Өлеңдер ✍️

  05.08.2021
  146


Автор: Есенғали Раушанов

Күзгі ойлар

Ауылымның қонған жері - бұла қайнар,
Қайнардан су ішеді қылағай нар.
Мінгесіп қылағайға келіп қалды
Қараша,
Қауыс деген құдағайлар.
Келсең, кел, алағайлым, бұлағайлым,
Күлмеймін, қайғырмаймын, жыламаймын.
Бір күні қыс та жетер деймін іштей
Жабысып өркешіне қылағайдың.
Е, келсін, енді менің немді алады,
Қауіп емес енді маған жел-бораны.
Өзім-ақ кетем ертең тастап бәрін
Кең жылы ой, кезбе бұлақ, кер даланы.
Қоштасам аспаныммен, асқарыммен
Басынан бұлт асырмас асқағыммен.
Оралам бір күндері, мүмкін, қайтып,
Ол бірақ басқа әңгіме, басқа... мүлдем...
басқа... мүлдем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу