқырап, ет -жүректі езердей күйге түсіріп тұр...


Кетпенін иығына салып, еңіске түскен қарт екі түп жусанды жұлып алды, —жер жұмсақ екен. Сабағынан қыса ұстап бүрлерін бетіне басқан, жұп-жұмсақ боп бетін қытықтады, сүйкімді бір дымқылдық сезіледі, қарт бойды сергітер кермек иісті кеудесін кере құшырлана жұтты.


Қарт мазарларға қайта көтерілді. Бір уыс жусанды қысып ұстаған күйде тыпыр етпей ұзақ отырды. Мынау ою-өрнекті құлпытастар мен құлаған мазарлардың ортасында өзі де солармен біріге бітісіп орын тепкен сияқты күйде еді...


Оның бірқалыпты самарқау ойын бұл өңірге бейтаныс бір гуіл бөліп жіберді. Қарт таңырқай жан-жағына көз тастаған, бірақ ештеңе көре алмады. Гуіл күшейе түсіп, мотордың дүріліне ұқсай бастады. Қарасұңқар басын көтерген, енді ғана байқады, аспанда вертолет қалықтап келеді екен.


Үлкен темір инелік күшті дауыл ұшырғандай тау жағалап қалықтап келеді. Әне, киіз үйдің төбесіне де жетті. Төбет үйді айнала аспанға қарғып, арпылдап үріп дызалақтап жүр. Мотор үні төмен түседі. Шыбындап тұрған ат та басын арғымақ кейкитіп, пысқырынып, өзенді жағалай үркіп барады.


Вертолет болса дәл киіз үйдің төбесіне кеп сазды жердің инеліктей бір орнында қалықтап тұрып алды. Есігін де ашқан, қартқа біреу басын шығарғандай боп көрінді. Әлгінің қолынан бірдеде жарқ еткендей болды. Машина күрт төмендей бастады. Қарттың қолындағы кетпен түсіп кеткен. Вертолет бір сәтке жүрісін баяулатты да онан соң қайтадан аспандап кетті.


Қарт киіз үйге қарай асыққан. Вертолет жоғары көтеріліп, енді бері қарай ұшты. Қорғандардың үстіне кеп айнала бастады. Енді Қарасұңқар кабинадан біреудің басын қылтитқанын, қолындағы затының жарқ-жұрқ еткенін анық көрді. Вертолеттің биіктігі қорғандағы әрбір құлпытасты анық көретіндей деңгейде еді. Үстіндегі адам бұған қол бұлғағандай болды да мұнан әрі вертолет қайта аспандап ұзап кете барды.


Шекарашылар болды ма екен? — деп ойлады қарт. Бірақ олар бүйтіп бір орында айналсоқтап ұшпаушы еді. Және көбіне атпен жүретін. Өздеріне баяғыдан белгілі ескі мазарды қарап несі бар олардың. Әлгі басын қылтитып көрінген адам да шекарашы сияқты емес-ау...»


Осылайша ой ұшына жете алмай дал болған күйде ол киіз үйге беттеді. Шәугімдегі қайнаған суға біраз күрт езіп ішті де сусынын қандырып, күннің аптабы қайтқанша, бір мезгіл мызғып алу үшін жастыққа жантайды. Бірақ ұйықтай алмады.


Әлгіндегі вертолеттің сонша шүйлігіп кеп, осы өңірден шұқшия ұшып өтуі, қөңілін ойран-асыр ғып қайдағы - жайдағыны есіне түсіріп кеткен сияқты. Анау жылдары, бұл арғы бетте Мұқанның сарбаздарының қатарында сары аяқтармен соғысып жүргенде, бірде күтпеген жерден бұлардың таудағы бекіністерінің үстімен өстіп айналсоқтап қалықтап ұшып өткен болатын, соның артынша бұлардың лагеріне сары аяқтар ұрымтал шабуыл жасап, түгелдей қыра жаздап еді. Аттары боп әзер жан сауғалап құтылған. Сонда әлгі самолет аспаннан бұларды шүйліге қуып, пулеметтен ақ боратқан болатын. Шынын айтқанда мұндай «құстан» жақсылық күтер жайы жоқ еді мұның.


* * *


Кабинада екеу отырған. Ұшқыш пен қолында фотоаппараты бар жолаушы. Жолаушы жігіт есіктің көзіндегі ілмекке белбеумен байланып, оң қолымен орындықтан мықтап ұстаған күйде, сол қолындағы аппаратпен төменде жатқан жондарды суретке түсіріп келеді.


— Батыров жолдас, анаң қараңыз, бір адам көрінеді. Сірә, киіз үйдің иесі болар, —деді ұшқыш жігіт.


Алайда жолаушы жігіт жауап қатқан жоқ. Оның екі көзі төмендегі бір-біріне іргелес орын теуіп жарты шеңбер жасап жатқан қорғандарда еді. Ең үлкен, жетінші қорған дәл ортада деннің төбесіне салыныпты. Сол бүйірдегі үш төбешік пен оң бүйірдегі үш төбешік кен жазыққа қарай алқа қотан жалғасқанда, әлгі ортадағы қорған тау жаққа қарай сүйірлене орналасқан. Табиғат өз тарапынан төбешіктерді бүйтіп қолмен қойғандай етіп орналастыруы тіптен мүмкін емес еді. Және ол төбешіктердің молалар мен мазарлар үшін әдейілеп қолдан жасалмағаны анық. Молалардан әлдеқайда бұрын пайда болған.


Төбешіктердің ортасы теп-тегіс жазық алаң. Қалың қолды осы алаңға орналастырып, той-думан жасауға болатындай кең еді.


— Ғажап! Осынша қорғанды қолдан тұрғызу үшін қаншама адам керек болды екен десеңші? Және ол үшін тұрғызды екен? — деген ұшқыш жігіт. — Ал, Батыров жолдас, енді қайтуым керек. Сізді мына киіз үйде қалдырайын ба?


— Жоқ, — деді Батыров. — Сірә, мен тым асығыс шыққан болуым керек... экспедиция бұл төңіректе көрінбейді. Әлі ауылдан шыға қоймаған болар, олар.


Вертолет шайқалақтап кеткенде, Батыров есіктен ұшып түсе жаздады.


— Абайла! — деп дауыстап жіберді ұшқыш. Онан сом машинасын қалыпты түзу күйге түсіріп. — Жетер, енді есікті жабыңыз! — деді қайтадан «сізге» көшіп.


— Мені Қарлығаштың маңайына, тас жолға түсіріп кет. Ал Анашқа сәлем айтарсың. Көмектескені үшін рахмет. Жомарт ауылда қалды дерсің.


— Сіздің атыңыз Жомарт па? Мен сіз туралы естігем, Анаш Ақанович айтқан болатын. Ол кісі аудандық партия комитетінде екі жылдам бері секретарь боп істейді емес пе. Өткем қыста талай рет қысқы мал жайылымындағы шопандарға бірге бардым. Қыс деген керемет қатты болды ғой, әсіресе шопандарға ауыр тиді - ау. Үш адам апат болды.


Тура бір апта бойы түтеген қарлы боран соқты ғой, сонда ұшып өлді үшеуі де. Бір қарт шопан малын тас құзар ықтасынға әкеп иіріп, қырылудан аман алып қалыпты, бірақ өзі әбден титықтап әлсіресе керек, жатқан жерінде жан тапсырған. Аштық пен суық жеңген. Қалтасында ең болмағанда сіріңкесі де жоқ екен... Иә, Анаш Ақанович екеуміз де сол жолы оңбадық - ау...


Вертолет бірде жазық дала үстімен, енді бірде бала кезден жақсы таныс тау жоталарын асып қалықтап келеді. Жомарт ұшқыш жігіттің әңгімесіне онша құлақ салған жоқ. Төменге қарай тұрып, бір кезде балалық шағында үлкен өмірге жол болған — Ленинскіге қарай асудан асып түсер сүрлеуді көрді.


Бұл өңірде Жомарт көптен бері болмаған еді, сондықтан да қазір көзіне оттай басылып ыстық тартып көрінеді. Әне, анау жайпақ тұғылда бұрын қазіргідей тоғай болмайтын, пішен шабылатын. Әлі күнге анық есінде: соғыс аяқталған соң бір жылдан кейін Ақшолақ соқыр ауылдағы шалдарға бас боп жиып әкеп, өзі сипаланып жүріп беткейдің қалың шалғынын бірінші боп орын жол салған еді.


Кейіннен пішеншілер ойға түсіп, ауылдың маңайындағы жоңышқа мен шабындықтарды да қолмен шапқан. Шабылған пішенді жинайтын адам жоқ еді. Ауылдағы бала-шаға, қатын-қалаш тегіс егін мен картопты суғару жұмысында болатын. Осы екі арада арпа пісті. Еңбек деген балаға дейін ертеңді-кеш далада. Бірақ адам қолы сонда да жетпейтін. Жомарт пен Асқар ол кезде таудағы жүмысшыларға су және сүт таситын.


Бірде әбден титықтаған шал-кемпір, балалар мен әйелдер түскі тамаққа қос басына кеп, атала көжені отырғанда, күтпеген жерден тауға тағы да Ақшолақ келген еді. Ол қолын алға созған күйде шабындықты жағалап жалғыз аяқ жолмен жеткен еді. Шебі шабылған жерге жетіп біраз жүре түскен. Қураған шөп аттаған сайын табанының астында күтірлеп үгіліп жатты. Сонда Ақшолақ соқыр екі қолын көкке көтеріп:


— Оу, жараңдар - ау! Бұ не болған! Шөп мүлде құрам боп қурап кетіпті ғой! 0, жаратқан тәңірім! Ер-азаматымыздан айырардай неден жазып ек саған?! Қалған азын-аулақ малдан да айырыламыз ба, енді! Әй, ағайын! Әй, қариялар, тұрыңдар, тұрыңдар! Енді шөптен айырылсақ алланың өзі қарғыс айтады бізге.


Ол қолын көкке созған күйде дауысы күңірене шығып еңіске қарай жүрген. Аттай түсіп, сүрініп кетті де етпеттей құлады. Ылди еңіске қарай жылтыр бетегенің үстімен домалап жөнелді.


Жұрт шу ете түсіп, өре түрегеліп, тұғылдың қарсы бетінен домалаған Ақшолаққа қарай жүгірді.


Ақшолақты қалың тікенекті бөргездің арасынан тапқан. Ақ шел басқан көзі бажырайған күйде шалқасынан жатыр екен. Тікен жыртқан бет-аузы қан-қан.


— Жә, қозғамаңдар мені, — деді ақырын ғана. — Омыртқам зақым болған сияқты...


Ақшолақ соқыр сол жылы жазда өлді. Оның сондағы тау күңіренткен дауысының жаңғырығы ауылдастарының есінде мәңгі қалған еді.


Міне, қазір де тау үстінен өтіп бара жатып, туған ауылына жақындаған сайын Жомарт сол бір көптен ұмыт болған үрейлі дауысты қайта естігендей болды...


Сонан бері қаншама жылдар өтті, Жомарт талай елді аралап, жерді көрді, алайда балалық шақтың өшпес суреттері оны ылғи да естіп бірде үрейлі, бірде егілтіп елжіретер суреттерімен қатты қусырып алатын.


Шынын айтса, осы жолы оның осынау балалық шағы өткен өлкеге келуіне де осындай бір жәй себеп болған еді. Әнеу күні келе сап бір аптадан кейін Алматыға қайта қайтам деуі тіптен орынсыз екен. Со бір аптаның ішінде есте қаларлықтай не көрдім деп қайтар еді. Үйден үйге қонақ болудан қолы тиді ме. Шарап ішуден қолы тимеді ғой.


Анашқа рахмет. Мұны қайтпақ болған жолынан тоқтатып, жазғы демалыс кезінде оқушы балаларымен жұмбақ қорғандарды қазбақ болған Асқарға көмектес дегенді айтқан: Бәлкім, биыл жазда туған ауылына кеп, жазсам деп жүрген кітабының басталуына осы қазбалар себеп болар.


Жомарт өз ойына өзі мырс етіп күлді. Осы бір кітап жазу деген ой оны тағы да иектей жөнелген. Алматыда жүргенде әбден қажаған ой, бұл жерде де мазасын кетіріп, өкшелеп қояр емес.


«Неден бастау керек?» — деген сұрақ талай түнгі ұйқысын бұзған еді. Бұрын ол жазу дегеннің осынша қиын, азап екенін мүлде білмепті. Әрине, егер уақытың болмай, ертеден кешке дейін шаруадан қолың тимей жүрсе, жазуға еш құлқыңның болмайтыны анық. Ал қазір ғой, — уақыт дегенің ұшан теңіз, жазуға деген құштарлық та бар, алайда бастай алмай дал боп жүрген жәйі бар.


Хикаяны бастап беретін алғашқы жол, алғашқы сөйлем болмай тұр. Ең бастысы ол — неден бастап, не жайлы жазарын білмей қиналуда. Әлде Арави теңізіндегі Элофонт аралының жер асты храмдары туралы, әлде Цейлондағы Адам ата шыңы мен Арыстанды тау туралы очерк, немесе бір кездері жеңіс қаласы атанған Фатехпурды, Агра мен Лахордағы ғажайып сарайларды салдырған Акбар падишахтың баласы Жиһангер ғашық болған құлдықтағы әйел — Анархали туралы жазса ма екен?..


Ол Фатехпурды Ахабардың салғызғаны туралы жазған болатын. Бәлкім, сол еңбегі басылып жарыққа шыққанын көргеннен кейінгі жерде, осы уақытқа дейінгі көрген -білгендері жайлы тағы да жазсам деген құштарлық оянды.


Үнді жеріне бір рет барып қайтқан соң, қайыра тағы да екі дүркін барды. Пакистанға, Цейлонға, Кореяға, Африка мен Европаның бірталай елдеріне, Жерорта теңізі мен Таяу Шығыс елдеріне сапар шекті.


Жол жүру деген де ауруға айналады екен. Тоқтаусыз жүре берсем, көре берсем дейді екен адам. Жомарт өзінің Отырарды қазу жұмысын баяғыда тастаған, Қазақстанның көне қалаларының тарихы жайлы монография жазбақ ойын да ұмытқан. Сапар шегіп жол жүруге деген құштарлық әдетке айналып, оның әу бастағы жоспарын ғана өзгертіп қоймай, оның мамандығын да өзгерткен. Қысқасы, ол институттағы достарының тілімен айтқанда «көшпелі» лектор атанды.


Шет елдерге ол Орта Азия мен Қазақстан халықтарының мәдени мұралары туралы лекциялар оқитын тарихшы, археолог ретінде шығатын. Ал шындығында ол тарих пен археологияны баяғыда-ақ тастап кеткен. Ендігі жерде ол тарих пен археологияның жана жетістіктері жайлы кітаптарды тек лекцияларын қызғылықты, әсерлі етіп құру үшін ғана оқитын.


Енді, міне лекцияларды да қойды. Тек көргендерін жазсам деген құштарлық қана билеп алған. Алайда жазу столына отырып, алдына ақ қағазды және жазуға толы қойын дәптерін ашып тастап, өзі сапар шеккен елдердің карталарын ақтарыстырып, өзінің әр түрлі кездескен, сөйлескен кездерін, Цейлонның ну жыныстарын кезген шағын, Африканың, Аравияның жолдарын есіне ала бастаған сәтте, ең негізгі нәрсе жетпей тұрғандай көңіліне бір дық сезім қоса оралады, — сірә, іштей ширығу, серпін, айқындылық жетпей жатқандай боп көрінеді. Ол негізгі нәрсе жәйлі жазбаса да болар еді, тек сол сезім шабытты жұмыс үстінде іштей ширықтырып отырар болса, бірақ амал қанша, ондай ширығудың жетпейтіні анық.


Әрине, ол шабытқа қанат бітірер іштей ширығу, серпін, айқындылық дегеннің бәріне бір түкіріп, өзінің і'ір кездегі тұңғыш әңгімелері мен очерктерін сыдыртып жазатын әдетінше: міне, сонымен біз самолетке немесе пароходқа отырып, пәлендей жаққа бет түзеп ұшып келеміз, яки жүзіп келеміз, жол бойы ананы көрдік, мынаны көрдік деп тізбектей жөнелсе ғой, бірақ амал қанша, бұл өйтіп, бұрынғыша жаза алатын емес.


Ол өзінің туған өлкесіне, шағын ауылына бір соғып қайтпай, ешбір жазуға, басқа өлке жайлы сапарнамаға отыра алмайтынын анық ұқты. Туған жердің тұңғиық көк аспанына, балалық шағы өткен көгілдір тауларға бір рет көз тастау, түнгі от басында сөзге сараң аңшымен яки шопанмен бір рет сұхбаттасу, шет елдерді аралаған бүкіл саяхаттарынан да мол әсер беретін тәрізді еді. Маздаған оттың түтін иісі, таудың қоңыр салқын самалы, ауылдың көне қарттарының тіршілік - тұрмыс жайындағы баяу созған әңгімесі көңілге нық сенім ұялатып, жұмысқа құлшындырар шабытқа кенелтердей көрінген-ді. Және де туған ауылы Қарлығаш пен Ақтұманы, балалық шағының құпия сырларын сақтаған туған жерін тағы да бір көрсем деген ой Жомартты көптен мазалаған.


Алайда ойға алғанды іске асыру оңай емес екен. Дәрігердің ырқы болды. Аттай бір ай бос жүрді, онан соң бірінен кейін бірі: біресе барып қайтқан сапарлары бойынша есеп жазуға, біресе конференцияларда сөйлеуге, енді бірде біреулердің диссертацияларын рецензиялауға тура келді. Ақыры шыдамы таусылған ол үш айға творчестволық тегін демалыс сұрап институтқа арыз берді.


Жомарттың Қарлығашта болмағанына он үш жыл болыпты, балалық шақтағы достары — Асқар, Зәуреш, Анаштармен де ете сирек кездесетін боп кетті. Ал хат жазуға бұлардың бәрі де құнтсыз еді. Жомарттың білетіні, Асқар сол бұрынғысынша мектепте істейді, Анаш аудандық партия комитетінің секретарь болған, ал Зәуреш болса — колхозаралық ауруханада дәрігер.


— Осы жолы ауылға . барам, — деген Жомарт әйеліне.


Сөйтіп Қарлығашқа келген беті еді. Асқар шын сағынған ыстық қуанышпен қарсы алды оны. Зәурешпен кездесу оны қатты толқытты. Оның байқағаны уақыт деген қатыгез сыншы Зәурештің тұр-тұлғасын ғана емес, мінез-құлқын да өзгертіпті. Сәл толысып, әйелге тән саябыр салқындық пайда бопты. Іскер, шаруаға мығым ұстамдылық бар бойында. Екі баласы — ұлы мен қызы тап-тұйнақтай таза, жып-жинақы екен. Асқардың да самай шашын ақ қырау шалған, өзі шаруақор, көп сөйлемейді.


Ауылдың бүкіл кәрі-жасы ертелі-кеш шаруадан тыным таппайды. Әркімнің өз міндеті бар, ең аяғы ұсақ балаларға дейін ертеңгісін малды айдап апарып табынға қосса, кешкісін өрістен қайтар кездерінде алдарынан шығып, қарсы алады, ал күндіз қозы-лақ, бұзауды қарайды. Тек Жомарттың ғана ештеңемен ісі жоқ, бос.


Жазғы қауырт шақ, ел үйлерін, қора-қопсыларын жөндеп, шөп шауып, астық суғарып, комбайнды жөндеуден өткізіп, бала оқытып, бау-бақшаларын шөптеп қым-қуыт тіршіліктің әрекетінде, ал бұл болса көзге шыққан сүйелдей сенделумен жүр. Тек кешкілікте ғана ор үй құрметті қонақ етіп күтіп, қасына ауыл мұғалімдері мен жастар жиналады.


Бір аптадан кейін іші пысқан Жомарт аудан орталығына жүріп кетті де, мұнда Анашқа жолықты.


— Қайтуға бекіндім. Аса қолайсыз кезде келсем керек. Жұрттың бәрі жұмыста.


— Сонша неге асықтың? Әлде тығыз шаруаң бар ма еді? —деп сұраған Анаш.


— Не қылған шаруа болушы еді. Іш құса боп жүрмін де.


— Ең болмаса Асқарға да көмектеспегенің бе? —деген Анаш, Жомарт оған таңырқай қарады. — Тарих пәнінен ұйымдастырған үйірмесі бар. Кіл бір талапты балаларды жинап алған. Үш жылдан бері қорған қазуға жиналып жүрген жайлары бар еді. Шынын айтқанда белгілі тарихшы, археолог деп сенің келуіңді күтіп жүретін. Асқар да өзіне қолқа сап айтқан болар.


— Айтуын айтты ғой, —деді Жомарт жүзі дуылдай қызарып.


Асқар оған экспедиция туралы бірнеше рет айтқан болатын, бірақ бұл оған пәлендей еш мән бермей сол сәтінде - ақ ұмыта беріп еді. Енді қазір өз қылығының оғаштығын сезген ол, аяқ асты бұлтара сөйледі.


— Саған келген шаруам да соған байланысты еді, — деді мүдірместен. —Әлгі қазба жұмысын бастайтын жерді көрсем деп едім.


— Бұл сөзіңнің жөні басқа онда. Жүр, үйге баралық. Ал ертең өзіңе вертолет берем, тез ұшып барып көріп қайтасың ол жеріді...


— Бәлкім, тіке ауылдың өзіне қонармыз? — деген ұшқыш, мотор шуылын баса айқайлап.


Жомарт селт етіп, ойы бөлініп кетті.


— Жоқ, жоқ! Мені, анау араға, жол шетіне түсіріп кетіңіз. Онан әрі ауылға дейін бір-ақ шақырым ғой.


— Кеше біз Анаш Ақанович екеуміз застава бастығында болғанбыз. Ол сіздің қазба жүргізуіңізге рұқсат берді. Өйткені ол жер шекараның үсті ғой. Киіз үйден небәрі үш-төрт шақырымда жайлау бар, жайлаудың ені он шақты шақырымдай болар, онан әрі дозорлар орналасқан, — деді ұшқыш қоштасар сәтте. — Ал мен кеттім, — деп шылымын сөндіріп, шетке тастады да өзі вертолетіне қарай жүрді.


Пиджагін иығына желбегей жамылып, фотоаппаратын асынған Жомарт ауылға қарай жаяу кетті.


Моторынан ескен жел шөптерді жапыра құлатып, жоғары қарай баяу көтерілген вертолет, аудан орталығын бетке алып қалықтай жөнелді.


Жомарт жол бойы, пішеннен қайтып келе жатқан екі баламен кездесті.


— Асқар аға сізді күтіп - күтіп, ақырында бүгін түстен кейін әлгі біз қазба жүргізетін қорғандарды керіп келуге кетті, — деді балалардың бірі. — Ең әуелі ол кісі Ленинскіге соғады, ал қорғандар тұрған Қарасұңқар көпіріне ертең барамын деген...


Қарасұңқар өзі жасаған көпірдің мықтылығын тағы да байқастап өтті де, онан соң мазарларды жөндеуге кірісті, өзен жағасынан кетпенмен шілік талдан қиып әкеп, қорғанның қабырғаларымен жымдастырып шетендеп тоқи бастады.


Түскі шайдан кейін азық-түлігінің қорын: сүрленген ет, үн, тұз - құртын мөлшерлеп қарап қойды да, атын суға шомылдырды. Күн ұзынға жұмыстан тек бір-ақ рет бас көтеріп, алыстан бұлдыраған сағым даладан көрінген шаңға қарады. Тауды бөктерлеп оңтүстік-шығысқа қарай кететін ескі жолдың үстінен көрінген еді ол шаң. «Мәшине шығар», — деп ойлады қарт. Қарасұңқар жаққа бұрылған жоқ, орағытып өтіп кетті.


Шаң сейілген, жым-жырт тыныштық орнады.


Тас - қиыршық төселген, тақтайдай түзу үлкен жолмен бұл күнде адам өте аз жүреді. Бұл жол бағзы бір заманда салынған екен. Кезінде жолаушылар тынымсыз ағылған деседі. Бұл жол жайлы әңгімені Қарасұңқар бала кезінен білетін, бабалары әңгімелеп отырушы еді. Бір заманда бұл жолды жібек жолы деп атаған екен, өйткені жібек пен алтын артқан, іріктеп жиған сәйгүліктер мен семіз мал айдаған саудагерлер осы жолмен жүріпті. Осы ескі жолмен он екі жасар кезінде Қарасұңқар алғаш рет Жетісуға —наймандар мен үйсіндердің, жалайыр мен дулаттардың көне қоныстарына келген болатын.


Жетісуға ол шешесінің соңынан ілесін келген еді. Ол кезде әкесі Боқо батырдың сарбаздарының қатарында жүріп, жортуыл жорықтың бірінде мерт болған-ды. Өлерінің алдында әкесі: «Балам, ержеткеніңде менің кегімді аларсың», — деген. Және қылышын баласына табыс етіп кеткен.


Бұлар Қарасұңқардың шешесінің бауыры —Дөненбайды іздеп келген еді. Лепсі, Шынжылы, Ақсу және Тентектің салаларындағы ауылдарды тегіс шарлап шыққан. Ұзақ сапар шекті. Жетісуда он жетінші жылдың аласапыраны болатын. Ақыры Дөненбайды Зайсан жақтан тапты булар. Дөненбай жүз қара жылқысы мен бір отар қойын қалай да аман сақтап қалудың жолында жан ұшырып жүр екен. Мына қонақтар оған пәлендей қуаныш әкелмеді. Бұларды салқын қарсы алды. Бір жарым жылдан кейін бұларға он шақты қой, мініске бір ат, және бір бие, киіз үй бөліп қалдырды да, өзі бар байлығымен Зайсанды тастап көшті. Аягөзден де, Көкшетаудан да әрі етіп көшпек еді. Қарындасына енді қайтып іздеме де, соңыма ерме де дегенді айтқан.


Қарасұңқар анасымен екеуі ғана қалды. Қысқа қарай ауылдың орта тұсынан жертөле сатып алған. Шаңырақтың ендігі несі де, мал табар азаматы да Қарасұңқар еді. Адам түсініп болмайтын алас-қапас қилы заман туды.


Он сегізінші жылдың жазында Зайсан жаққа да: патша тағынан құлапты деген хабар жеткен. Ауылда еш өзгеріс болған жоқ. Тек бұрындар бір-бірімен өзара қырқысып келген ауқатты, бай ақсақалдар енді ым - жымдары бірігіп, тізе қоса бастады.


Ол кезде Қарасұңқар әлі де жас болатын, сондықтан дүниеде не боп жатқаны жайлы, Дөненбай кеткелі бұлардың үйлеріне жиі келгіштей беретін молданың әңгімелерінен байқайтын.


— Дөнекең әбден дұрыс істеді. Әй, ақылды, көреген жан - ау, өзі! Бұл жердей аулақ кеткені жөн болды. Бәлшебектерден қашты ғой. О, алла десеңші, ақыр заманның да таянғаны ғой. Дәстүр салтымызды масқаралап, құранды аяқтарымен таптаған кәпірлер көп ұзамай осында да келетін көрінеді... — деген молда басын шайқай отырып. — Көзіне түскеннің бәрін жалмап - жайпап алады дейді. Мұсылман баласының да бәлшебек боп кеткендері бар екен. Әй, алланың қарғысы жібермес, атар оларды! — деп сәуегейленді, ендігі жерде бұл үйге қамқоршы бола бастаған молда. Оның айтуынша Қарасұңқардың әкесі оған туыс боп келеді екен, сондықтан шариғаттың заңы бойынша ол ендігі жерде Қарасұңқардың шешесін әмеңгерлік жолмен өзіне әйел үстіне әйел етіп алуы керек дегенді білдірді.


Шешесі еш қарсылық айтқан жоқ.


— Сен болсаң әлі жассың, қолымыздағы барымызды тартып әкетеді де, молдекеңнің көмегінсіз аштан өлеміз ғой, — дегенді айтты анасы бұған.


Айлар, онан соң жылдар жылжып өтіп жатты. Ауылдағы өкімет те алмасумен болды. Біресе қызылдар, біресе ақтар келеді. Қарасұңқардың бар қойы мен аз жылқысы енді молданың меншігіне көшкен. Бірақ Қарасұңқар оған назалана қойған жоқ. Тек, әйтеуір, шешесі байғұс қиындық кермесе екен деп тіледі.


Коллективизация жайлы сөз ете бастағанда, бұл едәуір жігіт боп қалған-ды. Ауылды аштық жайлай бастады, аштық бүкіл елге келген еді. Аштыққа ұшыраған қалаларға жіберу үшін жұрттың малын ала бастады. Бірнеше ұсақ мал мен сиырды ғана қалдырған. Әрине, шешесіне осы қалған малы да жетеді. Тек молда ғана тып-типыл боп қалды. Молданың бұл күйіне Қарасұңқар мәз болды. Және бір жақсысы мұның астындағы жалғыз атына да ешкім қол созған жоқ. Ендігі жерде молданың алғашқы әйеліне кеткені де жөн болар. Бірақ, молда кете қоймады.


— Жұрт бұзылайын деді. Әзезілге жандарын сатты, — деп өзеуреді молда. — Дүниенің бәрін ортақ етпек. Тоқтай тұр, әлі, сенің жалғыз атыңа да ауыз салады бұлар, бір күні.


— Атымды бермеймін! —деп шарт сынған Қарасұңқар.


Сол жылы ол жиырманың екеуіне шыққан еді. Барынша шаруақор, әрі ержүрек болатын. Біреудің өзіне қожалық еткенін әсте көтере алмайтын. Сондықтан да ол молданы қандай жек көрсе, ауылдың қоқаңдаған шолақ белсенділерін де сондай жек көрді.


— Сөзіңе болайын! Бермеймін дейді. Әй, сені тыңдайтын кім бар? Өзің Дөненбайдың туысысың, ал ол болса Советтің жауы боп отыр. Демек сені де жау деп ұстайды әлі. Олардың сөзі — сөз. Қиқаңдап көр, сонда. Астыңда сәйгүлік және өзің оларға қосылмай, шалқақтап сақ жүрсең, мойныңды бұрап алар. Олар үшім қасиетті ештеңе жоқ. Халықты аштыққа ұшыратты. Енді, әне, мешіттер мен мазарларды бұзып, кесектерін тасып әкетпек. Ештеңелері жоқ тыр жалаңаш немелер, енді бәрін өздері иемденіп жатыр. Құранды ғой аяққа басты. Олар енді қыздардың да абройын айрандай төгіп, бәріне ортақ етіп төсекке салмақ.


— Сандырақ, бос сөз! — деген Қарасұңқар.


Ол молданы иттің етінен де жек көреді. Бірақ айтқандарына сенбесіне лажы және жоқ. Өйткені, сол отызыншы аштық жылдарында біреулер кішкентай мешітті бұзып, енді біреулер мазардың кірпішін кеңсе салуға тасыған болатын...


— Көр де тұр, олар әлі ойға алғандарын тегіс істеп тынады, — деген молда сөзін шегелей түсіп. — Бұлардан тек арғы бет асып кеткендер ғана құтылады. Ал сен ақымақтар сол жақтан бері қаштыңдар - ау. Шешеңді ал да, кет жөніңе. Ендігі жерде сендердің маған керектерің жоқ. Мен қасиетті жолды қорғауға кетем.


Сөйтіп молда із-түзсіз жоғалды. Онан соң Қарасұңқар мен анасы екеуі, түн жамылып Көгілдір тауларды асып қашқан көшке ілесіп кетуге мәжбүр болды. Соның бәрі де Қарасұңқардың молданың айтқандарына имандай сенгенінің салдары еді.


Әттең дүние, егер Қарасұңқар сол молданың қай жерде өлгенін білсе, моласын тауып ап, астан-кестең етер еді-ау... «Қандай ақымақ болғам сонда», — деп ойлады қарт. Жүзі жоғары қараған балтасын екі тізесінің арасына қыса отырып.


— Міне, балтаның да дүзі қайтыпты, — деді қасындағы мүлгіп жатқан төбетке, ауыр ойдан сергігісі келгендей қайрағын алып, балтасын жани бастады. — Қу отынды молырақ жинап қойған жөн. Шопандар көшіп келе қалса отын-суымыз бен шәйіміз дайын тұрсын. Қанша айтқанмен біз бұл жерде бұрынырақ тұрып келеміз ғой, кім біледі, бәлкім олар бізді бір кезде қашқын еді, сол қашқын күйі ел-жұрттан жырақ қалыпты, деп шәйімізден ішпей жүрер, сен бұған не дейсің, иттің баласы,а?.. Үндемейсің ғой? Жә, онда мен де үндемедім. Басқа айтарым да жоқ... Жүр, кеттік, күшігім. Ол атын ерттеп мінді де, шатқалды ерлеп жүріп кетті. Жоғарғы үстірттен ол түбі шіріп, қураған көктеректі кептен бері керетін.


Тіке көтерілетін жол жоқ еді. Ол аттың омырауынан келген қалың шөптің үстімен қиялай тартты. Төбеті соңынан зорға ілесіп келеді.


Күтпеген жерден бір түлкі жылтын етіп шыға келді де, мазақ еткендей жолдарын кес-кестеп ете берді. Төбет қумақ боп ұмтылып көріп еді, екі-үш рет қарғыған соң жабайы құлмақ пен итмұрынға оралып қалды.


— Жә, елеурейтін дәнеңе жоқ... Түлкі қуған екеуміздің не теңіміз. Кермейсің бе, әне, мазақ қып отыр бізді. Сірә, жақын маңда іні бар болу керек. Күшіктері де бар шығар. Осы араны иелік етіп алған ғой. Оны қуып несіне алаөкпе боласың. Екеуміз ендігі қалған аз өмірімізде ешкімге сүйкімімізді кетірмей, жайымызбен ғана жүрелік те...


Қарт жол бойы естіп күңкілдей сөйлеп кеп қу отынды шауып, бұтарлап қалың шебін өзі жапырып, таптаған жерге жинаған кезде танауының астынан ыңылдаумен болды. Онан соң ұзын екі қарағайды қиып алды да, бір жақ бастарын кертіп, ердің қасына байлады да ұзын сүйреткі жасады. Отынды сол сүйреткінің үстіне тиеп, арқанмен мықтап шандып, екі қайтара орап, байлап тастады.


Шаршаған ол белін жазып, қураған алма ағаштың түбіне отырып демін алды.


Сусын ішкісі келген. Қарт керенау қозғалып тұрып, шөп арасынан саумалдық тауып алды. Қабығын аршып, сындырып аузына салды да шайнап, сөлін сорып, қышқыл сөкке рахаттана тамсанды.


Алма ағаштың бұтағына қонған сауысқанды, онан әріде тағы бір ағашта отырған көкекті көрген.


— Біреуі басқа құстардың жұмыртқасын жарып ішсе, біреуі өз жұмыртқасын басқаның ұясына салады. Ау, бұл екеуі неғып қатар кеп селтие қалған? — деп күңкілдеді қарт, сау сорылған дінін түкіре тұрып, өзі іштей сауысқан мен көкектің қатар отыруы жаман ырым -ау деп жорыды.


Бірақ ырым - жырымға бұл көңіл аударып қайтпек? Ендігі жерде ырымнан келер-кетер не бар бұған. Бүкіл жарық дүниеде қаңқиған жалғыз басынан басқа иесі бар. Адам атаулыдан безініп шықты емес пе. Енді ғой, мынау қарғыс атқан жерден өзге, оны адамзат өмірімен жалғастырар ештеңе де жоқ. Ит тіршіліктен аулақтап кегі тоқтаған жері осы ара. Ал досының қызы Айгүлді алар болса, ол өлмейтін халге жетті. Қарасұңқар ол қызға емес, қайта қыз Қарасұңқарға қамқорлық жасап жүр. Өзі оқуын бітіруге жақын қалды. Төгіп тамақ, тегін киім-кешек, тегін оқу. Бұл жақтың үкіметі ғұсап туған анасы да қамқорлық жасай алмас еді.


Сірә, мерзімі жетіп, уақыты келгенде ор адамның - ақ өмірінде, ешкімге қажетсіз көрінер бір шағы болатын сияқты, сондайда ол өзінің бар-жоғын байқатпау үшін әлгі ортадан жырақтап шығып, қарасын өшіріп бір жаққа кетуі керек.


Қарасұңқардың өзі емес, мұны үлкен өмірден үзіп әкетіп, барлық жолын кес-кестеген өмірдің өзі еді, бел бір зор күш еді. Бірақ одан күйзеліп, яки жалғызсыраған бұл жоқ. Өйткені ұзақ өмірінің ұзына бойымда осы жалғыздыққа әзірленгендей көрінетін.


Ол өзін біреудің алдында кінәлі санамайтын. Алайда күндіз-түні жатса-тұрса жегі құрттай кемірген өзінің түсінігіне сыймас көмескі бір күй маза бермейді. Осы уақытқа дейін ол, жас кезінде неліктен арғы бетке асып кеткенін өзіне-өзі түсіндіре алмай дал болады. Қаран өшкен молданың айтқандарына неге сенді? Өзінің өміріндегі алғашқы да жалғыз махаббатын аяққа таптады? Сүйіспеншілік деген ешбір күшке бағынбайды екен ғой...


Қарт осынау, ылғи да естіп жайлап кеп, аңдаусыз ғана өне бойын ауыр дерттей жайлап алар түпсіз ойдан серпілуге тырысқан. Бірақ шамасы келмеді. Өйткені ол ойлар оның бүгінгі тіршілігінің де өзегі сияқты еді, онсыз өмір сүрудің де ешбір мән-мағынасы қалмаған еді. Ол ойлар бұл үшін мынау кең дүниедей сырлы да сиқырлы болатын, қанына сіңіскен тірлігі болатын, тек бір ғана ерекшелігі, мұның бастан кешкен әмірін өзінен басқа ешкім білмейтіндігі. Және бұл өзі жайында еш уақытта ешкімге тіс жарған емес. Өткен өмір, жастық шақ туралы ойлары мұның ең ардақты, асыл құпиясы еді, адамға өмір бойы бақыт, яки қасірет әкелер алғашқы махаббат жайлы ешқашан сыр шашпас болар. Ол махаббат адам санасында мәңгі орын теуіп, оны ылғи да адамгершілікке мегзеп отырады.


Ол өзінің арғы бетке асып кетуін өзінін алғашқы махаббатына сабақтай алмайды. Ол соның бәріне тек молданы ғана кінәлайды. Мүмкін ол Шыңжанға, шолақ белсенділердің қоқыраңдағандарынан, біреудің өзіне өктемдік еткеніне мойынсұнғысы келмегендіктен кеткен болар. Ол өзінін ешкімге кіріптар емес азаттығын сезінген соң, өз білгенінше емін-еркін өмір сүргісі келген шығар.


Сол жылдары Шыңжандағы ауылдардың халы де Зайсан мен Жетісудағы аштық жайлаған ауыр күйде еді. Және ол жақтың бір қиындығы жол бойы қаңғырған қайыршылар мен ұрылар, Манчжурдың топтасқан қарақшылары, большевиктерден қашқан ақ қазақтардың бандылары болатын. Бұл жердің еркін қожасы боп, сирақтарын сары балтыр орағанымен ораған, сонысы үшін сары сирақтар атанған, гоминдан солдаттары баса-көктеп жүрді. Олар қазақтар мен ұйғырлардың ауылдарына жиі шабуылдайтын.


Қарасұңқар тез арада достар тауып, Мұқанның сарбаздарына кеп қосылды. Қазақ ауылдарын қорғауға ат салысты. Ол ұрыс үстінде мейілінше қаһарлы, аяусыз еді. Ол өз кегін қайтарумен болды. Зайсандағы өзіне істелген қиянат үшін де, опық жегізген махаббаты үшін де және әкесінің өлімі үшін де осы ұрыстар үстінде қан төгіп, кек қайтарды.


Өзінің әуелгі ынтық боп сүйген қызын ұмыту үшін, айтқанынан шықпайтын, алдына келгенде үрейден қалтырап тұратын Ұлбосынға үйленіп, одан ұл бала сүйді.


Ұлын кішкентайынан қылыш пен мылтықты берік ұстауға, құр асауларды ұстап мінуге үйретті, және сол кездерде жабайы түйелер кезігетін, арқар мен қабан атуға болатын жақпар тасты Шөл тағы тауына өзімен бірге аң аулауға ертіп жүрді... Бірақ аң аулау деген аз күнгі тыныш өмірдің серуені еді. Бұлардың уақыты көбіне соғыспен өтетін. Мұқан қашанда сарбаздарын ұрысқа сақадай сай ұстайтын. Шыңжандағы бүкіл қазақ ауылдары мен Ішкі Монголия ауылдары оны нағыз қас батырдың өзі деп мойындайтын. Мұқамның сарбаздарының қатарында баласын қасына ерткен Қарасұңқар кейде ұрыспен, кейде ұрыссыз, күніне елу - жүз шақырымға дейін жортуылдайтын. Мұндай өмірге Ұлбосын төзе алмады. Мүлдем шөгіп кетті... Үлкен соғыс бітердің алдында, қырық бесінші жылы дүние салды.


Өлерінің алдында Қарасұңқарға ұлын аманат қып тапсыра отырып, оны ата-баба қонысы — Жетісуға әкетуін өтінді. Әйелінің сол бір тілегін орындаймын дегенше тағы да біраз жылдар еткен.


Қарт атқа теңдеп қойған отынды да, бүкіл дүниені де ұмытқан күйде отыр. Өткен өмірі үшін өзін ойша жазғырумен отыр. Өзінің істегендерінен өзінің жаны шошып, өзін-өзі ақтайтын дәлел іздеп дал болуда. Дәлелдер оңай табылады да, оңай пышырап тоз-тоз боп кетеді... Кейде ол өзімен-өзі сөйлесе бастайды...


Аяқ жақта жатқан төбет басын көтеріп, қарсы беткейге тесірейе қалды да ырылдап, қарттың ойын бөліп жіберді, онан соң кәнігі әдетінше тамағы күркіреп арс ете түсті.


— Жә, бұл өңірге екеуміздің әміріміз жүрмейді дедім ғой, — деп күңкілдеген қарт төбетті жұмсақ бүйірінен теуіп жіберді де, өзі де қарсы беткейге үңіле қарады.


Көзін сығырайта түсіп, алақанымен күннен көлегейлеген, ар жақтан еліктің текесі көрінді. Соңынан ерген ұрғашы елік пен лағына жол салып келеді екен. Төмендегі суға түсіп келе жатқан беттері болу керек.


— Қайтесің олардың шырқын бұзып. Көрмейсің бе, әне, қорғанышы бар. Мына екеуміз ғой не қорғарымыз, не қорғанышымыз жоқ...


Ол ұлының қалай өлгенін есіне алды. Түн ішінде сүрлеу жолмен осы жаққа қарай өтіп келе жатқан кезде соңдарынан қуған солдаттардың оғынан қаза тауып еді. Қарасұңқар өлер сәтіндегі баласын басынан да сүйей алмады. Баласын басқалар көтеріп әкетті де, ол жұрттың ең соңынан қалып, көшкем ауылды қорғады, ең дұрысы — ұлының кегін қайырып, өзі оққа ұшуға бекінген.


Сол бір жаздың тас қараңғы түнінде, сол бір сәтте бұл шынымен-ақ өлімді тілеп еді. Бірақ ажал оқтары мұны айналып өтіп, басқаларды жер қаптырып жатты. Мұның баласының сүйегін көтерген шалдар құзға құлап түсті. Ал бұл болса, о қарғыс атқыр қу құдай десеңші, құздан да, жақпар тастардан да аман өткен еді өйткені қолынан тас қып ұстап алған Айгүл бар болатын. Енді соны аман алып қалу керек болды және алдағы иірілген жұртты шекарадан өткізіп құтқару керек еді. Және де ата-бабасының ұлы мекенін ең соңғы рет бір көріп қалсам деген үміт пен арман жетелеген-ді...


Отыз жыл өткен соң бергі жаққа қайтып оралған ол, әуелі Зайсанға бармақ болды да, ақырында ойлана кеп, ескі жараның аузын тырнап, бұрынғы таныстарының шырқын бұзуға, алғашқы махаббатын іздеуге өзінің ешбір қақы жоғын ұқты.


Ол Зайсан жағалауына бармастан, осында Жетісу жерінде қала берді. Осы жерде өлуге бел байлады. Оның арманы баласынын алдында елу еді. Ол тілегін құдай бермеді. Баласынан қапыда айрылып қалды. Ең болмаса оның сүйегін де арулап қолынан қоя алған жоқ. Таудың бір қуысында көмусіз қалды...


Жүрегі сыздап, ауырып, көзі жасаурай берді.


Қарт мүйізденген күс-күс алақанымен көзін құрғатып сүртті де, ерге қонып, жазықсыз атын қамшымен қатты бір осып жіберді. Өткенді есіне түсірген мынау арадан тезірек кетуге асыққан еді...


— Уағалейкүмсәлем! — Қарасұңқар атынан түсіп, жігіттің қолын алды.


Жол болсын сұрамастан, қарт атын киіз үйге жақынырақ жетелеп кеп, отынды түсіре бастады. Жігіт те көмектесіп жіберген, сүйреткіні шешіп, аттың ер тоқымын алды.


— Тұсап жіберуші ме едіңіз? —деп сұраған ол қарттан.


Төбет болса құйрығын бұлғаңдатып қойып, келген қонақты иіскелеп тұр.


— Жоқ, бос жүре берсін. Қайда кетер дейсің? Ол екеуміз жіпсіз байлаулы ғой, — деген қарт.


Ол қонақты үйге кір деп шақырған жоқ. Жігітті сыртқа тастап, өзі ішке кіріп кетті де үлкен шәугім мен мосыны алып шықты.


— Қымыз бен айраным жоқ. Су әкеліп, шәй қайнатып ішелік.


Бейтаныс жігіт қартқа ілесе жүрген.


— Ауылдан келдің бе? —деп сұрады өзенге беттеген қарт.


— Қарлығаштан, — деді жігіт.


— Бұрын көрмеген жігітім ғой.


— Мұғаліммін. Тұрлыбектің баласымын ғой. Бәлкім, естуіңіз бар шығар? Атым Асқар болады.


— Әкең қазір қайда?


— Менің он жасымда қайтыс болған.


— Жас кеткен екен ғой, — деді қарт.


— Анау зираттарды көргелі келіп ем, — деген Асқар, қорған жаққа бұрылып.


— Көр, барып көр. Бабаларыңның зираты ғой, — деді Қарасұңқар, сәл болмағанда: түбі барар жеріңді көргелі келдің бе, дей жаздап барып қалды, бірақ оның орнына: — Ары-бері өткен ел-жұрт алыстан көріп, құран оқысын деп әдейі биікке жерлеген оларды.


Қарт киіз үйге қайтып оралып, шәугімім мосыға іліп, астына от тұтатты. Қалжыраған төбет үйдің көлеңкесіне барып жатты.


Қарт беті-қолын жуып, үйдің ішіне дастархан әзірледі, кеселерін шайқады, онан дорба түбінде қалған азғантай қатып, қатқам бауырсақ, шелпектен, май, құрттан, — әйтеуір өзінде бардың бәрін салды да, тысқа шықты.


...Асқар ең үлкен қорғанның үстінде тұр екен. Еңкейіп әлденені қолымен қозғап көргендей болды онан соң ұзақ тесіліп басқа қорғандарды қарады. Ұзақ жүрді.


Қарасұңқар мосыдағы шәугімін бағана түсіріп, дастарханы бағана әзір болған, ал Асқар болса зираттардың төңірегінде қойын дәптеріне әлденелерді жазғыштап ұзақ жүріп алды. Біртіндеп қарт көңілі секемдене бастады. Оның есіне кешегі вертолеттен мына мазарларға шұқшия қараған адам түсті.


— Бұларға не керек болды екен? Зират кәдуілгі зират. Мазарлар да кәдуілгі мазарлар. Ата-бабаларымыздың сүйегі жатыр. Жұрттың бәрінің пір тұтып, қасиетті көретін орны, — деп күбірледі ол. — Егер әлдекімдер аса қажет болған соң басына өскен қара ағаштарын қиып алса, оның да дәлелі бар, кешірімді. Ал одан өзге тас кесектері болмаса, адамға қажетке жарар ештеңе де жоқ, қой... — Әлдекімдердің құлпытастарды алғысы келген болар, деген ой келгенде қарттың өне - бойы тітіркеніп кетті. — Астапыралла! — деп қалды.


Асқар киіз үйге қайтып оралған.


«Бұлардың ісіндегі шаруам не, — деп өзін-өзі жұбата бастады қарт, бейтаныс жігіттің көпірден бері өткеніне қарай тұрып. — Менің заманым өтті емес пе».


Бірақ көңілі орнына сонда да түспеді. Бір қитығу жүрегінің тереңіне ұялап, кез келген сәтте, мына жігіттің әруақтар жатқан қорғанды неғып сонша айналдырып кеткеніне өре қарсы тұратын ашу мен ыза боп бұрқ етуге дайын еді.


— Шайға отыр, — деді Асқарға, онан өзге бір ауыз артық сөз айтуға зауқы болған жоқ.


— Қалай, ақсақал, ішіңіз пыспай ма, бұл жерде? — деген Асқар сыпайы ғана.


— Ішім пысып мен еріккен адам дейсің бе, — деп жауап қатты Қарасұңқар.


— Жырақта жатып жалғызсырамай ма дегенім ғой, — деді қысылып қалған Асқар.


— Қалың жұрттың ортасында отырып та жалғызсырауға болады, —деді Қарасұңқар.


Сөйтіп сөздері үйлеспеді. Ауыр тыныштық жайлады. Өзеннің сарқыраған шуылы мен аттың пысқырынғаны ғана естіледі. Шай ішіп болған соң Асқар үйдің ішін анықтап қарай бастады. Ақ киіз, ескі бір кілем жатыр төрде. Екі-үш көрпе мен бір-екі жастық үйдің түкпір жағында кебеже үстіне жиналған. Керегеде күмістелген жалпақ белдік қынға салынған қылышпен қоса ілулі тұр. Белдіктің қатарында ескі қосауыз мылтық пен жалғыз патроны бар оқшантай ілінген. Олардан төмен, қолдан жасалған тақтай орындық та, үстінде шаң-шаң, ескі қабылдағыш тұр.


— Мұнда көптен бері тұрасыз ба, ата? — деді Асқар тағы да сөз бастамақ боп.


— Рұқсат еткеннен бері.


— Енді біраз күнде шопандар келіп, думандап қаласыз ғой.


— Адам тек думан үшін ғана өмір кешпес болар, — деп жауап қатты Қарасұңқар.


Дастарханын жинап шетке қойды да, қарт үйден шықты. Асқар да соңынан ілесе тұрып, мотоцикліне қарай беттеген.


— Жә, салдырлақ теміріңді қоя тұр. Күнмен таласып қайда бармақсың. Көрмейсің бе, әне, кештің таяғанын. Ертеңгісін кетерсің.


Қарт бірінші рет онымен жылы пейіл таныта сөйледі. Оған осынау сыпайы мінезді жігіт ұнай бастаған еді. Көңіліндегі күдігі тарқайын деді.


— Иә, күн кешкіріп қалыпты, — деді Асқар да.


— Балам, немене, самайыңа ақ кірейін деген бе? Демек жиырма бестің күні өтіп, кейіндейін деген - ау, ә?


— Отыздан да баяғыда асқанбыз. Қырқыңыздың қырқасына да кеп қалдық, —деді Асқар.


Ол күннің батқан сәтіне еліте қарады. Алаулаған алқызыл алып шар, өзінің бар ыстығынан айрылып, қызыл жалқын нұрын аспанның бүкіл қақ жартысына шашып жіберіп, енді жазық даланың көкжиегіне иек арта бастады. Ескі қорғандардың көлеңкелері өзенді басып өтіп алысқа созыла түсті. Өзен жағасында тұрған ат алаулаған шарға басын салғандай өзі қара күреңденіп кетті. Ымырт шапағы баяу ғана сене берді. Ертеңгісін күн көтерілген тұс — шығыстан жалғыз жұлдыз жымың қақты.


— Күн жарықтық, дүниені тегіс ұйықтаңдар деп кетті, — деді қарт.


Кейін бұрылып қараған Асқар, қарттың от жағып, қазан көтеріп, сұр ет салып жатқанын көрді.


— Бекер әуре болдыңыз ғой, ата. Әлгінде ғана шәй іштік емес пе, — деген Асқар.


— Е, қонақ келгенде қонақасы бермейтін менің қазаным төңкеріліп отыр ма екен, — деді қарт қитығып.


— Кешіріңіз, ата. Сізді ренжітейін деу ойымда жоқ еді. Шынында да тойып тұрмын, — деген Асқар кінәсін жуып-шайып.


— Жаман үйдің қонағы билей кері болмасын, шырағым. Кешірім сұрамай-ақ қой, — деп күңк етті Қарасұңқар.


— Иә, бұл жаққа нендей шаруамен келдің, мұғалім? — деп сұрады қарт кешкі астан соң, төсегіне жайғаса жатып.


Асқар да төр жақта жылы көрпеге орана түсіп, ашық түндіктеп түнгі аспанға қарап жатқан. Ұсақ жұлдыздар жыпырлай жылтыраған аспан тұңғиық терең, әрі салқын еді.


— Қазір міне, жаз. Балалар оқуынан тарап, демалысқа шықты. Солардың кейбірі тарих ғылымын ұнатып, соның соңына түссек дейді. Осы жазғы демалыстарын пайдаланып, мынау ескі қорғандарды зерттеп, білмек ойлары бар...


Қарасұңқар қанша ұққысы, түсінгісі келсе де, өлілердің қорғанын зерттеу деген, әсте көкейіне қонбады.


— Өлі аруақты мазалап қайтесіңдер, тыныш қалдырсаңдар етті.


— Біз осынау қорғандардың астында пе жатқаным, ертедегі аталарымыздың қалай тұрмыс құрып, өмір сүргенін білсек дейміз. Сондықтан қазба жұмысын жүргізбекпіз.


Мұндай күтпеген, оқыс жауаптан қарт ұшып тұрды. Асқар жатқан жаққа тіксіне қадалып қатты да қалды. Мұндай қонақты үйінен айдап шыққысы келген. «Қасиетті аруақтардың мекенін қаздырмаймын!» — деп ақырып жібермек еді. Бірақ ұстанып, сабыр сақтады. Өзінің ендігі жерде ешкімнің жолына кесе-көлденең тұра алмайтынын, бұл араға иелік етуге ешқандай қақысы жоқ екенін және есіне алды.


—" Демек, өзің жұрттың қазіргі тұрмыс, тіршілігін, тірілердің тауқыметін түгел ұғып боп, жер үстіндегіні түгендеп, енді өлі аруақтардың сүйектерін ақтарайын дегенің бе? — Қарт дауысы мейілінше салмақты, ызбарлы еді, тіпті өзіне де жат естілді.


Сөйдеді де жауап күтпестен, жастығына жата берді. — Жоқ ата. Мен тірілер жайлы да онша көп білмеймін. Мына сіз көргеннің жүзден бірін де көргенім жоқ. Алайда біз бүгінгі өзіміз жайлы да, кешегі өткен тарихымыз, жеріміз жайлы да молырақ білсек дейміз. Бұл араларда қаншама жойқын соғыстар өтіп, қаншама қырғын-сүргін болғанымен нағыз түпкілікті несі боп, мыңдаған жылдар осы өлкеде мал бағып, астық өсіріп күн кешкен, үрім-бұтағын өрбіткен ел қалды ғой... — деді Асқар сабырлы үнмен. — Біз сол ата-бабаларымыз жайлы көбірек білсек дейміз.


— Бабаларын үрім-бұтағына қарап, әкесін — баласына қарап сынар болар, — деді қарт оның сөзін бөліп. — Ал балалары әкелерінің аруағын қастерлер болар, олардың молаларын қопарыстырмас болар...


— Өлілер сонау алыс жұлдыздар тәрізді, үндемейді. Киіз үйде жатып түндіктен қарағанда, түнгі аспан соншалық биік, ой жетпес тұңғиық көрінеді, ал жұлдыздар болса сол күйі сыры шешілмес жұмбақ тәрізді. Алайда қазіргі заманда адамзат сол ой жетпес тұңғиықты да, сол шешілмес жұмбақты да, құдіреттің сырын да білуге ұмтылуда. Өлілер тілсіз жатады. Ал тірілер шындықты бүркемелеу үшін сол өлілерге сілтеу айтады. Біз өлілердің құпия сырларын ашып, шындықты солардың өзіне айтқызсақ дейміз, ата. Өйткені тарихты жасаған сол бабаларымыз ғой, ал біз болсақ солардың ісін алға жалғастырушы ғанамыз...


Қарасұңқар үнсіз қалды. Ұйықтап кетті ме, әлде ұйықтаған боп жатыр ма, ол жағын Асқар біле алмады. Бар ұққаны, қарттың мазасы жоқ еді, бұлардың ісіне мүлде қарсы болатын.


...Ертеңгісін қарт қонағын үнсіз аттандырды.


— Рахмет. Біз бірер күннен кейіп келеміз. Палатка тігіп, іске кірісеміз. Ауылдан сізге не ала келейін?


— Керектің бәрін маған апта сайын жеткізіп беріп тұрады, — деді Қарасұңқар салқын ғана.


Мотоцикл тырылдай жөнелді. Төбет арсылдай үріп қонақты көпірге дейін шығарып салды.


— Қасиетті моланы ақтарыстырам дегенді жаратқанның өзі-ақ жайратар, —деп күбірледі Қарасұңқар ұзап кеткен Асқардың соңынан қарай тұрып.


Енді ол, әнеу күнгі вертолеттегі адамның да, Асқардың да ниеттері — қасиетті қорғандардың асты - үстін ақтарыстыру екенін анық ұқты. Асқардың дәлелі сендіре алмап еді оны.


Бұл ара кімнің жері, кімнің ата қонысы? Наймандар мен үйсіндерден өзге кімдердің ата-бабаларының молалары болушы еді, мұнда? Бұл жағын Қарасұңқар анық біледі ғой. Дәл осындай ескі молалар мен қорғандар Құлжа маңында да, Тұз тауда да бар... Сонау ерте заманнан бастап, әлгі хан әулеттері ғана өздерінің кесікті шекарасы деп қалың тас қабырғаны білуші еді ғой... Шыңжанда мыңдаған жылдар бойы: ұйғырлар, қалмақтар, дүнгендер, қазақтар тұрып келді емес пе, ал одан әрі Маңғұл алтайы басталып, сонау Қытай қабырғасына дейін созылып жатыр ғой.


Текке сөйлейді әлгі мұғалім, ау, Жетісу жерін қазақтан басқа кім еншілемек. Өлі аруақтың сүйегін қорлап, өлі қорғандарды ақтарыстырудың қажеті жоқ. Осы қорғандардың әр қайсысы жайындағы аңыз әңгімелерді жалғыз Қарасұңқар емес, қарт шопандардың бәрі де біледі. Ол аңыздар жүздеген жылдар емес, бәлкім мыңдаған жылдардан бері ұрпақтан ұрпаққа айтылып келеді емес пе.


Егер әлгі балалардан бұрын шопандар келіп үлгірсе, молаларды қорлап қаздырмауы да мүмкін-ау.


Тас үстінде тағы да бірер сағаттай отырған қарт, енді орнынан тұрып, көпірге қарай жүрді.


Тас қараңғы. Ол бір кездері Мұқанның бұйрығымен барлауға шыққанындай өте абай, сақ басып келеді.


Көпірден өтіп, қорғанға таяды да, мазарлардың жоғарғы жағына көтерілді. Құлпытастардың арасына кеп отырды.


Палаткалар төменде, он-он бес қадамдай ғана жерде.


Шеткі палаткадан шыққан түсініксіз күбір сөздерге құлақ түрген Қарасұңқар көзін жұмып ұзақ отырды. Қараңғылыққа үйренген көзін қайта ашты. Әлі жанары сөне қоймаған қырағы көзі үш палатканы айқын көріп отыр. Бұлттан шыққан ай сүт сәулесін төгіп тұр. Таң рауаны білінуге де жақын қалған.


Ортаңғы палаткадан ақырын ғана екеу шықты.


— Қорқынышты екен, — деді біреуі.


Қарт өз құлағына өзі сенбеді. Самал жел әлгі дауысты анық жеткізген — әйел адамның дауысы еді.


— Тс-с-с. Мыналар әлі ұйықтаған жоқ, — деді екіншісі.


Қыздардың ақырын сыңғырлай күлген күлкілері естілді.


— Астапыралла! — деп қыбырлады Қарасұңқардың еріндері. — Түн ішінде мола басына әйел заты келгені ме...


Әлгі екеуі тез-тез адымдап қорғандардың сыртына қарай кетті. «Түзге шыққалы жүргендер ғой», — деген ой келгенде қарттың өне бойы қалтырап қоя берді. О, сұмдық! Мұнан асқан қорлау болмас. Аруақты мұнан асырып қорламас. Қарасұңқар ұшып тұрып, тым-тырақай ғып қумақ еді. Бірақ әлгі екеуден адасып қалды. Аулақ кеткен тәрізді. Біраздан кейін қорғаннан едәуір қашықтағы кішкене жыра жақтан қайтып келе жатты.


Бүгінгінің адамы мүлде түсініксіз - ау. Қарасұңқар үшін мүлде түсініксіз бір заман. Моланы ақтарыстырамыз деп, басына кеп қонған жандарды тумысында тұңғыш көруі осы.


Ол өз тарапынан соңғы далбасасын жасады. Шапанын айқара ашып тастады. Әлгінде төсектен тұрғанда беліне оранған ақ орамалды шешіп алды. Наймандардың таңбасы ойылған ең үлкен құлпытасқа орамалды бір шетінен ту ұқсатып желбіретіп байлады. Сөйтіп, ешкім тиісуге болмайтын қасиетті, киелі моланың белгісін істеді.


Жұлдыздар сөне бастады. Таң шапағы білінді. Қарт ауыр ойға батқан күйі со келген ізімен ешбір тысырсыз кейін қайтты.


* * *


Көк шалғында мөлдіреген моншақ тамшыларын қалдырып, өзен үстімен, жылға-жылғаларды қуалап таңғы буалдыр тұман сырғып өтті. Алыстан құзар шыңдар арасынан шұбатылып шығып, енді таң лебімен ығыстап, шалқар дала үстіне жете бере ғайып болуда. Күн шықты. Ұзын кірпік сәулесі, қорған түбіне түнде кеп тігілген палаткалардың ішіне сығалады. Бірінші боп Асқар оянған. Қасында жатқан адамның бүйірінен түртті.


— Әй, археолог, тұр! Көрсетші бізге бір өнеріңді! — Асқардың дауысы әдеттен тыс саңқылдап, көңілді еді.


— Бәрі де ойдағыдай болады, қартым! —деді Жомарт та үстіндегі көрпені серпіп тастап. — Айтпақшы, ұмытып барады екем, қаладағы сөз салтымыз бұл араға жүрмейді екен ғой. Әсіресе сенің шәкірттеріңнің алдында ерсі көрінер. Енді, сені қалай атасам екен?.. Өз атың мен әкеңнің аты бойынша ма?.. Жоқ, болмайды! Ең дұрысы «қарт» деудің орнына «Асеке» дейін де. Өзара сыйластыққа да, жұрт алдында да өте орынды болар деймін, келістік қой.


Асқар Жомарт сөзін аяғына дейін тыңдаған жоқ. Сыртқа шығып кеткен.


— Бөбеш, сендер дереу ертеңгі астың қамына кірісіңдер, — деді ол, спортшылар костюмін киген қарақат көзді қызға. — Отын - су әзірлеуді балалар мойнына алады.


— Ал қорғандарды қазу жұмысы ше? — деген Бөбеш, көзін таңырқай кең ашып; өзі қалың бұрымын орамал шыт астына жинап, мықтап тартып қойыпты.


— Қазу жұмысын бәріміз де істейміз, —деді Асқар жымиып. — Мен сендерге қосалқы міндеттеріңді айтып тұрмын... Балалар, Бөбешке көмектесіп жіберіңдер, Жақсылап, дәмді пісіріңдер. Қонақ шақырамыз.


— Кімді? — деді Бөбеш таңырқап.


— Әне, анау үйді көрдіңдер ме? — деп Асқар киіз үй жақты меңзеп қойды.


Ертеңгі шәйін бағана ішіп алған қарт, үйінің іргесінде, бұлар жаққа бақылай қарап отырған.


Жуынып, киінген Асқар мен Жомарт қартқа сәлем беру үшін, киіз үйге қарай аяңдаған.


— Ассалаумалейкум, ата!


— Әликүмсәлем, —деді Қарасұңқар салқын ғана.


— Сізді шайға шақыра келдік.


— Рахмет, —деді қарт.


— Сізді анау күні вертолет үстінен көріп едім, — деген Жомарт.


Қарт оның сөзіне жауап қатқан жоқ. Тау арасындағы жазық аңғарға көз тіккен күйі:


— Апырай, биыл мал тауға шығуға кешігіп жатыр-ау. Астық мысық мұрттанып, жаз ортасы да келіп қалды емес пе, — деген күңкілдей сөйлеп.


— Кешігіп жатыр, — деп қостап қойды Асқар.


— Е, бәсе, онша кешіге қоймаса керек еді ғой... — деді жазыққа шаншыла қараған қарттың жүзі кенет өзгере түсіп.


Жомарт та солай қараған. Сонау, астықты дала мен жусанды дала ұштасқан көкжиекте жерге қонақтаған бір шөкім шүйке бұлт секілденіп, будақ шаң көрінеді. Көп ұзамай жайыла жылжып, көшіп келе жатқан қойдың қарасы да шалынды. Жомарт, қарт көзінің осынша қырағылығына қайран қалды.


Мұнан әрі Қарасұңқар Асқар мен Жомартқа мүлде көңіл аудармастан, киіз үйден ер тоқымын алып шығып, атына қарай кетті.


Екі жігіт қарттың іс-әрекетіне қарап біраз тұрды да, ақыры палаткаларына қайтты.


— Мынау бір жұмбақ шал екен, — деді Жомарт.


— Бізге ренжіген түрі. Мына ара осы шалдың иелігінде ғой, — деп Асқар мазарлар жақты нұсқаған. — Ау, анау шүберекті қара. Киелі мола, жоламаңдар дегені - ау... Мына шалдың ісі ғой. Бізге көрсеткен қыры ғой.


— Е, онда тұрған не бар екен, шүберекті шешіп алып тастаймыз, — деді Жомарт қорғанға қарай бұрылып.


Екі оқушы бала оның соңынан ерген. Олар, дәл Қарасұңқар палаткалардың тұсынан шопандар көшін қарсы алуға өтіп бара жатқан кезде, әлгі ақ орамалды құлпытастан шешіп алды. Кәрі төбет қарт соңынан еріп бара жатты. Қарт та, оның төбеті де ұлдар мен қыздардың жамыраса берген сәлемдеріне міз бақпаған күйде өтіп кетті.


— Орамалын апарып, киіз үйдің есігіне іле салыңдар, —деп Жомарт Мұрат деген балаға берді.


— Жомарт, мынаны қара. Әлгі шал молаларды жөндесуге кіріскен екен, — деді Асқар, жас шарбақпен бекітілген мола қабырғасын қарай тұрып. — Жомарт, сен сәл асығыстық, жасадың. Мұнда тұрған ешқандай да қыр көрсету жоқ қой деймін. Қара бұл молалар шынында да өте қасиетті болуы мүмкін. Сондықтан орамалы тұра берсін. Өз бетінше жөндесе берсін. Токтай тұр, Мұрат, біз құлпытастарды қозғамаймыз ғой. Орамалды орнына байлап қойыңдар. Жомарт, сен өзің айттың ғой, қазу жұмысын моланың үстіңгі жағынан емес, астынан бастап жүргіземіз деп...


— Мейлі, онда орамал тұра берсін, — деді Жомарт та келісіп.


Жомарт қазба жұмысын бастаудың жобасын жүре түсіндірді.


— Мына ең үлкен, биік қорғанды көріп тұрсыңдар ма. Осы арадағы басқа қорғандарды салу да сол басты қорғаннан кейін іске асырылған. Біз де қазуды сол қорғаннан бастауымыз керек. Өзімізше ол қорғанды — патша - қорған деп атайық. Үстіңгі құлпытастар мен мавзолейлерге тиіспейміз. Сондықтан қазба жұмысын мына солтүстік жақтағы етектен бастауымыз керек. Топырақтың үстіңгі қабаттарын абайлап қана аударып тастаған жөн. Ол үшін бульдозер қажет. Жұмысымызды тездетер еді.


— Біздің «Беларусіміз» болады ғой, — деген арыстан.


— Соны айтып тұрмыз ғой, енді, —деді Мұрат оған.


— Құрал-саймандар әзір ме? — деп сұраған Асқар.


— Алты күрек, жалпақ пышақтарымыз, щеткаларымыз, сыпырғыштарымыз, сүймен темір және басқа да керек-жарақтар тегіс бар, —деп жауап берді Мұрат.


Бұлар патша - қорғанды аса мұқият қарап шықты. Оның биіктігін, көлденең енін өлшеп, Асқар мен Жомарт жатқан палатканың іргесіне тақтайдан асығыс жасалған үстелдің басына жиналып кеңес өткізген.


— Бөбеш, сен бүгіннен бастап күнделік жазуға кірісесің. Күні бойы не істеп, не қойғанымызды қысқаша ғана жазып отыр, — деп тапсырды Асқар. — Ал, балалар, қазір біз мына үстеліміздің үстіне көлеңке болатындай етіп лапас жасайық.


Лапас дайын болған кезде, алыстағы кеш те қорғанға жақын қалған еді.


Қарасұңқар ең алдыда келеді екен. Онан кейін қолдарына жүк теңделген түйелердің үстінде шопандардың бала-шаға, әйелдері де, сәл кейініректе бір-бірінен таяқ тастам жерде дала төсінде жыпырлай жайылып ілгері жылжыған отар - отар қой. Қарасұңқар кешті қорғап іргесіндегі палаткаларға бұрғызбай, өзі жасаған көпірге тіке бастады.


Жүк тиелген түйелер ыңырана теңселіп арғы жаққа өтті.


Қарасұңқар сол арғы жағаға етісімен атының басын тартты. Оның орнына көшті ілгері қарай семіз биеге мінген бала бастап әкетті. Қасқа құлын кейінде қалып қойған. Күркіреген өзенге осқырына қарап, екі түйенің арасынан шауып өтіп, арғы жағаға шықты. Бала құлыпты құраулап бұрып, бастай берді.


Отыға жылжыған қой кәпірге жеткенше, оң қаптал мен сол қапталдан дүркіреп жылқы да көрінген. Лезде отарларды басып озып, бір-бірімен жарысқандай жақын кеп қалды.


Патша - қорғанның үстінен бәрі көрініп тұр: әне, тентек айғырлар үйірлерінен бөлініп шығып, ортаға қарай ойқастап, біресе аспанға қарғып, біресе құлағын жымырып, басын төменге салып, өз үйірін бөтен үйірге қосылып кетпесін дегендей тықсыра түседі, өзіндей басқа айғырға сес көрсетіп, жақын келтіргісі жоқ. Ауыр жалдары жел өтінде тікірейе желпілдейді.


Жылқышылар ақыра айқайлап, айғырларды біріне бірін жақындатпай қуа түседі. Айғырлардың шайнасқанынан жаман әлек жоқ.


Қазір айғырлардың есірген кезі. Жаз айы — жылқының күйі келер шағы ғой. Бірінің үйірін бірінен өлердей қызғанады. Жылқышы сәл көз жазса - ақ өлердей шайнасады, ал жас байталдар болса айғырлардың төбелесін қызықтағандай иіріліп тұра қалады.


Жылқышы атын тебіне түсіп, екі айғырдың ортасына жетті де, бір үйірді ілгері жіберіп, екіншісін сәл ірке тоқтатты.


Палаткалардың іргесінен жүздеген тұяқтардың дүбірі жерді солқылдатып өтті. Өзенге жетіп, бір-біріне іркіс-тіркіс боп тау суына бас қойды. Тек кәрі биелер ғана көпірден өтіп барып, соңына ілескен құлындарымен шұрқырасып қойып, су ішуге арғы жағадан кеп түсті.


Судан шыққан жылқыны арғы жағалауға иірген жылқышы, бас-аяғы жиналған соң тауға қарай айдап жөнелді.


Мұнан кейін көпірден қалған жылқы өтті.


Екі жылқышы да жылқыларын әрірек айдап тастап, өздері кейін оралды да аттарын киіз үйдің іргесіне әкеп байлап, онан соң көпірдің басында тұрған Қарасұңқардың жанына келді.


Өткелге қой келген.


Әр отардың алдында мүйіздері, сақалдары желкілдеген есірік серкесі бар.


Мұндай серкесіз отардың ұзақ жолда бір ізге түсіп жүруі де, өткелдерден өтуі де қиын. Сиқыры бардай бүкіл қойды соңынан шұбата ертіп, небір қиын асуларда, құмайт пен шөлейтте бастап жүреді, ең аяғы қан сасыған қасапқа да қойды бастап кіретін осындай серкелер ғой.


Ет комбинаттарында дәл осындай қан - құйлы серке жүздеген қойды тар қылтамен тайғақтап пышаққа ілігер жерге апарады да, өзі жалт бұрылып басқа есікпен сытылып шыға береді, онан соң етке өткізуге кезекте тұрған келесі жүз қойды өлімге бастайды. Шопандар қауымы малды өріске бастайтын береке, күт деп біледі.


... Міне, қазір де сақалы желкілдеген көк серке көпірге аяқ салды. Артынша топырлаған қалын қой да бірін-бірі киіп-жарып алға ентелей жөнелді. Көпірдің жақтау ағаштары сықырлап, қой опыр-топыр боп сығылыса түседі. Қарасұңқар кейінде жағалауда тұрған қойшыға әлде не деп айқайлап тұр. Бірақ дауысы естілер емес. Қарасұңқардың айқайы да, өзеннің сарылы да жүздеген қойдың құлақты тұндырған маңырауына көміліп жатыр. Бүкіл ауа қойдың тәйірі мен креолин сасып тұр.


Әлгінде өзіңіз айттыңыз, Бөке батырдың өсиеті Мұқанды ұрысқа жетеледі деп. Адам шіркін, шындықты біліп, соны жұртқа айта білсе ғана әділ жолмен жүреді. Менің білуімде, мына сізге көрші боп кеп жатқан жігіттер бабаларымыздың сол бір дана сөзін бағалай білетіндер. Солай ма, Асқаржан? — деп жылқышы, әңгімені ширықтырмай, отырғандардың арасын жайма шуақтап, мұғалімге қарады.


— Айтып отырғаныңыз шындық, Бәке, — деп қостады Асқар да саябыр үнмен. — Әке баланы тандап алмайтыны сияқты бала да әкені өзі тандап алмайды ғой. Егер Қарекең біздің мақсатымызды түсінбеген болса, онда мына Жомарт екеуміздің кінәміз. Біздің мақсатымыз, шәкірттеріміз өз ата-бабаларының әлгінде Қарекең айтқан туған жерінің өткен тарихы жайлы көбірек білсе екен дейміз... Өткенді білмей өмір сүру мүмкін емес. Болашаққа сенетіндер үшін өткенді білу өте қажет. Мынау қорғандар біздің тарихымыздың құпия сырларын. бүгіп жатыр деп өздеріңіз айттыңыздар. Біз соларды, тарихымыздың бастауын білгіміз келеді, сөйтіп біздің жерімізді өз жеріне қосып, меншіктегісі келетіндерге жауап берсек дейміз...


— Бұларға қарғыс тимесін, — деді ең үлкен қарт шопан. — Мынау күн ұясына еңкейген, намаздыгер шақтағы менің тілегім, берер ақ батам осы. Мұны айтқан мен Жанпейіспін... Саған да рахмет, Қарасұңқар! Ал енді біз жүрелік. Күн ұясына қонбай тұрып ошағымыздың басына жетіп, қойды қоралап, атымыздың белін суыталық. Әлгі кемпірі бар болған да жолға қарап, күтіп отырған шығар, — деп сөзінің соның әзілге шаптыра аяқтады Жанпейіс.


Қарт шопанның сөзінен кейін дастархан жиналды. Шопандар мен жылқышылар Қарасұңқардың күткеніндей оны жақтамады, жастардың ісін мақұлдады.


— Мен оны Мұқанның өмірінің соңғы жылдарын толығырақ айтар деп күтіп ем...


— Біздің шалдардың өздерінің бастарынан өткергендері жайлы тәптіштеп айтқандарын қашан көріп ең? Қашанда олар өздері туралы ауыз тұщытпайды да, еткенді айтуға келгенде аттай желеді емес пе.


— Менің жалғыз ғана тілегім — балалар өз туған өлкесі жайлы азды-көпті мағлұмат білсе екен деймін....


— Жұмысты ертеңгі таңнан бастаймыз, онан арғысын көре жатармыз... — деді Жомарт ойлы кейіпте.


Бұлар палаткаға таяп қалған. Мұрат транзисторын бұрап отыр екен. Арыстан тракторын шұқылап жүр.


Өзеннің арғы жағында, киіз үйдің іргесінде өзара әлденені сөйлесіп, екеуден екеу қалған Қарасұңқар мен Айгүл отыр. Асқар соларға қараған күйде Жомарттың палаткадан планшетканы алып шыққанын, одан ескі картаны ашып үстел үстіне жазып салғанын байқаған да жоқ...


* * *


Шопандардың жайлауға кешіп келгендеріне үш күн болған. Күн кешкірген кез. Бағана шайға отырған қарт, әлі бір шыныны тауыса алар емес, қайта-қайта Айгүлге.


— Қызым, жаңалап құйшы. Тағы суып қалды, — деп қояды.


Шалдың мазасын кетірген анау археологтардың тракторы екенін Айгүл біледі. Мотор дүрілін естіген сәтте-ақ өзгеріп сала береді.


— Ата, олар мазарларға тиіспейді, тек қазатын жердің топырағын ғана тазалап алмақ.


— Топырақты күрекпен, қолмен тазалауға болады ғой, қызым. Ал мынау алдында жалпақ түрені бар трактор... Онымен бүкіл қорғандарды мазарларымен қоса тып-типыл тегістеп шығуға болады. — Кесесін қоя беріп, сыртқа шығып кетті.


— Ата, қайда барасыз? Қойыңыз, — деді Айгүл жалбарына.


Қарт тыңдаған жоқ оны. Қыз киіз үйде қала берді. Қарт көпірге қарай жүрді. Тәбеті соңынан еріп келеді.


— Сенін де бұрынғы ызбарыңнан түк жоқ. Екеумізден енді кім сескенсін! — деді қарт төбетіне жекіп. — Кет әрі! — деп теуіп қалды да, өзі қорғанға қарай асыға жүрді.


Төбеге көтерілген. Тракторды көрді, үстінде Мурат отыр, Жомарт қазылған жердің үстіне шығып, оған қай жерді қазып, топырағын қалай қарай итеру керектігін көрсетіп тұр. Басқа балалар мен Асқар көрінбейді. Палаткаларында дем алып жатыр ма, әлде с.уға түсуге кеткен болар...


Қарт мазарлардың қабырғаларын қараған. Біреуі құлап түсіпті. Тоқыған шарбағы тірек бола алмаса керек. Қарасұңқар тізерлей отырып, құран оқыды. Қайта тұрды.


Жомарт тастарды күрекпен лақтырып тұр. Трактор қазылатын жердің үстіңгі қабатының топырағын ысырып жүр.


Біреу айқай салды... Жомарт басын көтерген. Көлеңкесі ербеңдеп төбеден шал түсіп келеді екен. Жомарт төңірекке таңырқай қарады. Айқайлаған шал екеніне көзі жетті.


Қарасұңқар таяп кеп әлденені айтып тұр. Мұрат қорқып кетті. Моторды өшірді.


— Балам, — деді қарт, — бұл жерді енді қазба.


Жомарт қапелімде не дерін білмей тосылып қалған.


— Жамандық шақырма, — деді қарт күбірлеп.


— Апыр-ай, сізге қалай түсіндірсем екен... Бұл өте қажет...


— Балам, айтқанымды тыңда. — Қарттың үні дірілдей шықты. — Мына машинаңды ал енді. Жамандық шақырып қайтесің, әй, шырағым - ай. Мына жердің асты зират қой, қойсаң етті, солардың тынышын алмай. — Қарт сәл үнсіз тұрып қайта сөйледі: — Шекараны моламен дәлелдеп қайтесің, адамзат баласының қайсысының еншісінде қанша жер болғанын, кімнің отаны қай жер екенін дәлелдеу сенің міндетің емес шығар...


Әлдеқайдан Асқар келе қалған.


— Ата, енді трактор қазбайды. Ертең ауылға қайтарып жібереміз, астық жинауға қажет... — қартқа таяй бергенде, тасқа сүрініп кетті.


Кесек тас сырғып барып, аяғын басып қалды. Асқар ауырсынып отыра берді.


— Міне бұл да аруақтың қарғысы, — деді қарт ызалы кекесінмен, онан соң Жомартқа бұрылған. Екеуінің жанарлары түйіскен. Қарттың көзінде қазір ызалы кек жоқ еді. Қалжырап, жабығу бар. Және жалбарына өтіну бар. — Тиіспе бұларға, балам.., Мен бұл жақтан, сонау алғашқы жылдарда мавзолейлер қопарып, алла жоқ деген кезде, ашаршылық болар жылы кетіп ем... Мейлі алла жоқ - ақ болсын. Бірақ адамның көңіліне медет қылар бір сенімі болуы тиіс қой, балам. Мен Мұқанның сарбазы болдым, басқалар сияқты қой да бақтым, ал сол көгілдір таудың арғы бетіндегілер ата-бабаларымыздың ескерткіштерін қорлай бастаған кезде, бері қарай кеттім. Мен мыналарды медет қып келдім ғой, — деп Қарт мазарларды нұсқады. Қолдары қалтырап, өзі соншалықты дәрменсіз боп кетті. Тыныштығын бұзба, бұлардың. Бұлар ешқандай да құпия ашпайды. Қураған сүйектер тек өлім жайын ғана баян етер. Өлгеннен соң біздің де сүйегіміздің өстіп қурайтынын дәлелдер. Өлікті қорламас болар, қадірлер болар. — Қарттың кескіні біртіндеп қатайып, сөзін ызбарлы бітірді.


Жомарт қайтып оған тіктеп қарай алмады. Бірінші рет сөз тауып, жауап қайыра алмады. Теріс айналып кетті.


Қарт та үнсіз, кескіні тас боп қалғандай. Төбелерді тегіс бір қарап өтті де, белі бүкшиіп, келген ізімен кейін қайтты. Енді соңынан ілескен көлеңкесі жоқ еді. Күн ұясына қонған. Батыс жақ қан қызыл ымырт шапағына боялған...


Жомарт пен Асқар ойлы күйде қарт соңынан қарап тұр.


— Біздің осы әрекетімізден бірдеңе шығатынына ауылда ешкім сенбейді, — деді Асқар.


— Трояны ашатынын айтқанда Шлиманға да ешкім сенген жоқ болатын...


— Демек сен өз жұлдызыңның жанатынына кәміл сенесің ғой, — деді Асқар ызаланып. — Оптимисттерді өте ұнатам.


— Гомерге сенбесе Шлиман да қазбаны жүргізбеген болар еді, — деді Жомарт жайбарақат үнмен.


— Ал сенің номерің бар ма?


— Бар. Ол осы қазір ғана киіз үйіне кетті. Мен оның көп нәрсені білетініне, көп құпия сырды бүгіп жүргеніне, біліміне әбден сенем. Әлде оның осы қорғандар туралы естігендері бар. Әйтпесе, бізбен осынша шүйлігіп арбаспаса керек еді ғой.


* * *


Төсегінен жаңа тұрған Жомарт, майка күйде палаткасын жүгіре айналып өтіп, қазба басталатын жерге қарай жүрген кезде, күн сәулесі тау шыңдарын жарып әлі шыға қоймаған. Жердің үстіңгі қабаты алынып, топырағы шетке қарай ысырылған. Енді жұмыстың ең жауапты кезеңі басталмақ. Трактор атқарар жұмыс бітіп, ендігі кезек күрекке жеткен.


Жомарт топырақ түсіне үңіле қараған, қараңдаған жолақты аңғарды. Түп-түзу боп тартылып кеп, тік төртбұрышқа ауысқан. Бұл, бәлкім, ғасырлар бойғы топырақ астында қалып қойған кене құрылыс қабырғасының ізі болар, мүмкін ескі мола шығар... Көңілді бір әуенді ысқыра әндеткен Жомарт, таяқтың сынығын алып, топырақ үстін асығыс сызғылап, істелер жұмыстарды белгілей бастады... Онан соң таяқшаны лақтырып тастап өзенге қарай жүгірді. Тау арасынан күн сәулесі көрінді. Бірақ, бәрібір, таңертеңгі шақ қоңыр салқын еді. Судан алақанымен көсіп бір іліп алған Жомарт, лезде қайта шашып жіберді, су мұздай суық екен.


— Суық па екен? — деді қыздың тосын үні.


Арғы жағалауда Айгүл су алып тұр екен. Үстінде жеңіл ғана гүлді көйлек. Сырт жағында қыздың иығын ерінімен қытықтағандай бон Қарасұңқар шалдың аты тұр. Басы бос. Ноқта, жүгенсіз, тіпті арқандалмаған да.


— Жарқыраған нұрлы күнмен! —деді Жомарт қызға қызыға қарап.


Қымсына қысылған қыз шелегін көтеріп жүріп кетті, суы шайқалақтап төгіліп барады. Ат қос құлағын қайшылай тігіп, Жомартқа қарап сәл тұрды да, онан соң тұяғымен жерді тартып қап, Айгүл соңынан ойнақ салып шаба жөнелді. Киіз үй алдында оларды қарттың өзі күтіп алды.


— Шалдың асырап алған қызы, — деді кейінгі жақтан келген Асқар.


— Білем, — деді Жомарт, сөйтті де суықтығына қарамастан судан іліп ап жуынуға кірісті.


Палаткаға бұл қайтып оралғанда, қыздар ертеңгі асты дайындап та қойған екен. Ұл балалар зарядканы аяқтап, Асқар үшін сүлгі орамал алып, өзенге қарай жарыса жүгірді.


Ертеңгі тамақтан кейін Жомарт Мұратқа:


— Біреулерің тракторды ауылға апарып тастаңдар. Ендігі жұмыс күрек пен пышақтікі, — деген.


— Күрекпен... Мынау төбені күрекпен аударғанша қаншама уақыт өтеді сонда, — деп Арыстан ысқырып жіберді.


— Қанша уақыт қажет болса сонша уақыт қазамыз, — деді Жомарт. Балалар бір-біріне қарады.


— Картер патшалар Аңғарын бес жыл бойы қазғылаған, — деді Мұрат жымың етіп. — Сусыз, азық-түліксіз... Ақыры Тутанхамонды... Египет патшасын... фараонды тапты ғой.


— Менің атам біледі... Маған бір айтқаны бар... Осы арада наймандар қыпшақтардың қолбасыларымен туыстасқан екен, — деп қойды Арыстан.


Жомарт қолындағы күрегін түсіріп ала жаздады:


— Оны саған кім айтты, кімнен естідің?


— Менің атам біледі... — деді Арыстан абыржып.


* * *


...Тым-тырыс. Алыстан сонау көк жалын шыңдардың тұсымен жылқы көрінді. Жылқышылар бөлініп шығып, бері киіз үйге қарай жүрді.


Жомарт әрбір кесек топырақты уысына салып үге қарап, төртбұрышты шұңқырдың түбін қазбалауда. Спорт костюмін киген, басында орамал шыты бар, мұрнының үстіне қағаз жапсырған Бөбеш Мұратқа көмектесіп жүр. Арыстан да үңгілеп шұңқыр қазған, ал Жанат шыққан топырақты алаңнан әрі апарып үюде.


Бөбеш суық су әкеп бәріне кезек ұсынды.


— Жомарт, осы біз күрекке кезекті тым ерте бергенбіз жоқ па? Әзірге көне мәдениеттің иісі де сезілмейді ғой, — деген барлық шұңқырларды мұқият қарап шыққан Асқар.


Жомарт оған қарады.


— Археология дегеннің қиындығы сол қазуды экскалатормен жүргізіп те ештеңе таба алмауың мүмкін. Бір ғана ұраны — төзімділік. Инемен құдық қазған аңызды естігенің бар ма?..


Бөбеш қазбаның шетіндегі сырыққа шегеленген фанераға көмір кесегімен: «12 июнь. 6 сағат жұмыс істедік» деп жазды.


Өзеннің жағасына «газик» кеп тоқтады да сигнал берді. Арыстан күрегін тастай сап, солай қарай жүгірді. Жас шофер жігіт шымшып байланған оған ұстата берді.


— Мә, ұста почтаны. Мынаны Айгүлге бере салыңдар: шопандарға келген хаттар мен газеттері ғой. Мен өте асығыс едім. Ал мынау сендердің газет-журналдарың.


— Жақсы.


«Газик» бұрылып ап, жөнеп берді. Мұрат жүгіріп кеп жаңа журналдарды іліп алды да палаткаға сүңгіп кетті.


— Әй, Мұрат! Шопандардың почтасын ғана. Айгүлге апарып беріңдер! —деп дауыстады Асқар.


— Солай етеміз! —деді палатканың ішінен шыққан дауыс.


Мұрат жүгіріп өзенге барды. Шешініп тастап, иірімге қойып кетті. Қатты ағынға тәлтіректеп әзер тұрды. Судың тереңдігі белуардан ғана, бірақ ағыны жылдам.


Жасыл алқаптың әр тұсында алыптың уысынан шашылып түскен ақ ұлпадай боп шоғыр -шоғыр боп жайылған қоралы қойлар көрінеді. Қамат бітіп, жел көтергендей ойнақ сап жарысқан жылқы және жатыр.


Беріректе екі ақ отау тұр, онан әрі біреу, тағы біреу, тағы біреу... Бүкіл жасыл аңғар ішіне дөңгелене қонған үйлер. Ал ең арғы түкпірде әлде өзен, әлде ор бар, сол тұста көрінеді. Әлгіден бері киіз үйлерге қарай салт аттылар келе жатыр.


— Әне, шекарашылар келеді, — деп айқайлады Мұрат.


Жомарт мынау ертегідегідей көрікті жер сұлулығына таңырқай қарап қалған. Жайлауда болмағанына талай жыл өтіпті - ау.


— Мынау әсемдікті, қалықтаған баяулықты, мынау манаураған тірлікті бірде-бір суретші жеткізіп сала алмас, — деді ол.


— Оу, сен жас кезіндегідей тағы да ақынша шалқып, асқақтап кеттің ғой. Жоқ, достым, бүгімде сұлулық өзгерген. Осыдан үш ай бұрын, анау шекарашылар келе жатқан жақ түнге қарай мазасыз боп кететін, — деді Асқар ойлы күйде. Балалар бұл кезде, маңына жұрт жиналып, түтіндеп оты жанып жатқан алдағы қос ақ отауға қарай жарыса жүгіріп кеткен. — Жүр. Шопандар күтіп отыр.


Балалар киіз үйлерге жетіп, ерттеулі тұрған аттарды бөлісіп алды. Жылқышылар әйелдеріне бие саууға көмектесіп жүр екен. Желіде тұрған құлындарды ноқтасымен шешіп әкеп, енелерінің бауырына салады. Құлынның жыбыр қаққан үлпек еріні емшекке тиген сәтте-ақ, тырсылдап тұрған бие желіні иіп сала береді. Биенің шәлкес мінезі бірден басылып, аналық емірену жеңіп, жуаси қалады. Жылқышы құлынды кейін тартып алып,. оқырана исінген енесінің алдына көлденең тартып ұстап тұрады. Осы сәтте жылқышының әйелі де шелекке сүтті күрпілдетіп саууға кіріседі.


Жомарт тыпырши тулаған аса тірсек құлынға, оған емірене оқыранған жылтыр жүнді биеге қызыға қарайды.


Мынау, асқар шыңдар мен жасыл аңғарда күн кешкен қойшының баласы, мектепті бітіргеннен кейін туған жерінен ұзақ жылдар қол үзіп, дүниені шырқ айналған Жомарт, қазір, міне, көптен ұмыт болған жылқышы мен қойшы өмірінің осынау ғажап сұлулығын өзі үшін қайталай ашып тұр.


Оның есіне бала кезінде, соғыс аяқталар жылы бір үйлі жанды асырап отырған сиырларының өлі бұзау тапқаны түсті.


Жомарттың шешесі көрші шалға өлі бұзаудың терісінен тұлып жасатып алған еді.


Сиыр өрістеп бұзауын аңсап мөңіреп қайтқан кезде, апасы әлгі тұлыпты алып шығатын. Сорлы сиыр теріні иіскелеп, дәл бір тірі бұзауын көргендей емірене жалайтын. Сиыр иіскеп, жалап мауқын басқан соң, апасы тұлыпты алып, сиырдың желініне апарып, бұзау еміндіріп қаға бастайтын. Сөйтіп сиырды исіндіруші еді. Сонан соң тұлыпты сиырдың алдына қойып, өзі саууға отыратын...


Сиыр байғұс үсті-үстіне мекіреніп, сабан «бұзауын» жалай беретін.


«Ана махаббаты деген таңғажайып қасиетті, әрі қасіретті сезім - ау», — деп ойлады Жомарт, енесінің емшегіне тұмсығын тығып, сорпылдатып еме бастаған құлынға қарай тұрып...


Кенет Жомарт өзінің қарт анасын есіне алды. Университетте оқығаннан кейінгі ұзақ жылдар бойына, ол анасын дәл қазіргідей елжіреген аянышпен есіне алған емес еді.


Ол әкесін онша білмейтін, ылғи жұмыс басты боп жүретін кісі еді, соғыс басталған жылы әскерге кетті де, алғашқы ұрыста - ақ қайтыс болды.


Анасы мұны жалғыз жүріп өсіріп, аяғынан тұрғызды. Соғыс жылдарының өзінде ертеден қара кешке дейін жұмыста жүріп, жадап-жүдеп, шашын ерте ақ шалып, ерте қартайған анасы өзі нәр сызбай аш жүрсе де, қолына түскен бір қасық сүтті, бір уыс бидайды, бір картопты, тіпті ең аяғы пішенде жүріп терген бір уыс бүлдіргені болса, соған дейін — осыған, Жомартқа жегізетін.


Еш уақыт мұны жазғырып ұрысқан емес, ылғи да тек қорғайтын. Бүкіл аналық мейірімін бір осыған арнады. Өзі жамаулы жалғыз көйлекпен жүріп, бар тәуірін осының үстіне ғана жапсырды. Әкесінің, өзінің киім-кешектерін, ең аяғы соғыстан бұрын жасалған терезе пердеге дейін бұзып, осыған киім тікті.


Ал бұл болса соның бәріне еш шіміркенбейтін. Анасы бұған не бір зекіп, небір налыс білдірген емес-ау, ал өзін асырап - өсірудің, қатарынан кем қылмай бағып-қағып, киіндірудің анасы үшін қаншама қиындыққа түскенін, бұл ешқашан ойлаған емес.


Жомарт өз өмірінде бір рет қана анасына сыйлық әкелген еді. Университеттің екінші курсын бітірген жылы болатын. Анасы кәннің үстінде жатыр екен. Үйде көрші әйелдер бар еді. Анасы басын әзер көтерген еді. Бұл әкелген сыйлыққа қандай қуанды десеңші.


Бәлкім, бұған ол кезде солай көрінген шығар? Өйткені анасы өзіне деп ұлы әкелген көйлекті үстіне де кие алмады ғой. Ұлына емірене қарай берген. Жомарт тек қазір ғана анық ұғып тұр, бұған деген аналық еміренуі оның жанына батқан ауыр азап пен дертті де жеңген екен ғой.


— Апа - ау, маған дәл бір жас балаша қарайсың ғой, — деген еді бұл сонда.


— Жоқ. О не дегенің, балам. Мен, тек, сені қарны ашып келді ме деп отырмын, — деп орнынан тұрмақ болған анасы көршілеріне: — маған көмектесіп жіберіңдерші... — деген. — Құдайға шүкір, жігіт болдың ғой, енді. Өз қолың өз аузыңа жетті ғой.


Анасы басын көтеріп, орнынан тұрған. Бірақ онымен ең болмаса бір кеш отырып әңгімелесуге Жомарттың уақыты болмады.


Ақыры анасы қайтыс болды.


Өлерінің алдында ол, Жомартқа әкесі туралы және бір адам туралы, анасының айтуынша мұның туған жері, бірақ әлі күнге бір рет те бұл барып көрмеген Зайсан туралы айтуға сан оқталып, айта алмай кетті... Сонда не айтпақ болды екен? Қандай сыр ашпақ болды екен? — аяқ асты анасы туралы қат-қат ой тереңіне батқан Жомарт, желіден ағытылған құлынға таяп кеп сипамақ еді, осы мезетте құлынның енесі құлағын жымырып, бұған қарай тап берген. Асқар Жомартты тез тартып қап, биені үркітіп үлгірді.


— Сенің бөтен екеніңді біліп тұр. Байқа, тістеп алмасын, — деді ол күліп.


— Қарағым, дап-дардай боп балаға ұсағаның не, — деді қолында сауын шелегі бар әйел. — Теуіп жіберсе қайтесің...


Жомарт ұялып, киіз үйге қарай бұрылып кетті.


Малшылар осы кезде келіп жеткен шекарашылармен — қартаң капитан және ине-жіптен шыққандай су жаңа әскер киімін киген өрімдей мүлде жас екі жігітпен дабырлай амандасты.


— Киімдері судай жаңа екен... сірә, жаңадан келгендер - ау? — деген жылқышы Бәке.


— Иә. Жаңадан келген. Әдемі жігіттер, бұлар.


— Бізге де бүгін жаңа келгендер бар, — деді Бәке қуана салдырлап. — Көпірдің иесі және мұғалім Асқар шәкірттерімен қонаққа келіп еді. Молаларды зерттеп жүр, бұлар. Мына Жомарт та өзіміздің бала. Қалада тұрады. Өзі ғалым, — деді Бәке мақтанышпен. — Қазу жұмысын басқарып жүрген осы.


— Қорқау қасқыр мен құзғын ғана моланы қазады, — деп күңкілдеді Қарасұңқар. Бірақ оны ешкім ести қойған жоқ.


— Білем, ақсақал. Бүгінгі күн — жайдары ашық, жақсы күн екен, ақсақал. Демек қонақтардың да құтты болғаны ғой.


— Сендер де менің қонақтарым, — деді Жанпейіс шопан кие сөйлеп. — Кәне, төрлетіңдер. — Үйдің иесі өзі болған соң, жұртты дастарханға отырғызып бәйек боп жүр.


Көгал үстіне тағы да киіз төселіп, көрпе салынды. Қонақтарға жастық әкелінді. Тегенеде сары қымыз сапырылып, қазанда бүлкілдеп ет қайнады. Айгүл мен Бөбеш бастаған қыз балалар үй иесі кемпірге бауырсақ пісірісіп көмектесіп жүр. Дастархан үстіне, мұнда қайдан келгені белгісіз, екі бөтелке араб коньягы және шампан мен арақ қонжиды.


Еркектердің асқа келер түрлері жоқ: Асқардың шәкірттері жас жылқышылармен бірге бір-бір құрықты ұстап қиқулап, жылқыны киіз үйлерге қарай қуып келеді. Екі жүз метрдей қалған кезде Мұрат пен Арыстан алға озып шығып, жылқының жолын кес-кестеді. Жылқы сәл іркіліп, енді ойға қарай бұрылған, бұл жақтан шопандар қарсы шығып тосқауылдады. Тұяқтардың дүбірі сәл саябырлап, бірін-бірі тықсырып, пысқырынып, жылқы бір жерге иіріле тоқтады.


Мына қызыққа жас шекарашылар таңырқай қарап қалған. Өзгелер әркім өз орнында сынай қараған күй танытып отыр.


— Балаларыңыздың тақымдары атқа мықты екен, жарайды, — деп мақтап қойды капитан мейманға тән кәдемен.


— Әлі көреміз... — деді Бәке оған қулана көз қысып. — Сыннан етіп көрсін әуелі. Ат құлағына ойнамаған жігіт жігіт пе, тәйірі. Ал, Жәке, сөйлеңіз. — деп үй иесіне қарады.


Киіз үйдің іргесіне таяу, жастыққа шынтақтап үнсіз жатқан Қарасұңқар, аяқ жағына кеп, иесіне тығыла жатпақ болған төбетін зекіп, теуіп қалды.


— Кет, әрі!


Қарт кескіні өзгеріп шыға келген. Ат үстінде ерге тастай қатып жабыса отырған балалардан көз жазар емес.


— Мұратжан! — деді Жанпейіс дауыстап, — таңда, кәне, мінер атыңды!


Мұрат сәл абыржып, Бөбешке қараған.


— Маған неменеге қарайсың? Саған айтып тұр ғой, — деді«ұяла күлген қыз.


Мұрат біріне-бірі тығылыса тұрған жылқыға қарай бұрылды.


Жондарына күн шағылысып жылт-жылт еткен жылқы қозғалақтап, тыпыршып, бір орында шырқ айналады. Бастарын кекжите көтеріп, танауларын пысқырына делдитіп, көздері шатынап тыныш тұра алар емес, солардың арасынан бүгінгі үйретілер нағыз құр асауды таңдау керек. Шетінен осқырынып, бірін-бірі басып кетердей боп тұр. Тек айғыр ғана үйірдің шетіне шығып осқырына одыраңдайды. Мынау қаумалаған қоршауды бұзып, үйірін соңынан ертіп әкеткісі бар.


Мұрат әлі таңдай алмай тұрған.


— Болсаңшы, балам - ау! Әйтпесе жылқыны көп ұстап тұра алмаймыз, — деді Бәке дауыстап.


— Мынаны үйретем! — деп Мұрат қолындағы құрығымен құла құнанның сауырынан түрткен.


Қарттар орындарынан тұрып, әлі құнанға сынай қарасып қалды.


— Бәрекелде, Мұратжан! Өте дұрыс таңдадың! — деді қарт жылқышы риза боп.


Мұраттың жүзінен қуаныш күлкісі жүгіріп өтті.


Сырт көзге осынын бәрі ептілікті, күш-қайратты талап ететін қызық бір ойын сияқты еді, Ірі түлғалы Арыстан мен шымыр денелі Мұрат құнанға таяу кеп, екеуі екі жақтан ілмектеп ноқталауға әрекеттенген.


Құла құнан тарпи қарғып, маңайлатпады. Мойнын арқан қылқындырып қырылдап тұр. Балалардың қасына Бәкең барып, енді үшеулеп жүріп, құнанның басына қос қабатталған ноқта кигізді.


Онан соң арқанды керіп ұстап, шеңбер бойлатын біраз қуып алды. Тағына шапшып аласұрған құнан екі рет шалқалай құлап домалап, онан қайта тұра сап өлермен бон тулап көрген. Бірақ тырп ете алмады. Тастай берік қыл арқан еш еркіне жібермеді.


Құнан өмірінде бірінші рет еркінен айрылған еді. Қалш-қалш етіп тоқтаса болды, қасына адам жақындай бастайды, бұл шеңберді бойлап аласұра тағы шабады. Қос бүйірі ақ көбік болды. Ақыры қалшиып тұра қалған. Пышақтай тұяқтары дымқыл жерге кірш-кірш қадалған. Арқан тағы да сына тартылды.


Бәкең жақындап келді. Құла құнан көзі шарасынан шыға, арқанды үзіп кетпек боп бұлқынып барып, шоңқиып отырып қалды. Бәкең осы бір сәтте оны шап беріп құлағынан ұстады да мойнына асыла тұрды, сәлден соң кейін серпіліп кеткен. Бұл жолы құнан басына жүген кигізілді.


— Көрдіңіз бе, біздің ақсақалды? Қаланың пенсионер шалдары садаға кетпей ме! — Жомарттың қасына капитан кеп тұрған екен. Өзі таза қазақша сөйледі: — Біздің Кубаньда да жылқыны жақсы көреді, — деді.


— Ал енді бұған бірінші боп кім мінеді? — деп алқынған Бәкең Жанпейіске қараған.


— Міне, керемет! — деді жас шекарашы таңырқап дауыстап. — Мынадай асауға мен тіпті де міне алмас ем.


— Мына оқымысты жігіт үйретсін, — деген Қарасұңқардың сабырлы үні естілді.


Жомарт жалт етіп солай қараған. Қарт шет жақта бұған тесіле қарап тұр екен. Мысқылды, қатыгез қарас. Қарасұңқар мұны тағы да сынап тұр еді.


— Жомартжан көптен атқа мінбей, тосаңсып кетті ғой. Онан да мына балалар үйретсін, —деді Жанпейіс.


— Оның да жөн сөз, Жәке. Асау үйрету мұңын қолынан қайдан келсін. Бұл тек өлі қорғандарды ақтаруға ғана күшті ғой. — Қарасұңқардың дауысында мұны қыжырта қорлау бар еді.


Жомарт Асқардың қабағын шытынғанын, балалардың абыржи қалғандарын жіті байқады.


— Асауға мінуге мен дайынмын, ақсақал, — деді. Бір сәт бойын ыза кернеп, дауысы саңқылдап, көңілді шыққан.


Ол қарттың зіл қабыл алды, ызадан өңі күреңіте түтігіп, үнсіз асау құнанға қарай беттеді. Жұрт тына қалған. Қунан осқыра шегіншектеді. Балалар арқанды тарта түскен. Құнан шеңбер айналып қашты. Жомарт та жанаса жүгірді. Әне, асаудың тізгініне қолы іліккен. Екі қолымен бірдей жалыннан мықтап ұстап алды. Құнан енді оны сүйрете шапқан. Осы бір сәтте Жомарт лып етіп асауға ырғып мінді. Бәкен де атына тез міне сап, балалардың қолындағы арқанның ұшып іліп әкетті. Құла құнан қатты мәңгіп қалған, Жомарт басынан асып барып, түкті кілемдей көк шөпке бір аунап тұрды. Енді ол мүлдем ызаланып, қабылан секілді атылып барып құнанның үстіне қайта жармасқан, тағы да ұшып түсті.


— Болды! Тоқта енді! — деп айқайлаған Жанпейіс.


Бірақ Жомарт оны естіген жоқ. Өзіне қарай есі шыға жүгірген Асқарды көргенде, екі беті дуылдап өртеніп кетті.


— Ары! Ары тұр! — деді ол досына қырылдап. — Немене, қырық бесінші жылы бәйгеде сенен озып келгенімді ұмыттың ба? Ол кезде екеуміз де боқмұрын едік, ал қазір... — Ол алқына сөйледі.


Серіппедей бүгіле түскен Жомарт айнала шапқан құнанның өз тұсына таяу келер сәтін күтіп тұр. Тағы да атылып барып, асаудың үстіне дің етіп қонған.


— Мықтап ұстан! — деп айқайлаған Бәкең құнанға ес жиғызбастан қапталдан кеп қамшының астына алып, кесіп-кесіп жіберді.


Ақ көбік болған құла тулауға мұршасы келмей, жылқышының астындағы атпен қатарласа алға қарай алып жөнелген. Алыстан көк мұнар боп көрінген тауларды бетке алып, жазықпен көсіліп берді...


Қарасұңқар жайлап қана киіз үй іргесінде тұрғандарға жағалай көз тастаған, Айгүлдің жылап тұрғанын байқады.


Жылқышының жетегіндегі Жомарт жазыққа қарай шыққан кезде, Айгүлдің де көңілі орнығып, көзінде қуаныш ұшқындады. Көзіне іркілген жасты байқатпай ғана сүртіп тастап, қартқа кінәлай қарады.


Көз ұшына дейін барып, аттылар сол ұйтқыта шапқан күйлерінде кейін қарай оралды. Киіз үйге тақай бере Жомарт құнаннан дің етіп қарғып түскен. Асқар ұмтылып барып қарсы алып, қолынан қыса берді. Жомарттың жүзі алаулап тұр, жейдесі пәре-пәре жыртылған, алақаны қан еді.


— Жарайсың, жігітім! Намысыңды жібермедің, — деп шалдар дуылдаса мақтап жатыр.


Асқардың, ұлдар мен қыздардың қуанышында шек жоқ еді. Тек Қарасұңқар ғана сол үнсіз тұйық қалпынан ауған жоқ. Оның жүзі ылғи да сол тұйық, сұсты күйінен аумайтын. Үнсіз бұрылып кеп Айгүлдің қасына тоқтады. Қыз бұл сәтте түк болмағандай жайдары, қуанышты тұр.


Жомарт шеткі үйдің қасындағы, түбінде мөлдір тұмасы бар жыраға қарай кеткен. Тұманың көзіне жуынып, орамалмен сүртініп тұрғанда, киіз үй ішіндегі кемпірдің шалына ұрсып айтқан сөздерін естіп қалды:


— Бір қазан етті былқытып асып, бір тегене құрт езіп қойғанымды қайтейін, үйіңе әлі жөн адам бас сұққан жоқ. Бәрі анау Жанпейіс пен Бәкенің үйінде. Адам екен деп саған біреуі келсе ше. Енді бұл етті қайтпек? Тастаймын ба? Ең болмаса құдайы қонақ та келер емес... Ал, өзің же, енді!


— Жә, күтелік, біреу-міреу келер... — деді шалы сенімсіздеу үнмен.


Үйдің тұсынан өтіп бара жатып Асқар жымия күлді. Жанпейістің үйіне жақындағанда гүл-гүл жайнаған Айгүл мен Бәкенің әйелін көрді.


— Зейнеп байғұс тірі болғанда ғой, баласының бүгінгісін кәріп, қандай мәз боп қуанар еді десеңші, — деп қояды Бәкенің әйелі қазаннан етті табаққа түсіріп жатып. — Оқыған десең оқыған, ауылдың да салтын ұмытпаған...


Оның айтқандарын Қарасұңқар да естіп қалған. Бірінші рет қабағы дір ете түсті. Бұрылып қарап еді, кемпір дәу табақ етті дастарханға әкетіп барады екен.


Атасынын қабағының түксиіп, кескінінің түнерін кеткен ін Айгүл ғана байқады.


«Зейнеп, Зейнеп». Осы бір есім Қарасұңқардың дегбірін алатын. Өмір бойы жүрегін сыздатып, қасіретке түсіріп-ақ келеді. Өзі еш уақытта бұл есімді дауыстап айтқан емес. Ылғи да басқаны кінәлайтын сол үшін. Заманды кінәлайтын. Көріңде өкір,гір молданы кінәлайтын, қасиетті сөзімді ұға білмейтін жұртты кінәлайтын. Мұның аузына бірінші ілігер қасиетті сөзі «Зейнеп» еді.


Қарасұңқар Жомарттың жүзіне анықтап қарағысы келген, бірақ анау теріс айналып кетті. Бетін орамалмен сүртіп қонақтардың ең ортасына кірді. Жанпейіс дастархан басына шақырды.


— Анау қула құнанды мықтап қаңтарып қойыңдар. Суысын. Дастарханға отырыңдар. Әй, кемпір, келсең мен стақаның қайда?..


— Ау, Қареке! Қарасұңқар! Неғып ойланып қалдың? Жұрт сені күтіп тұр ғой. Шықсаңшы, төрге. Осы екеуміздің жасымыз шамалас шығар, бүгінгі төрге сен шық, қонақсың ғой, — деп Жанпейіс қарт әзілдей сөйледі.


— Қарасұңқар деймісіз... Ақсақалдың аты жақсы екен, — деді капитан.


— Жолдас капитан, қалай, тыныштық па? — деп сұрады одан Асқар.


— Шекараның аты шекара ғой, — деді анау. — Тыныштық. Бірақ сол тыныштық көңілді орнына түсірмей тұр-ау.


— Әй, тыныш емес-ау! Тыныштық деген бұрын еді ғой, — деді Бәкең сөзге араласып. — Ана жақтың қойшылары, — деп шекара жақты сілтеп қойды, — бізге кеп қонақ боп, біз оларға барып тұрушы едік. Мал жаятын өрісіміз де бір болушы еді. Тыныштық деген сол ғой, Ал қазір ше? Көрші отырып бір-біріне бара алмау, тыныштық болушы ма еді...


Қарасұңқар олардың сөзін естіген жоқ. Астаң-кестең болған өз көңілін жұртқа сездірмеуге тырысады. Қылпыған бәкісімен еттен кесіп алды...


Өткен өмір жайлы ой мұны еш уақытта бүйтіп аласұрғызған емес. Дастархан басындағы сөзді естуден мүлде шет қалған еді. Әттең сырт сүлдесі ғана со бұрынғы сұстылығын, байсалдылығын бұзбай еттен алып, бал қымызды сыздықтата сіміріп қойып отыр. Өзіне сөйлегендерге бір тоға ғана жауап қайырып, тоқтаусыз сөйлеп отырған Жанпейістің сөзінің мәнін ұқпаса да үшін құптағанын қояды. Дәл қазір ол көкірегінің ең түкпір тереңіне бекітіп, сақтап із-түзсіз боп алыста қалған, тіпті ымырт болғандай күйдегі ең, қастерлі шағын емірене еске алып, езіліп отыр.


Тағы да қателесіпті. Махаббат деген жегі құрт қарттыққа да бағынбайды екен, бірде сыздап, бірде егілтіп ойға орала береді екен.


Қонақтар бағана тараған. Айгүл оқушы балалармен бірге қайтып кеткен. Ал бұл болса осы үйден айналсоқтап шыға алмай қойды.


— Қайда асығасың, қонып кет. Сенің көпіріңді жау алар дейсің бе, — деді Жанпейіс. Өзі малға кетті.


Әлгінде Зейнептің атын атаған әйел әлі жерошақ басында жүргенін Қарасұңқар байқап қалған. Ол ақырындап әйелдің қасынан өтті. Сұрауға оқталды. Бірақ не деп сұрайды, сонда? Жоқ, Зейнеп атын ауызға алуға дәті жетер емес.


... Мұның өмірінің мұндай күйге ұшырағанына Зейнеп кінәлі емес қой, әрине, тек сол кезде ол буған тұрмысқа шығуға келіскен болса, онда бәрі де басқаша болар еді-ау...


Бірақ ол кінәлі емес. Ол мұны сүйген жоқ. Және ойындағысын еш бүкпесіз бұған ашық, айтып еді, сүймек түгілі көргім де келмейді деген. Мінезі қайсар, тік болатын.


Бұл да —Қарасұңқар да қайсар еді. Әсіресе қарғыс атқыр молданың уағызын тыңдаған соң тіпті қасарысып кеткен.


Қараңғы түнде қыз суға келгенде, бұл оны тұма басында ұстап алды.


Тұма басындағы қоңыр салқын көк шөп. Тас қараңғы түн, аспандағы сансыз зұлым жұлдыздар, бірінен-бірі өтіп әккі молданың жымысқы көзінше жымыңдайды. Мұны келеке етіп тұрғандай. Күлісіп тұрғандай. «Біреу оны қағады да әкетеді, — деген молданың қайрау сөзі күйдіріп барады. — Онан соң көптің ортағына айналдырып, ортаға салады». Ал бұл оның басқаға кетуін қаламайды. Бұл өлердегі сөзін айтып, жалынып-жалбарынды, маған күйеуге шық, деді. Қыз көнген жоқ, жұлқынып тулап, мұны жек көретінін айтты. Бұл оны жібермейді сонда да...


— Мені күштеп көндіре алмайсың! —деп ол мұның қолын қыршып тістеп алды.


Бұл жанына батып, аттандауға сәл қалды. Кім біледі, егер қыз сол арада соншама мұнын қитығына тимесе, тағдырдың жазғанына мойынсұнып қоя беретін бе еді. Қызға күш жұмсап жібергенін өзі де аңдаған жоқ.


Тек көк шөптің сызын сезді, қыздың ашу-ызаға толы жанарын жақыннан көрді, оның бетке ұрған демін, есінен тандырар бір жұпар иісті, қыздың шашынан аңқыған шеті сезінді және бұлқынған қыз денесін сезінді, Бұл мүлде есі кетіп, не істеп, не қойғанын білмей қызды жұмарлап жіберді...


Онан соң әлсіреген, жуасыған күйге түсіп қыз алдында тұрды. Қыз мұның бетіне түкірді, және жыртылған көйлегінің иығын жаба тұрып, шапалақпен салып жіберді.


— Сен айуансың! Аңсың! Сендей еш уақытта, еш уақытта сүймеспін! Иттің етінен жеккөрем! Естіп тұрсың ба?..


Ол аттай сап ешкімді көмекке шақырған да жоқ. Тістене тұрып ақырын айтқан, үнінде бұған деген ызалы жеккөрініш, жиіркену бар еді, бұл амалсыздан қараңғылыққа сүңгіп тайып тұрды.


— Құры ары! — Қыз солқылдай жылап, шөп үстіне құлай кетті.


Бұл қайта бұрылып келген.


— Құры дедім ғой мен саған! — Оның үрейлі ащы дауысы қараңғы түнді қақ айырды. Жақын маңнан иттер үрді.


Содан қайтып ол қызды көрмеді. Кездесуден, бетіне тура қараудан қорқып қашып жүрді ылғи. Өзін-өзі жеккөретін болды.


Ол қыз өзінің сүйгеніне тұрмысқа шықты, асылынан айрылып, оның алдында кінәлі боп шықты. Содан үш ай өткен соң бұл оның жүкті боп қалғанын білді. Қарасұңқарға қыздың өзі айтып еді. Қараңғы түнде бұған өзі келіп еді.


— Егер сен адам болсаң бұл арадан кетуің керек: біржола кетуің керек. Мен екіқабатпын, бірақ есіңде болсын, бұл сенің балаң емес. Сен бір тегін жоқ, үйің жоқ, күйің жоқ жүрген жансын. Қаңғырып қайдан келсең, сол жағына кет! Менің саған айтарым қарғыс қана, — деген еді қыз.


Сол түні бұл атқа қонды. Өлер алдындағы әкесінің сары аяқтардан кек қайтар дегені, Бөке батыр туралы айтқандары есіне түсті. Арғы бетке өткендерге қосылып жүріп кетті. Ол кезде шекарадан өту оңай болатын. Өйткені екі жақтың да тау сағалап көшіп-қонған ел-жұрты ертеден бір-бірімен араласып тұратын...


* * *


Қазылған жердің аумағы кеңейе берді. Әркім өзіне Жомарт белгілеп берген тұсты тездете қазып, үңіле зерттейді.


Ауқымы тар, терең қазылған, қисық-қисық орлар әр тұстан дөңнің қақ ортасына қарай кеулеп келеді.


Қазып шығарылған топырақ үйінді - үйінді боп жатыр. Қорғанның бастапқы түрі жоғалған. Тек өзеннің арғы бетінен, киіз үй жақтан қарағанда бұрынғы қалпындағы көрінеді. Төбесіндегі мазарлары мен құлпытастары сол баяғысынша состиып тұр. Қарт байлаған орамал да сол орнында ілулі.


Жомарттың өтінуі бойынша оқушылар құлпытастардың бетіндегі аса көне деген жазуларды қағаз бетіне көшіріп түсіріп алған еді, Мұрат сол суреттерден толы бір альбом жасады.


Қазылған жердің оңтүстік жағынан ұзындығы бір жарым метрдей, ертеде қаланған кесектер көрінген. Мұрат, Арыстан бастаған бір топ бала сыпырғышпен, пышақпен өте мұқият отырып әр кесекті ашып, тазартты. Ал Бөбеш болса табылған әрбір қыштың сынықтарын, садақ оғының ұштарын, тот басып тасқа айналған ақшаларды құрғақ шүберекке, қағазға ораумен шұғылданды. Әрқайсысын нөмірлеп, тізімдеп жазып, жәшіктерге, салып отырды.


... Кесекпен қаланған қабырғаны кеше, 30 июньде балалардың жұмысқа онша құлықтары болмаған күні тапқан.


Қазу жұмысы бәрін де әбден мезі қылған еді. Шәкірттерінің ұнжырғалары түсе бастағанын Асқар өткен аптада - ақ байқаған-ды, жұмысты құлықсыз істеп, іш пыстырар, мынау күймен тірліктен жалыққандай еді.


— Ода0нда, егін орағы басталды, астық жинауға кетуіміз керек еді. Әйтпесе бұл не, тезек домалатқан май қоңыз ғұсап. Қарасұңқар дұрыс айтады, — деп күңкілдеп қарсылығын білдіре бастаған Арыстан.


Балалар экспедицияны тастап кетуге, әне-міне деп, шақ жүрген, Асқар да енді жұмысты аяқтауды ойластырған.


Қаншама жыл мұғалім болдым, қаншама баланы тәрбиеледім дегенмен, әрбір шәкіртінің мінез-құлқын әбден жетік білу мүмкін емес екен. Сынға түскен мезгілде қайсысының төзімді, қайсысының күйректік білдіретінін біле алмайды екен. Кәдуілгі ауылдық мектептің күнделікті өмірінде бұлардың әрқайсысы туралы белгілі дәрежеде пікір қалыптасады. Алайда сындарлы бір сәт түсе әлгі қалыптасқан белгілі пікірлер тоз-тоз болады екен. Үндемейтін, ұстамды дегендер күйгелек боп шығады да, ал ұстамсыз ұшқалақ дегендер мүлде басқа қырынан танылады. Мына Арыстан дәл сондай екен. Сабырлы бала сияқты еді, енді, міне бірінші боп қашуға әзір.


Ал бухгалтердің қызы Бөбеш экспедицияға еріккен соң шыққан сияқты боп көрінеді. Тіпті мектептің өзінде тарих пәніне деген құштарлығы болмайтын. Асқар оны бірер аптадан кейін ауылға өзі-ақ қайтып кетер деп ойлаған. Жоқ, мүлде олай болмады. Істеген ісіне өте тиянақты, байыпты қыз екен, кейде үн жырғасы түскен балаларды ұялтып тастайды өзі.


Адам деген өте күрделі ғой, мінез-құлқы бір қалыпқа сыймайды. Жазушылар айтатындай, бір біразға тықпалай алмайсың...


Асқар орнынан шаршап түрегелді. Қазу жұмысының алғашқы нәтижелері де жаман емес. Кесектен қаланған қабырға. Сынықтар.


Кеше көне заманда қаланған кесекке Мұраттың пышағы тиіп, — алғаш тапқандағы қуаныштарында шек жоқ еді. Балалар мәре-сәре боп, олармен бірге, қуаныштан Жомарт пен Асқардың өзі де секіре жаздап қалды. Бүгін Жомарт экспедицияның тапқандары турлы Алматыға — академияға, археология институтына тез хат жіберуді ұйғарған. Қазір палаткада мәлімдеме жасап отыр.


Кешеден бері бәрі де өзгерген. Енді уақыт тез өтеді. Бәрінің көкейінде бір жұмбақ — мына қабырғаны тұрғызған кім, және мұның арғы жағында не бар екен? Бұл жерге тек Қарасұңқар ғана келген жоқ, табылған заттарды да көрген жоқ.


... Қарт киіз үйдің көлеңкесінде жатыр, қасында Айгүл отыр. Жайлаудан қайтқалы қарт ептеп сырқаттанып қалды.


Асқардың байқағаны, Қарасұңқар бірнеше рет Жомартпен сөйлескісі келгендей болған, бірақ Жомарт одан қашақтай берді.


— Менің онымен сөйлесуге зауқым жоқ, — деген Жомарт. — Біздің ісімізге араласпай, тыныш қана жатсын да. Ең дұрысы сол.


Қарт жайлаудан жауар бұлттай түнеріп оралған. Онысының себебі бар-ды.


Кешкісін шопандар мен жылқышылар үйді-үйлеріне тарап, шекарашылар да аттанған соң, күн жарықта ертерек қайтып кетпек боп Қарасұңқар да атын ерттеген.


Қарттың қасынан екі елі қалмайтын төбеті осы кезде, әудем жерде жайылып жүрген қойдың маңайына барған.


Оларды күндіз-түні күзететін екі қасқыр төбет бөтен итті қойға жуытпады. Екеуі екі жақтан тап берді. Кейін қарай сытылып кетуге мұршасын келтірместен байғұс төбетті бассалып, түтіп жіберді.


Қарасұңқар итін арашалауға ұмтылған. Бірақ, арашалауға мұршасы келмеді. Төңіректегі шопандар жеткенше, қасқыр тәбеттің бірі мұның өзіне тап беріп, жұлып, қолын тісімен сойып кетті.


Шопандар қарттың қолына шөп дәрі таңып, байлап берді.


Төбет жоса-жоса боп қаны ағып, сүйретіліп үйге әзер жеткен. Қарт оған ешқандай жәрдем жасай алмады. Осының бәрін ол жаман ырымға жорыды.


Иті қайтып орнынан тұрған жоқ. Асқар мен балалар итті емдеу үшін қарт пен Айгүлге көмектесіп бақты, экспедицияның аптечкасындағы бар йодты жұмсады.


Күндіз төбет еш қимылсыз, тіпті шыбыннан қорғануға да шамасы келмей жатады, ал түнге қарай қыңсылап кеп ұлыған кезде, киіз үйдегілердің де, палаткадағылардың да тебе құйқаларын шымырлатып еш ұйқы бермейді. Өзеннің сарылы иттің ұлыған үнін онан әрмен күшейте түскендей болады.


Үшінші күні ит өзенге дейін жер бауырлап сүйретіліп барып, көпірдің үстіне жатты. Айгүл оған сүт әкеп құйған, мүлде ішкен жоқ, осыдан кейін қарт өзінің керегеге ілінген қосауыз мылтығын алған еді.


Мылтық ұстаған қартты көріп, бүкіл экспедиция жағалауға келді. Қарт оларға көңіл аударған жоқ. Ол жалғыз оқты ұзақ тұрып оқтады. Қолының байлаулы жарасы кедергі жасаған еді. Сонан соң өтті көпірден аулақ, көк шалғынға апарды. Қарасұңқардың қасына жақын баруға ешкімнің дәті жетпеді. Айгүл болса көзінің жасын сүртіп, киіз үйге кіріп кетті.


Мылтық гүрс еткен. Ешкім орнынан қозғалған жоқ.


Қарт итінің өлігінің басында өзімен-өзі күңкілдей сөйлесіп ұзақ отырды. Онан соң иттің өлігін сүйретіп құзға қарай әкетті. Қайтып кеп күрегін алды. Құзға қайтадан кетіп, содан түнге қарай бір-ақ оралды.


Міне, сонан бері ол өзеннен бері өтіп, қорған жаққа аяқ басқан емес. Күнде бір кеп көпірді байқастап қарайтын әдетін де қойған. Оның да қажеті шамалы еді. Өйткені өзеннің суы тартылып, мүлде азайып қалған. Қанша дегенмен жаз ортасы жетіп, егін орағының кезі туды ғой. Егер жоғарғы қарлы шыңдарға жылы жаңбыр жауып, яки мұз сырғып, сел жүрмесе, өзеннің суы күзгі жауынға дейін осы күйінде ағады...


— Иә, — деген Асқар күрсіне сөйлеп, — кәріге де, жасқа да үңіліп қарай бастасаң іс-әрекеттерінен толып жатқан жұмбақ пен сырды аңғарасың...


Асқар киіз үй жаққа тағы да көз тіккен. Айгүл су алуға келе жатыр екен. Кеше ол мұнда күн ұзақ болып еді, ал бүгін жарты сағаттай ғана болды да қайтып кетті. Ертең почта келетін күн, Айгүл шопандарды аралап таратады.


«Шофер арқылы Анашқа бәрін айтып, қағаз жазып жіберу керек, — деп ойлады Асқар. — Уақыт тауып келіп қайтсын...»


* * *


Айгүл киіз үйге кірді. Басындағы орамал шытын жұлып тастады. Қабылдағышты сөйлетті. Әлгінде ғана келгеннің аузын шешіп, ішіндегі почтаны сұрыптауға кірісті.


Газеттерді іріктей отырып, көзі хатқа түсті. Конверт желімі кеуіп, ашылып қапты. Адресін оқыған: «...Батыров Жомартқа (өзіне)» Кері адресі: «...Алматы, Батырова Гүлсарадан».


Айгүл ішіндегі хатты алды. Гүлсараның кім екенін білгісі келді. Хатты қолына ұстағанмен бүктеуін ашқан жоқ, қайтадан конвертке салып қойды. Дөңгелек үстелдің үстіне тастады.


«Ондағы шаруам қанша менің? — деді өзіне-өзі. — Әйелі болса ше? Е, мейлі. Мүмкін балалары да бар шығар.... Өзі маған тіпті де ұнамайды. Жасы қырықтарға кеп қалған шығар».


Ол өзімен өзі іштей арпалысқан. Хатты қолына қайтадан алып, қайыра тастады. Газеттерді қат-қат етіп, хат жатқан үстелдің үстіне қойды. Онан соң почтаның бәрін сөмкеге нығыздап салды.


Қолын байлаған шүберегі әлі де шешілмеген, өзі сол анау күнгі итін атқан күнгідей — көңілі құлазыған, Қарасұңқар көпірге таяу, өзеннің жағасында отыр. Аты қасында жайылып жүр...


Айгүл көпірден өтіп, үлкен қорғанға қарай бет алған. Палаткалардың маңында жан жоқ. Балалар қорғанның арғы жағында қазылған жердің басында...


Қарттың көз алдында бәрінің күл-талқаны шығуда. Түсінгісі кеп, қаншама тырысып баққанмен, шамасы келер емес. Тағдыр мұны мазақ еткендей соққы үстіне соққы беріп, жұмбақтан жұмбақты кесе-көлденең тартуда.


Қарасұңқар тағы да Зейнепті есіне алған.


Біссіміллә, астапыралла! О, әмірі күшті жаратқан, бір өзің кеше гөр Қарасұңқарды, өлер шағында мазасын кетірмей, тыныштық бер. Бұл, анау өзінен шыққан ұрпағын балам деп айта алмайтын, әкелік құқынан айрылған кереғар өмірден әбден титықтап шаршады ғой. Басқалар ұқсап өзінен туған ұлды «балам» деп дауыстап еш уақытта айта алмайды, өйткен күнде Зейнеп пен Батырбектің аруақтарына дақ түсіріп, баласының жүрегін жаралар еді.


Ол мүмкін, мүлде мұның баласы емес шығар? Соғыс басталардан кеп бұрын алыстағы Зайсаннан Қарлығашқа кешіп келіп еді, деді Жанпейіс. Ау, Зайсанда Зейнеп аттас әйел аз ба екен ? Және Қарасұңқардың мұның анық өзінен туған бала екеніне көзі жете ме? Тіпті әрі-беріден кейін анық өзінің ұрпағы екенін қалай дәлелдейді?


Қарт әбден дал боп шаршады, тіпті отырудан да мезі болған, тез тұрды да адымдай басып киіз үйге қарай жүрді. Жүрегі алқынып, тынысы тарылғандай. Жастыққа жата кетті.


Өзеннің арғы жағынан, алыстан айқай-шу естіледі, радионы даң-дүң сөйлетіп қойған. Жомарт та, Айгүл де сол арада. Қарт сол дабырлаған дауыстарды естігісі келмей ұйықтап кету үшін көзін жұмды.


...Патша - қорғанның үстіне жүгіре көтерілген Айгүл, жұрттың бәрі тегіс қазба үстінде екенін көрді. Әркім өз ісінен бас көтерер емес. Мұны ешқайсысы көрген жоқ.


Жомарт, ескі қабырғаның іргесінен қазір ғана табылған бір мыс заттың сынығын алып айналдырып қарап тұрған, кенет жалт бұрылып, еріксіз қадалып қарап қалды.


Патша - қорғанның ең үстінде, құлаған молалар мен әшекейлі құлпытастардың ортасында Айгүл тұр: көйлегін жел жұлқылап, шашын бос жіберген, орамал - жаулығы қолында, жалаң аяқ.


Айгүл де оның қарағанын байқап қалды. Бір сәтке қатты ұялып жүгіре жөнелмек болды да, бірақ кейін қашуды ерсі көрді. Басын тәкаппар көтеріп, дәл бір мұны байқамаған адамдай қасынан жанап өте берді.


— Айтпақшы сізге хат бар. Ашылып келді, — деді немқұрайды үнмен.


* * *


Соңғы кездері қарт әжептәуір жүдеді. Өңі науқастанған адамдай сарғыш тартқан. Қолы жазылып, шүберекті шешіп тастаған, қайтадан көпірді жөндесе бастады. Қорған жаққа мүлде келуді қойды. Бұрынғысынша үндемейді.


...Бұл түні ол ұйықтай алмады. Түн ортасында тұрып кеткен. Ұзақ отырды. Шәй ішкісі келді. Айгүлді оятқан жоқ. Шәйді өзі қайнатпақ болды. Шам жақты. Оның жарығын газетпен қалқалап, ешбір тысырсыз сыртқа шықты. Ошаққа от тұтатты.


Жел тұрған. Отты жалпылдатып үрлей бастады. Аспанды бұлт бүркеп, жұлдыздар көрінбей кетті.


Ол дәрет алып, намаз оқуға кірісті. Ұзақ оқыды, тысырлап жауын жауа бастады. Намазын бітіріл, мосыдағы шәугімді түсірді. Үйге алып кірді. Сағатқа қараған. Үштен асқан екен.


Таспиқты бір-бірлеп тарта жүріп, қайта сыртқа шығып, ошақтағы отты үстінен бастыра жауып тастады.


Арғы бетте жарқырап шам жанды. Әлде кім қол шаммен жүргендей боп көрінді.


Босаға жақта ілулі тұрған плащын иығына жамылып, таспиқ тартқан күйде, қарт қорғанға қарай жүрді. Жел үдей түскен, Терең қазылған шұңқырдың бір бұрышында біресе пышақпен, біресе щеткамен жабысқан топырақтарды тазалап, Жомарт көне қабырғаның жымдасқан тұстарын қарап жүр екен. Қасында брезент жатыр.


Қарттың аяғының астынан кесек доңдар домалаған. Жомарт селк етіп, кейін бұрылып қарады.


— Ә, ата, сәлеметсіз ба, денсаулығыңыз жақсы ма?


— Алланың берген денсаулығы ғой, керек десе өзі қайтып алар. Бұл дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ қой...


— Жаңбыр жауғалы келеді. Қабырғаның ең болмаса бір бұрышын жауып қояйын деп ем, осы бір тұста есіктің орны болуы тиіс... — деп түсіндірді Жомарт.


— Жаңбырдан қанша жерді жауып қалармын дейсің...


— Мына бір бұрышын жапсам жетеді...


Қарт үйінді топырақты таяғымен түртіп қалған. Кесек доңдар Жомарттың аяқ жағына қарай сырғи жөнелді.


— Топырақты өстіп шығара ма екен, — деді қарт, — бәрі қайтадан ішке түсіп жатыр. Бүйтіп сен қанша жердің құпиясын ашпақсың. Бар құпияны білуің үшін мынау тебені тегіс қазуың керек. Ол үшін күш қажет. «Он жебе» елінің батырларының құрметіне бұл төбені мыңдаған сарбаздар тұрғызған екен.


— Ол не қылған ел? — деді Жомарт шашын сілкіп тастап, жаңбыр тамшылары бетіне ұрғылай бастады.


— Сен өзің жеті атаңа дейін білуші ме ең?


— Мен атамның аты Момынжан екенін білем, ал оның әкесінің, атасынын, бабасының аттарын білмеймін.


— Қазақ болған соң жеті атаңды, білуің қажет... Өзіңнің шыққан тегіңді білмей тұрып сен бүкіл халықтың тегін білмек боласын... «Он жебе» елі туралы менің бабамның бабасы білген екен. Әкеден балаға мұра болған бұл аңыз. «Он жебе» елі деп осыдан мың жыл бүрын мені мен мына сенің ата-бабаларымыздың қонысы —Жетісу мен мынау Көгілдір таулардың арғы жағындағы Тұрпанға дейінгі, Тұз тауға дейінгі жатқан жерді айтқан екен; ол осы аймақты бір-біріне қосып тұрған жалғыз қақпа Сайқансай1 болған. Ішкеріден шапқан жау осы Сайқансайға жеткенде бабаларымыздың алдарынан бората атқан оқтары кейін қайтарады екен... Сондықтан да ол араны Сайқансай атапты.


— Арабтар бұл араны Дешті-Қыпшақ деп атаған екен, — деді Жомарт.


— Ол сөз арабтың атауы емес. Сен әуелі әңгімені тыңдап үйрен.


Жаңбыр үдей жауған. Қарт бұрылып, кейін қарай жүріп кетті. Арғы жағалаудан аттың кісінегені естілген.


Жомарт қабырғаның төменгі бұрышын брезентпен қымтап жапты да өзі шұңқырдан тырмыса шықты. Брезент үстіне топырақ саулап құйылып жатты. Жаңбыр шелектеп құйып кетті.


— Жомарт, қайда жүрсің? — деп айқайлады Асқар палаткадан.


«Күшті дауыл Асқар мен Жомарттың палаткасын жұлып әкеткен. Асқар жауыңды да, алланы да тілдей жүріп, шалбарын киді. Найзағай жарқ етіп, аспан асты гүрс ете қалды. Бөбештің шыңғырып жіберген үрейлі дауысы естілді.


Ат тағы да тықырши кісінеді. Палаткаға жүгіріп жеткен Жомарт, найзағай тағы бір жарқ еткенде, көпірден өтіп бара жатып қарттың тайып жығылғанын көріп қалды. Оңбай жығылды, суға құлап түсуі де мүмкін. Жомарт көпірге қарай жүгірді.


Қарт көпір үстінде әзер түрегелген. Демі мүлде ауырлап кетті. Жомарт кеп жәрдемдескен. Қарттың қолын иығына салып қатарласа жүрген. Қарт қолын жұлып тартып алды. Тағы да найзағай ойнап, күн күркіреді.


— Жүгір! Анау Айгүл шошымасын! Мен атты босатайын. Неғып, бүгін арқандап қойғанымды?..


Жомарт киіз үйге қарай ұмтылған. Қарсы алдынан жалаң көйлекпен, жалаң аяқ Айгүл: «Әке!» — деп аттан сап жүгіре шықты.


Жомарт бұлтарып та үлгіре алмады. Қыз жүгірген бойда оның құшағына кеп кірген. Ештеңені көре алмай, қайта жұлқынып шығып, мұны бетінен шапалақпен осып жіберді. Онан соң ғана Жомарт екенін көріп, таңдана қарап:


— Немене, әдетіңіз осы ма еді? — деген. Күннің күркірі оның дауысын есіттірмеді. Енді бір сәтте ол онысын да ұмытып: — Әкем қайда? Оған не болды? Қайда кеткен? Сырқат еді ғой! — деді безектеп.


— Ол атын босатып жібергелі кетті.


— Ал сіз мұнда неге келдіңіз? Неге оған көмектеспедіңіз?! Су болған арқанды ол шеше алмайды ғой.


Айгүл үйге жүгіре кіріп, қылышты жұлып алды да, со жалаң аяқ күйінде әкесіне кетті. Келе қылышпен бір ұрып арқанды қиып жіберді.


Босаған ат киіз үйге қарай шапты. Нөсер үдей түсті. Айгүл қазық түбіндегі бүгежектеп отырған әкесін қолтығынан көтеріп, үйге сүйрей жөнелді.


— Өзің ауырып жүріп, малмандай су бопсың... Жел және соғып тұр...


Жомарт қызға көмектесіп жіберген. Ат ық іздеп, киіз үйді шырқ айналып жүр. Ақыры ық жаққа кеп үйге тығыла тұрып, тынши қалды.


— Жо-о-март! — деп дауыстайды арғы жағалаудан.


Екеулеп жүріп қартты үйге кіргізген. Айгүлдің шашы ұйысып, арқасын жауып кетіпті. Көйлегі етіне жабысып тұр. Үсті - басынан су тамшылайды. Айгүл қарттың плащын, етігін шешіп, өзін төсекке жатқызды. Жомарт босаға жақта состиып тұрып қалған.


— Сіз енді неғып тұрсыз? Кетіңіз! — деді кенет Айгүл айқайлап. Жомарт сыртқа шығып, кейін қайтты.


— Оны неге қудың, қызым - ау? Мен өзіне анықтап бір қарап алайын деп ем... — деді қарт күбірлеп.


Айгүл қарттың жүзіне таңдана қарады.


«Сандырақтап жатыр ғой, қатты науқастанғаны ғой», — деп ойлады үрейленіп.


— Жомарт! — деп дауыстайды арғы жағадан. Жомарт жүгіріп келеді. Өзендегі су тасып жатыр екен. Көпірден асып ағып, сарқырайды. Ол қолына іліккен сырықты алып, соған таянып көпір үстіндегі судан секіріп өтті. Қорғанға қарай асықты.


— Текке қаздық - ау, осынша жерді. Әне, бәрін де сел алып кетті. Бәрін бүлдірді! — деп жыланып жүр, одеял алып басына жамылып алған Арыстан.


Жомарт қараңғыда оны әзер таныды. Найзағайдың жарқылы кезінде, қазылған шұңқырдың үйінді топырақ пен суға лықа толғанын көзі шалды.


— Бәрін қайта қазатын болдық... — деді Жомарт. — Тек жауын суы брезенттің астына қарай өтпесе екен! Басқасы ештеңе емес. Нөсер де енді тоқтайтын шығар. Көпірді су алып кетпесін, соған сақ болу керек.


* * *


Төңірек қайтадан бәз-баяғы қалпына келген. Көпір де жөнделді. Археологтардың күнделікті жұмыстарын енді үш-төрт жылқышылар мен шопандар кеп бақылап жүрді. Олардың ішінде Бәке мен Жанпейіс те бар. Малдарын өзеннің арғы тұсындағы биік жотаға өргізіп жіберіп, өздері қорған төңірегінде болады.


Ескі фанер тақтайға: «9 август 1969 жыл. Сенбі» — деп жазылған.


Ал сонау төменде, судың жайылма тұсында Айгүл мен Бөбеш суға шомылып жүр.


— Сіздердің көмектеріңіздің арқасында қазба жұмыстарын тездетіп, көп өндіріп тастадық. Рахмет сіздерге, — деп қояды Жомарт шопандарға.


— Е, балам - ау, қол ұшын тигізгенге неміз кетеді біздің нәтиже болсын де. Бізді осында үгіттеген анау Қарасұңқар ғой, рахметіңді соған айт әуелі. Өзі сырқатынан тәуір болған көрінеді, — деді Жанпейіс.


Жомарт әуелі қарт шопанға, онан киіз үй жаққа таңырқай қараған.


— Неменеге қарайсың? — деді Асқар жымиып. — Бізге көмектесу керегін сенің Гомерің —Қарасұңқар ақсақалдың өзі айтқан көрінеді... Бәріңізге де рахмет, — деп Асқар да малшыларға ризалықтарын білдірді.
Жомарт есік шығады - ау деген тұсқа еңкейе түсіп, ақырындап күрегімен тықылдатқан. Қайталай тықылдатты. Құрғақ топырақ бұрқылдай шыққан тар саңылауды байқады. Соған күректің жүзін сұқпақ болды. Қайта сүйменді алды қолына. Арыстанды шақырып ап, екеулеп сүйменмен саңылауды соққан. Тас кесектер сау етіп, шаң шықты. Жомарт қолы талаурап, отыра кетті. Тұрып тастарды суыра бастады. Біразын жинап алып, бір шетке үйіп қойды. Қуыс тесік ашылған. Күйіккен ауаның иісі шығады. Жомарт пышақ іздеп, қолын кейін созған. Онан соң қайтадан сүйменді алып, кіре беріске қаланған кесектерді қопара бастады. Қуыс кеңейіп іш жақтан қапырық иіс пен шаң бұрқ етті... Біртіндеп бәрі басылды. Қараңғы түнекке қарай жол ашылған еді.


Жұрт қазба үстіне төне түсіп тұр. Бір сағат, әлде екі сағат өткен болар. Бірақ уақытты санап тұрған ешкім жоқ. Қараңғы үңгірге қарай үңіледі бәрі де. Әркім өз тұспалын айтып, аңыз-әңгімелерді еске алысып тұр. Үңгірдің кіре берісін абайлап кеңейтті.


— Мұрат, қол шамды әкел! —деді Жомарт.


— Күнді қорғаламай, жарықтан былай тұрыңдар, — деді Қарасұңқар.


Үймелеп тұрғандар кейін серпілді. Қарасұңқар өзі алға жылжыды. Еңкейіп қуысқа кірді... Тым-тырыс. Қараңғылық. Сырттағы дыбыстар естілмейді. Жомарт қолындағы шамының жарығын Қарасұңқардың жолына түсіріп, соңынан келеді. Шамның жарығы алдағы екінші қабырғаға түсті. Он мен солға бірдей созылып кеткен қабырға екен. Жомарт жарықты еденге түсірген. Бас сүйек. Сүйектер мен найза жатыр... Қарт ары қарай жүрді. Тоқтады. Жомарт ақырындап оның алдына қарай өткен... Қарайып кеткен биік ағаш есік. Жомарт ақырын ғана итерген. Есік еш тысырсыз сол күйі үгіліп түсті. Тұншықтырардай шаң басып кеткен. Қарт жөтеліп қалды.


Шаң тағы да сейілген. Шамның сәулесі түкпір жақтағы тағы бір қабырғаға түсті. Төменге қарай кеткен баспалдақ көрінді, Жомарт ақырындап сонымен түсе бастаған. Әлгі қабырға алыстай бергендей болды. сүрініп кеткен. Шамның жарығын түсірген. Бас, сүйектер мен қараңдаған зат жатыр. Жомарт кібіртіктеп қалды. Алдынан қалтарыстар басталған...


Шамның жарығы ыдырай бастады. Жомарт қолын созған. Ағараңдаған бірдеңеге тиді. Саусағы шанға көміліп кетті. Ол шаң астынан қатты нәрсені байқады. Саусақтары бұдырды сипалады. Онан соң жоғарыдан төмен қарай жолақтап сызып жіберді.


Қабырға бетінде кесіртке ғұсаған із қалды. Жомарт жарықты сонда түсірген.


— Таңба...


Дауысын шаң жұтып алды. Шамның жарығы да шаңға көміліп кетті.


Жомарт қабырғаны тағы сипаған. Тағы кедір-бұдыр белгілер. Дұрысы осының бәрі жалғыз белгі еді. Үлкен таңба екен. Төңірегіне толып жатқан ұсақ белгілер — әлде жазу, әлде таңбалар, — салынған.


«Мынау қалтарыстардың құпия сырларын ашу үшін, ғалымдардың қаншама күн мен түнді сарылып өткізулеріне тура келер екен... Тек, ең бастысы істелді ғой, ең бастысы істелді», — деді Жомарт іштей қайталап.


Ширығу, толқу бойын билеп алған. Өңі боп-боз еді. Археологияның ережесін бұзып, жер астын бірден түгел көріп, аралап шығуға асықты, сөйтіп есіктің үгітіліп кетуіне кінәлі болды.


Міне, тағы бірдеңеге сүрініп кеткен. Бас сүйектер екен. Біреу, екеу... бесеу...


— Астапыралла! Кеше гөр, кеше гөр өзің, жаратқан бір алла... — Қарт екі қолын бірдей ербеңдетіп сілкілеп, кейін шегінген.


Есік жақтан келетін жарықты жауып тастады. Қараңғыда шалыс басып, құлап қалды. Тыстан жарық қайта түскен. Қалқыған шаң көрінді. Жөтелге булыққан қарт тұрмақ боп есікке қарай ұмтылған, қайта құлады. Жомарт кеп көтеріп тұрғызды.


— Мұрат, көмектесіп жібер!


Қарасұңқардың буындары босап тура алатын емес. Жүрегі айнып, бет-аузы қисайып кеткен.


— Сенің, не шаруаң бар еді онда, Қареке? Араласпай-ақ қойсаң етті. Олар біздей емес, білімді ғой. Не істейтіндерін өздері де біледі, — деп жазғырып алды Жанпейіс. — Жүр, анау судың бойына барып, біраз салқында отырсаң, қояды бәрі де. Кәрілік, шіркін, бізді өстіп жеңеді ғой. Әй, Бәке, қайдасың? Оларға оралғы боп қайтесің, онан да маған көмектесіп жібер... — Екі шал Қарасұңқарды ақырындап өзенге қарай алып жүрді.


— Жердің астына түсіп кеп бар еді? Өзің сырқатсың. Қашан да болса өстесің, — деп жыламсырай ұрысқан Айгүл де киіз үйге жүгіріп кетіп, жағаға көрпе мен жастық алып келді.


Шалдар судың жағасына жайғаса отырып, жастыққа шынтақтап, әрқашанғы байсалды күйлеріне түсіп, бүгінгі үлкен қорған түбінен көргендерін әңгімелеуге кірісті.


Күн кешкіріп қалған. Археологтар үшін күтпеген жаңалықтарға толы, жұртты қатты сергітіп тастаған бұл күн өте тез өтіп еді. Тек кешкісін ғана, толқулар басылып, қатты қимылдан иықтар сыздап, әркім қарынының ашқанын енді ғана сезген кезде, бұл күннің қаншалықты ұзақ, әрі ауыр болғанын ұққан еді.


* * *


Соңғы екі-үш күннің ішіндегі оқиғалардың көптігі сонша, Бөбештің экспедиция күнделігін жазуға да мұршасы болмады. Қазба шұңқыр топырақтан тазартылып, жер асты үңгірі табылғаннан кейін-ақ күтпеген оқиғалар біріне бірі жалғасты.


Ең әуелі көпір иесі қарт ауырып қалды. Ыстығы көтерілген. Дәрігер туралы Қарасұңқар мүлде естігісі де келмеді. Күндіз - түн қасынан Айгүл аттап шыққан жоқ. Байғұс қыз, тіпті жүдеп кетті. Бұрынғы ойнақылық пен еркеліктен із де қалмады, мүлде өзгерді.


Жер асты үңгірін тапқан күннің ертеңіне, өзен аңғары таудан бері қарай мезгілсіз түскен малға толып кеткен. Шекараның арғы жағындағы солдаттардың жосықсыз көбейіп кеткен жүріс-тұрыстарын байқаған шекарашылар, шопандардың үй-ішін кейінірек, қауіпсіздеу жаққа әкетулерін өтінді.


Жылқы мен қой Қарасұңқар көпірінен өтіп, жазық далаға қарай бет түзеген кезде, лагерьге сау етіп қонақтар келген еді. Алматыдан жеткен профессор мен мынау қорған жайлы естіп қалған журналист. Вертолетпен ұшып келген.


«Үлкен қорғанның төбесіндегі мавзолейлер мен құлпытастар он жетінші ғасырда орнатылған. Профессор мұны институтта - ақ, құлпытастардың бетінен Мұрат көшіріп салған белгілерге қарап анықтаған. Ал жер астының үңгірі тоғызыншы, оныншы ғасырларда жасалған. Ру таңбаларына қарағанда біздің ата-бабаларымыздың белгісі. Қысқасы, бұл арада туған өлкеміздің, халқымыздың қат-қабат тарихы жатыр. Топырақ кітабы жатыр, және оны алғаш ашқан біз — Қарлығаш мектебінің тоғызыншы класс оқушыларымыз, —деп жазды Бөбеш күнделікке. Сөйтті де күнін қойды — 15 август, 1969 жыл».


...Вертолет өзеннің арғы бетіме, киіз үйдің қасына қонды. Ол жерде Жанпейіс пен Бәке қарсы алған. Жандарында Айгүл мен Бөбеш бар.


Қазба басындағылар тегіс — қонақтар да, балалар да көпірден етіп солай қарай жүрді.


Вертолет кабинасынан бірінші боп колхозаралық аурухананың дәрігері Зәуреш Сембина түсті. Онан кейін сестра - санитарка. Ұшқыш таныс жігіт екен. Жаз басында Жомартты алып, анау қорғандардың үстінен ұшып өткен осы еді. Сестра-санитарка құрал-жабдықтар салынған қапшығын көтеріп жүрді. Зәурештің қолында дәрі-дәрмектер бар еді. Екеуі де аппақ қардай боп киінген, бастарында ақ жаулық.


Зәуреш өзін қарсы алған ақсақалдармен сыпайы ғана сәлемдесті. Қарасұңқардың саулығы жайлы сұрастырып қойды. Ас.қар мен Жомартқа сәл бас изеп қана сәлемдесті де киіз үйге қарай беттеді. Сестра-санитарка мен Айгүл соңынан ерген.


Ауру жатқан үйдің алдында топырлап тұру ыңғайсыз еді.


— Балалар, жұмыстарыңа барыңдар. Палатка жаққа барып, шаруаларды реттеп қойыңдар, — деген Асқар.


— Иә, сөйтіңдер. Мұнда тұрмаңдар. Онысыз да топыр көбейіп кетті, — деді Жанпейіс те. — Өлер сәтім жеткен екен деп Қарекең де шошып қалар. Біз, шалдар, сырт көзге сыр білдірмегеніміз болмаса, өлім деген пәледен жаман қорқамыз, — деп сөзін әзіл-шыны аралас аяқтады.


Жомарт пен профессор екеуі бір шетте сөйлесіп тұрған. Олар Жанпейістің сөзін естіген жоқ. Жандарына Асқар келді. Ол әңгімелерінің соңғы кезін естіп қалған.


— ...Қазу жұмысын, әрине, келер жазда жалғастыратын боламыз. Әлі талай қызғылықты жұмыстар жатыр ғой мұнда. Маман - археологтарды жібереміз. Тек қазбаны мұғалімдерінің басшылығымен оқушылар өздері жүргізуі тиіс. Бұл тұрғыда сенің айтқаныңа қосылам. Бастаған да, ашқан да өздері ғой. Мұғалімі де, шәкірттері де ізденгіш жастар екен, — деді профессор.


Асқар тоқталмастан көпірге қарай өтіп кетті. Бұлардың сөздерін тыңдауды ерсі көрді. Көпірдің үстіне кеп тұрған. Жақтау ағаштары мықты екен. Жаздай суы тартылған өзен ақ көбіктеніп тастан - тасқа секіре ағып жатыр. Осыдан біраз күн бұрын, нөсер кезінде арнасынан асып тасып, көпірді шайқалтып, үстінен ақты деуге' сену қиын.


Асқар, жағалауда қайда барарын білмегендей жетімсірей сенделген Қарасұңқардың атын көрді. Неше күннен бері жүгендеп, ер салған жан жоқ оған. Ат көпірге таяп кеп, Асқарға қарап біраз тұрды да, шөп үзе бастады.


Зәуреш әлі киіз үйден шыққан жоқ. Балалар палаткалар жақта жүр. Бөбеш кастрөлдегі астың дәмін көрді. Жанат пен Арыстан қазық қағып, қонақтар жататын жана палатканы тігуге кіріскен. Мұрат журналист екеуі жер астын зерттеуге қажетті заттарды қазылған жердің басына тасып қойып жүр...


«Шынында да жақсы балалар, — деп ойлады Асқар оларға қарай тұрып. — Жаз бойы күнге күйіп, пісіп-қатып, ересейіп өсіп қалды өздері. Жоқ, бұл жаз текке еткен жоқ...»


— Кешіріңіз, арнайы келген соң, біраз нәрсені біліп кетсем деймін. Сіздердің мына үлкен істеріңіз жайлы әңгімелессем деп ем, — деді журналист, оның ойын бөліп. — Мен өзімнің облыстық газетте істейтінімді, тарихпен шұғылданатын әдетім барын айттым ғой сізге. Ал сіздердің мына жұмыстарыңызды естігенде бар ғой...


— Мен сізді әбден жақсы түсінем, сондықтан бұл туралы анау Жомартпен... Батыров жолдаспен сөйлескеніңіз жөн болар еді. Мен мұғалім ғанамын. Ал ол тек әңгімелеп қана коймай, көп нәрсені... — Асқар сөзін аяқсыз қалдырды.


Зәуреш киіз үйден шыққан. Асқар соған қарай асықты, сөйлесіп тұрған адамнан кешірім сұрауды да ұмытқан.


— Әлсіреген. Жүйкесі босаған. Сырқаты асқынып кетіпті... жағдайы ауыр. Орталыққа әкету керек, —деді Зәуреш. — Ал сөйтіп сені нәтижелі жұмыстарыңмен құттықтаймын, — деді онан соң Асқарға. — Үйде балалар сағына күтуде. Жазғы демалыс та аяқталды ғой...


* * *


Келесі күні таңертең ерте археологтар, шопандар, жылқышылар тегіс жиналып қартты шығарып салды, Оны ауруханаға әкетпек еді. Вертолет ұшуға әзір болды. Қарт ақ киіздің үстінде, жастыққа сүйеніп отырған.


— Біраз күнде жазылып қайтасың ғой, Қарасұңқар, Біздің дәрігерлер жақсы қарайды, — деп қояды Жанпейіс.


— Жұбатпай-ақ қой, Жәке. — Қарт болар-болмас езу тартты. — Мені сен өлімнен қорқады деп пе ең? Бұл менің ең соңғы сапарым аспанмен ұшатын. Бұл құсты білем ғой, — деді ол вертолетті мегзеп. — Маған бұл дүниеде де, о дүниеде де қуаныш әкелмейтін осы болды, — деп сөзін зорға аяқтады.


— Қой, олай деме, Қареке, бұл бізге ылғи қуаныш қана әкеледі, —деді Жанпейіс.


— Иә, дұрыс айтасың... —деді Қарасұңқар сыбырлай сөйлеп. — Менің сөзімді көңілдеріңе алмаңдар. Бұл шынында да жақсылықтың жаршысы болды. Алғаш Жомарт осымен ұшып өткен еді...


Зәуреш сестра-санитарка екеуі вертолет ішінен ауруға орын әзірлей бастады. Малшылардың қартпен қоштасуына кедергі жасамайын деп профессор, Асқар, Жомарт көне Мұрат шетте тұр. Журналист те осылардың қасында еді.


— Қызым, Жомартты шақыр, бері жақын келсін, — деп өтінді Қарасұңқар Айгүлден. Жомарт науқастың жанына келді. Қарт зорға қимылдап қолын көтерді.


— Балам, мына менің саусағымдағы жүзікті алшы...


Жомарт жүзікті ақырындап суырып алып, үңіле қараған, ондағы таңбаға көзі түсті. Үлкен қорғанның астындағы қабырғаға салынған таңбадан,еш айырмасы жоқ еді. Жомарт таңырқап қартқа қараған. Қарт күлімсіреп отыр екен.


— Иә, соның өзі. Осы жерді жаудан қорғаған бабаларыңның ертедегі таңбасы ғой... — Қарт әзер сөйледі. — Қызым, қылыш қайда?


Айгүл үйден екі қолымен көлденең ұстап қылышты алып шығып, қартқа әкелген.


— Жомартқа берші, қызым...


Айгүл Жомартқа бұрылған. Екеуінің жанарлары ұштасты. Айгүлдің көзі мұңлы, жасқа толы еді. Басым иген күйі, сабында әлгі жүзіктің көзіңдегідей таңбасы бар ескі қылышты жігітке ұсынды.


— Бұл заттар заңды түрде сенікі болуы тиіс, — деді қарт ақырын ғана. — Бұлардың қай заманда соғылғандарын, қаншама қолдан жеткенін мен білмеймін, — деді қарт тынысы тарыла отырып, үзік-үзік сөйлеп. — Әйтеу әкеден балаға ата-бабаның ескерткіші боп мирасқа қалып отырған... Сен көне дәуірге есік ашып отырсың. Жұртқа ата-бабаларымыздың өмірін айтып бермексің. Тек шындықты ғана айтқансың... Аруақтарының алдында барынша адал бол, сонда олар да саған бар құпия сырларын ашады. Мен бұл жарық дүниеде көп қаңғырдым. Туған жерің бәрінен де қымбат екен. Кіндігіңді кесіп, кіріңді алғаш жуған жер көкейіңнен әсте шықпайды екен. Өткенің мен болашағыңды қадір тұтып, өзіңді адам санатында құрмет тұтса одан өзге не тілегенің бар? Талай жандар өзінің сол бір туған жерін таба алмай әлі күнге сенделумен күн кешін жүр ғой...


— Ата, әлгі біз тауып алған қыш құмыраның жартысына дейін дән толтырылыпты. Біз жер астын түні бойы аралап көріп шықтық. Өте ерте заманда жасалған екен. Әлгі дән мың жылдан астам уақыт тұрған, — деді Жомарт алғыс орнына толқи сөйлеп. — Ол дәндер Мұратта.


— Кәне, әкелші, балам, — деді қарт.


Мұрат оның діріл қаққан алақанына бір уыс қарайған дән салды. Қарт уысын қысып, өзіне қарай тартып алды...


* * *


Вертолет көк жүзінде көрінбей кетті. Жұрт тараған. Үш палатканың қасына тағы екеуі тігіліп жатыр...


Малшылар Қарасұңқардың киіз үйін жығып, жинап қойды. Қорғанның төңірегінде қой мен жылқы жайылып жүр...


— Ал енді бастауға барамыз ба, — деген профессор қасында үнсіз ойға батып тұрған Жомартқа, әлде Асқарға айтқаны белгісіз...


— Кешіріңіз, сөйтіп, қасіретті бұл тарих кейінде қалды. Менің де редакцияға қайтатын уақытым болды. Дегенмен, бірнеше сұрауларыма сізден жауап алсам деп ем... —деп журналист Жомартқа бұрылған.


— Сіз бірдеңе дедіңіз бе? —деді Жомарт ұйқыдан оянғандай.


— Сіздердің мынау ашқандарыңыз ғылым үшін сенсация болар, солай ма?


Ешқандай сенсация емес, — деді Жомарт ызалана сөйлеп. — Бұл оқушылардың жазғы демалысы. Менің де жазғы демалысым. Ойламаған жерден тап болдым мұнда. Не туралы жазарымды білмей аласұрып жүріп кеп, үстерінен шықтым. Ал нәтижесі анадай... — Вертолет соңынан сүзіле қараған Жомарт өз ойын дауыстап айтып тұрғандай еді.


— Сіз өз ашқандарыңызды қай заманға жатқызасыз, кімнің цивилизациясы? — деп журналист оны тақымдай түскен.


— Өзіміздің! —деп жауап қатты Жомарт. Журналистке тіктеп қарады. — Өзіміздікі. Мынау, шалқар даланың бастауынан бастап ғұмыр бойы өзіміздің халқымыз өмір кешкен. Мыңдаған жылдардан бері қарай қазақтардың мекені болған. Мынау солардың цивилизациясы. Сіз, әлгінде вертолетпен ұшып кеткен шалдың атын білесіз бе? Қарасұңқар. Ал Қара сұңқар деген бүркітпен пара-пар. Олар ұясын қиянға салып, сырт көзден құпия ұстайды. Қай елде, қай жерде жүрсе де айналып кеп, өз ұясын табады, соны қызғыштай қориды.


Қара сұңқарды әр халық әр қилы атайды. Мәселен мына бізді де бірде командир деп атаса, бірде қыпшақтар деген; енді бірде ру аттарымен — қыпшақтар, наймандар деп атаған; ол аз болса бауырлас халықтардың атымен — қырғыздар деп атаға н. Алайда біз қашанда қазақ боп қала бердік, осынау Батыс пен Шығыстың ортасындағы ұлан-ғайыр даланы қоныс еттік. Біз күнделікті тұрмыста да, ұрыста да байбалам салған емеспіз. Ата-бабаларымыз жазуға құнтсыз болса да, еске сақтар аңыздарға бай еді. Бізде жазылып қалған тарих жоқ, бірақ оның есесіне жеріміз бар, ұрпақтан ұрпаққа мұра боп айтылар толып жатқан аңызымыз бар...


Жомарт қасындағы журналисті тағы да ұмытып кеткен еді. Ол қатты толқып тұрды. Жоқ, оны толқытқан жер асты қатпарларының ашылуы емес. Басқа нәрсе. Әлгіндегі қарттың сөзі болатын. Қарттың күтпеген жерден елжірей қараған көзқарасы. Ол қарттың қоштасар сәтте айтқандарын қайталай есіне түсіріп, оның сөздерінің мағынасын, астарын ұққысы келеді.


Асқар профессор екеуі қазба басында еді. Палатканың қасында балалар жанадан тапқандарын тазартып, орап жәшікке салуда. Қалың ойға батқан Жомарт шопандардың Қарасұңқар үйін қалай жыққандарына қарап тұр. Онан назары Қарасұңқар жасаған көпірге ауды.


— Киіз үйді ауылға жіберетін шығар, — деген журналист.


— Бұл көшпелі үй ғой, — деді Жомарт. — Айтпақшы, сіз сенсация туралы айттыңыз -ау. Мұнда ешқандай да сенсация жоқ. Біз тек өзіміздің картамызды өздерінше қайта пішіп сызып, жерімізді, тарихымызды өздерінше жобалап, зорлық жасағысы келгендерге қарсы дауымыздың дәлелін ғана аштық. Тарихымыздың бастау - көзін тазартсақ дейміз.


Сіз қарттың айтқандарын естідіңіз бе? Ол мына мазарлар құпиясының сырын сақтаушылардың бірі еді. Мынау көгілдір таулардың арғы жағында ұзақ жылдар тентіреп жүргенінде туған жерге деген ынтығы жүз есе артқан болатын. Қашаннан солай ғой. Біздің бабаларымыз дүниеде көп сенделген. Сондықтан да оларды көшпелі - номадтар деп атаған. Египеттіктер мамлюктер деп атаса, Иранда сардар деп қолпаштаған, Үнді жерінде моғолдар деп мадақтаған. Шет жерлерде жүргендерінде жалғыз ғана сақтайтын бойтұмары — туған жердің бір уыс жусаны болған... — деп Жомарт қылышпен түп жусанды түртті. — Туған ел, туған жерін, оның құпия сырларын ұмытпаудың белгісі екен... Әлгі шал дұрыс айтады; өткенді еске алудың қуанышы мен азабы бірдей, — Жомарт енді сабасына түскендей жайлап әңгімелесіп, палаткаға қарай жүрді. — Үш жүз жыл бұрын осы Жетісу өлкесіне жоңғар шапқыншылары сау етті. Сонда оларға алғашқы соққы Сайқансайдағы Жалаңашкөл тұсында берілді. Географтар ол араны Жоңғар қақпасы деп атайды, ал қазақтар сонан бастап Сайқансай деп кетті.


Алғашқы ұрыс сол жолы да август айында, 1643 жылдың августында болып еді. Жәңгір сұлтан өз жігіттерімен жоңғарларға сай аузында қарсы шыққан. Жігіттердің біразы жер.қазыл. бекіністе қалып, бір бөлегі тау асып, жаудың сыртынан шығады. Ұрыс екі күнге созылыпты. Жоңғарлар бері бұзып өте алмайды, қытай тарихшыларының айтуына қарағанда, сол жолғы ұрыс кезінде Сайқансайда он мың жоңғардың сүйегі қалған екен.


Анау құлпытастар сол кездің ескерткіші, — деп Жомарт патша - қорғанның төбесін нұсқады. — Бірақ ол жеңілістерінен беті қайтқан жоңғар болған жоқ, хандарға қосылып біздің жерімізге қайта шабуылдады.


Қазақ халқы келімсектермен жүз жыл бойы айқасты. Мынау араларда жүздеген, мыңдаған ұрыстар болды. Тұңғыш рет Тәуке хан қазақтарды бір тудың астына біріктірді. Туған жерді азат ету мұрат еді. Миллиондаған жігіттер еркіндік жолында опат болды. Панасыз халық сонда да келімсектердің үстемдігін мойындамады. Ол кезеңді біздің өлең-жырларымыз бен аңыздарымызда «Зар заман» деп атайды. Басқыншыларды қуып шығу .жолында халқымыздың үштен екісі ұрыс алаңында қан құшты. Сонан қайтып жоңғарлар біржола талқандалып, хан ұрпағы өз қабырғасынан бері Сайқансайға қарай аяқ баспайтын болып еді.


Ал егер ақиқат жайға келер болсақ, Қарасұңқардың ол айтқаны да дұрыс. Тарихтың ақиқаты деген міне, мынау ғой... — Жомарт журналистке жер астынан шыққан тастағы ру таңбасын нұсқады.


Профессор Мұратқа жер астынан табылған кесектердегі белгілерді қалай суретке салу керектігін көрсетіп тұр. Арыстан қазылған топырақтарды әрірек сырғытып, шұңқыр төңірегін тазартып жүр. Асқар болса шәкірттерінің бүгінгі істеген жұмыстарын есеп кітабына толтырып жазуда.


— Қорғандарды қазған да, жер асты құпияларын ашқан да мыналар, — деп Жомарт балаларды нұсқады. — Бұлардың мұғалімі анау отыр. Сіз осылар жайлы жазуға тиіссіз. Ал біз профессор екеуміз бұларға тек жәрдем ғана көрсетеміз. — Жомарт жұмысқа кіріспек болған, бірақ қылышты қайда қоярын білмеді.


— Бұл саған деген қасиетті сыйлық, балам. — Қазба үстіне Жанпейіс көтеріліп келеді екен.


Жұрттың бәрі жұмыстан бас көтерген. Жанпейіс шопан мен жылқышы Бәкең екеуі қорғанның жоғарғы жағына қарай өрледі. Жомарт соңдарынан ере жүрді.


— Сен бабаларыңның сыйлығын нағыз ерше қабылдадың. Әрбір жігіттің өмірінде өз халқының ар-ұжданын, намысын, тарихын қорғайтын кезі болады. Бабаларыңның сыйына лайық азамат бол, әділет жолында тайсақтап тайсалма, ақыл-ойын әманда кемелі болсын, — деп сөзін шегелей түскен Жанпейіс тізерлей отырып, құлпытастағы анау кездегі Қарасұңқар байлаған, қазірде күн мен жел жей бастаған орамалды шешіп алды...


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз.
Жақсы