Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  154


Автор: Сырбай Мәуленов

Шие

Шие теріп орманнан
Қалдым түнге кешігіп.
Таба алмадым жолды алдан
Күндіз жатқан көсіліп.
Орман шырмап жібермей
Тарта берді түбіне,
Көрген кісі күлердей
Түнде адасқан түріме.
Нем бар еді сонырқап,
Деймін іштей күйіне.
Ойда жоқта болдым тап
Орманшының үйіне.
Жетіп әрең батылым
Тарттым жібін есіктің.
— Бұл кім?— деген ақырын
Қыздың үнін есіттім.
—Шие теріп келем,— деп,
Жөнімді айттым қысылып,
Сұрамады ол тереңдеп,
Етіп иба-кішілік.
Үйіне қыз кіргізіп,
Шырпы тартып, шам жақты.
Мені көзбен бір сүзіп,
Оң жақта бір шал жатты.
Жайды сұрап болғасын:
—Жатырмын,— деп,—тұмаурап,—
Кетті ұйқыға орманшым,
Сол жамбасқа бір аунап.
Орманшының қызы жүр .
Шай қоюға қамданып.
Піскен шие жүзі бір
Күреңіткен қанданып.
Қыз алдында қысылдым,
Сөз таба алмай жүйелі.
— Алыңыз,—деп ұсындым
Албыраған шиені.
Қыз тигізіп ерінді Айтты:
— Қандай тәтті,— деп.
Мен ушін ол көрінді
Шиеден де тәттірек.
* * *
Көл бір жатқан шалқасынан шар айна,
Күн жоғында қарайды оған кәрі ай да.
Әншімін деп көтереді кеудесін
Көк шымшықтар бұлбұл жоқта тоғайда,
* * *
Өмір — дауыл, өмір — толқын, абайла,
Ақылға сал,жан-жағыңа қарайла.
Жәндікке де ойламаймын жамандық,
Сүйеушім деп жолға шықсаң мені ойла!
* * *
Бармағалы көп болды ғой орманға,
Гүлдерге сыр айтатын,
Шықпағалы көп болды ғой тауларға,
Күнге барып қайтатын.
Көк түбекке көп жүрдім ғой жете алмай,
Судан сүйірік тартатын.
Жүрегіңе көп жүрдім ғой жете алмай,
Жырдан сыйлық тартатын.
* * *
Кейде жанды сілкілейсің
Ызалы бір дауыл болып.
Кейде көзден сіркірейсің
Ызғарлы бір жауын болып.
Күлдіресің, жылатасың
Жаз бен қысты қатар әкеп.
Көтересің, құлатарсың,
Мені жат деп атама тек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу