Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  98


Автор: Сәкен Иманасов

Қалғыма, көңіл

Ой жібермей ырым-сырым дегенге,
сенетін ем,
еретін ем тек елге,
Елемедім
(бөлек едім басқадан)
жұлдызды аспан бар-жоғын да төбемде.
Жастығым ба,
мастығым ба —
білмедім,
маңайыма жоламайтын мұң менің,
тек бақыттың құшағында,
өртене
өтуші еді күндерім мен түндерім.
Көңіл шіркін алданбады, алданды,
алдымызда енді қанша дәм қалды,—
тасушы едім біріне де мән бермей,
жалпағынан басушы едім жалғанды.
Ой-тілегім жиылып бір жанарда,
дейтін едім, маған деген таң алда.
үлгеремін, дейтін едім, бәріне,
күн көремін,—
қалсам да елсіз аралда.
Елемедім жарлысы кім, бай кімдер:
өтіп жатқан
деуші ем,
бәрін жай күндер.
Көрісер де келісер деп ағайын,
басқа түссе — бөлісер деп қайғымды ел. 
...Кем-кетігі толмай жатып тірліктің,
дәл түбінен ұрды-ау тағдыр кіндіктің.
бұға бердім,
ыға бердім амалсыз,
бірі болып шыға келдім мұңдықтың,
Апыр-ау, бұл не болар деп ендігім,
алды-артымды ойлайтын да келді күн,
Ырым-сырым дегендердің бәріне,
сенгіш болып бара жаттым мен бүгін.
Қараймын деп көзім жетпес алдыма,
жүрек те бір шымыр ете қалды ма?
Өмір енді қызық бола бастаған,
қалғымашы, көңіл, енді қалғыма!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу