Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  117


Автор: Сырбай Мәуленов

Қабірі белгісіз досқа

Өзіңді желден сұрадым,
Айтпады бір сөз ол өксіп.
Өзіңді көлден сұрадым,
Күрсіне берді дөңбекшіп.
Сұрадым барып орманға
Жоқ болды оның айтары.
Жапырағын шашып жолдарға
Ақырын басын шайқады.
Көрді деп ойлап биіктен
Қадалдым аппақ айға кеп.
Кеудені алған күйікпен,
Сұрадым сені қайда деп.
Теңселді орман жел теуіп,
Тірелді бұлтқа ай ұшы.
Ішімде жатты өртеніп,
Солардың барлық қайғысы.
Жел болып сонда жыладым,
Көл болып сонда мүлгідім.
Орман боп сонда шуладым,
Ай болып бұлтқа сүңгідім.
Ұрғандай түсіп сол бір сәт,
Найзағай оты төбемнен.
Көзімнен ұшып сел бұршақ,
Атылып жатты тереңнен.
Тым болмаса күліңді
Кетті екен қайда жел айдап!
Күндерді аңсап бұрынғы
Күңірене түстім сені ойлап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу