05.08.2021
  465


Автор: Акыжанова Айнур Шаймуратовна

Ана орнын басқан әке-ұстаз тағдыры

Ана орнын басқан әке-ұстаз  тағдыры (өмірден алынған әңгіме)


Кішкентай ғана ауыл. Ауыл шетінде мектеп, мектеп жанында 2 бөлмелі, шатыры жоқ үйге  жасы егде келген ақ кимешек киген апа және екі жігіт жүктерін тасып, қоныстанып жатты. Көршілер «ауылға ауданнан бір жас мұғалім ауысып келіпті, химиядан сабақ береді екен» - деп шуласып, амандасуға келе бастады..   Маңдайы кең, қасы керілген. үлкен мұрынды, бойы аласа сұлу мұғалімді көріп, - «Айналайын қош келдіңіздер біздің ауылға, қоныстарыныз құтты болсын» - деп апамен танысып жатты. .. Ауыл мектеп директоры үйдің артындағы таудың етегінде орналасқан көршісі екен. Көршілермен бірге сол директор ағайдың әйелі де кіріп шықты. Ақ кимешек киген ақ апа шай қойып, ақ жарқын көңілімен дәм тұзынан татырды. Мектеп мұғалімдері де жақсы қарсы алды. Мектеп директоры ұзын бойлы денелі ергезердей адам. Осы ауылдың Сталины деп атауға болады.


Мектеп өмірі басталып кетті. Жаңадан келген мұғалім 8 классқа сабаққа кіріп, оқушылармен танысты. Жаңа сабақ бастап, «тақтаға кім шығады» -  дегенде, арт жақта отырған ұзын бойлы қара бала:



  • Шық өзің – деп күлді.


Балалар шулап кетті. Мұғалім қасына жетіп барып:



  • Шық класстан !– деп қатты дауыстады.. Ұзын қара бала «тіпті жақсы»- деп күліп шығып кетті.


Содан оқушылар:



  • Мұғалім, ол директордың ұлы ғой, - десті.


Мұғаліміздің аты Шахмұқат еді. Бойында тектіліктің, әділеттіліктің қаны бар, әкесі атақты молла болған, үлкен ағайыны академик, қысқасы бейнеттен қорықпайтын, шыншыл мінезді.


Кешкісін есік алдында көршісін (мектеп директорын) көріп қалып, қасына жақындады.



  • Ағай кеш жарық, айып етпеңіз, бүгін ұлыңызды сабақтан шығарып жібердім, - деді мұғалім жерге қарап тұрып.

  • Қайсысы ұзыны ма, ее ол бала қиындау, оған сол дұрыс тәрбие болсын, - деп күлді де сөзін жалғастырды.

  • Бері қара мұғалім бала, мен өзімнің бес ұл, бір қызым бар, ұзын қара бала қаладағы інімнің баласы, інім сияқты бұзақылау, ал сен осы ұстанымынан айныма, жарайсың, - деді.


Мұғалім қандай керемет адам деп ішінен риза болып үйіне қайтты.


Шахмұқаттың інісі ұзын бойлы, ерекше сұлу жігіттердің бірі еді,  «Урал» неміс мотоциклімен үй шаруасына, ауыл адамдарына да  көп көмектесетін. Күз айында Москваға әскерге шақыру қағазы келді. Ауыл болып әскерге шығарып салды.


 Негізі бұл ақ апада үш бала бар, бір қыз, екі ұл. Кіші қызы қалада тұрмыста. Бірақ кіші қызының жолдасы жақсы болғанмен енесі нашар адам болғаннан ба, кіші қызын көп ойлайды. Содан солай болды да, кіші қызы кішкентай қызымен енесіне шыдамай ауылға шешесі мен ағасына қайтып келді. Министр қыз деп әкесі марқұм қатты еркелететін. Осы қыздарының тағдыры шешесімен ағасының жанына батты. Көп ойланып Алматыға оқуға жбермек болды. ЖенПи-ға (қыздар педагогикалық институты) тапсырып көрсін, түсіп кетсе оқысын деп ойлады. Ойдағыдай қарындасы оқуға түсті. Қарындасының қызын Шахмұқат өз атына аударып, шешесі екеуі асырап алды. Сөйтіп қағаз жүзінде әке атанды.  Темекі тартпайды, сондай ұқыпты, мамасына, қарындасының қызына жауапты қарады.  Кішкентай қыздың қылықтарына қызықтап жылдар өтіп жатты. Бірде Алматыдан кішкентай қыздың шешесі (министр қыз) қызына әдемі қызыл көйлек салып жібереді. Көйлекті киіп алып, шешпей қояды. Апасы, - «қызым шеше ғой, жатасың ғой қазір, ертең киесің, әйтпесе орыс келіп шешіп алып кетеді», - дегенде «орыс деген кім, мына мен адам жатқанда», - деп жауап беріп, ағасы мен апасын бір күлдіртті, бірақ мінезі өжет боп өсті.


Жылдар өтіп жатты. Шахмұқат ауыл адамдарына ұнай бастады. Мектептегі әріптестері дос болып кетті. Ауыл Шахмұқатты қысқартып  немесе солай атау ыңғайлы болды ма, Шахмұт деп айтып кетті.  Ханшайым деген тарих пәнінің мұғалімі осы ауылға келін боп келген. Досымды үйлендіру керек, қартайғанша жүресің бе, өзімнің жерлес, тәрбиелі бір құрбыммен таныстырам деп уәде берді. Ақ апа ұлым үйленсе екен деп армандап жүрді.


            Бірде ақ апа есік алдында тезек теріп жүрген, аялдама алыс орналасқан еді, аппақ офицердің киімін киген ұзын бойлы әскери жігіт келе жатты. Көршілер аң таң ,  - «бұл кім болды екен, ойбай – ау бұл ана Шахмұт мұғалімнің інісі емес пе еді, екі жыл өте шығыпты ғой, кеше ғана көшіп келген сияқты еді» -  деп бірі біріне айтып жатты. Ақ апа тезегін тастай сала , тұрып қалды, шіркін ! - ана жүрегі елжіреп жылап жіберді. Шахмұт та мектептен жүгіріп келіп, қой сойып , көршілерін  қонаққа шақырды.  Екі күннен соң ағасы інісін «сен ауылда қалма, қалада тұр, өз өміріңді ойла», -деп ақылың айтып, оқуға қалаға шығарып салды. Ағасы сезді інісінің ауылда қалғысы келмейтінін. Қалада жолы болып аурухарнаның бас дәрігері машинасының жүргізушісі болып жұмысқа орналасып алды. Шахмұт інісіне де ақшалай көмектесіп тұрды. Жыл өте келе інісі жалғыз басты әке болған  ағасына көмектесіп тұрды.


             Арада жылдар өтіп ақ апаның  кіші қызы (Шахмұттың қарындасы) оқуың бітіріп келді. Сол аралықта қайтадан жолдасымен сөйлесіп жүріпті, енесі қайтыс болған екен. Содан жолдасына қайта қосылуға, қалаға кетті. Бірақ, қызын ақ апа «бауыр басып алдық, бізде қала берсін, аяқтан тұрып алыңдар, жұмысың  бар дегендей, - деп бермеді. Бұлай болғаны, баласын алмай кеткені дұрыс болды ма, болмады ма, тәрбиелеуден қате кетті ме, белгісіз, кейін осы қыздың өскенде өз туған әке-шешесін жек көріп кететінін ешкім білмеді.


Мектеп директорының үйінің ар жақ басында директор орынбасары, кейін директор болған Есен деген төре тұрды. Жанұясымен мектеп мұғалімдері: ұлы, келіні, қызы.  Жолдасы оқымаса да мектеп жанындағы интернатта тәрбиеші болып жұмыс істейді. Осы үйдің өзіндік өмірлері ерекше, бір артық қатты дауыс шығармайды, үндемей, өтірік  күліп құтылады бәрінен. Жолдасының аты Күлшен, ұлы еңбек сабағынан береді, соған қоса биология сабағынан бере алады деген қағазы болған, сол ұлына Шахмұттың сағатын алып алуды көздеп, білдіртпей амалдар жасап жүрді. Бірнеше рет үйіне шақырып, шайына у (қандай түрі белгісіз) қосып берген екен, Шахмұт арақ ішіп, құсып тастайтын. Содан кейін сол әйел өзі ұялмай: - әй тазша бала, сенің ағзаңа у дарымайды екен – деп өтірік – шыны аралас әзілдеп, жымиып айтып жүрді. Ал бергі көрші директордің жанұясы Шахмұтпен жақын туыстай араласып кетті.


Сөйтіп жүргенде Ханшайым деген дос-әріптесі уәде еткен құрбысымен таныстырды. Досының құрбысын   Шахмұт алып қашты. Қаладан іні-қарындасы келіп, той өтті.  Шахмұттың табиғи  мінезі дүниеге қызықпайды, ақша жинамайды, көрші-қолаң, туған-туыстарынан ақшасын аямайды. Алған келіншегі шашы ұзын, өзінен бір мүшел жас кіші, ақ көңіл, ашық – жайдарлы, бақыт құсын қондырғандай болды. Тұңғыш баласына жүкті болып, ұл туды. Ақ апаның қуанышында шек жоқ, дүркіретіп той жасады. Келіні мен енесі сондай жарасымды тұрды. Үйіндегі асыранды үлкен қызға да өз баласындай қарады. Сонда да бойжетіп келе жатқан қыз, тезірек 8 классты бітіріп, қалаға кетуді армандап жүрді.


Жол апатын естіп ауыл шу ете қалды. Тарих пәнінің мұғалімі Ханшайым жолдасымен қаладан жеңіл көлікпен келе жатқанда гридерден (трасса) аударылып қалған. Жолдасын ауруханаға алып кетті, ал өзі қайтыс боп кетіпті. Артында 3 баласы қалды. Шахмұт нағыз досынан мәңгіге айырылғанын түсінді.


Шахмұттың келіншегі араға бір жыл салмай екінші баласына жүкті болып, аман есен қыз бала босанды. Ақ апа екі немересін де етегіне салып алып жүрді. Шахмұттың келіншегі мына үйді жөндеп, шатыр салып үлкейтемін деп армандап жүрді. Екінші балалары екіге келгенде, үшінші баланы көтерді. Бірінен соң бірі, аралары бір жылдан бала туып отырды. Құдайдың құдыреті деген осы. Үш немересін көрген ақ апа қайтыс болды. Ауырдым, бір жерім ауырады деп мүлдем айтпаған. (Ақ өлім дейді екен ғой мұндайды. )Үйіндегі қыз бала да 8 классты бітірген жылы еді. Апасына қатты еркелеп өскен. Қалаға қашып кетті. Шахмұт ойлады өз туған әке –шешесіне, яғни қарындасына кеткен шығар деп ойлады. Бірнеше аптадан соң қалаға барса, қыз ол үйде жоқ боп шықты. Шахмұттың басына су құйып жібергендей болды. Іздемеген жері қалмады. 3 айлық фотограф курсына жазылыпты. Сонда оқып жүрген жерінен тапты. Ақылын айтты, уайымдайтынын айтып, ауылға келіп тұруын өтінді. Содан тағы жоқ боп кетті. Қайтадан қарындасынан   қызының жоқ боп кеткен туралы хабар келді. Қалаға қайта кетті. Қарындасының үйіне келсе,  бір орыстың кемпірі отыр, қыз да отыр. Танысымның үйі деп алып келген екен.  Ешкімім жоқ, жетіммін деп, сол үйде құрбысымен тұрған. Шахмұт өзін таныстырып – «мен әкесімін, ал туған әке-шешесі міне отыр»,- деп айтқанда, кемпір жағасын ұстады. Содан бір малын сатып, қарындасы мен күйеу баласы да ақша қосып, қаладан бір бөлмелі үй алып берді. Өйткені құжат жүзінде әкесі, фамилиясы -Шахмұт. Туған әке-шешесіне бармай кетті. Оларда бұл қыздан кейін басқа тағы үш бала болды. Шахмұттың келіншегі төртінші баласын дүниеге әкелді. Мектептен бала шағасына асығып, бақытты шақтары өтіп жатты. Кішкентайлары 4 жастан асқан жылы, келіншегі ауырып қалып жүрді, ауыл мед.пунктінің мед.бикесі укол салып кетіп жүрді. Бір күні тағы да белгісіз приступ ұстап, басы ауырып мед.бикені шақыртты. Бірақ ол сол шақырған уақытта келмей, кешке қарай келді. Ол аралықта  төрт баланың  анасының ауруы басылып, бала – шағасымен шай ішіп отырған. Мед.бике ұлты татар, орыс мінезді орта жастағы әйел адам. Үйге кіріп келіп, шақырдыңдар ма, - деді. Ия, бірақ қазір жақсымын, керек емес укол салмай-ақ қойыңыз, бәрі дұрыс» - деді Шахмұттың келіншегі. Сонда да мед.бике укол дайындап, «тағы шақыртып жүрерсіңдер, укол салып кете салайын», -  деп уколын салды. Сол сәтте келіншектің тынысы тарылып, жайлап отыра кетті. Шахмұт ұстай алды, есікке қарай жатқызды. Есі шықты, - мед.бикеге айғайлап: «қайтаратын укол барма, тездетіп қайтарыңыз деді.-, онда ондай укол жоқ болып шықты, көршілерден сұраңыз жүгіріңіз деді, - ол әйел жүгіріп шықты. Шахмұт не болып жатқанын өзі түсінбеді. Қолында жаңа ғана шай құйып отырған жан жары, төрт баланың анасы көз жұмып барады. Қайтыс болғанын түсінді. Еңіреп жылап жіберді, балалар қоса жылады. Көршілер қаптап кетті. Жерлеп, жетісін берген соң, ағайын туыстары жиналып, төрт кішкентай бала не болады, бөліп алайық, Шахмұтқа қиын болады, - деп шешті. Келіншегінің шешесі (енесі) -  «қызымды өлтірдің, ортаншы қызын, мен алып кетемін» - деп отырып алды. Інісі кіші ұлды, қарындасы кіші қызды алып кетеміз, сен үлкен ұлыңмен қал, қиын болады»,  - деп ақыл айтып жатты. Шахмұт мұндайды естігенде өз құлағыңа өзі сенбей, есінен танғандай сезім болды. «Не айтып тұрсыңдар, олар менің балаларым, балаларымды бір-бірінен ажыратпаймын, кетіңдер» - деп жылап жіберді. Балалары кішкентай, естері кірмеген, анасының енді жоқ екенін сезбейді де, ойнап – күліп, жүгіріп жүр. Үлкен ұлы ғана түсінгендей, мамасының киімдерін көріп, «мама енді жоқ па, келмейді ме», - деп сұрағанда, әкесі терең күрсінді. Ауыл адамдары, туысқандары шулап дәрігер әйелді соттау керек, түк білмейді, дипломы да жоқ екен, десті. Бірақ Шахмұт шум көтерткен жоқ, тағдыр солай, көнемін бәріне деп шешті. Сонда да аудан әкімшілігі осы жайттан соң, ол адамды жұмыстан шығарып жіберіп, ауданнан басқа мед.бике жіберді.


 Балаларын ойлап, өз өзіне тез келді, өмір жалғасу керек, балаларды өсіру керек. Көрші директордың жолдасы Қамар тәте келіп от жағып, сиыр сауып беріп кетіп жүрді. Сауған сүтін балаларға ішуге тастап, қалғанын өзі алып отырды. Шахмұт кір жууды үйренді, өз киімдерін, балалардың киімдерін, төсек орындарын кір жуғыш машинамен жуып бір тазартып алды. Қысқы демалыста туысқан өзен жағасында тұратын апатайының қыздары үйін сылап беріп жүрді. Екінші қызының шашы ұзын болып өсіп кетті. 1 классқа баратын жылы. Алғашқы айларда шашын жуып, өру қиын бола бастады, қашанғы үлкен класс оқушыларына өргізеді. Содан кейін шашын қысқартып қидыртып тастады. Қызына да өзіне де жеңіл болды, ұнады.


Мектеп директоры жүрек ауруынан қайтыс болды. Үйінің ар жақ басындағы көршісі Есен төре директор болды. Шахмұттың сағатын алу армандары нығая түсті.


Шахмұт таңертең тұрып су жылытып қолжуғышқа құяды, оқушы балаларын оятып жуындырып, таңғы ас беріп, сабаққа мектепке барады.  Жылына екі соғым сояды, ауылда қыстақта тұратын қойшылардың бәрі сыйлайтын, «мұғалімге амандасып кетейік» -  деп келіп кететін. Сол кісілерден қи, шөп, соғым да сатып алады. Соғым сойған уақытта шелек-шелек көршілерге сыбаға таратады. Етті аямай асады. Көрші директордың үлкен ұлының қаладан ауыл магазиніне таситын нан – тоқаштар  таситын бутка машинасы болды. Сол Қосан жан досы боп кетті, балаларына жәшік жәшік тоқаш, кәмпеттер алдыртып тұрады. Төрт баласына велосипед, коньки, ойыншықтардың түр түсін қаладан тасып отырды. Балалары ерке, таза күтілген балалардың қатарынан кем емес шешесі жоқ балаларға ұқсамай өсіп жатты. Балаларымен әңгімелесіп, еркелетіп ұйықтайды. Бірде барлығы жатып әкелерінен; папа – миллион деген сан болады, миллиард, триллиард деген сан да болады, ия,- деп үлкен балалары сұрап жатты, әкесінің құшағында жатқан кіші қызы, - даже екі мың деген сан да болады, - деді білгішсініп, осыны естіген әкесі көзінен жас аққанша күліп алды.


            Мектепте мереке күндері парад болғанда, балаларын киіндіріп, әрбіріне 7-8 шардан үргізіп, әрбіреуіне бір бір ту қосып, мектепке барғанда бір парад шығады. Өте керемет көрінетін. Сондай күнделікті өмірге ерекше дайын, қуанышты өмір сүріп жатты. Балаларда уайым қайғы жоқ, бірақ әкеде мұң болды. Қыздарын көп ойлады. Балалары да өзіне көмектесетін уақытқа жетті.


Мектеп жанында ауылдың қойшыларының балалары тұрып оқитын мектеп  интернаты болды. Есен төренің ұлы завуч болып істеп жүрген. Бір күні кешке ауыл шу ете қалды.  Үндемей жүретін Есен төренің ұлы завуч, еңбек сабағынан беретін, жеке шеберханасы болатын, сол 13 жасар оқушы қыз баланы алдап шеберханасына апарып, зорламақшы бопты. Кезекші мұғалім үстінен түскен мыс, ауданнан келіп милиция келіп алып кетті. Ауыл адамдары ызаға батып, - «қандай ұятсыздық, оқыған, үй ішімен ұстаздар, үндемегеннен үйдей пәле күт деген, сұмдық, масқара», - деп жатты. Шешесі артынан кетті. Бір аптадан соң қайтып келді ұлымен. Қалай болғанын ешкім білмейді, неге соттамағанын да ешкім түсінбеді, жұмыстан қуылып, ауызша (условно) сотталыпты.  - Қара бет ауыл адамдарына қалай қарайды, масқара, -  деп жатты жұрт. Шешесі, әйелі құдды түк болмағандай, мектепке сабақтарына келіп кетіп жүрді. Үйлерінде бір айғай шудың дыбысы шықпайды. Қандай жүйкелері мықты отбасы. Сол отбасы Шахмұттың сабағына таласып ұлына сағат алып беруді көздеп, арыз жазып көре алмай мазалай беруші еді, тынышталған сияқты.  


Сол бұрынғы күзетші тұрған шатыры жоқ екі бөлмелі үйде, жасы 50-ге жақындаған оқушы балалары бар, әйелі жоқ Шахмұт тұрып жатты. Балаларының қарнын тоқ қылумен, мектепте басқа балаларға сабақ берумен күндері өтіп жатты.


         Көрші ауылда той болып, жас жігіттер төбелесіп, бір бала-жігіт қайтыс бопты, осы ауылдағы бәленшенің ұлы ұрып өлтіріпті, - деп тағы шу ете қалды жұрт. Шахмұттың оқушысы болған  ұл баланы кісендеп алып кетіп бара жатқанда; жаңағы ұл – «мен кінәлі емеспін», -   деп айғайлап жібергенде, бүкіл ауыл жылады.   Жаман оқушы болмаған деп Шахмұтта көзіне жас алды, жүрегі ауырып қоя берді. Өзінің ұлдары да өсіп келе жатты. Кейін әлгі жігіт  жазықсыз болып, ауылға оралды.


         Балаларын бір ойлап, жолдасын сағынып қалай қартайып кеткенін байқамады. Жүрегі көп ауыратын болды. Жүрегі ауырып дәрігер шақыртқанда, балалары шулап жылағанда, әкелерінен айырылып қалса күндері не болмақ деп жүрегі қоса жылайтын.  Екінші әйел алуды ойлайтын, бірақ балаларын ойлап ондай ойын алып тастады, балалары үшін жеке өмірін жауып тастаған.


         Әділдікті аңсайтын, шындықты жақсы көретін, ақыл-дана сөздер айта алатын, 4 баланы жалғыз өзі асырап және де асыранды үлкен қызына көмек беріп отырған абыз әке-ұстаз Шахмұтты ауыл жақсы көретін. Балалары өте тәрбиелі, мәдениетті басқа балаларға үлгі болатындай боп өсті.


         Екінші қыз баласы оқу бітірген жылы, көрші ауылдың жеңгетайлары қызды алдап, бір жігіттің алып қашуына көмектесіп жіберді. Әке байғұстың арманы басқа еді. Бұл хабарды естігенде Шахмұт қатты уайымдап, көп жылағаннан көзіне қысым түсіп, бір көзі көрмей қалады. Есік көрген қызы қайтып келіпті, - деген өсек сөздер болмасын деп, қызына, құдасына келісімін береді. Құдалар аяққа жығылуға келеді. Екі бөлмесін дайындап, құдаларды керемет той жасап қарсы алады, бірақ көп жылап, құдалармен отыра алмады. Кейін қызының тойына, ота жасатып, ауруханада жатқандықтан бара алмады. Жақсы оқыған, мінезі ерекше қызының ақымақтық жасағанына өкінеді.  Ақылды, білімді болу үшін оқу керек, ал оқуға түсу  ешқашан да кеш емес, оқудың кеші жоқ деп, - қызына ақыл айтып отырды. Қызы босанып, Шахмұт немерелі болды, қуанышында шек болмады, өмірге деген ерекше сезім пайда болды. Қызы баламен жүріп, Шахмұттың қолдауымен оқуға түсіп алды. Бірақ енесі, құдағиы қарсы болып, мен келінімді оқытпаймын, үйде отырады, -  деп қарсы шықты. Содан құдағиы негізі өте нащар адам екенін білген Шахмұт, қызын алып кетеді, өзі кішкентай немересін қолына алып, қызын оқытады. Басқа да балаларын да оқытады. Кейінгі жылдары ақылы оқу дегенді естіп,   Шахмұт, «бұл қандай заман, ақылы оқу деген не сұмдық, мұндай да болады екен-ау», - деп таң қалады..


         Өзі ауырып жүріп, өсіп келе жатқан балаларына қаладан үй әперуді ойлайды, барлық санаулы малдарын сатып қалаға көшеді. Қаланың өмірі басқа,  ұлдары өмірлік қателіктер жасап, әкесіне қарсы шыға бастайды, «үлкен бала, үлкен проблема» -екен деп қиналады. Бірақ Құдайға шүкір өз жолдарын табады. Әке арманы, әке-ана тілегі алдамады. Енді бала-шағамның қызығын көремін ау деп жүргенде, жүрегі сыр беріп, дүниеден озады,, Аңырап балалары қалды,,,өмір жалғасуда...


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу